• Өндіріс
  • 25 Наурыз, 2016

ШЫНЫ ЗАУЫТЫ БОЙ ТҮЗЕП КЕЛЕДІ

Мұнда дайын өнімдер қоймасы салынып бітуге жақын

Бұл жоба Сыр өңіріндегі индустриялдық аймақтың 50 гектарын алып жатыр. Қазіргі таңда дайын өнім қоймасының құрылысы аяқталуға жақын, металл құрылымдау жұмыстары аяқталып, сыртқы қабырғалары қаланып жатыр. Дайын өнім қоймасының ұзындығы 300 метр, ені 150 метрді құрайды.

Мамандар жоспарға сәйкес қойма сәуір айында толық бітеді деп отыр. Ал мамырда зауытқа қажет барлық құрал-жабдықтары алып келінеді. Шетелдік инвесторлар зауыт Орталық Азияда теңдесі жоқ жаңа технологиямен жабдықталатынын жеткізді. Құрылыс жұмыстарына 200-ге жуық адам мен 30-дан астам техника жұмылдырылып отыр. Жұмысшыларға бар жағдай жасалған.
Шыны зауыты 2017 жылдың бірінші жарты­жыл­дығында іске қосылады. Қуаттылығы жылына 197 мың тонна табақша шыны шығаратын және өңдейтін зауыттың құрылысы өткен жылы басталған болатын. Жобаның жалпы құны – 52,1 миллиард теңге. Қаржының 80 пайызын «Қазақстан даму банкі» АҚ бөлсе, қалған 20 пайызын «Steward Engineers» АҚШ компаниясы мен «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ инвестор ретінде қаржыландыруда. Операторы – «Orda GlassLtd» серіктестігі.
Қызылорда облысының  әкімі Қырымбек Көшербаев пен «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев зауыттың құрылыс жұмыстарымен танысып, жұмысшылармен кездесті.
– Шыны зауытының құрылысы жоспарға сәйкес жүргізілуде, – деді сапар кезінде Қуандық Бишімбаев. – Дайын өнімдер қоймасының құрылысы аяқталды деуге болады. Енді құрал-жабдықтарын алдырамыз. Сонымен қатар, шетелдік инвесторлардың көмегі арқылы 370 адамды шыны зауытында жұмыс істеу үшін оқытуды көздеп отырмыз.
– Қызылорда облысында жүзеге асырылуы жос­парланған индустриалды-инновациялық ірі жоба­ла­рымыздың бұл алғашқы қарлығашы болғалы тұр, – деді өз кезегінде облыс әкімі Қ.Көшербаев. – Тікелей Елбасының бақылауында тұрған ауқымды жоба жүз­деген жұмыс орнының ашылуына сеп болып отыр. Сондықтан Ресейдің маңдайалды жоғары оқу орындарында сырбойылық 300-ден астам жеткіншекті тех­никалық мамандықтар бойынша оқытып жатырмыз. Олар оқуын тәмамдаған соң осы зауыттың жұмысына атсалысатын білікті кадр болады деген сенімдеміз.
Бүгінде дайын өнім қоймасынан басқа, зауыттың өндірістік цехтарының іргетасын қалау жұмыстары басталып кеткен. Индустриялық аймаққа келетін шойын жолды төсеу, автокөлік жолын кеңейту, газ құбырын тарту жұмыстары да жүргізілу сатысында тұр.
Шыны зауыты экспорттық әлеуеті жоғары, сапалы өнім шығаратын болады. Сондай-ақ, бұл зауыттың бір ерекшелігі, мұнда энергия үнемдейтін де шыны шығарылады. Бастысы, шыны өндірісіне қажетті шикізаттың басым бөлігі жергілікті жерден табылып отыр. Яғни, кварц құмы, доламит пен әктасы пайдаланылады. Ал сырттан әкелінетін кальцийлендірілген сода шикізатын таяу уақытта «Аралтұз» АҚ-мен біріге отырып өңірімізде өндіру жоспарлануда. Сонымен бірге, зауыт толық іске қосылғанда тұрақты 350-400 жаңа жұмыс орны ашылады.

Ибрагим Бекмаханұлы

581 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы