• Қаржы
  • 21 Шілде, 2016

Ақпарат жедел таратылатын болады

Мемлекеттік органдардың жедел ақпараттық әрекет ету стратегиясын жетілдіру аясында Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірге жаңа іс-әрекеттер алгоритмін әзірледі. 

Енді қандай да бір ақпарат қосымша келісулерді күтпестен халыққа жедел таратылатын болады. Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Фэйсбук әлеуметтік желісіндегі өзінің жеке парақшасында осылай деп жазды.  
Өз жазбасын «Радиоточка» порталындағы «Перестрелка в Алматы: очередной информационный провал власти» атты мақалаға қатысты пікір білдіруден бастаған министр: «Мақалаға жазылған сарапшылардың жекелеген сөздерімен келісемін. Бұл трагедия ақпараттық әрекет ету бағыты бойынша бірқатар өзекті проблемалардың бар екенін көрсетті, оны жасырмаймын. Қазір маңыздысы – бұл оқиғадан дұрыс сабақ алып,  қажетті шараларды қолға алу», – дейді.
Ақпарат министрі мақаланың тақырыбындағы  «ақпараттық  сәтсіздік» деген пікірмен келіспейтіндігін айтады. «Дегенмен, «ақпараттық сәтсіздік» туралы пікір шынайы көріністі дұрыс сипаттамай тұрғанын және бұлай деу әділетсіздік екенін айтқым келеді. Мақаланың өзінен мысал келтірсем, мысалы, мақала авторы атыс басталған сәттен бастап, азаматтар Ішкі істер министрлігінің ресми баспасөз хабарламасы шыққанға дейін үш  сағат (!) бойы ақпараттық сергелдеңге салынды деп жазады. 
Алайда, журналист қалалық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі әлдеқайда ерте (сағат 12.28-де) халыққа антитеррорлық операция жүріп жатқанын, үйден шықпай, халық көп жиналған жерге бармауын ескертті деп жазуды ұмытып отыр. 15 минуттан кейін қала бойынша террорлық қауіптің қызыл деңгейі жарияланды. Баспасөз хабарламасы қажетті ақпарат жиналып, тексерілгеннен кейін бірден жарияланды», – деп түсіндіреді Д.Абаев.
Осы ретте министр жалған ақпарат көп таралған соң, оны тексеруге де көп уақыт кеткенін ескертіп отыр. «Өздеріңіз түсініп отырғандай, жалған ақпараттың таралуы жұмысты қиындатты. Себебі оның анық-қанығын тексеру үшін  жауапты адамдардың күші, уақытша ресурстар жұмсалды. Осындай іс-әрекет үшін отандық құқық нормаларына сай жауапкершілік жүктеледі және бұл тұрғыда Заңды басшылыққа алуымыз қажет», – дейді ол.
Министр 18 шілде күні таңғы сағат 10.50 шамасында Алматыда басталған атыс туралы сағат 11.00-де естігенін, министрліктің уәкілеттілігіне қарасты мәселелердің барлығы жедел түрде қаралғандығын айтады. «Халыққа телеарналар профилактикалық жұмысқа байланысты үзілісте екені жедел айтылып, интернет сайттар қолжетімді екенін хабарладық. Сонымен қатар, телеарналарды тез арада эфирге қосу шараларын қолға алдық», – деді Д.Абаев.
Ақпарат және коммуникациялар қызметі Ішкі істер министрлігімен бірлесе ақпаратты растау уақытын қысқарту мәселесін пысықтаған. «Мемлекеттік органдардың жедел ақпараттық әрекет етуі жөніндегі стратегияны жетілдіру үшін біз қазір Ішкі істер министрлігімен бірге іс-әрекеттер алгоритмін әзірледік. Оған сәйкес, халыққа ақпарат қосымша келісулерді күтпестен, барынша жедел таратылады, – деп түсіндірді Д.Абаев. – Сөз соңында айтайын дегенім, ведомствоның жұмысын жетілдіру үшін сындарлы ұсыныстың барлығы маңызды. Және сіздердің қолдауларыңызға сенеміз».

 Ибрагим Бекмаханұлы

 

528 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы