• Қаржы
  • 01 Маусым, 2016

АХҚО: мақсат – экономикаға инвестиция тарту

27 мамырда Астана қаласында Тәуелсіздік сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 29-пленарлық отырысына қатысты.

Биылғы отырыс «Астана – халықаралық қаржы орталығы» атты тақырыппен өтті. Оның жұмысына Қазақстан және шет елдер тарапынан кеңес мүшелері, ірі корпорациялардың, мүдделі мемлекеттік  органдың басшылары, Қазақстанның іскерлік орта өкілдері қатысты.
Елбасы жиын басталар алдында «Астана» ХҚО-ның әлемдік қаржы орталықтары туралы ақпарат берілетін, сондай-ақ әлемнің ірі қалалары мен іскерлік орталықтарына жеткізетін қазіргі рейстерді қамтитын Аста­на­ның халықаралық әуе қатынасы картасы бейнеленген ақпараттық-таныс­тырылымдық стендпен танысып шықты.

Қазақстан Президенті шараға қатысу­шы­ларға арнаған сөзінде кеңес ең маңызды тақырыптар жөніндегі диалог үшін ашық алаңға айналғанын атап өтті.
– Кеңес өзінің құрылған сәтінен бастап кеңейе түсті, құрамы өзгерді, бірақ негізгі ұстыны сақталды. Мұны Қазақстанға халықаралық бизнес қоғамдастығының қы­­зы­ғушылығы арта түскенін, біздің елге ұдайы келіп жатқан шетелдік инвестиция ағы­нының молая түскенін көрсететін заңды үдеріс деп санаймын, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жиын әлем экономикасы үшін күрделі кезеңде өтіп отырғанын айтты.
– Өздеріңіз білесіздер, жаһандық эконо­микалық тұрақсыздық жағдайында былтырдан бері Қазақстан экономикасының өсімі де айтарлықтай баяулады. Бұған елдің негізгі экспорттық тауарлары бағасының төмендеуі, негізгі сауда серіктестеріміздің ұлттық валюталарының әлсіреуі және на­рық­тардағы ахуалдың нашарлауы әсер етті. Біз дереу экономиканы жаңа жағдайға бейімдеу бағытындағы ауқымды жұмысты бастап кеттік. Соның алдында экономиканы әртараптандыруды көздеген бағытқа, құрылымдық реформалар жүргізуге және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге баса ден қойылды, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы сарапшылар мен біз­дің елде жұмыс жүргізіп жатқан инвес­тор­лардың берген бағасына сәйкес, бүгінде республикада инвестиция үшін өңір бойынша ең қолайлы жағдай жасалғанын атап өтті.
– Мәселен, Дүниежүзілік Банк, ЕҚДБ, АДБ, ИДБ сияқты қаржы ұйымдарымен ынтымақтастық бағдарламалары аясында таяудағы 5 жылда кәсіпкерлікті, қаржы секторын, инфрақұрылымды, электр энергетикасын дамыту, сондай-ақ институционалдық реформалар жүргізу үшін елге 9 млрд долларға жуық инвестиция келеді. Сонымен бірге индустрияландыру бағдарламасына қолдау көрсету үшін 10 млрд долларға жуық көлемде шетелдік инвестиция тартылады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті ЭЫДҰ стандарттарын енгізуге бағытталған инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі жұмыстың жал­ғасып жатқанына назар аударды.  
Нұрсұлтан Назарбаев құрылымдық ре­фор­малар аясында Қазақстанда жеке­ше­лен­дірудің және экономиканы мемлекет иелігінен алудың жаңа кезеңі басталып кеткенін айтты.
Елбасы бүгінгі пленарлық отырысқа «Астана – халықаралық қаржы орталығы» деген тақырыптың кездейсоқ таңдалмағанына тоқталып өтті.
– Баяндамашылар айтып өткендей, бұл жоба өте күрделі және сонымен бірге өте маңызды. Болашаққа көз жібере отырып, біз АХҚО-ны  инвесторлық капитал тарту және қаржылық тәсілдер саласындағы инновациялар орталығы ретінде көргіміз келеді.  Ол Еуразияның «қаржы қақпасына» айналуы керек. Біздің елордамыз – Астана іскерлік, мәдени және ғылыми орталық ретінде дамып, жаңа әуежайды қоса алғанда, заманауи халықаралық көлік-логистика жүйесіне ие болатын болады. АХҚО алдымен мұндай орталықтар жоқ біздің өңірді игеріп, сосын біртіндеп мүмкіндіктерімізді өзге өңірлерге көрсетуге тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті халықаралық өкіл­дерді АХҚО-ға тарту үшін посткеңестік кеңістікте баламасы жоқ теңдессіз жағдай­лар жасалып жатқанын айтты
– Орталықтың қатысушылары мен қызметкерлері салық төлеуден босатылады. Олар үшін жеңілдетілген виза және еңбек режімі қолданылады. Жетекші қар­жы орталықтарымен арадағы тікелей әуе қатынасымен қатар, Астана да әлемдік қар­жы орталықтары тізбегіндегі авиациялық хабқа айналады деп үміттенеміз, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев АХҚО-да ағылшын құқығы қағидаттарына негізделген айрық­ша құқықтық режім орнатылатынына назар аударды.
– Орталықтың Тәуелсіз соты жария­лылыққа, әділеттілікке және инветорлардың, бизнестің құқықтарының қорғалуына ке­пілдік беретін болады. Мұнда бедел мен сенімге ие болған халықаралық судьялар жұмыс істеуге келеді. Бизнес ахуалын жақсарту үшін тәуелсіз қаржылық реттеуші – АХҚО комитеті құрылады, – деді Қазақстан Президенті.
Елбасы Орталықтың жұмысына жоғары білікті кәсіпқой мамандар тартылатынын айтты.
Қазақстан Президенті жоғары техноло­гия­лық инфрақұрылым «ЭКСПО-2017» көр­месінің оның негізгі тақырыбын «жасыл» экономиканы дамытуға бағытталған жо­ба­лар арқылы жалғастыруға мүмкіндік бе­ре­тінін айтты.
– «Жасыл» облигациялар шығару, «жасыл» сақтандыру институтын енгізу,  «жасыл» банк ашу – АХҚО аясында пайдаланылуы ықтимал мүмкіндіктердің бірнешеуі ғана. Менің ойымша, бұл бағытты Орталықтың аясында дамытудың болашағы зор, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев АХҚО қызметінің экономикалық нәтижелері тікелей шетелдік инвестициялар ағыны есебінен ішкі жалпы өнім өсімінің жеделдеуі арқылы көрінуге тиіс екендігіне назар аударды.
Елбасы Орталықтың базасында жер қойнауын пайдаланушылар үшін Торонто бир­жасы үлгісіндегі алаң қалыптастыру көз­деліп отырғанын, онда әрбір компания­ның өз жобасын дамыту үшін капитал тартуына болатынын айтты.
Қазақстан Президенті ең бірінші міндет экономикаға инвестиция тарту, отандық қаржы секторын әлемдік ауқымдағы бәсе­кеге қабілетті салаға айналдыру екенін атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев АХҚО-ны басқару жөніндегі кеңеске ірі компаниялар мен әлем­дегі ірі қаржы ұйымдарының ықпалды басшылары шақырылғанын айтты.
– Күні кеше Кеңестің бірінші отырысы өтті, оның барысында біз АХҚО-ның қалыптасу перспективаларын талқы­лап, стра­тегиясын қабылдадық және оны дамы­тудың негізгі бағыттарын айқын­да­дық. Қазақстан АХҚО аясында серік­тес болу жөніндегі сіздердің барлық ұсыныс­тарыңызды қарастыруға әзір. Біздің ынты­мақ­тастығымыз Қазақстанның және бүкіл өңірдің орнықты әлеуметтік-эко­номика­лық дамуы үшін қолайлы жағ­дай қалып­тас­тырады деп сенемін, – деді Қазақ­стан Президенті.
Елбасы республикамыз үшін таяу он жылдағы негізгі міндет экономикалық дамудың әлемдегі 30 дамыған елдің қатарына қосылу мақсатына жетуге мүм­кіндік беретін мүлде жаңа моделін қалып­тастыру екенін айтты.  
Сондай-ақ отырыс барысында Еуропа қайта құру және даму банкінің президенті С.Чакрабарти, Инвестиция және даму ми­нистрі Ә.Исекешев, «Қазақстанның шетел­дік инвесторлар кеңесі» қауымдастығы басқармасының төрағасы У.Вокурка, «Астана» халықаралық қаржы орталығының бас­қарушысы Қ.Келімбетов сөз сөйледі.
Бұдан бөлек, «Джи-пи Морган Чейз Интернэшнл» компаниясы директорлар кеңе­сінің төрағасы Дж.Френкель, «Ситигруп» компаниясының бас атқарушы дирек­торы Дж.Коулз, «Бейкер энд Макензи Интернэшнл» фирмасы атқару комитетінің мүшесі – бас директорының орынбасары Э.Шир, ERG S.a.r.l. менеджерлер кеңесінің төрағасы А.Машкевич, «Эрнст энд янг» компаниясының қаржы секторы үшін консультациялық қызмет көрсету жөніндегі басқарушы серіктесі Д.Баркер, «Делойт СНГ» бас  атқарушы директоры И.Коулберн күн тәртібіндегі негізгі мәселелерге қатысты пікірлерін білдірді.

Ернар ОРМАНОВ

 

606 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы