• Бизнес & Қоғам
  • 15 Наурыз, 2012

«ҚАЗАҚМЫС»: КЕЛІСКЕН ІС — КЕҢ ТЫНЫС, КЕЛІСІМГЕ КЕЛУ — ЕР ІСІНЕ СЕНУ

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында алып империяның аяғы көктен келіп, бір шаңырақ астындағы онбес ел өз тәуелсіздігін алып, жеке-жеке бөлінді. Бар саладағы байланыстар үзілді, алыс-беріс, барыс-келіс тоқтады. Осының бәрі өндіріске де өз әсерін тигізді. Дүрілдеп тұрған зауыттар тоқтап, жұмысшылар айлап-жылдап жалақы ала алмай, жанбағудың сан түрлі жолын сағалап кеткені анық.

Аты алысқа кеткен небір ірі-ірі кәсіпорындар өз жұмысын тоқтатып, өндірген өнімін өткізетін жер таба алмай қиналғаны да рас. Міне, осындай алмағайып қиын шақта еліміздегі ауыр өнеркәсіптің орталығы саналатын өңір – Қарағанды аймағында да өндіріс ырғағы бұзылғаны белгілі. Бұл ретте Қарағайлы кең байыту комбинаты, Қушоқы көмір разъезі, Абыз кен орыны деп санамаласақ екі қолдың саусағын бүгіп шығуға болады. Аталған өндіріс орындарының әр қайсысында қалыптасқан жұмыс дәстүрі, берекелі ырғақ болатын-ды. Кен орындарындағы техникалар тоқтап, ондағы жұмысшылар алыс-жақын шетелдерге жан бағып кетіп қалғанын, жергілікті тұрғындар сол кездің өзінде-ақ «ендігі тірлігіміз не болады?» деп алаңдаумен бірге, әр жерде ашық айтып жүрді. Осындай қиын-қыстау кезде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев шетелдік инвесторларды елдегі тоқтап қалған өндіріс орындарын қамқорлыққа алуға шақырды. Тәжірибесі бар, қаражаты мол дәулетті инвесторлар келешегі бар кең орындарын, зауыт-фабрикаларды келісім-шарт негізінде өз басқаруларына ала бастады. Ол нәтижелі де болды. Ең сапалы мыс өндіретін Жезқазған өңіріндегі сол жылдардағы өндірістік тоқырауды, бүгінгі «Қазақмыстың» қажырлы істері жеңіп шыққаны айқын. Осы «Қазақмыс» Жезқазған аймағындағы өндіріс орындарын қаз-қалпына келтіріп, жұмыс ырғағын жаңа деңгейге көтеріп, Мыс зауыты мен Байыту фабрикасының тоқтамауын, қайта жаңа екпінмен еңбек етуіне мүмкіндік берді. Сөйтіп, «Қазақмыстың» табысы молайып, құлашы кеңге жайылды. Өзіне-өзі келіп, кемелденген «Қазақмыс» жан-жағына қарады, мүмкіндігін саралады. Қарағанды өңірінің өндіріс орындарын қамқорлыққа алса, қалай болады деп шамалады. Алып корпорацияның аяқ алысына риза болған Қарағанды облысының әкімдігі де олармен бірлесе жұмыс істеудің тиімділігіне көз жеткізді. Сөйтіп, «Қазақмыс» басшылығы мен Қарағанды облысы әкімі ортақ келісім-шартқа қол қойды. Ол келісім-шартта жоғарыдағы аттары аталған және одан басқа да тұралап-тұрып қалған өндіріс орындарын іске қосып, сол жердегі тұрғылықты тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға уағдаласқан. Уәде – құдай аты деген бар ғой. Берілген серт, алысқан қолдың нәтижесі қалай болар екен деп, бұған жұртшылықтың күмәнмен қарағаны да жасырын емес. Бұлай ойлауға негіз жоқ емес-тін. Өйткені «Қазақмыстың» негізгі бағыты кен-металлургия саласына бағытталса, Қушоқы көмір разъезі сияқты қосалқы өндіріс орындарындағы жұмыс сипаты тың әрі басқашалау болып көрінетін. Мұның сыртында босап қалған елді мекендерге мамандар шақыру, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлар жасау деген айтуға ғана оңай. Осындай көп сұрақтардың басын қамтыған аталған келісім-шарт негізінде бүгінгі күні Қарағанды өңіріндегі, оның ішінде Қарқаралы маңындағы өндіріс жаңаша бір қарқынмен дамып келе жатқанын көз көрді. Бір кездері аты Одаққа танылған Қарағайлы кен байыту комбинатының кешегісі мен бүгінгісінің арасы жер мен көктей деуге болады.

ҚАЙТА ЖАҢАРҒАН ҚАРАҒАЙЛЫ

«Атыңнан айналайын Қарқаралы!» – деп Мәди жырға қосқан Қарқаралының іргесінде жатқан Қарағайлы туралы жергілікті тұрғындар көп әңгіме айтады. Жері шұрайлы, ауасы таза өңірде, өндіріс орнының ашылуы алғашқы жылдары тұрғылықты елдің назарын бірден-ақ аударған. Табиғаты тамаша таңдаулы жерге, кен байыту комбинатын салу кешегі Кеңестер одағының өңдірісті дамыту жоспарына орай қолға алынған екен. Алып кен-байыту комбинатын салуға еліміздің түкпір-түкпірінен жазасын өтеуші сотталғандар әкелініп, тегін жұмыс күші ретінде пайдаланылған. Жергілікті жердің тілімен айтқанда «сотталғандар» соқтықпай жүре алмайды, өндіріс орны пайдалануға берілгенге дейін, бұл жерде емін-еркін жүріп-тұру қиын болған. Осындай өзіндік ерекшелігі бар жерге, Кеңестер елінің түпкір-түкпірінен ақша табуға құлшынып келгендер де көп болыпты. Кен байыту комбинаты пайдалануға берілгеннен кейін табысты болған. Өндіріс өрлеп, елдің тұрмысы, әлеуметтік жағдайы айтарлықтай көтеріліп, мәдениеттің де мерейі өскен. Ел еңсесін көтеріп, жер байлығының игілігін енді көреміз, көре бастадық дегенде кеңестік жүйе келмеске кетті. Комбинат та бір күнде тоқтады. Дайын өнім өтетін жер таба алмай қоймада жиналды, қаражаты жоқ қиналған жұмыскерлер, инженер-техниктер әрі-бері күткен соң, әрқайсысы әр жаққа салып ұрып кете барды. Барлық жердегі сияқты өндіріс орнындағы алып кетуге жарайтын, сатып жіберуге келетін бөлшек саймандардан бастап, кішігірім техникаға дейін тоналып біткен. Әрі-беріден соң өндіріс орнына келетін электр желісі де, бағандарымен бірге ізім-қайым жоғалған. Қарағайлының басындағы тұрғындар да жан-жаққа кетіп, қаншама тұрғын үй қаңырап бос қалды. Бір кездері осында келгендер үй алудың кезегіне тұрып, ертеңіне үміт артқан жерде қазір қаз-қатар тізілген он-шақты, бес-алты қабатты тұрғын үй есік-терезесі үңіреиіп бос тұр, осының өзі-ақ қаншама тұрғынның бұл жерден қоныс аударып кеткенінің белгісі сияқты. Орта мектеп пен мәдениет үйі де жабылып қалған еді. «Қазақмыс» пен Қарағанды облысы әкімдігі қол қойған келісім-шартта осылардың бәрі рет-ретімен атап көрсетіліп, екі жақ өздері атқаратын істерді саралаған. Содан бергі бес-алты жылдың ішінде келісім-шартта көзделген негізгі мәселе – Қарағайлы кең байыту комбинатын іске қосу жүзеге асырылыпты. Әрине, бұл айтуға оңай болғанымен де атқаруға келгенде қыруар қаржы, жұмыс күшін қажет еткені анық. Алдында айтқанымыздай кең байыту комбинатындағы еңбек еткен баяғы мамандар алғашқы қиындық кезінің өзінде-ақ, «шу» деп тартып отырған. Қарағайлыны «Қазақмыс» қолға алғанда қаңырап қалған комбинаттың ғимаратынан бастап, тілін тістеп тұрып қалған, тоналып біткен техникалар ғана бар еді. Келісімге келіп, келелі істі мойнына алған алып корпорация Қарағайлының екінші тынысын ашуға көп күш салды. Комбинатты іске қосу үшін, ең алдымен, қажетті техника мен білікті мамандардың қанша қажеттігі анықталды. Бүгінгі күнгі заманауи жаңа шетелдік байыту техникалары сатылып алынды. Оларды Сәтбаев қаласындағы байыту фабрикасындағы, Жезқазған мыс қорыту зауытындағы осы саланың білікті мамандары қолға алып құрастырып, орнықтырып іске қосты. Сәтбаев, Жезқазған қаласынан келген білікті мамандарға осында еңбек етуге ұсыныс жасалды. Оларға Қарқаралы қаласындағы бүгінде ауызекі тілде «Бал Қарағай» аталып кеткен демалыс орнынан үй-жай берілген. Көтерме айлық, көрікті жердегі тұрмыс осында келген мамандарды еңбекке құлшына араласуға шақырғандай. Бұл ретте еңбек жолын Сәтбаев кен байыту фабрикасында бастаған, білікті маман Сәбит Мыңбайұлы Хамзин Қарағайлы байыту комбинатының бүгінгі күнгі тыныс-тіршілігіне ризашылық білдіреді.

Қарағайлыға келгеніме өкінбеймін. Қазір бас механиктің орынбасары болып, еңбек етемін. Осында еңбек етуге 2007 жылы ұсыныс алып едім, алғашқыда үйренген еңбек орным Сәтбаевты қимадым. Бірақ шамалы уақытқа қол ұшын тигізуге келіп, тұрақты жұмысқа тұрып қалғаныма қуаныштымын. Бұл жерде көтерме айлық аламын. Ең бастысы, жаңа техникаларменен өнімді еңбек ету мүмкіндігі қуантады. Осында біз келгенде жергілікті мамандар жоқ еді. Қазір құдайға шүкір жас жігіттер оқып, мамандық алып, келіп жатыр. Мына қасымда отырған Азамат Болатұлы осы Қарағайлының жігіті, – деп Сәбит қарсы алдында отырған ұзын бойлы жас жігітті бізге таныстырды. Алматы қаласындағы Қ. Сәтбаев атындағы Ұлттық техникалық университетті бітіріп келген Азамат осы Қарағайлының тумасы.

– Ел-жер өзіміздікі. Байлық та біздікі. Егеменді елдің дәулеті тасып, байлығы асса, біздің әрқайсымыз бай-қуатты болмаймыз ба? Жергілікті жастар қазір осы комбинатқа көптеп келуде. Қарағайлының өз басында әлеуметтік сала да, тұрмыстық жағдай да көңілдегідей, – деген Азамат Болатұлының ертеңге деген сенімі нық, байламы берік болып көрінді.

Қарағайлы кең байыту комбинатында еңбек етіп жүрген, Жезқазған өңіріне шертпе күйдің шебері ретінде танылған Қалкен Қанапияұлы Қасымовты да кездестірдік. Жезқазған, Қарағанды сахналарында шертпе күйді бабына келтіре тартып, көрермендерін сан рет тәнті еткен Қалкен Қанапияұлы да осында 2007 жылы арнайы жолдамамен Жезқазған мыс қорыту зауытынан келіпті. Білікті маман комбинаттың тез арада қаз тұрып, қадам басып кетуіне елеулі үлес қосыпты. Ол осындағы жөндеу-құрылыс механикалық басқармасында учаске бастығы болып еңбек етеді. Қолы боста Қарағайлы орта мектебіндегі оқушылар арасына барып, шертпе күйді насихаттап, жастарға ұлттық өнердің, домбыра құдіретінің қадыр-қасиетін айтудан шаршамайды. Ал осындағы клуб үйінде Қалкен домбыра үйірмесін ашсам деп ойға алып жүр. Оның бұл ұсынысын Қарағайлы клуб үйінің меңгерушісі Бибізада Ақбергенова да қош көреді. Сөз арасында әңгімелескенімізде Қалкен, шертпе күйдің шебері Тәтекең – Тәттімбет бабамыз туып-өскен осынау жерде, шертпе күй шертетін шәкірт таба алмай қиналамын. Күй өнері гулеп тұратын жерде бір күйшінің болмауы көңіліңді құлазытады екен, дегені бар. Шынында да Тәттімбет бабамыз төгілтіп күй шерткен өлкеде әлі талай шеберлер шығуы, кешегі күй абызы жүрген жерде күй тоқтамауы керек қой. Бұл ретте Қалкеннің бастамасы көңілге қуаныш ұялатады.

Қазір Қарағайлыға іргедегі «Абыз» кең орнынан алынған кен жеткізіледі. Өңделіп дайындалған өнім Балқашқа өткізіледі. Кең байыту комбинатының өнімдері бағалы. Мұнда алтын, мыс, мырыш, тағы басқа түсті металлдар өндіріледі. Демек, табыс та мол. Мұндағы азаматтардың еңбектері өнімді, тұрмыстары көңілді. Қазір Қарағайлының өз басында бес мыңға тарта тұрғын түтін түтетіп жатыр. Кешегі күні қаңырап қалған елді мекеннің екінші тынысы ашылып, жаңа өмірдің жарқын беттеріне өз қол таңбаларын тамаша табыстарменен жазып жатқандай. Бұл, әрине, келісім-шартта көрсетілген шараның жүзеге асқан бір парасы дейікші. Әрине, Қарағайлыға күндіз-түні кен жеткізіп тұрған іргедегі «Абыз» кенішінің де екінші тынысы осы «Қазақмыстың» қамқорлығы арқасында ашылғанын айта кеткен абзал. Кең даланың төсінде қазір мұнда ашық кен орны күндіз-түні тынымсыз, тоқтаусыз жұмыс істеп жатыр. Бір қызығы, бұл жерде де «Қазақмыстың» өз мамандары – Жезқазған кен орнынан келген тәжірибелі жігіттер еңбек тізгінін өз қолдарына алыпты. Жергілікті жердің жастарын қастарына ертіп, ертеңгі күнге дайындап жатқан жайлары бар. Ашық кен орнының ауқымы кеңейіп, үлкен кенішке айналуы да алдағы күннің жоспарында тұрған басты істің бірі екен. Демек, ертеңгі күнгі берекелі істердің негізі бүгіннен берік қаланып жатыр деп айтуға әбден болады. Оған осындағы игілікті істер айқын дәлел сияқты.

АТЫ АЛЫСҚА ЖЕТКЕН,

ТАМЫРЫ ТЕРЕҢГЕ КЕТКЕН — «НҰРҚАЗҒАН»

Бүгінгі «Қазақмыс» корпорациясының тыныс-тіршілігі жайлы әңгіме қозғағанда, ондағы жаңа алыптардың бірі «Нұрқазғанға» соқпай кету әсте де мүмкін емес. Неге десеңіз, бұл жаңа кең алыбының келешегі мол. Тамыры тереңге тартылып барады. Бұл жерде де Қарағандының іргесіндегі Теміртау қаласының сыртындағы кең алқапта бүгінде алып шахтаның биік ғимараты олай-былай өткенді еріксіз өзіне назар аудартып тұрғандай, маңғаз қалпында көзге түседі. Бұл жерге «Нұрқазған» деп ат қоюдың өзінде де үлкен бір гәп жатқандай. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің еңбек жолын Теміртауда бастағаны әмбеге аян. Металлург мамандығының мәртебесін асырған Нұрсұлтан Әбішұлының табаны тиген берекелі өңірдің елге берері де көп екен. Осы жерде бай кен орны бар екені бұрыннан белгілі болса да, қаражат тапшылығы, басқа да толып жатқан қолбайлаулар кезінде бұлай қарай мойын бұруға мұрша бермепті. Қарағанды өңіріндегі сонау Қарқаралы, Егіндібұлақтан бастап, жер байлығын игеруді мақсат еткен «Қазақмыстың» алдындағы және бір іс – жаңа кең орындарын игеру еді. Міне, осы мақсатпен ашылған кең орны бүгінде «Қазақмыс» сияқты алыптың төлқұжатына айналған сыңайлы. Бұлай деп батыл айтуымызға себеп те бар. Өйткені сол алғашқыда бес жүз метр тереңдікке бұрғы салған кеншілер қазір мың метрдің мұғдарында жүр және жай жүрген жоқ, мұндағы кең орнының сапалы әрі бай мол қоры бар екендігін түрлі зерттеу тәжірибелері нәтижесінде айқындап, біліп отыр. Жылына он миллион тонна кен өндіру жоспарын межелеген өндіріс орнының алдағы көздегені жиырма миллионның ар жағынан асып жығылады. Бұл дегеніңіз рекордтық көрсеткіштерді күн сайын жаңартып отыру дегенге саяды. Мұнда да еңбек ететін кеншілер, басшылар мен мамандар негізінен Жезқазған, Сәтбаевтан жасақталған. Осында еңбек етуге келіскендерге Теміртау қаласынан жайлы да жылы пәтерлер ұсынылыпты. Жұмыс орнының қасында алаңсыз еңбек етуге тұрмыстық жағдайлардың бәрі жасалған. Тек алаңсыз еңбек ет. Еңбек етудің ең тиімді және қауіпсіз шараларын қамтамасыз ету қолға алынған. Мұнда ең бастысы – еңбек қауіпсіздігі деген сөз іспен нақтыланады.

«Нұрқазған» кеншінің директоры, жас іскер басшы Ғабит Төлеубаев Сәтбаев қаласынан арнайы шақыртумен келген. Сәтбаев кеніштерінде түрлі сатылы басқару орындарынан абыроймен өтіп, басқару жүйесінің тәжірибесін толық жинақтаған Ғабит мұнда да көпшілік пен кеншілер қауымының қадір-құрметіне бөленіп жүр. Осындағы басшылық буындағы жүрген мамандардың қай-қайсы болса да кең өндіру ісінің нағыз майталмандары. Солардың бірі – кең өндіру ісінде өзіндік қол таңбасы бар, тәжірибесі толысқан білікті маман Сәли Сауғабекұлы Егізтаев екен. Ол осындағы өндіріс бөлімі бастығының орынбасары болып еңбек етеді. Мұнда 2007 жылы қоныс аударып келіпті. Сонау Сәтбаев қаласындағы Анненск кеншінін пайдалануға қосқан Сәлидің тәжірибесі толысқан. «Жезқазғантүстіметалл» өндірістік басқармасының ең алып кеніші саналатын Оңтүстік Жезқазған кенішінде еңбек жолын бастаған Сәлидің қолтаңбасы жайлы оның әріптестері, замандастары әдемі әңгімелерді айтқанда сүйсіне тыңдайсыз. Сәли Сауғабекұлы Оңтүстік Жезқазған кенішінде сол кездегі кеніш директоры М. Үңгітбаевтың шақыруыменен кенішке қызметке келіп, жер астындағы кен өндіру ісімен танысып директорға: «Жер астындағы кең өндіру учаскесін толығымен тоқтату керек. «Заклаткалар» әлсіз, ережедегі отыз сантиметр де сақталмаған», – деп дабыл қағады. Директор қанша уақыт керек деп сұрайды. Ол бір ай мерзімін айтады. Осы уақыт ішінде жер астында еңбек етудің қауіпсіздік шараларын Сәли толық жасап үлгереді. Міне, осындай білікті, іске тиянақты маманды «Нұрқазғанға» басшылар да атан-түйедей қалап шақырады. Жер астындағы еңбек енді басталар кезде осындағы жұмысты ұйымдастырып, жер астының күрделі құрылысын басқарады. Жер астындағы еңбек етудің қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ете отырып, тиісті жұмыстарды қолға алуды белгілеген. Кенішті саларда бас жоспарды жасаушылар мұнда жер асты суларын басқа жаққа бұрып жіберудің жолдарын қарастырмапты. Сан кеніштерді салуға қатысып, өзі қолмен атқарған істің абыройлы болуын қалайтын Сәли бас жоспардағы бұл қателікті өз бетінше түзейді. Сөйтіп, қосымша бөлек су ағар жолды жасап, кеншілердің алаңсыз жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасады. Жобаға жасалған бұл түзетуді кейін мемлекеттік комиссия мүшелері де дер кезінде жасалған орынды іс деп бағалапты. Енді ше, кен алу барысында жер астында жан-жақтан саулай құйылған сулардың бей-берекет жайылып, белуардан келуіне жол бермей, іркінді сулардың ілкімді жолын табу да өз саласының маманының ғана қолынан келетіні анық. Кенші мамандығын меңгергеніне 37 жылдан асқан кен инженерінің кейінгі жастарға үлгі етіп үйретері де аз емес. Өз ортасы істі нағыз үйлестіруші маман деп Сәлиді орынды мақтан ететіні де содан болар.

Жаңадан ашылған жас кеніштің келешегі керемет деуге болады. Бұған қазіргі күні атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар негіз болады. Ашық далада жаңадан құрылған кеніштің ғимараты бой көтерсе, енді осы жерлерде әлеуметтік-тұрмыстық салаларға қатысты жаңа құрылыстардың жобасы қарастырылуда. Кен барлаушылардың мәліметіне сүйенсек, «Нұрқазған» кенішінің жер асты байлығы алғашқыдай 30-40 жылғы емес, 80-90 жылдың ар жағынан асып жығылады деседі. Бұл дегеніміз келер ұрпақтың ел игілігін еркін пайдаланып, қалауынша жайлы тұрмыс, жақсы өмір сүруіне жағдай жасалады дегенге мол кепілдік беретін сияқты. Күні кеше ғана ешкімге керексіз болып жатқан жазық далада жаңа бір байлық бастауы – кен бұлағының көз ашылды. Бұл да болса, «Қазақмыс» сияқты алып корпорацияның әуелгі алған міндеттемелерін мінсіз орындауға бағытталған шараларының жарқын бір дәлелі десе болғандай. «Нұрқазғандағы» кеншілер өмір тезінен өткен шын шеберлер. Бұлардың 70-80 пайызы Жезқазған кен орындарында еңбек етіп, жер астындағы қазба байлықтарды игерудің қыр-сырын терең меңгергендер. Жезқазған мен «Нұрқазған» арасында алыс-беріс, барыс-келіс те үзіліп тұрған жоқ. «Нұрқазған» кенішінен Жезқазған кеніштеріне ертелі-кеш арнайы автобус күнделікті жүріп тұр. Бұл қаншама жыл ғұмырын Жезқазған, Сәтбаевта өткізген кеншілердің үйренген мекеніне қалаған кезінде шаруасының ыңғайына қарай барып-келуіне және өндірістік қажеттілікке орай құрал-жабдықтар мен бөлшек саймандарды алыс-беріске де ыңғайлы екен. Мұның өзі екі өндіріс ошағының бір-бірімен іс-тәжірибе алмаса отырып, ортақ табысты еселей түсуіне мол мүмкіндік беріп отыр.

БАЙЛЫҚТЫ БӨКТЕРГЕН КӨМІРЛІ КЕНІШ

Ел ішінде «Қазақмыс» корпорациясы Қарағандының түбіндегі «Бөрлі» көмір департаментін өз қарауына алыпты деген сөз шыққанда, е-е, енді металды тауысып, көмірге ауысқаны ма деген сыңайлы әңгіме гу ете қалған-тын. Шынында да бірыңғай металлургия саласымен айналысып жүрген «Қазақмысқа» көмір неге керек болды деген сауал әр көңілде қылаң бергені анық. Сөйтсек, оның да өз мәнісі бар екен. Облыс әкімі мен «Қазақмыс» басшылығы арасындағы жасалған келісім-шартта «Бөрлі» көмір департаментіне қарасты «Қушоқы» кен орнын игеру де көзделіпті. Аты әлемге белгілі «Арселор Миттел» Қарағанды өңіріндегі аты шығып, дүрілдеп тұрған көмірлі кен орындарын ғана өз меншігіне алып, сырттағы көмір кеніштерінің жағдайына мән бермей, кейін сырып тастапты. Сөйтіп негізгі байлығы көмір болып саналатын Қарағанды төңірегіндегі Бөрлі бөктеріндегі ел «Арселор Миттелден» бөлек қалған. Негізінен жұмыс істеп тұрған, іргесі сөгілмеген ірі-ірі көмір кеніштерін ғана басқаруға алған үңдістік бизнесмен кішігірім кеніштерді көзіне ілмеген. Табысынан шығыны көп десе керек. Көмір өндіру арқылы табыс тауып, бала-шаға асырап отырған кеншілер бір сәтте борттың сыртында қалған теңізшілер сияқты күй кешеді. Әсіресе, кезінде жылына үш миллион бір жүз мың тонна көмір өндіріп, рекордттық көрсеткіш жасаған «Қушоқы» көмір кеніші сол кездері иесіздіктің күйін кешіп, қала үлгісіндегі поселке қаңырап бос қала бастайды. Кешегі зәңгір үйлер, әлеуметтік мәдени орындар жұмыстарын тоқтатып, кітапхана жабылады. Ел күйзеліп, жағдай қиындаған кезде «Қазақмыс» пен Қарағанды облысының әкімі келісім-шартының ішіне осы жерді де қайта түлетудің жобасы енгізіліпті. Сөз байласып, іске кіріскенге дейін мұнда да көмір кеніші жұмысын тоқтатып, мамандар тарап, басқалары бала-шаға асыраудың қамымен «ала қап» арқалап, арқа кезіп кете берген еді.

«Қазақмыс» корпорациясы облыстық әкімшілікпен келісілген келісім-шартты орындау үшін «Бөрлі» көмір департаментіндегі барлық жай-жапсарды зерттеуді өзі қолға алады. Әсіресе, «Қушоқы» кең орнын қайта іске қосудың жаңартылған жоспары жасалып, оны жүзеге асырудың алғы шарттары атқарыла бастайды. Бұл ретте ең бірінші қала үлгісіндегі поселке тұрғындарын алаңдататын басты мәселе – орталық жылу жүйесінің істен шығып қалуы болатын. Орталық жылу жүйесін түбегейлі жаңартып, оған белгілі маман, өз ісінің шебері, көпшілік құрметіне бөленген Гумар Экремович Азизовты «Орталық қазандыққа» бастық етіп тағайындайды. Қаражаты айқындалып, жағдайы жасалған жерде жұмыс болатыны белгілі. Бес мыңнан астам адам тұратын «Қушоқы» поселкесі орталық жылу жүйесіне толық қосылады. Көмір кеніші жұмысын бастайды. Қазір жылына сегіз жүз мың тонна көмір өндіреді. Рас, бұл күндері өндірілген өнім кеңестер кезеңіндегідей жан-жаққа таратылмайды. «Қушоқы» кенішінен өндірілген көмір «Қазақмыс» корпорациясына қарайтын кәсіпорындар мен оларда еңбек ететін тұрғындарға арзандатылған бағамен сатылады. Екі жаққа да пайдалы бұл іс, ел тірлігінің қалыпты жұмыс істеуіне игі ықпал етуде. «Қушоқы» кенішінің бас энергетигі Кәрібай Нәрінұлы Үрістембеков көмір кенішіндегі бүгінгі жағдайға көңілі толатындығын айтады.

– Кен орны ашылғанға дейін бұл жер ай тақырлы шоқылардың жотасы болып көрінетін. Бабаларымыз тұлдыры жоқ шоқыларға қарап, «Қушоқы» деп атап кетіпті. Жалпы мына жағы шалғынды жазық, салқын сулы, майсалы жер. Кешегі майталман жазушымыз Ғабиден Мұстафиннің ауылы да осы жер деп айтуға болады. Одақ тарағаннан кейінгі тоқтап қалған кезіміз жанымызды қинады. Небір майталман мамандар кетіп қалды. «Қазақмыс» өз қарауына алғаннан кейін тұрмыс түзелді. Орта мектеп балаларға толды. Балабақша, кітапхана, емхана, аурухана көңілдегідей жұмыс істейді. Мәдениет үйі көпшіліктің сүйікті орнына айналды. Жыл сайын табысымыз молайып келеді. Осының бәрі облыс әкімдігі мен «Қазақмыс» корпорациясы басшыларының ел қамын ойлағанынан жүзеге асырылған шаруалардың жемісі. Әйтпесе, «Қазақмыс» үшін біздің көмір кеніші табысты орын емес. Бірақ қаншама тұрғын игілікті істі жүзеге асыру арқасында жақсы да жайлы тіршілік етіп келеді. Ал, байлықты бөктерген Бөрлінің бүгіннінен келешегі әлдеқайда жарқын да нұрлы болатынына сенімдіміз. Себеп – жұмыс бар, табыс мол жағдай жақсы...

Кәрібай айтқан бұл әңгіменің негізі бар. Бүгінде «Қушоқыда» тұратындардың саны көбейіп, оған сырттан көшіп келушілер де молая түсуде. Бұл да болса, келісіп пішкен тонның келте болмасын айтып кеткен қазекемнің көрегіндігінің көрнісі деңіз. Ел қамын жеген ерлердің ертеңге артқан үміті бүгінгіден де жоғары. Ал, өсіп келе жатқан бүлдіршін өркен жайған өндірістің өмірімізге де, өңірімізге де игі әсерін тигізіп жатқанын жас жүректерімен сезеді. Жастар еңбектің қалыпты ырғағымен алға қарай үкіленіп, үлбіреп өссе, келешектің кемелдене түсеріне күмәніміз болмасын. Елдің ертеңіне деген үмітінің отын үрлеп, еңбектің табысты көрігін қыздырған «Қазақмыстың» қарқыны басқаларға үлгі етуге боларлықтай-ақ. Елдегі басқа алпауыттар да дәл осы «Қазақмыстай» қам-қаракет етсе жұмыссыздық та, айтылып жүрген шешуі қиын өзге де мәселелер қаздаланып қалмасы анық. Ендеше еліміздің жер асты байлығын игеріп, табыс көзіне айналдыра білген қуатты кәсіпорындардың бастамалары ел мүддесімен астасып жатса екен дейміз.

Батырбек МЫРЗАБЕКОВ,

«Қазақ газеттері» ЖШС-ның

Қарағанды облысы бойынша өкілі

937 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы