• Өндіріс
  • 22 Маусым, 2016

«Айлин» – он алтыншы жеке балабақша

  Бүгін Оралдағы диагностикалық орталық ғимараты ауданында 110 орындық «Айлин» атты жеке балабақша ашылды. Бұл – осы санаттағы он алтыншы бөбекжай.

Балабақшаның ашылу рәсіміне жиналған қа­уым­ды нысанның ашылуымен құттықтаған Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиев: 
– Қалада 15 жеке балабақша балаларымызды тәрбиелеуде. Олардың барлығы мемлекеттік тапсырыстарды орындап, әр сәби үшін бюджеттен 16-17 мың теңге көлемінде көмек алады. Жаңадан ашылған бұл балабақша да мемлекеттік тапсырысты орындайды, жаңа технологияларды пайдалана отырып, балдырғандарға үш тілде сапалы білім мен тәрбие береді деп сенеміз, – деді. 
Сондай-ақ балаларды қорғау күніне орай бал­дырғандарға және олардың ата-аналарына тамаша тарту жасаған жеке балабақшаның құрылтайшысы, кәсіпкер Эльмира Меңдіғазиеваға алғыс айтып, қала әкімдігі атынан алғысхат табыс етті. 
Балақайларды балабақшамен қамтуда өңір кә­сіп­керлері белсенділік таныта бастады. Қала бас­шысы Н.Төреғалиевтің айтуынша, бизнес өкіл­дерінен биылғы жыл аяғына дейін жалпы саны 500-ден астам балаға арналған жеке балабақша ашуға тапсырыс түскен. Қазір қала бойынша 17 мың бала мектепке дейінгі тәрбие беру мекемесіне кезекте тұр. «Елбасының тапсырмасымен «Балапан» бағдарламасы аясында 2020 жылға дейін балаларды бақшамен қамтуымыз керек. Өткен жылы осы уақытта қала бойынша балабақша кезегіндегілер саны 15 мыңдай болса, биыл 17 мың 600-ге жетті. Бақшадан мектепке кеткендердің орнын кезектегі сәбилер басқанмен, бала туу көрсеткішінің өсуіне байланысты кезек азаймай отыр. Мемлекеттік мектепке дейінгі 50 мекемеден басқа және 26 мектеп жанында шағын орталықтар жұмыс істейді. Сондықтан бақшамен қамтуда мемлекеттік-жекеменшік серік­тестік күшін пайдалануымыз қажет. Биыл екі семинар өткізіп, кәсіпкерлерге осы бағытта жұмыс істеу жайын түсіндірдік», – дейді Орал қалалық білім беру бөлімінің басшысы Жансұлу Төремұратова.    
Бұрынғы «Шипагер» емханасының екі қабатты ғимаратында орналасқан балабақшаның іші за­манға сай жабдықталған. Балақайлардың демалатын, жуынатын, ас ішетін бөлмелері санитарлық талаптарға сай. Оқу сыныптары, гимнастика, музыка, бейнелеу  залдары, тұрмыстық-қызметтік бөл­мелері жабдықталған. 350 математикалық, логи­калық ойындары бар интерактивті үстел қала бой­ынша әзірге тек осында бар. Ауладағы ойын жабдықтары да көз тартады. Бұл кәсіпорын әлі мемлекеттік тапсырыс алмаған. Әдетте кәсіпкерлер мемлекеттік тапсырыс алып, соның қаржысына жетпейтінін түгендеп жататын. Ал «Айлиннің» жайы бөлек. Жалпы мұндағының барлығы кәсіпкердің талпынысымен сатып алынған. 
Құрылтайшы Эльмира Меңдіғазиеваның ай­туын­ша, 25 баладан тұратын бес топқа  тәрбие­ленушілер қабылданбақ. Қазірдің өзінде 53 бала келеді. Өзге балабақшадан басты айырмашылығы «Айлин» жеке балабақшасы 1-5 жастағы балақай­ларды  таңертеңгі сағат 8-ден кешкі 10-ға дейін қа­былдайды, айлық төлемі – 25 мың теңге, сәбилерді тәулікке де қалдыруға болады. Ұжымдағы мамандар тәулік бойы ауысыммен еңбек етеді. Бүгінде 10 тәрбиеші, бес көмекші жұмыс істейді. Келешекте ауланы абаттандыру, бассейн салу жоспарланған. Кәсіпкер алдағы тамыз айында қала орталығынан жеке ясли-бақша ашпақ.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,
Орал қаласы

783 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы