• Өндіріс
  • 14 Қаңтар, 2016

ЭКОНОМИКАНЫ ӘРТАРАПТАНДЫРУ – АЛҒА БАСУ КЕПІЛІ

Сыр өңірінде бұл бағытта серпінді іс-қимыл бар

Өткен жылдың желтоқсан айының соңғы аптасында Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев өзі басқарып отырған аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму үрдістері хақында кеңінен әңгіме қозғап, оның  алдында тұрған нақты міндеттер төңірегінде де журналистерді толғандырған сұрақтарға жауап берді.

Сыр өңірінде, оның бас қаласы – Қызылордада соңғы  төрт-бес жылдың мұғдарында сырт көзді еріксіз баурап алатындай, сөздің тұздығына жарап, таңдай қақтыратындай тартымды да тамаша игілікті істердің атқарылып жатқандығын анық аңғаруға болады. Жақсы нәрсені жақсы деп, шырайын шығарып айтқаннан ешкімнің ештеңесі кетпейді. Бәрі халықтың көз алдында. Алдымен, көне заманнан бері қала мәртебесіне ие болған Қызылорданың әлеуметтік-мәдени бейнесіндегі терең өзгерістер байқампаз көзге бірден шалынары сөзсіз.

Өңірдің жазы аптапты, қысы қатқақты, тіпті, қытымырлау, аязды келетіні бесенеден белгілі. Оның үстіне экологиялық жағдайы ауыр, табиғаты қаталдау өлкенің адамдары кез келген қиындықты жеңіп шығуға даяр, қайратты да қажырлы қимылдың иесі – нағыз еңбекторылары атанған. Қаланың да, даланың да өз тауқыметі, тіршілік қарекеті өзіне жетеді. Бірақ, «Сыр елі – жыр елі» дегендей, Сыр жұртшылығы әнін айтып, жырын жырлап жүріп те, туған қаласы мен даласын түлету жолындағы еселі еңбек дүбірінен қалыс қалмай, сол еңбектен бақ, береке табуда. «Ырысты, күрішті Қызыл орданың – ақ маржаны қазір дүниенің төрт бұрышына өзінің даңқын жайып, осы алтын өлкенің брендіне айнала түсуде.
Қызылорда – таң нұрымен нұрланып, жан жылуымен көркейіп, Елорданың шапшаңдығындай қарышты дамумен күннен-күнге сәулеттеніп, күннен-күнге дәулеттеніп, қала үстіне қала орнатып жатқан облыс орталығы, Сыр өңірінің  бас шаҺары ретінде байтаққа, тіпті шет елдерге де кеңінен танымал болуда. Жылдың қай мезгілінде барсаң да қаланың мұнтаздай тазалығы, жол, көше, аула, гүлзар, бау-бақтарының көріктілігі, тұрғын үйлері мен тұрмыстық, әкімшілік ғимараттарының сәулеттілігі, жылылығы мен жайлылығы, т.б. ерек­шеліктері көңіл қуантады. Мұның өзі қаланың, об­лыстың билік басындағы азаматтарының, барша жұрт­шылықтың өз қаласына, өз өлкесіне деген  шын  жанашырлықтан туған белсенді іс-қимылдары­ның игі нәтежесін аңғартады.reforma 3
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен был­тырғы жыл қорытындысына арналған баспа­сөз мәслихатында аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлы Көшербаев облыстағы индустриялық жо­балар мен дағдарысқа қарсы жоспарлар туралы айта келе, дәл қазіргі жағдайда ең басымдық бе­ретін мәселе жұмыс орындарын қысқартпау және индустриялық жобаларды жүзеге асыру арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу екендігін атап өтті. Осыған байланысты өңірдің экономикалық тұрақ­­тылығын сақтау мақсатында экономиканы әрта­раптандыруға айрықша маңыз беріліп отыр­ғанын мәлім етті.
– Мұнай бағасының төмендеуіне қарамастан, өңірдегі мұнай өндіруші кәсіпорындар мен қызмет көрсету компаниялары тұрақты жұмыс істеуде, – деді Қ.Көшербаев өз сөзінде. – Жыл басынан бері қысқартылған жұмысшылар саны 900 адам, дегенмен, 2015 жылдың ішінде облыста 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылса, оның 8,5 мыңы тұрақты жұмыс орындары болып табылады.
Қызылорда облысында соңғы 3 жылда өңдеу өнеркәсібі 122,2 пайызға өскен. Республика бойынша орташа көрсеткіш 102,5 пайызды құрайды. Егер өңдеу секторындағы өсім үлесі 2012 жылы жалпы өңірлік өнімнің 4,5 пайызын құраса, бүгінде 13,5 пайызға жетіп отыр. Бұл өңір экономикасында шынайы әртараптандыру жүргізіліп жатқандығын білдірсе керек. Яғни, экономика құрылымы да өзгеріп жатыр. Сонымен қатар, облыс әкімі Елбасының 10 жылда өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігін 2 есеге арттыру туралы тапсырма жүктегенін атап өтті.
Бұл жұмыс үздіксіз жүргізілуі тиіс. Ең бастысы, соңғы 3 жылдың ішінде облыс өнеркәсіп деңгейін 4,5 есеге көтерген. Бұл көрсеткіш бойынша Қызылорда облысы республика көлемінде алдыңғы қатарда тұр. Бүгінде облыста бірнеше ірі индустриялық жобалар жүзеге асырыла бастаған. Олардың қатарында елімізде нөмірі бірінші шыны шығару зауытының құрылысы, «Аралтұз» АҚ негізінде кальцийлендірілген сода шығару өндірісі, «Шалқия» кенішінде жаңғыртып, кен байыту комбинатын салу, «Бала-Сауысқандық» ванадий кен орнын игеру жобаларын айрықша атауға болады. Ал биылғы жылы ферроқорытпа зауытының, асфальт бетон және силикат кірпіш, мұнай саласына және уранға арнап компонажды цемент өндіретін кәсіпорындар құрылысы басталады. Цемент мұнай мен газ өнеркәсібінде бұрғылау кезінде ұңғымаларды жерасты суларының енуінен оқшаулау үшін пайдаланылады.
– Неміс компаниясымен бірге біз Қызыл­орданың индустриялық аймағында құны 253 млн. доллар болатын ферроқорытпа зауытын салуды жоспарлап отырмыз, – деді бұдан әрі Қырымбек Елеуұлы. – Бұл зауыттың техникалық-эко­номикалық негіздемесі дайын және сәйкес инфрақұрылымы жүргізілген. Кәсіпорын жылына 160 мың тоннаға дейін құрамында алюминийі аз ферросилиция өндіретін болады. Зауыт отандық ғалымдар жасақтаған инновациялық технология­мен жұмыс істемек. Оның үстіне өндіріс оша­ғының энергия сыйымдылығы өте жоғары болғандықтан, екінші кезеңде қуаттылығы 150 МВт газ турбиналық электр стансасының құры­лысы жоспарланған. Тағы бір айта кетерлігі, Индустрия­ландыру күні Қызылорда қаласында тұрғын үй құрылысы комбинатының бірінші кезегі іске қосылды.
Өңір басшысының айтуынша, «Құрылыс материалдарын өндіру саласының өсімі өңірдегі тұрғын үй құрылысының артуымен тікелей байланысты. «Самұрық-Қазына» мен «Қазақстандық ипотекалық компаниясы» АҚ бірлесе отырып, 2015 жылы облыста 121 мың шаршы метрден астам тұрғын үй салды. Облыс бойынша тұрғын үй құрылысының үлесі 3 есе өсті, ал облыс орталығында – 8 есе».
Облыс экономикасын дамытудың тағы бір бағыты – ауылшаруашылық саласы. Бүгінде Қызыл­орда Қазақстан бойынша тұтынатын күріш­тің 95 пайызын қамтамасыз етеді. 2015 жылы қызылордалық диқандар әр гектардан 50,5 цент­нер құрайтын рекордты өнім жинады. Аталған рекордтық көрсеткішке қол жеткізу пайдаланудың жаңа әдістері мен технологияларын іске қосу нәтижесінде мүмкін болды.
Өңірде балық шаруашылығы да оңды дамып келеді. Тіпті, Арал балығы Еуропа нарығына экспортқа шығарылуда. Бүгінде Арал маңында 8 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді.
– Арал теңізінен балық алу көлемі 20 есеге өсіп отыр, – деді облыс әкімі. – Бұрын балық өңдейтін 3 зауыт болса, қазіргі уақытта олардың саны көбейді. Көксерке балығын Брюссельге жеткізудеміз. Еурокод та алдық, 400 жұмыс орнын қамтамасыз еттік.
Облыс басшысының айтуынша, бүгінде жыл сайын 11 мың тонна Арал балығы өңделеді. Балқашқа, Қапшағайға және басқа да жаққа кетіп қалған Арал балықшыларының барлығы да қайтып келді. Экспорт көлемі 3,6 есеге өсті. Арал теңізіне балықтың 22 түрі қайта оралған. Әкім Арал теңізінің су деңгейі 4 метрге көтерілгенін де айтып өтті.
«Өздеріңіз де білетіндей, кезінде Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен тәуелсіздіктің ал­ғаш­қы жылдарында Арал маңы елдері басшылары Қызылордада бас қосып, арнайы қор құрған болатын. Бірақ, біздің көршілеріміз бұл тұрғыда орнынан қозғалған емес. Тек Қазақстан ғана Президентіміздің тапсырмасымен Дүние­жүзілік банкпен келісім жасасып, Солтүстік Арал жобасының бірінші кезеңін жүзеге асырды», деді облыс басшысы. Оның атап өтуінше, қолға алынған жұмыстардың нәтижесінде бүгінгі күні Арал теңізінің су деңгейі 38-ден 42 метрге дейін көтерілген. «Әрине, теңізді түгелдей сақтап қалу мүмкін емес. Біз тек солтүстік бөлігін ғана айтып отырмыз. Су көлемі 15-тен 27 мың шақырым текшеге көбейді. Судың минералдануы литріне 23-тен 13 грамға дейін төмендеді», деді ол. Сонымен қатар, ол еліміздің тарапынан нақты шаралар жүргізілмегенде, Аралдың өлі теңізге айналу қаупі өте жоғары болғандығын айтты. «Ол кезде теңіз өз жағалауынан 94 шақырымға кері шегінген еді. Таяуда ғана ұшақпен қарап шықтым, теңіз жағалауы Арал қаласына дейін 17 шақырым қалды», деді облыс басшысы.
Ауыл шаруашылығында балықтан басқа да өндіріс түрлері дамуда. Мәселен, келер жылы облыс буферлік аймақтан шығады және ет өнімдерін шетелге экспортқа тасымалдау мүмкіндігіне ие болады. Облыс фермерлері 5 мың ірі қара малға арналған бірнеше жаңа ірі бордақылау базасын салуды және оны дамытуды жоспарлап отыр. Өсімдік шаруашылығында жеміс, құрамажем және майлы дақылдар егістігін кеңейту жоспарлануда. 2015 жылы құрамажем зауыты жұмысын бастады. Мұнда күріш ақталып, макарон өндіріледі, ал қалған қалдықтарынан құрамажем дайындалады.
Облыс әкімі Қ.Көшербаев сондай-ақ, 2016 жылы Қызылорда облысы толық газдандырылатынын айтты. 2015 жылы 7 аудан орталығының 4-і газбен қамтамасыз етілген. Қалған үш аудан орталығына көгілдір отын алдағы жылы жетеді. Әрине, облыс аудандарын газбен қамту – зор әлеуметтік маңызы бар жетістік.
«Біз биылғы жылдың ішінде Арал қаласының Қазалы ауданына қарасты Әйтеке би, Шиелі, Жаңақорған және Қызылорда төңірегіндегі бірқатар елді мекенге газ жүргіздік. Биыл «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-пен бірлесіп, жалпы сомасы 23 млрд. теңгені құрайтын жобалар жүзеге асырылды», деді облыс басшысы. Оның атап өтуінше, 2016 жылы өңірдің елді мекендерін газдандыруға 10,5 млрд. теңге қаржы бөлінетін болады. «2016 жылы Жаңақорған, Тереңөзек, Жалағаш және Қызылорда қаласында қалып отырған 120 тұрғын үйге газ жүргізуді жоспарлап отырмыз. Осылайша, біз негізгі елді мекендерді газбен жабдықтау жұмыстарын аяқтайтын боламыз», деді Қ.Көшербаев.
Сонымен қатар, 2015 жылы облыс орталығы таза жерасты ауыз суымен қамтылған, енді аудан орталықтарын қамту жұмысы басталып отыр. Елді мекендердің 71 пайызы орталықтандырылған су желісіне қосылған. Сондай-ақ, Сырдарияның сол жағалауында облыс орталығының жаңа массивін салу жобасы қолға алынды. Келер жылы жаңа көпір аяқталып, содан кейін қажетті құжаттар дайындалып, қаланың құрылыс жұмыстары басталады. Жоба жоспары бойынша жаңа қалаға 150 мыңнан аса қызылордалық қоныстана алады.
Облыста жыл басынан бері бірқатар әлеуметтік нысандар салынды, оның ішінде 16 жаңа мектеп және 3 медициналық мекеме бой көтерген.33
«Өздеріңіз де білетіндей, Мемлекет басшысы Үкіметке, облыс әкімдеріне бірнеше тапсырма берген болатын. Оның біріншісі – үш ауысымдық мектептер проблемасын жою. Бұл мәселені біз өткен жылы шештік. Қызылорда облысында үш ауысыммен білім беретін мектеп 2014 жылдан бастап жоқ», деді Қ.Көшербаев. Облыс әкімінің айтуынша, Елбасы жүктеген екінші тапсырма – 2020 жылға дейін мектеп жасына дейінгі балаларды 100 пайыз балабақшамен қамтамасыз ету.
«Біз бұл проблеманы да шештік. Бұған қоса, балабақшалар мен шағын орталықтардың басым бөлігі, яғни 405-і мемлекеттік тапсырысты жүзеге асыратын жекеменшік балабақша мекемелері. Яғни, осынау үлкен әлеуметтік жобаны жүзеге асыруға бизнес белсене қатысуда», деді өңір басшысы.
Аймақ басшысы баспасөз мәслихатында мына мәселеге де айрықша тоқталды. Қызылорда об­лысының халқы 1 миллионға жетуге жақын. «Біздің өңірдегі халық саны тұрақты өсім көрсетіп отыр. Жылдық табиғи өсім 6 пайызды құрайды. Қазіргі уақытта Қызылорда облысында ресми түрде 754 мың адам бар. Бірақ медициналық есепте 823 мың адам тұр. Мен осы екінші дерекке барынша сенемін. Өйткені, тұрақты тұратын адамдар ғана медициналық мекемеге барып есепке тұрады», деді өңір әкімі. Қырымбек Көшербаевтың сөзіне қарағанда, халық саны осы қарқынмен арта беретін болса, таяудағы 7-10 жылдың ішінде облыс халқы 1 миллионнан асып жығылатын болады. «Осыған байланысты біздер білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт сынды әлеуметтік салаға қажетті нысандарды қарқынды салуымыз қажет», деді әкім.
 Жаңа жылдың кіреберісінде Астанада өткен баспасөз мәслихатында Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев журналистердің қойған сұрақ­тарына нақты жауаптар беріп, 2016 жылы да ай­мақта индустрияландыру, экономиканы әртарап­тандыру бағыттары бойынша жүргізіліп келген жұмыстардың жалғасын тауып,соны іс-қимыл­дың нәти­жесінде жаңа биіктерге жете беретін­дік­теріне сенімін білдірді.

Ибрагим  Бекмаханұлы

795 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы