• Қаржы
  • 09 Наурыз, 2016

Сапалы басқару жолындағы өзгерістер

  Мемлекет басшысының «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында бүгінгі қалыптасқан күрделі геосаяси жағдайда еліміздің әлеуметтік-экономикалық тұрақты дамуын қамтамасыз етудің басым бағыттары айқындалып, отандық экономика өсімінің жаңа көздерін қарастыру, тың мүмкіндіктерін іске қосу міндеті алға қойылды.

Елбасы ұсынған дағдарысқа қарсы іс-қимыл және құрылымдық өзгерістер­дің басты бағыттары бойынша қаржы секторын тұрақтандыру, бюджет саясатын оңтайландыру, жекешелендіру және экономикалық бәсекелестікті ынталандыру, жаңа инвестициялық және әлеуметтік саясатты қалыптастыру көз­делген. Қазіргі экономикалық қиын­дық­­тарға қарамастан еңбекақыны, жәр­демақы мен шәкіртақыны көтере отырып, халықты әлеуметтік қорғау шараларына баса көңіл бөлінді, мемлекеттің ең басты байлығы – адам капиталына салынған инвестиция тиімді экономиканың нақты негізі болып табылатындығына маңыз берілді.  
Еліміздің жаңа кезеңдегі дамуының стратегиялық бағыт-бағдарында айқын­далған отандық экономиканы сапалы жаңа деңгейге көтеру міндеті бюджет қаражатын орынды және тиімді пайдалануды ғана емес, «көрпеңе қарай көсіл» дегендей, бюджеттің барлық шығындық баптары бойынша қатаң үнемдеу және аса қатал қаржы тәртібін талап етеді. Бюджеттік саясаттың сыннан өткен ең бір дұрыс үлгісі де  осы. 
Осы тұрғыда еліміздің мемлекеттік қаржылық бақылау жүйесі де өзгерістерге ұшырауда. Былтыр «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» заң қабылданды. Салада жүргізіліп жатқан реформалар, халықаралық тәжірибеге сәйкес мемлекеттік аудитке көшу – елдің қаржылық ресурстарын уақыт талабына сай сапалы басқаруды қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.  Бұған қажетті жағдайлар жасалып отыр. Есеп комитетінің мәртебесі көтеріліп, бүгінде ол Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін республикалық бюджеттің атқарылуына сыртқы бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік қаржылық бақы­лаудың жоғары органы болып табылады. Комитеттің мақсат аясы кеңейтіліп, тиісті мамандар қайта даярлаудан өткізілуде. Уақыт талабына сай қолға алынған жұмыстар өз нәтижесін беруде. Мұны Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөнін­дегі есеп комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Жаңбыршин келтірген өткен жыл қорытындыларынан айқын көруге болады.
  Қ.Жаңбыршин былтыр Есеп комитеті 303 нысанда 29 бақылау шарасын жүргізгенін мәлімдеді. Соның iшiнде 12 мемлекеттiк орган мен олардың ведомстволары қамтылған. «5 өңiрде кешендi тексерістер жүргiзілді. Бюджеттік және өзге де заң бұзушылықтар үшiн 75 заңды тұлға және 62 лауазымды тұлға әкiмшiлiк жауапкершiлiкке, 200-ден астам адам тәртiптiк жауапкершiлiкке тартылды. Бақылау шараларына қатысты 40 материал құқық қорғау органдарына берілді. Бюджеттік заңнаманы бұзу фактілері бойынша мемлекеттiк органдар мен басқа да бақылау нысандарына 46 ұсыным мен 180 тапсырма жолданды», – деді төраға.
Былтыр анықталған қаржылық заң бұзушылық көрсеткіші алдыңғы жылмен салыстырғанда 3 есеге артқан. Есеп комитетінің басшысы келтірген мәліметтерге сәйкес, анықталған қар­жылық заң бұзушылықтар құнының көлемі 2014 жылмен салыстырғанда 3 есе ұлғайып, 1,3 триллион теңге болған. Бақылау шараларының нәтижесі бойынша орны толтырылуға тиіс 128,8 миллиард теңгенің 87,2 миллиард теңгесі өтелген. Оның ішінде республикалық бюджет кірісіне қайтарылған сома 2 млрд теңгені құрайды. Бюджет кірісіне қайтарылған қаржы көлемі 2014 жылға қарағанда 5 есе ұлғайған. Сондай-ақ 2014 жылы 1569 процедуралық заң бұзушылық орын алса, өткен жылы 3693-ке жетті. 
Келеңсіздіктер неге көбейіп отыр деген сауалға орай жүргізілген талдау нәтижесі заң бұзушылықтардың жартысынан астамы ішкі аудиттің әлсіздігінен орын алғандығын көрсетті. Қ.Жаңбыршиннің айтуынша, егер мем­лекеттік мекемелердің өзіндегі ішкі аудит қызметі тиісті деңгейде болса, қаржылық заң бұзушылықтар 50-60 пайызға төмен болар еді. Мемлекеттік органдардағы бюджетті жүзеге асырумен айналысатын қызметкерлердің дайындығы төмен. «Олар өздерінің мін­деттемелеріне салғырт қарайды, заң­ды да толық біле бермейді. Мем­лекеттік мекемелердегі ішкі аудит қыз­метінің жұмыс тиімділігі де тиісті дең­гейде емес. Мәселен, Есеп комитетінің тексерістері барысында анықталған заң бұзушылықтардың басым бөлігі процедуралық сипаттарға ие. Ал мұны ішкі аудит қызметінің күшімен де жоюға болатын еді. Өкінішке қарай, бұлай болмай отыр»,  – дейді комитет басшысы.
Анықталған қаржылық заң бұзу­шылықтар негізінен бюджеттік заңнама бойынша орын алған, бұл жалпы көр­сеткіштің 50 пайызына жуықтайды. Бюджеттік заң бұзушылық көрсеткіші неге күрт артып отыр деген сұраққа жауап іздеу барысындағы талдаулар көрсеткендей, заң бұзушылықтардың басым бөлігіне бюджеттік жоспарлау кезінде жол беріледі. Осы орайда есеп комитетінің төрағасы Қ.Жаң­быршин: «Біріншіден, қаржылық заң бұзушылықтардың көпшілігіне бюджет­тік жоспарлау кезінде жол бері­летіні анықталды. Яғни заң бұзушы­лық­тардың басым бөлігі бюджет енді ғана жоспарланып, бюджеттік өтінімдер беріліп, орталықтар мен өңірлер арасында трансферттер туралы келісімдер жасалып жатқан кезге тиесілі. Қаржылық заң бұзушылық бойынша анықталған соманың үштен біріне жуығы бюджеттік жоспарлау барысында орын алады. Мәселен, 1,3 трлн теңгені алсақ, соның ішінде 400 млрд теңгеге қатысты заң бұзушылықтар бюджетті жоспарлау барысында қалыптасады деген сөз», – деп түсіндіріп өтті.
Әңгіме барысында айтылғандай, заң бұзушылық көрсеткішінің күрт өсуінің тағы бір себебі бұған дейін процедуралық заң бұзушылықтар ре­тінде саналып келген көптеген бюд­жеттік заң бұзушылықтар қаржылық заң бұзушылыққа жатқызылған болатын. Қаржылық заң бұзушылықтар қатарының артуына тағы бір әсер етуші – «төртінші тоқсан факторы» болып отыр. Мәселен, жоғарыда аталып өткендей, егер жыл бойы орын алған заң бұзушылықтар құны 1,3 трлн теңге болса, соның ішінде 900 млрд теңгесі төртінші тоқсанның еншісіне тиеді. Яғни заң бұзушылықтардың 70 пайызы төртінші тоқсанда байқалады. Өйткені, бұл –  инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мерзімі аяқталып, келісімшарт міндеттемелерінің орындалу кезеңі басталатын мерзім. Игерілмей келген бюджет қалдықтарын тездетіп игеруге де осы соңғы тоқсанда күш салынады. Бір сөзбен айтқанда, бюджетті жоспарлау және оны орындау барысында жіберілген олқылықтар мен кемшіліктердің барлығы осы төртінші тоқсанда шыға бастайды.
Қаржылық бақылау шаралары барысында анықталған кемшіліктер мен жасалған талдаулар заң бұзушылықтың орын алуы мен оның күрт артуының себептерін анық біліп, жұмысты салдармен күрескеннен гөрі, оны туындататын келеңсіздіктердің алдын алуға бағыттау қажеттігін көрсетеді. Еліміздің қаржы ресурстарын сапалы басқару міндеті де осыны жүктейді.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА

 

594 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы