• Энергетика
  • 10 Тамыз, 2016

Oilprice.com: Қазақстан үздік 10 елдің қатарынан көрінуге бет алды

Жақында Oilprice.com желілік басылымы «Kazakhstan Moves Towards Becoming A Top 10 Oil Producer» – «Қазақстан мұнай өндіру жағынан алда келе жатқан 10 мемлекеттің қатарынан көрінуге бағыт алып барады» деген мақала жариялады. Онда былай делінген екен: «Қазақстан аумағында көптеген әсер етуші күштердің ықпалдары тоғысады. Республиканың өз экономикасын әртараптандыру (диверсификациялау) турасындағы табысы мен оның мұнай өндірісі көрсеткіштерінің күрт ұлғаюы осы елдің мемлекеттік тәуелсіздігін нығайтуға және аймақтағы сауда ағымының жандануына әсерін тигізбек».

Батыста жарияланған мәліметтерге қарағанда, еліміздегі басты мұнай кеніштері мен оларды игеруге арналған жобаларға қатысты бүкіл шикізат қоры аз дегенде (минимум) 59 млрд. 549,8 млн. баррельді, көп дегенде (максимум) 72 млрд. 749,8 млн. баррельді құрайды екен. Басқаша айтқанда, бұл – 8 млрд.823,1 млн. тоннадан 9 млрд. 951,7 тоннаға дейін жететін мұнай қоры. 
Осыншама көп көмірсутекті шикізаты бар мемлекеттер әлемде тіпті де көп емес. Қазақстан - Каспий аймағындағы ең ірі мұнай қоры шоғырланған мемлекет. Сонымен қатар, еліміз бүгінгі күннің өзінде осы аймақта күніне 2,5 млн. баррель көлемінде өндірілетін бүкіл мұнайдың үштен екісін беріп жатыр. Әлемдегі ең ірі мұнай өндіруші елдер1
Американың Энергетика министрлігінің ресми ақпараттық бөлімшесі болып табылатын Energy Information Administration мұнай өнеркәсібінің біздің мемлекет үшін қаншалықты маңызды екенін былайша суреттейді: «Қазақстанның мұнай экспорты ел экономикасының фундаменті болып табылады және де ол нақты ішкі өнім көрсеткішінің жоғары деңгейде қала беруін қамтамасыз етті». 
Осы бір сенуге тұратын ақпарат көзінің айтуына қарағанда, Қазақстанның өскелең мұнай өнеркәсібінің үлесі елдегі жалпы ішкі өнім көрсеткішінің шамамен 30 процентін, экспорттан түсетін табыстың жартысынан астамын құрайды екен.
Қазіргі уақытта  Қазақстан бүкіл әлемдегі жалпы мұнай өнімінің (күніне 90 млн. баррельден астам) 1,8  пайызын (күніне 1,719 млн. баррель) беріп жатыр. Дүние жүзіндегі ең ірі өндірушілер қатарында еліміз 2014 жылдың аяғында 18-ші орынға шыққан.
Бір қарағанда, бұл онша биік жетістік емес сияқты. Бірақ содан ертерек уақыттарда еліміздің бұл тізімде кем дегенде 10 саты төмен тұрғанын ескерсек, осы нәтижені басқаша бағалауға тиіс екенімізді түсінеміз. Иә, шынында да  санаулы жылдар бұрын мұнай өндіру көрсеткіштері бойынша Қазақстанның алдында бүгінгіге қосымша тағы да бір он шақты ел бар болатын. Мәселен: Оман (1997 ж.  – 904 мың б/к немесе баррель күніне, 1998 ж.  – 900 мың б/к), Египет (1997 ж.  – 856 мың б/к, 1998 ж.  – 834 мың б/к), Аргентина (1997 ж.  – 834 мың б/к, 1998 ж. – 847 мың б/к), Катар (1997 ж. – 735 мың б/к, 1998 ж. – 735 мың б/к), Ангола (1997 ж. – 714 мың б/к, 1998 ж. – 735 мың б/к), Малайзия (1997 ж. – 700 мың б/к, 1998 ж. – 720 мың б/к), Үндістан (1997 ж. – 675 мың б/к, 1998 ж. – 661 мың б/к), Колумбия (1997 ж. – 652 мың б/к, 1998 ж. – 733 мың б/к), Австралия (1997 ж. – 588 мың б/к, 1998 ж. – 544 мың б/к) және Сирия (1997 ж.  – 561 мың б/к, 1998 ж. – 553 мың б/к). Содан бері өткен уақыт ішінде еліміз бұлардың бәрінен басып озды. Бұл Қазақстандағы мұнай өнімінің осы кезең барысында 2 еседен астам ұлғаюы арқасында мүмкін болды.Мұнай қоры жағынан әлем бойынша ТОП
Бұрынғы КСРО, кейiнгi ТМД ауқымында негiзiнен мұнай және газ өндiрумен шұғылданатын 4 ел бар. Олар - Ресей, Қазақстан, Әзербайжан және Түрiкменстан. Бұлардың iшiнде Қазақстаннан басқа үшеуi мұнай не газ өндiруден әзiрше кеңес заманындағы көрсеткiштерiне қайтып көтерiле алмай отыр.   
Бұлардың қатарына Өзбекстанды да қосуға болар едi. Бiрақ бұл елдiң экспорттық мүмкiндiктерi де, өндiрiстiк мүмкiндiктерi де тым шектеулi. Оның мұнайы бұрын өзiне де жетпейтiн. Тәуелсiздiк алғаннан бергi уақыт iшiнде Өзбекстан өзiн-өзi осы шикiзатпен қамтамасыз ету биiгiнен көрiнуге қол жеткiздi. Ал газ жағынан алғандағы Өзбекстанның жағдайы, әрине, бiршама артық. Ол оны да алыс шетелге сата алмағанмен, айналасындағы Түрiкменстаннан басқа 3 елдi – Қырғызстанды, Қазақстанды және Тәжiкстанды – әзiрше өзiне тәуелдi етiп ұстап отыр. Осының арқасында ол газ қорының үлкендiгi жағынан Ресей түгiлi Түрiкменстанмен де бәсекелесе алмайтын болғанына қарамастан, оны өндiру жағынан ТМД-да кейде екiншi орынды иемденiп жүрді.
 Ал әлемде Өзбекстан осы көрсеткiш бойынша алғашқы он бес мемлекеттiң қатарынан табылады. Бұл ел өз газын 52 кенiштен өндiрiп алып отыр. Оның iшiндегi Шуртан, Газли, Памук және Хаузак сияқты ең iрi 12-сі бүкіл өнімнің 95 процентiн бередi. 
Ал Қазақстанның жағдайы басқаша. Ол өзiнiң газға қатысты Өзбекстанға тәуелдi болуынан арыла алмай отыр. Қарашығанақ сияқты ғаламат газ кенiшi бар ел үшiн бұл келiссiз жайт болып табылады. Бұндай жағдай Қазақстанның газ өндiрудi кеңес заманындағымен салыстырғанда бiршама арттырғанына қарамастан орын алып отыр. Мәселен, 1985 жылы республикамыз 5,5 млрд. текшеметр газ өндірген болатын. Ал 2013 жылы бұл көрсеткіш 18,5 млрд. текшеметрге жетті. 
Мұнайдың жағдайы болса, бiзде басқаша қалыптасты. 1992 жылдан былай қарай бұрынғы кеңес республикаларының, кейiнгi ТМД елдерiнiң барлығында да экономикалық көрсеткiштердiң құлдырай бастағаны белгiлi. Бұл үрдiстiң мұнай-газ өндiру саласына да тiкелей әсерi болды. Мәселен, Ресейде мұнай шикiзатын өндiру көрсеткiшi 2 есеге жуық қысқарды. Сөйтiп, ол «әлемдегi нөмiрi 1 өндiрушi» атағынан айрылды. Бiрақ бұл жерде бiр нәрсенi атап айтып кеткен жөн. 
Өндiру көрсеткiшiнiң тұтыну көрсеткiшiне тiкелей байланысты болатыны белгiлi. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Ресейдегi мұнай өндiрiсi көлемiнiң азаюы негiзiнен iшкi нарықтың (рыноктың) есебiнен болып отырғанын аңғарамыз. Ал сыртқы нарыққа келетiн болсақ, онда барынша көп мұнай шығаруға Ресей мұнай компаниялары тырысып бағып жатыр.
Ал, кеңес заманында жылына 80 млрд. текшеметр газ өндiрiп отырған Түрiкменстанның кейiнгi көрсеткiшi 20 миллиардқа да жетпей қалыпты. Түрiкмен елiндегi осындай риясыз жағдай Ресейдiң өз газ нарығына (рыногына) ортаазиялық шикiзаттың келуiне бiрталай шектеулер қоюына байланысты қалыптасқан. Ал «Рейтер» агенттiгiнiң мәлiметi бойынша, Түрiкменстандағы газ өндiру көрсеткiшi 90-ыншы жылдардың басынан 2000 жылдардың басына дейiн 7 есе қысқарған. Яғни, шамамен 90 миллиардтай текшеметрден тура 13 миллиард текшеметрге дейiн кемiген. Бірақ, кейінгі онжылдық барысында Түрiкменстандағы өнім көрсеткіші қайтадан өсіп, 50-60 миллиард текшеметр деңгейіне дейін жетті.
Қалай дегенде де Түрiкменстанның газ өнеркәсiбiнiң қазiргi таңда бұрынғы күйіне жете алмай отырғаны хақ. Ал бұл елдiң экономикалық даму тұрғысынан алғанда осы саладан басқа артар үмiтi жоқ екенi ешбiр құпия емес. Дегенмен, әу баста мемлекет тарапынан халыққа берiлген уәде осы уақытқа дейiн күшiн жойған жоқ. Елдегi әрбiр отбасына шектеулi бiр мөлшерде газ бен электр жарығы тегiннен-тегiн берiледi. Басқаша айтқанда, өндiрiлiп шығарылған түрiкмен газы сыртқа шығар үлкен жол таба алмаған соң, негiзiнен iшкi қажетке жарап жатты. 
Сонымен, энергиялық шикiзат шығаратын ТМД-дағы негiзгi төрт мемлекеттiң iшiндегi өндiрiстiк көрсеткiштерi ең керi кеткен ел – Түрiкменстан.
Каспийдiң тура арғы бетiнде орналасқан Әзербайжанның жағдайы оныкiне қарағанда әлдеқайда жақсы. Бұл негiзiнен мұнайлы ел екенi белгiлi. Бiрақ бұл да салыстырмалы түрдегi ғана жетiстiк. Мәселен, 2003 пен 2004 жылдардағы жылдық көрсеткiш 15-16 млн. тонна төңiрегiнде болды. Немесе тәуліктік көрсеткішпен есептегенде 310-330 мың баррель аралығында болды. Бірақ 2005 жылы Баку-Тбилиси-Джейхан құбыры салынып бітіп, 2006 жылдан бастап ол шикізат тасымалдауға кіріскен соң, Әзербайжанда мұнай өндірудің көлемі күрт ұлғая бастады. 
2012 жылғы көрсеткіш 46,395 млн. тонна болды. Әрине, бұл 1985 жылғы көрсеткiшпен – 13,142 млн. тонна – салыстырғанда әлдеқайда көп.Газ қоры жағынан әлем бойынша ТОП
Ендi Қазақстанға келейiк. Бiздiң ел 1997 жылдың өзiнде-ақ өзiнiң мұнай өндiру тарихындағы ең үздiк көрсеткiштерiне жақын барды. Бұл әлгi энергиялық шикiзат шығаратын ТМД-дағы негiзгi төрт мемлекеттiң iшiндегi ең үздiк көрсеткiш. Қалған үш елдiң – Ресейдiң, Әзербайжанның, Түрiкменстанның – ауылы бұндай жетiстiктен ол кезде алыста болған. Қазақстанның көрсеткiшi  айналасы үш жылдың iшiнде, яғни 1994 жылдан 1997 жылға дейiн 20,2 млн. тоннадан 25,7 млн. тоннаға дейiн өстi. Таза өсiм – 5 млн. тонна. Келесi 1998 жылы мұнайдың әлемдiк бағасының күрт түсiп кетуiне байланысты осы шикiзатты өндiру көрсеткiшiн әрi қарай өсiрудiң қисыны болмады. Ал 1999 жылдың көктемiнен бастап әлгi баға бiрнеше жыл құлдыраудан кейiн қайта өсе бастады. Демек, мұнайды халықаралық пиясаға шығару жолдары тарапынан жаңа кесел пайда болмаса, Қазақстанның жуық арада мұнай өндiру жағынан жыл сайын бiр рекордтан екiншi рекордқа қол жеткiзе беруi мүмкiн. Бiрiншi рекорд сол 1999 жыл болды. Онда Қазақстанның өнiмi бұрын-соңды болып көрмеген 30 млн. тоннаға дейiн жеттi. 2000 жылғы көрсеткiш 35 млн. болса, 2001 жылы – 40 млн. тоннаға, 2002 жылы – 47 млн. тоннаға, 2003 жылы – 54 млн. тоннаға, 2004 жылы 60 млн. тоннаға жеттi. 2010-2013 жылдар барысында орташа көрсеткiш 75 млн. тоннадан асып отырды.
Бiрақ, бiзде де мұнайды ел iшiнде өңдеу, яғни өз еңбегiмiзбен одан дайын өнiмдер шығару барған сайын азайып бара жатыр. Мәселен, Қазақстанның зауыттары 1990 жылы – 17,8 млн., 1991 жылы – 18,0 млн. тонна мұнай шикiзатын өңдеп, одан дайын тауар шығарды. Бұл көрсеткiш 1994 жылы – 11,7 млн., 1997 жылы – 9,2 млн. тоннаға дейiн түсiп кеттi. 1998-2005 ж.ж. аралығында тұтыну осы деңгейде қалды. 2013 жылғы ішкі мұнай өңдеу көлемі 14,3 млн. тоннаны құрады.
Осы жерде бір айта кететін нәрсе мынау. Қазақстанда тұтынылатын көлемнің жартысына жуығы өзiмiзде өндiрiлетiн мұнайдың есебiнен. Қалғаны Ресей сияқты көршi елдерден әкелiнетiн мұнай өнiмдерiнiң есебiнен. Басқаша айтқанда, өзiмiз мұнайды көп қылып өндiргенмен, оның қызығын да, жақсылығын да былай қойғанда, сол шикiзаттың өзiне зар болып отырмыз. Қазіргі уақытта бензиннің бір литрі бағасының 128 теңгеге жеткені соның дәлелі болса керек. Бір қызығы, сол қымбатшылық ең алдымен сол мұнай өңдейтін зауыттары бар жерде байқалады.  
Сонымен, елдегi әлеуметтiк-экономикалық жағдайдың бұрындары бiршама қиындап кетуiне орай аталатын негiзгi себептiң – мұнай бағасының арзандауының – күшi 1999 жылы-ақ қайтты. Сонда ендi елдiң әлеуметтiк-экономикалық жағдайы аз да болса жақсара ма деп күтуге бола ма? Мен бұл жерде қағаз жүзiндегi емес, ел iшiнде күтулi игi өзгерiстердi айтамын.  
Мұнай қымбаттай бастағаннан бергi он бес жылдай уақыт iшiнде мұнайдың әлемдiк бағасы да, Қазақстанның оны халықаралық нарыққа шығаруы көрсеткiшi де бiраз өстi. Өткен жылы елімізден экспортқа 80 млн. тоннаға жуық шикізат шығарылыпты. Биылғы көрсеткіш те аз болмайтын болса керек. Бірақ кейінгі кезде мұнай бағасы қайтадан түсіп, 45 доллардан астам болып тұр. 
Бірақ елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай әлі де болса біршама күрделі болып тұр. Қымбатшылық белең алып барады. Ал жұрттың табысының соншалықты тез өсуі байқалмайды. Алайда, Қазақстанның мұнай саласы елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың дұрыстап оңалуына септігін тигізе алады деген үміт жоқ болмаса керек.  


Қайрат ӘМІРЕЕВ

 

 

157087 рет

көрсетілді

39818

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы