• Өндіріс
  • 08 Қыркүйек, 2016

Әбу-Дабиде өкілдігін ашқан компания

Биыл Оралдағы «Топан» компаниясы мұнайгаз жабдықтарының жаңа түрін өндіріске енгізді. Сонымен қатар өнім өткізу нарығын кеңейту мақсатында Таяу Шығыстағы мұнайшы компаниялармен әріптестік орнатты. Енді «Топан» ирандық «ElektroKavirCo» компаниясымен бірлескен кәсіпорын құруға кірісті.

Құрылғанына 20 жылға жуық­таған «Топан» серіктестігіне бәсе­келестік жағдайындағы нарық­тан өз орнын алу оңай­ға түспеді. Алайда кезінде Оралдағы қорғаныс саласына қараған мықты зауыттарда жұмыс істеген білікті инженер, конструкторлардың басын қосып, өндірістің өркендеуіне жол тапты. Қазіргі уақытта түрлі деңгейдегі басқосуларда аты көп айтыла бермейтін бұл кәсіпорында ұзын саны 200-дің үстінде адам жұмыс істейді. Зауыттың бас офисі Оралда және оның Атырау, Ақтау, Астана, Алматы, Ақсай қалаларында өкілдіктер бар.
– Кәсіпорынның ерекшелігі мынада – «Топан» ЖШС мульти­брендті өнеркәсіптік компания. Серіктестік кен өндіру, мұнай және газ саласындағы, химиялық, фармацевтикалық және тамақ өнеркәсібі компанияларына, ғы­­лы­ми-зерттеу институттарына және білім беру мекемелері ұйым­­дарына өнеркәсіптік тауар­ларды өндірумен, жеткізумен, қызмет көрсетуге қатысты сан түрлі қызметтерді көрсетеді. Өзге бәсекелестерімен салыстырар болсақ, «Топан» тапсырыс беру­шілерге  қажетті өнімдердің толық кешенін ұсынады, сонымен бірге инжинирингтік және сервистік қызмет көрсетеді, – деді компанияның стратегиялық даму жөніндегі директоры Ғайса Жұмалиев «Даму» кәсіпкерлік қорының БҚО филиалы ұйымдас­тыр­ған пресс-тур барысында.
Айтса айтқандай, компания­ның қызмет бағыттарына инжиниринг және өндіріс (соның ішінде CT-KZ сертификаттарын ұсына отырып, мұнай және газ сапасын сараптау, есептеу жабдықтары жүйесін өндіру, автоматтандырылған газ реттегіш станса, өлшегіш құралдарын шығарады), жабдықтарды жобалайды, жасақтайды, іске қосады, химиялық өнімдер өндіреді және оларды жеткізеді. Компания мұнайгаз және тау-кен өнеркәсібі үшін ірі көлемдегі химия өнімдерін жоғары технологиялы химиялық ерітінділерді, реактивтерді өндіреді. «Топан­ның» химиялық өндірістік базалары Желаев және Бөрлі ауда­нындағы Тұңғыш ауылдарында орналасқан. Сондай-ақ компания зертханаларды жабдықтайды және электр техникалық өнім түрлерін жеткізумен айналысады. 
– Оралдық компания әлем­ге әйгілі «General Electric» корпорациясының «GE Sensing» және «GE Panametrics» бөлімше­лерінің «Алтын» әріптесі саналады. Өткен жылы компания Бірікккен Араб Әмірлігінде, Әбу-Дабиде 8 адам жұмыс істейтін өкілдігін ашты.  Компания биыл Таяу Шығысқа бет бұрып, жаңа әріптестер тапты. Иракта «Лукойл Оверсиз» және «ГазпромНефтьБадра» компаниялары үшін екі сервистік инженерлік келісімшартты іске асырды. Биыл Иран елінің «ElektroKavirCo» компаниясымен КИП жүйесін және электр техникалық құрал-жабдық шығаратын бірлескен кәсіпорын құру жөнінде меморандумға қол қойылып, қазір құжаттарын реттеу жұмыстары жүргізілуде, – аталмыш компанияның инжиниринг филиалының директоры Нұрлан Мошанов.
Соңғы екі-үш жыл ішінде ком­панияның шығарылатын өнім түрлерін молайтып қана қоймай, өнім өткізу нарығын кеңейтуі­не мемлекеттік қолдау-көмектің сеп болғаны анық. 2014 жылы «Топан» ЖШС «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша екінші деңгейдегі банктердің бірінен алынған несие қаражатын субсидиялауға қол жеткізді. Осы несиенің есебінен 2015 жылы ауданы 1500 шаршы метр болатын заманауи технологиялық жабдықтармен жаб­дықталған мұнай және газ есеп­теу жабдықтарын өндіретін өн­дірістік жаңа цех салынып, іске қосылды. Мұнайгаз компаниялары мұнайды экспорттық құбыр желісіне шығару үшін алдымен оның сапалық көрсеткіштерін тексеріп, анықтау үшін осындай жабдықтарды пайдаланады. Енді ондай компаниялар жабдықтарды бұрынғыдай шетелден емес, Оралдағы зауыттан тапсырыспен алмақ. Қазірдің өзінде  ұлттық және жеке мұнайгаз компанияларымен әріптестік орнатылып, мұнайгаз саласындағы өндірісшілер мұнай және газ сапасын анықтайтын блоктарға тапсырыс беруде.  Бұл цехтың іске қосылуымен 50 адамға жаңа жұмыс орны ашылған.
– Мұнай ұңғымасының шы­ғынын өлшейтін «УЗДС «Топан» қондырғысын компанияның конс­тукторлары ойлап шығарды. Мамандар шетелдік, ресейлік жабдықтардың жақсы жағын негізге ала отырып, құрылымын әлдеқайда жетілдіріп қайта жасады. Қазақстанда оның баламасы жоқ. Жақында оған патент алынды. Мұндай жабдық мұнайгаз компанияларына ұң­ғы­ма шығынына мониторинг жүргізіп, оның тиімділігін артты­руға, жұмыс сапасын жақсартуға септігін тигізеді.  Әзірге жабдық Маңғыстау облысында және Ресейдегі «Ингип» компаниясында сынақтан өтті. Екі компаниямен бұл жабдықты сынақтан өткізуге келісімшартқа қол қой­мақпыз. Келешекте осы Орал­да шығарылған жабдықты Иранға экспорттау бағытында жұмыс­танудамыз. Күзде  халық­аралық мұнайгаз жабдық­тары көрмесіне апарамыз, – деді «Топан» ЖШС-ның инжиниринг филиалының директоры Нұрлан Мошанов.
Осы пресс-турға журналистермен бірге қатысып, аталмыш кәсіпорынның тыныс-тірлігімен танысқан ҚР Парламенті Мәжі­лісінің депутаты Снежана Имашева БАҚ өкілдеріне берген сұх­батында қазіргі экономикалық интеграция үрдісі жағдайында отандық кәіпкерлерге нарықтан ойып тұрып өз орнын табу, адуын бәсекелестікке төтеп бере білу маңызды екендігін жеткізді.
– Бәсекелестікке  қабілетті болу үшін жұмыс тәжірибесі ғана емес, инвестициялар да қажет. Сондықтан мемлекет кәсіпкер­лікті дамыту үшін жеңіл­детілген несие беруге мән-маңыз беріп отыр. Жоғары технологиялы өнім шығаратын шағын цех немесе ірі кәсіпорын мемлекеттік қолдаудың көмегімен дамудың жаңа деңгейіне жете алады, – деді Мәжіліс депутаты С.Имашева.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,
Орал қаласы

601 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы