• Өндіріс
  • 10 Тамыз, 2016

Өндіріс қарқынын еселеген

Батыс Қазақстан облысындағы «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» кәсіпорны пластикалық бұйымдар шығаратын зауыт негізінде құрылды. 2010 жылдан бергі уақыт ішінде өндірілетін өнім көлемі үш есеге өсті.

Бүгінде зауыт тек пластикалық бұйымдар шығарумен шектеліп қалған жоқ. Мұнда металл жабын, жайма табақ, полиэтилен және полипропилен  құбырлары, гипсокартон жабыны, пластмассадан халық тұтынатын тауар түрлері өндірісі жолға қойылды.  2007 жылы компания өндірісті жаңғырту жұмыстарын бастады. Соның арқасында өндірістік аумақ көлемі төрттен жеті гектарға дейін ұлғайды. Құлашын кеңге жайған зауыттың өндірістік цехтарының саны бүгінде 12-ге жетті. Қазір зауытта су, газ, кәріз және телекоммуникация салаларына арналған диаметрі 20-дан 1600 мм-ға дейінгі полиэтилен тұрбаларын өндіретін алты желі орнатылған.  Бұл – Қазақстан  бойынша осындай үлкен көлемдегі диаметрлі полиэтилен тұрбаларын шығаратын жалғыз кәсіпорын. 
– Индустрияландыру бағдарламасы дағдарысқа қарсы өнеркәсіпті қолдаудың таптырмас тетігі болды. Сонымен қатар өндірістің қысқаруының, жұмыссыздық деңгейінің өсуінің алдын алды. Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының (ҮИИДБ) бірінші бесжылдығында  экономиканы әртараптандыру және ғаламдық экономикалық дағдарыстың салдарын жеңу бағытындағы үрдістер басталды.  Төмен пайыздық мөлшерлемемен несие алу мүмкіндігі өндірілетін өнімнің өзіндік құнын төмендетуге жол ашады. Осы бағдарлама шеңберінде компания полиэтилен тұрбалары (диаметрі 630 және 1600 мм-лік) өндірісі бойынша екі инновациялық жобаны іске қосты. Мемлекеттік қолдаудың соны үлгісі ретінде «Өндірістік инфрақұрылымды дамыту» бағдарламасын айтар едім. Кәсіпорынның өндірістік қуатының өсуіне орай және зауытты үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ету үшін осы жоба бойынша трансформаторлық қосалқы стансаларды реконструкцияладық. Өткен жылы компания металл жабын және жайма табақ өндіретін үш станок сатып алып, орнатты. Бұған 3 млрд. теңге шамасында инвестиция жұмсалды.  Күні кеше ғана аймақтық үйлестіру кеңесі айналым қаражатын толықтыруға бағытталған несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауды мақұлдады. Бұл дегеніңіз – қазіргідей экономикалық қиыншылық жағдайында өндірісшілерге жасалған қамқорлық әрі үлкен көмек, – деді кәсіпорын директоры Валерий Крылов «Даму» қорының аймақтық филиалы ұйымдастырған пресс-тур барысында журналистерге берген сұхбатында. 
«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде бірінші инновациялық жоба іске қосылған 2010 жылдан бергі уақыт ішінде өндірілетін өнім көлемі үш есеге өсті. Кәсіпорын жоғары сапалы өнім шығаруды қамтамасыз ететін әлемге танымал еуропалық өндірісшілердің заманауи құрал-жабдықтарымен жасақталған. Бүгінде зауытта  жылына 30 мың тонна полиэтилен өндіріледі. Мысалға, өткен жылы 6 мың тоннаның үстінде шикізат өңделген. Компанияда 76 адам еңбек етуде.  Тек биылдың өзінде  жеті жаңа жұмыс орны ашылды. 
Компания басшысының айтуынша, негізгі өнім өткізу нарығы – еліміздің батыс өңірі  және Ресейдің іргелес Орынбор, Самара облыстары. Өнім өткізу нарығын кеңейту компания басшылығының басты назарында.
«Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС  өңірдегі мамандар даярлау жұмысына да атсалысуда. Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-мен арадағы келісімшартқа сәйкес жыл сайын ЖОО-ның 25 студенті кәсіпорынның өндірістік базасынан өндірістік тәжірибеден өтеді. 

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,
Орал қаласы

567 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы