• Бизнес & Қоғам
  • 15 Наурыз, 2012

Семинар сәтті өтті

Жуырда әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің география және табиғатты пайдалану факультетінде «Қазіргі Қазақстандағы картография» тақырыбын қамтыған ғылыми семинар өткізілді. Ы. Алтынсарин атындағы №159 гимназияның 11-сынып оқушылары қатысқан семинардың негізгі мақсаты – мемлекетіміздегі картографияның қазіргі жағдайы, даму деңгейі мен болашағы, өзге де өзекті мәселелері және бүгінгі таңдағы маңыздылығын талқылау болды.

Сонымен қатар, семинарға арнайы шақырылған аталмыш университеттің «геодезия және картография» мамандығының 4-курс студенті Жандос Мукалиев «Қоршаған табиғи орта жағдайын кешендік бағалаудағы ГАЖ» тақырыбындағы мастер-класс дәрісін өткізді. Ал кафедраның ғана емес, факультетіміздің мақтанышына айналған Президенттік шәкіртақы игерлері - Забира Рахымбай, Еркебұлан Кірбасов, Ермек Сабыров сынды 3-курс студенттері ғылыми семинарға арнайы дайындаған презентацияларын ұсынып, оқушылармен пікірталас жүргізді. Пікірталаста картографияның, кафедрамыздың қазіргі жағдайы, болашағы және жетістіктері талқыланды.

Кафедра тарихының беттерін шолып өтсек, 1974 жылы физикалық география кафедрасының негізінде осы кафедраның меңгерушісі, география ғылымдарының докторы, ҚР ғылымына еңбегі сіңген ғалым М. Ж. Жандаевтың бастауымен «Геоморфология» кафедрасы ретінде құрылған. Профессор М. Ж. Жандаев Қазақстанда ең алғаш геоморфология кафедрасының негізін қалаушы ретінде бірінші меңгерушісі болып тағайындалды (1974-1988).

Қазіргі кезде "050711 - геодезия және картография" мамандығы бакалаврлерінің оқу дайындығы инновациялық әдістерді, соның ішінде, геоақпараттық технологияларды қолданумен қатар жүреді. Бакалавр - оқу процесінде білім, шебер іскерлік кең спектрін игеруіне қарай картографиялық ғылым дамуының қазіргі кезеңінде өте қажет. Картография және геоинформатика кафедрасының түлектері көптеген мәртебелі фирмалармен қатар, Қазақстан Республикасының кәсіпорындарында – Ғарыштық зерттеу институтында, Тұрақты даму институтында, ҚР қорғаныс министрлігінде, "Chevron", "Agip" сияқты мұнай компанияларында, "Казселденқорғау" мекемесінде, Жер ресурстарын басқару агенттігінде, География институтында, сондай-ақ еліміздің өзге де мемлекеттік және жеке университеттерінде қызмет атқаруда.

Кафедраның ғылыми зерттеулері негізгі, нақты және қолданбалы мәселелерді қамтиды, себебі шаруашылықтағы маңыздылығы басым. Олардың ең негізгілері мыналар - қазіргі уақыттағы палеогеоморфогенез; флювиальды геоморфологиялық жүйелердің және шашыранды пайдалы кен орындарының қалыптасуы мен дамуы, жер бедерін құрушы процестер мен жер бедерінің картографиялық үлгілерін құру; экологиялық геоморфология және оны жүйелі талдау мәселелері; мұнай-газ аймақтарын игерудегі геоморфогенез мәселелері.

Картография және геоинформатика кафедрасының жұмысы теориялық және қолданбалы жағынан ерекшеленіп ТМД-ның геоморфологиялық орталықтарына танымал болды. Сонымен қатар РҒА География институтына, мәскеулік, қазандық, киевтік, санкт-петербургтық орталықтар мен басқа да университеттерге, шетелдік геоморфологтарға танымал болды (Қытай, АҚШ, Венгрия).

Картография және геоинформатика кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы халықаралық және республикалық кейбір жобалармен гранттарды жүзеге асыруда белсенді қатысады: "Жетісудағы ерте темірмен қола дәуіріндегі көшпенділер қоғамының пайда болу процесі (карталардың сериясын құрастыруымен). "Экологиямен археология (ИНТАС–97-2220)", 1999-2002; "Geo-archaelogical investigations of land use and irrigation works in Kazakhstan in present and historical time (INTAS 2000-699), 2001-2004"; "Қазақстан экологиялық атласы, 2004-2008"; "Қазақстанның таулы аймағының сел мен көшкіндер қаупін ғылыми негізде өндеу (2003-2008 жж)"; "TASIS – Каспий экологиялық ұзақмерзімді бағдарламасы “Шөлмен күресу” (мониторинг және арнайы карталардың сериясын құрастыру); Солтүстік Қазақстан аумағының қазіргі табиғи-антропогендік процестерге ұрынуы, даму болжамын бағалау және экологияға әсерін анықтау, зерттеулердің нәтижелерін картографиялау (Республикалық ғылыми қоры); Страсбургтағы Техникалық университетінде, сонымен қатар оның ішіндегі география факультетінің оқу процесінде де дистанционды әдісті еңгізу сұрағы бойынша ынтымақтастық жүргізілуде.

Елімізде картография саласындағы мамандықтарды дайындау ерекше орын алып отыр және бұл мамандарға сұраныс жылдан жылға өсіп келеді. Қазақстанның болашағына 6М074100-картография магистрлерін және PhD 6D074100-картография докторантурасына докторанттар дайындау - ішкі және сыртқы халықаралық еңбек нарығында ерекше орын алып, тәжірибелік мәселелерді шешуге пайдасын тигізеді. Кафедраның оқу үрдісінде ГАЖ технологиялары белсенді пайдаланылады, сондай-ақ мына арнайы компьютерлік карта құрастыру бағдарламаларының пакеттері, яғни ENVI, ERDAS IMAGING; Mapinfo, Corel Draw, ArcGIS, CorelXara және де далалық практикаларды түсірім жұмыстарында навигациялық аспаптар (GPS) және CREDO қолданбалы бағдарламалар пайдаланумен электронды тахеометрлер қолданылады.

Ғылыми семинардың соңында 11-сынып оқушысы Махаббат Сманова аталмыш жиынға қатысты өз ойын ортаға салды. Семинар тақырыбын қортындылай келе, аталған саланың маңыздылығы мен білікті маман даярлаудағы қажеттілігі, сонымен қатар, заманауи технологияларға негізделген геоақпараттық жүйедегі үлестің артқандығы жайында тұжырымдамалар жасалды. Ал өз тарапымыздан, университетіміздің «картография және геоинформатика» кафедрасының ұстаздарына болашақ білікті мамандар дайындауда жемісті еңбек тілейміз.

Айжан Асылбекова

«Картография және геоинформатика»

кафедрасының аға оқытушысы

837 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы