• Өндіріс
  • 28 Шілде, 2016

ІЗГІ МҰРАТҚА ЖЕТЕЛЕЙТІН ҚАДАМДАР

Ақтөбеде өңірді дамытудың өміршең жобалары жүзеге асуда

Тарихы терең, жері бай, елі дархан Ақтөбе өңірінде жаңа индустрияландыру дәуірінің ұлы жобалары жүзеге асырылуда. Бұған Елбасының «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы мен Ұлт жоспары: «100 нақты қадам» тапсырмасының тың серпін беріп жатқаны анық. Өңірде өркенді істердің көкжиегі кеңейе түсуде. Уақыт талабы-қазіргі күрделі кезеңнің тығырықтарынан шығу үшін ілгері дамудың жаңа мүмкіндіктерін тауып, жаңаша жұмыс жасау болып отыр. Бұл үрдісті Ақтөбе облысының экономикасы мен әлеуметтік саласындағы терең өзгерістерден де көруге болады.

Арайланып атқан әрбір таңнан жақсылық пен ізгіліктің, жаңа өзгерістердің лебін күтетін бір адами шынайы сезім ақтөбеліктердің де бойына тән-жақсы қасиет екені даусыз. Ақтөбе атауына лайық қала күннен-күнге көркейіп келеді. Жасыл желекпен, майысып өскен балғын гүлдермен көмкерілген ежелгі шаһардың келбеті жаз айында мүлдем құлпырып, жайнай түсуде. Уақыттың демімен, жаздың самал лебімен келген өзгерістер өңір тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлап жатыр. Сөзімізді ресми деректермен дәйектер болсақ, 2016 жылы өңірде үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында 13 жоба пайдалануға беріледі деп күтілген. Солардың жүзеге асып жатқандары баршылық. Қазіргі уақытта облыстың кәсіпкерлікті қолдау картасына сомасы 812,3 миллиард теңге болатын және 13,2 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 94 жоба еніп отыр. Бағдарлама жүзеге асырыла бастағалы сомасы 562,2 миллиард теңге болатын 79 жоба іске қосылып, 7,3 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Бұлар халықтың тұрмысына оң әсерін тигізуде.
Қазір Ақтөбе облысында кәсіпорындар қуаттылығын 100 пайызға жеткізу жолдары қарастырылуда. Жалпы, 2010 жылдан бері үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жобалары бойынша 1,1 триллион теңгенің, оның ішінде биыл 5 айда 68,5 миллиард теңгенің өнімі (өнеркәсіптік өндіріс көлемінің 15,7 пайызы) өндірілді.
2016-2019 жылдар аралығында өңірде 15 жоба пайдалануға беріліп, 5,9 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Жыл қорытындысына сәйкес, 15,9 миллиард теңгенің 13 жобасы пайдалануға беріледі. Алғашқы жартыжылдықта бір жоба, яғни қуаттылығы жылына 111,6 мың тонна болатын аз тоннажды мұнай өңдеу зауыты пайдалануға берілді.
Үстіміздегі жылдың соңына дейін іске қосылатын үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама жобаларының қатарында жылына 50 мың шаршы метр тұрғын үй салатын үй құрылысы комбинаты да бар. Бұл өз кезегінде болашақта импорттық материалдарды ығыстыру есебінен тұрғын үй бағасын төмендетуге мүмкіндік береді. Ин-дустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруда Ақтөбе қаласы, Мұғалжар, Алға және Хромтау аудандарының кәсіпкерлері белсенділік танытуда. Өз кезегінде Ырғыз, Ойыл және Қобда аудандарында бұл жұмыстар ойдағыдай емес. ширақтық жетіспейді.
Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына ұсынылатын жобаларды іріктеу керектігін де ұдайы алға тартып келеді. Оның айтуынша, қанша жоба болса да олар болашақта өңір экономикасының дамуына серпін беретін, облыс тұрғындарын тұрақты түрде жұмыспен қамтамасыз ететін тиімді инвестициялық жоба болулары керек. Сондықтан бұл бағытта саннан гөрі сапаға баса назар аудару қажет.

ҚҰРЫЛЫС ҚАНАТ ЖАЙЫП КЕЛЕДІ

Ақтөбе өңірінде жаңа заманға лайық сәулетті құрылыстар мен әлеуметтік нысандардың жиі бой көтеріп, қаланың да, ауылдың да көрік, келбетіне ерекше тән, жарасымды өң беріп жатқанын байқау еш қиын емес. Мысалы, өңірдің бас қалласында құны 1,3 млрд теңге болатын Жастар сарайының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Осы құрылыс жөнінде облыс әкімдігі мен «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» 2016 жылға өзара ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойған болатын. Құжатты өңір басшысы Бердібек Сапарбаев пен аталмыш акционерлік қоғамның Бас директоры Ван Цзюньжэнь бекітті.

Меморандум аясында «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ Ақтөбе қаласындағы Жастар сарайы құрылысын қаржыландыру бойынша міндеттеме алды. Жалпы ауданы 9,5 мың шаршы метр болатын 3 қабатты Жастар сарайы ғимаратының құрылысы Ақтөбе қаласының орталық бөлігінде, Әбілқайыр хан даңғылының бойында, Тұңғыш Президент атындағы Орталық саябаққа қарсы бетте басталды.
Көпсалалы кешен жастардың шығармашылық бастамалары мен мәдени шараларды дамытуға арналған. Мұнда семинарлар, конференциялар, кездесулер, бұқаралық интерактивті шаралар өткізіледі. Мұндағы 1,5 мың орынға есептелген көрермен залы концерттерді, кинокөрсетілімдер мен көркем қойылымдарды кезінде еркін тамашалауға мол мүмкіндік береді. Жобаның жалпы құны 1,3 млрд. теңге. Нысан 2017 жылдың екінші жартыжылдығында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
– Мемлекет басшысы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін дамыту жөнінде тапсырма берген болатын. Бұл бағытта біз өңірдегі көптеген компаниялармен, оның ішінде сіздің кәсіпорынмен де жұмыс жасап, көптеген жақсы жобаларды жүзеге асырдық. Жастар сарайы – бүгінде бізге нағыз керек нысан. Бұл жерде түрлі шаралар өткізіліп қана қоймайды, сонымен бірге жастардың бос уақытын тиімді өткізу үшін мәдени, спорт секциялары жұмыс жасайды, – деп облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына белсенді түрде үлес қосып жатқан инвесторларға алғысын білдірді.
Өңір басшысы атап өткендей, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ жыл сайын Ақтөбе облысының әлеуметтік саласын дамытуға белсенді түрде үлес қосып келеді. Мәселен, соңғы 3 жылда әкімдікпен қол қойылған меморандумдар аясында компания өндірістік, инженерлік-коммуникациялық, әлеуметтік құрылымдар, білім, мәдениет, денсаулық, спорт салалары мен өзге де әлеуметтік маңызы бар шараларға 1,9 млрд. теңгеден астам қаражат бөлді. Сонымен қатар, кен орнын пайдалану бойынша келісімшартқа сәйкес, әлеуметтік міндеттеме ретінде облыс бюджетіне 600 млн. теңге аударып, игілікті іс жасады.

ҚАРЖЫНЫ ҰҚСАТА БІЛГЕН ҰТАДЫ

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев – ауыл шаруа-шылығын дамытуды ұдайы назарда ұстайтын сарабдал салттың адамы. Ол бұл саланы дамытуға арналған қаражатты тиімді пайдаланудың қажеттігін жиі айтады және оның орындалуын тиісті тараптардан қатаң талап етеді.
Ауыл шаруашылығын дамыту, соның ішінде мемлекеттік субсидияларды тиімді пайдалану мәселелері Ақтөбе облысының әкімдігінде аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалық етуімен жақында өткен кеңесте тағы қаралған болатын.
Облыста ауыл шаруашылығын дамытуға бөлінген субсидия көлемі 2013 жылдан бері жыл сайын 2,2 есеге артып келеді. Мәселен, 2013 жылы бұл мақсаттарға 2,7 млрд. теңге қарастырылған, 2015 жылы 6,5 млрд., 2016 жылы 7,5 млрд. теңге бөлінді. Соңғы үш жылда мал шаруашылығы саласына бөлінген субсидия 2,3 млрд. теңгеден 5 млрд. теңгеге артты. Барлық қаражат жүз пайыз игерілді. Нәтижесінде егер үш жыл бұрын мал шаруашылығы саласында 79,4 млрд. теңгенің өнімі өндірілсе, 2015 жылы 102,7 млрд. теңгенің өнімі шығарылды. Ет өңдеу 44 пайызға, сүт өңдеу 17,1 пайызға артты. Мал шаруашылығы импорты 35 млн долларға кеміді.
Кеңес барысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев айтып өткендей, 2013 жылы бөлінген субсидия мөлшері 2,5 есеге көбейтілсе, онда өндірістің көрсеткіштері де артуы керек.
– Мемлекеттік субсидияны пайдалана отырып, Мемлекет басшысының азық-түлік тауарлары импортын азайтып, халықты отандық азық-түлік түрлерімен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындауымыз керек. Мемлекеттік қолдау аясында қарастырылған үлкен сомалар мен шараларды пайдалана отырып, сәйкесінше өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізуіміз керек, – деп атап өткен еді сонда Бердібек Сапарбаев.
Кеңес барысында айтылғандай, бүгінде өңір үшін астық, ауыл шаруашылығы өнімдерін ұқсату, жұмыртқа өндірісі мен құнарлы жерді сақтап қалу мәселелері өзекті болып тұр. Шағын шаруа қожалықтарындағы көрсеткіштер көңіл көншітпейді. Оларды ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтеріне біріктіру арқылы жағдайды реттеуге болады.
Айта кетейік, Ақтөбе облысында биылғы жылдың алты айында 41 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері құрылды. Пайдаланылмай жатқан суармалы алқаптарды қолданысқа беруде оң өзгеріс байқалады.
Ақтөбе облысының әкімі өз сөзінде суармалы алқаптарды одан әрі кеңейту, ауыл шаруашылығының өңірге тән емес түрлерін дамытудың және ірі ауылдық аймақтарда ет, сүт өңдеу мен бордақылау алаңдарын қолданысқа берудің керектігін қадап айтқан болатын. Кеңес барысында Ақтөбе қаласында индустриалды-аграрлы аумақ құруды тездету және ветеринарлық бақылау сапасын арттыру бойынша тапсырмалардың берілгені мәлім.
– Мұның барлығы импорттық өнімдер үлесін азайтуға мүмкіндік береді. Біздің өңірде жергілікті азық-түлік түрлерімен қамтамасыз етуге барлық мүмкіндіктер мен ресурстар бар. Ең бастысы – ауыл шаруашылығын дамытуға мемлекет бөліп отырған әрбір тиынды тиімді пайдалану керек. Қаржыны ұқсата білген қалайда ұтады, – дейді облыс әкімі.

КӘСІПКЕРЛІКТІ ҚОРҒАУ КАРТАСЫ

Өңірде өткен «Кедергісіз кәсіпкерлік» форумы барысында облыс басшысы Бердібек Сапарбаев Ақтөбе облысының прокуратурасы және аймақтық кәсіпкерлер палатасымен кәсіпкерлік картасын жүзеге асыруда өзара әрекет ету жөніндегі меморандумға қол қойды.
Аталмыш форум Ақтөбе облысының прокуратурасында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың, ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжановтың, барлық мемлекеттік бақылау-қадағалау және өзге де құзырлы органдардың, Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының жетекшілері мен облыстың бизнес қауымдастығы мүшелерінің қатысуымен өткен болатын.
Маңызды шара барысында кәсіпкерлік саласындағы, соның ішінде Кедендік одақ аясындағы ауыл шаруашылығы, құрылыс, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік, мемлекеттік бақылау мен қадағалау, салықтық басқару саласындағы мәселелер қаралды.
Республика прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов бизнестегі кедергілерді азайту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айта келе, бүгінгі таңда 61 мемлекеттік органның 17 мың құқықтық актілердің талаптарын сақтау бойынша тексерулер жүргізетінін жеткізді. Осыған байланысты Бас прокуратура бірқатар функцияларды өзін-өзі реттеуге тапсыру мүмкіндіктері зерттеліп жатқандығын айтты.
– Ел Президенті кәсіпкерлікті дамытуға ерекше назар аударып келеді. Біздің облыста тіркелген 130 мың кәсіпкерлік қызмет субъектісі облыстағы белсенді халықтың 32 %-ын құрайды. Мемлекет өз тарапынан кәсіпкерлерге түрлі қолдау көрсетуде. Әсіресе, жұмыссыздыққа жол бермеу мақсатында жұмыс орындарын ашып жатыр, – деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Әкім өңірде 200 гектар алқапта индустриалды аумақ бар екенін, онда инновацияық және болашағы бар жобаларды жүзеге асыру үшін барлық жағдай қарастырылғанын еске салды.
Форумның негізгі мақсаты – кәсіпкерлікті қолдаудың өңірлік жол картасымен таныстыру еді. Ол мақсат орындалды. Бұл құжат қолайлы инвестициялық климат құруға, кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығы мен олардың мемлекеттік органдарға сенімін арттыруға, әкімшілік кедергілерді болдырмауға бағытталған.
Картаның көмегімен өңірдегі кәсіпкерліктің даму жағдайын, шағын және орта бизнестің дамуына кедергі болатын себептер мен жағдайларды анықтауға, ауыл шаруашылығы, құрылыс, салық салу және сыртқы экономикалық қызметтегі мәселелерді айқындап, оларды шешу жолдарын іздестіруге болады.
Облыс жетекшілігі Картаны жүзеге асыруға мейлінше көмектесуге уәде берді.
Шара соңында Картаны жүзеге асыруға жауапты органдар өкілдерінің қатысуымен Ынтымақтастық және өзара түсінушілік жөніндегі меморандумға қол қойылды.

ЖОЛ – ТІРШІЛІК ТАМЫРЫ

Облыс әкімдігінде өткен республикалық маңызы бар автожолдар бойындағы сервисті дамыту жөніндегі кеңес барысында өңірде 1916 жылы 12 жаңа жол бойында қызмет көрсету нысандарының іске қосылатыны белгілі болған еді. Тіршілік тамыры – жол бойында болатын бұл жаңалық облыс жұртшылығын қуантып отыр.
Қазіргі таңда өңірдегі жалпы ұзындығы 1894 шақырым болатын республикалық маңызы бар жолдарда 106 қызмет көрсету нысаны жұмыс жасайды, олардың қатарында 34 жанар-жағармай құю бекеті, 63 тамақтану орны, 25 қонақ үй және 22 техникалық қызмет көрсету бекеті бар. Аталған нысандардың басым бөлігі ҚР Ұлттық стандарттары бекіткен А, В, С, D категорияларына сай келмейді.
Жол бойы сервисті дамыту мақсатында нысандарды автомобиль жолдары бойынша орналастыру картасы әзірленіп, нысандар құрылысына қажетті орындар анықталады. Арнайы Картада көрсетілгендей, жол бойы нысандарының 2020 жылға есептелген құрылыс жоспарына сәйкес, облыс аумағында 46 кешен құрылысы қажет. Биыл жалпы құны 1,15 млрд теңге болатын, 130 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 12 жаңа нысан ашылады деп жоспарланып отыр. Бүгінде Әйтеке би, Мәртөк және Хромтау аудандарында нысандар қолданысқа берілді. Олардың барлығы да «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің бойында орналасқан.
Жоспарларды жүзеге асыру үшін облыста жол бойындағы сервис нысандары құрылысы бойынша алгоритм әзірленді. Жер телімі алынғаннан бастап, нысанды іске толық қосқанға дейінгі процедуралар көрсетіледі. Сонымен бірге, «бір терезе» қағидасы бойынша Кәсіпкерлікті дамыту орталықтары жобаларды жүзеге асыруға атсалысады. Жергілікті билік тарапынан жол бойындағы сервисті дамытушыларға өзге де қолдау шаралары көрсетіледі.
Сонымен бірге, кеңес барысында жол бойындағы сервис нысандарын модернизациялау, сондай-ақ жол бойы сервистері кешендерін құру бойынша мәселелер қаралды. Ол үшін аудан әкімдіктері мен Ақтөбе қаласында ірі жанар-жағар май құю бекеттері маңынан жер телімдерін бөлу туралы ұсыныс жасалды. сонымен қатар авто жанар-жағар май құю бекеттері құрылысына телімдерді бөлгенде кәсіпкерлік қызмет субъектілерін де жұмылдыру көзделген.

БИЗНЕСТІ ДАМЫТУДЫҢ   ЖОЛДАРЫ

Ақтөбе облысының әкімдігі «Казкоммерцбанк» АҚ-пен бірлесе отырып, өңірде бизнесті дамытудың жаңа жолдарын қарастырды. Бұл орайда облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Казкоммерцбанк» АҚ басқарма төрағасы Марк Хольцман мырзамен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Ақтөбе облысының әкімдігі мен «Казкоммерцбанк» АҚ арасындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Құжат Ақтөбе облысында кәсіпкерліктің дамуына жағдай жасау үшін бірлесіп жұмыс істеуді көздейді.
«Казкоммерцбанк» АҚ – Қазақстандағы жүйе қалыптастырушы ірі банктердің бірі. Бүгінгі таңда Ақтөбе облысында аталған екінші деңгейлі банктің 21 бөлімшесі жұмыс жасайды. «Казкоммерцбанк» АҚ Ақтөбе филиалы тек облыс орталығын ғана емес, облыс аудандарын да қамту жағынан 2 орында. Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев «Казкоммерцбанк» АҚ Ақтөбе филиалының бөлшек депозиттер, банкоматтар желісі, аударма, коммуналдық және өзге төлемдер қабылдау, ипотекалық/тұрғын үй займдарын қайта қаржыландыру бағдарламасын жүзеге асыруда көш бастап келе жатқанын жеткізді.
Банк кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламалардың барлығына қатысып келеді. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы жүзеге асырылғалы банктің Ақтөбедегі филиалы 125 жобаны мақұлдады. Айта кету керек, банк мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тетіктері негізінде жобаларды жүзеге асыруға атсалысуға ниеттеніп отыр. Қазіргі таңда Ақтөбе қаласында 60 орынға есептелген офтальмологиялық аурухана құрылысын қаржыландыру мүмкіндігі қарастырылуда. Жоба құны – 2,3 млрд. теңге.
– Бұл қол қойылған құжат Ақтөбе облысындағы кәсіпкерлікті дамыту үшін жағдайлар қалыптастыру және ынтымақтастық орнатуға септігін тигізеді деп сенемін. Сонымен бірге, қайырымдылық, меценаттық, сондай-ақ, әлеуметтік қолдау, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлерді де қолдау саласында ынтымақтастық орнату әлеуеті бар екенін айта кеткен жөн, – деді Бердібек Сапарбаев.
Облыс әкімі Ақтөбе қаласында Батыс Қазақстанның төрт облысына қызмет көрсететтін қаржы кластерін құру жөніндегі жоспарларымен де бөлісті.
«Казкоммерцбанк» АҚ басқарма төрағасы Марк Хольцман мырза өзі басқарып отырған қаржы институты аталған бастаманы қолдайтынын жеткізді. Сондай-ақ, ол Ақтөбеде «Казкоммерцбанк» АҚ call-орталығы ашылатынын, онда бүкіл Қазақстанға қызмет көрсетілетінін жеткізді. Айта кетейік, call-орталық толық күшіне енгенде 100 адамды жұмыспен қамтамасыз етеді.
Кездесу соңында Марк Хольцман мырза банк қызметкерлері атынан Ақтөбе облыстық ауруханасының перинатальды орталығында орнатылған жасанды тыныс алу аппаратына қажетті шығын материалдарына сертификат табыстады. Мұндай аппараттар мерзімінен ерте туған балаларды жетілдіру үшін пайдаланылады. Құны – 1,2 млн теңге болатын шығын материалдары ауруханаға жеткізілді.

ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АХУАЛ – ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ

Өмірлік мәселенің ең өзектісі – экологиялық ахуалды жақсарту үшін өңірде қолға алынып жатқан шаралар аз емес. Әсіресе, өнеркәсіпті қала Ақтөбенің экологиялық және атмосфералық ауа жағдайы мәселелеріне арналған жылжымалы кеңестер облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың назарынан тыс қалып көрген емес. Бұл мәселелер әкімдіктің жылжымалы кеңестерінде және әрбір кездесулерде жиі қозғалып отырылады. Мысалы, соңғы бір өткізген кеңесте өңір басшысы атмосфералық ауа қабатының ақтөбеліктер мен жергілікті билік үшін өзекті екенін алға тарта отырып, жағдайды жақсарту мақсатында ұтымды шаралар қолға алу керектігін ескерткен еді.
Өңірде экологиялық ахуалды жақсарту үшін жүйелі жұмыстар жүргізіледі. 2015-2017 жылдарға есептелген шаралар жоспары әзірленген. Бұл мақсаттарға биыл 1,1 млрд. теңге қарастырылып отыр. Көгалдандыру, кәріз жүйелерін қайта салу және жөндеу, өнеркәсіптік қалдықтарды тазартатын локалды жүйелер орнату жұмыстары көзделіп отыр. Сонымен бірге, аудан орталықтарында тұрмыстық қатты қалдықтар полигондары құрылысы жоспарланды. Көлік ағындарын басқарудың автоматтандырылған жүйесін жетілдіру және автокөліктерді сұйылтылған газға ауыстыру бойынша шаралар қолға алынды. Айта кетейік, бүгінде бюджеттік мекемелердің 850 көліктен тұратын автопаркі толығымен газбен жүреді.
Өңірдегі ірі елді мекендердегі ағын суларды тазарту үшін жаңа қондырғыларды қайта салу және құрылысы мәселелері шешімін табуда. 2016 жылы Ақтөбеде 3 ағын станциясы құрылысы басталады деп күтілуде. Оның екеуі жыл соңына дейін қолданысқа беріледі. Сондай-ақ, орталықтандырылған кәріз жүйесін кеңейту мүмкіндігі қарастырылу үстінде.
Кешенді тазарту қондырғыларына түсетін ауыртпалықты азайту үшін өнеркәсіптік кәсіпорындарда локалды тазарту қондырғыларымен жабдықтау бойынша шаралар қолға алынуда. Қыркүйек айында Тұрғындар қалашығы ауданында құны 679,5 млн теңге болатын кәріз коллекторын қайта салу жұмыстары басталады. Спирт өндірісінің қалдықтарын жою бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде.
Жалпы, жоспардың 16 бөлімінің 13-і атмосфералық ауа қабатының сапасын жақсартуға бағытталған. Осы мақсаттарда Ақтөбе қаласының айналасында «Жасыл сақина» қалыптастыру бойынша жұмыстар қолға алынады. Ауқымды жоба бойынша, 2 209,61 га алқапта Батыс Қазақстанның климаттық ерекшеліктеріне төзімді 12 ағаш пен бұтақ түрі өсіріледі деп жоспарланған. 1278 гектар жерге тал егу үшін топырақ дайындалды. 3 сатыдан тұратын жұмыс 9 жыл көлемінде жүзеге асырылады. Жобаны жүзеге асыру үшін бюджеттен шамаман 2 млрд теңге жұмсалады.
Өңір басшысы экология бойынша мәселелердің бір жылда жинақталмағанын, оны бір сәтте жоюдың мүмкін еместігін де айтады. Алға қойылған мақсаттарды шешу үшін қаржылық институттарды жұмылдыру керек. Қайбір шаруаны сауатты, жүйелі әрі жауапкершілікпен қолға алса, барлығы оң шешімін табады. Облыс әкімі экологиялық мәселелердің шешіміне аз қаражат кетпейтінін, әрі ірі қаржылық институттар тарапынан инвестиция тартудың орынды екенін айтады. Ол бұған таяуда Еуропалық қайта құру және даму банкімен қол қойылған алдын ала келісімді мысал етеді. Осы құжаттың бір бөлігінде тазарту қондырғыларын, сонымен қатар экологиялық сұйылтылған табиғи газбен жұмыс жасайтын автопарк құруды қаржыландыру көзделген.
– Қазірде Ақтөбе қаласының экологиясы мен атмосфералық ауа қабатының жағдайын жақсарту үшін барлық мүмкіндік бар. Экология мәселелерін шешуге аз қаражат бөлінбейді. Ең бастысы – тапсырмаларды уақытылы және сапалы орындау керек, жоспарлы және жауаптылықпен қолға алса, бұл мәселе шешімін табады, – дейді Б.Сапарбаев.
Кеңес барысында облыс әкімі кәсіпорын жетекшілеріне, оның ішінде ауаны ластап жатқан спирт зауыттарының, «Ақбұлақ» АҚ, «Ақтөбе Таза Қала» ЖШС басшыларына бірқатар ескертулер жасап, өндірістегі экологиялық жауапкершілік деңгейін арттыруды көздейтін шараларды пысықтады.
Жалпы алғанда, кеңес қорытындысы бойынша өңір басшысы экология заңнамаларын бұзғандарға қатысты қатал шаралар қолдану керектігін айтып, қоршаған ортаны жақсартуға бағытталған нақты тапсырмалар берді. Олардың қатарында бір айдың ішінде тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын жөнге келтіру жұмысы да бар. Өйткені полигонның қазіргі жағдайы инвестор тартуға мүмкіндік бермейді. Бір ай уақыт ішінде қалалық кәріз жүйесіне жеке ассенизаторлық көліктермен лас қалдықтарды заңсыз төгу деректері бойынша тексеру жұмыстарын қолға алудың қажеттігі қатаң ескертілді.
Сонымен бірге, облыс әкімі Ақтөбе тұрғындарының қандай ауамен демалып отырғанын білулеріне құқықтары бар екенін жеткізді. Осыған байланысты Ақтөбе қаласындағы алты «Қазгидромет» бақылау қосынынан түсетін атмосфералық ауа қабатының сапасына қатысты ақпараттардың үнемі ашық болу керектігі туралы ұсынысын да айтты.

ЖЕРГІЛІКТІ ҮЛЕСТІ АРТТЫРУ ШАРАЛАРЫ

Ақтөбе облысындағы кәсіпорындарда жергілікті үлесті арттырудың шараларын қарастырудың маңызы зор. Облыс әкімі бұл шараға да жіті назар аударады. Өмірлік мәселемен отырыстар өткізеді. Халыққа жақын жүреді. 2016 жылдың I жартыжылдығы бойынша облыс аумағында қызмет ететін кәсіпорындар сатып алатын тауарлар, жұмыстар мен қызметтердегі жергілікті үлестің азайып жатқандығы белгілі болған еді. Жергілікті билік осы жайтты реттеу үшін тиімді шараларды дер кезеңде қолға алды. Мәселен, жеке компаниялар жергілікті тауарларды сатып алуды ынталандыру үшін Ақтөбе облысының кәсіпорындарында баспасөз турын ұйымдастырды. Нәтижесінде бірнеше келісімшартқа қол қойылды. Мәселен, өңірдегі ірі кәсіпорындардың бірі – «Ақтөбе хром қосындылары зауыты» АҚ ақтөбелік компаниялар өндіретін темірбетон өнімдерін пайдалана бастаған. Мұндай мысалдар ондап саналады.
Жалпы, импорт алмастыру жұмыстары өңірдегі барлық компанияларға тән. Осы мақсатқа орай өзге өңірлер мен елдерден сатып алынатын тауарларға талдау жасалды. Ол талдау қазіргі уақытта Ақтөбе облысында жаңа өндірістер немесе қызмет етіп жатқан кәсіпорындарда жаңа тауар түрлерін шығаруды анықтау мақсатында қолданылып келеді.
Айта кетейік, облыс көлеміндегі жергілікті тауар өндіретін кәсіпорындар туралы толық мағлұмат www.businessreestr.kz порталында орналастырылған. Жергілікті үлесті мониторингілеу және отандық тауар өндірушілерді қолдау бойынша облыстық комиссия жұмыс жасап, нәтижесінде ондаған ақтөбелік кәсіпорын тауарлар, жұмыстар мен қызметтерін жеткізу жөнінде келісімшарттарға қол қойды.
«Жергілікті үлес көп болса, өңір экономикасына үлкен инвестиция құйылады, тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етіледі. Осыны әрдайым естен шығармауымыз керек, жергілікті үлесті арттыру бойынша қажетті шараларды қолға алуымыз керек».
Бұл – облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың пікірі.Aktobe

БОЛАШАҒЫ БАР ЖОБАЛАР

Мемлекеттік-жекеменшік жобалардың жүзеге асырылуы, сондай-ақ, болашағы бар жаңа жобаларды іздестіру барысы өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен өтетін әкімдіктегі отырыстардың негізгі тақырыбына айналған. Қазіргі таңда облыста мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында тартылған инвестиция көлемі 16 млрд теңгеден асатын 18 жоба жүзеге асырылып жатыр. Барлық жоба бойынша конкурстық процедуралар жүргізілу үстінде. Нақтырақ айтқанда, Ақтөбе өңірінде офтальмологиялық емхана, қалалық жедел медициналық көмек бекеті, балалар тіс емханасы, Мұз сарайы, өлкетану мұражайының жаңа ғимараты және басқа әлеуметтік нысандар салынуда.
Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің даму қарқыны жақсы екендігін алға тартады. Жақсыны жарқырата көрсету – орынды ғой. Бұл жұмыстың тетіктері аудандық деңгейде де табылып, оң нәтижесін береді деген үміт бар.
– Мемлекет басшысы мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамытуға ерекше назар аударып отыр. Бұл тетік болашақта облыс бюджетіне түсетін ауыртпалықты жеңілдетіп қана қоймай, халықтың әлеуметтік қамсыздандыру мәселесін де жақсы жолға қояды. Жалпы алғанда, мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті жүзеге асыру барысы жақсы қарқынмен жүргізілуде. Оны одан әрі жақсарта түсудің де зор мүмкіндіктері бар. Түсіндіру жұмыстарын күшейту керек, инвесторлардың назарына жеткізе білу керек, мемлекетпен ынтымақтастық орнату арқылы болашақта қандай табыстарға кенелетінін де айту керек, – дейді Бердібек Сапарбаев.
Облыс әкімі болашағы бар жаңа жобаларды әлі де анықтай түсуді қажет деп біледі. Қазіргі уақытта өңірде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тетіктерін энергия үнемдейтін жобаларға да қолданып көру мүмкіндіктері қарастырылуда. Мемлекеттік мекемелер, құрылыс және көшені жарықтандыру, Ақтөбе қаласының жолдарындағы көлік ағынын басқарудың автоматтандырылған жүйесін енгізу жобалары бірте-бірде өмірге еніп келеді. Ой, мақсат, іс бірлігі бар жерде өмір үнемі қоөғалыста болады ғой. Ақтөбеде адамды ізгі мұратқа бастайтын осындай батыл қадамдар бар.

Ибрагим Бекмаханұлы

823 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы