• Бизнес & Қоғам
  • 15 Наурыз, 2012

ОҚО-да жағдай оңтайланды Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

Биылғы қыстың соңғы күндері оңтүстікқазақстандықтарды әбден әбігерге түсіргені белгілі. Көктем шықпай, қар көбесі сөгіліп, сел жүрді. Елді мекендерді топан су басып, қытымыр қыста халықты қыспаққа алды.

Болған жайдың анық-қанығын саралау үшін топан су басқан өңірлерге елдің атқамінерлері келді. Түркістан қаласын, Бәйдібек, Ордабасы сынды аудандарды тікұшақпен аралаған ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі министрі Владимир Божко жергілікті халықпен кездесіп, мұндағы үйлер мен қора-қопсының бүліну деңгейін анықтап, шығын көлемін бағалау үшін арнайы комиссия құрылды. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Серік Ахметов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарының қорытындылары және су тасқыны салдарын жою үшін қолға алынған шаралар туралы баяндады. Барлық әлеуетті қауіпті өңірлерге мониторинг жүргізу қажеттігін атап өткен Елбасы: «Біз су ағыны қайдан пайда болғанын, оның жолында қандай елді мекендер тұрғанын білуіміз керек. Біз ол жерлер қауіпті екенін адамдарға ертерек ескертуіміз қажет. Тиісті шараларды қабылдамағандар, Үкімет тарапынан қолдау болады деп есептеулеріне құқықтары жоқ. Әлемде осылай жасалады. Мемлекеттің мүмкіндіктері шектеулі. Біз, әрине, көмектесетін боламыз, алайда әркім өз қамын ойлауы керек. Әлемдік тәжрибені зерттеп, сақтандыру компаниясын құру қажет. Тек оңтүстікте ғана емес, сондай-ақ өзге өңірлерде де қажетті шараларды қабылдау керек», – деді.

Болжам бойынша қаншалықты шығын келтірілгенін анықтау мақсатында облыстық комиссия жұмыс жүргізіп жатыр. Таратылған мәліметтерге көз жүгіртсек, бүгінгі күні 102 елді мекенді, 648 үй мен әлеуметтік саланың 41 нысанын су басып қалған. Сондай-ақ 14 үй мен 28 шаруа құрылысы бұзылды, 85 үй мен 197 шаруа құрылысы қирау қаупінде тұр. 31 көпір мен жолдың 81 учаскесі бұзылды. Бүгінде тосыннан келген апатпен арнайы құтқарушы жасақтармен бірге әскери бөлімдерден жеткізілген сарбаздар, ауыл тұрғындары да арпалысып жатыр. ОҚО-ның билік өкілдері Үкіметке келтірілген шығынның орнын толтыру мен бағалау үшін арнайы комиссия құру жөнінде хат жолдады.

Облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қаныбеков мәлімдегендей, су басу жағдайларын жою және қауіпті деген учаскелерді нығайту бойынша шұғыл, алдын алу жұмыстары аудан және облыстық бюджет есебінен жүргізілуде. «Дегенмен республиканың көмегіне зәруміз, 648 үйді су басып қалған, осыған байланысты сәйкесінше қаражат жұмсалады», – деп мәлімдеді ол.

Қазіргі уақытта облыстағы жағдай қалыпты, дегенмен таулы аймақтарда қар әлі де еріп жатқанын ескерсек, су басу жағдайлары қайталануы мүмкін. Бұл жөнінде С.Қаныбеков: «Барлық таулы аймақтардағы айналма арықтар мен бөгеттерді нығайттық. Қажет деген шаралардың бәрін қолдандық. Дегенмен су қай жақтан келетінін топшылау мүмкін емес», – дейді.

413 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы