• Бизнес & Қоғам
  • 15 Қыркүйек, 2011

Биыл егіннен мол өнім алынбақ Мақпал САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың астықты өңірлерге жасаған сапары аяқталды. Қыркүйектің 8 жұлдызында Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысының агроқұрылымдарында болып, астық алқаптары мен жайылымдарды аралады. Елбасының жұмыс сапары солтүстік аймақтардағы мал шаруашылығын дамыту бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылды. Қызылжар ауданындағы «Петерфельд Агро» ЖШС нысанына аяқ басқан Елбасы егістік алқаптарын аралап, астық жинау науқанымен танысты. Бұл жерде асыл тұқымды ірі қара мал өсіретін репродуктор бар болғандықтан, Елбасының назары ерекше болды.

Серіктестіктің биылғы жылғы мәліметіне қарағанда, ауыл шаруашылығы алқаптарының көлемі 4427 га құрайды, оның ішінде егістік алқаптары 2961 га, дәнді дақыл алқабы 2878 га, картоп егістігі 182 га құрап отыр.

Өңірдегі тағы бір нысан – «СБИ-Агро» ЖШС-нің айналысар негізгі жұмысы өсімдік шаруашылығы өндірісі мен мал шаруашылығы өнімін өндіруге жұмсалады. Ауыл шаруашылығына қолайлы саналатын жерлер биылғы жылы 17 212 га құрауда. Яғни, егістік жерлер – 10847 га, астық және бұршақ дәнді дақылдарына арналған егістік алқабы – 7729 га, майлы дақылдар алаңы – 3139 га.

Солтүстік өңірдегі сапарда Мемлекет басшысы «Петерфольд Агро» ЖШС ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен кездесті. Бұл мал шаруашылығында 860 бас ірі қара мал, 400 бас жылқы, 800 бас қой бар. Серіктестікте бүгінгі күні 200 бас малға арналған сиыр қорасы мен мал төлдету, жем-шөп сақтайтын санитарлық орындардың құрылысы басталды. Мемлекет тарапынан бұл серіктестікке 3,5 млн теңге қаржы бөлінген. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен кездесу кезінде Президент Солтүстік Қазақстан облысында еліміздің сарқылмас қорының молдығын атап өтті. СҚО республикадағы ауыл шаруашылық өнімдері көлемінің 12 пайызын өндіреді, өсімдік шаруашылығы есебінен 60 пайыздан астамы қамтамасыз етіледі. Іскери сапар барысында өңірдің егістік алқабының жай-күйімен таныс болған Елбасы: «Мен Сіздердің өңірдегі егістік алқабында болып, ауыл еңбеккерлерінің қайратты, әрі өнімді еңбекпен айналысып жатқандығына көз жеткіздім. Және ауа-райы да еңбекшілер үшін қолайлы болып тұр. Сондықтан біздің өнім жоғары болады деуімізге құқымыз бар. Оның үстіне мемлекет ауыл еңбеккерлеріне жылдағыдай жан-жақты көмек көрсетіп отыр. Тек ауыл шаруашылығы кешенін дамытуға республикалық бюджеттен биылғы жылы 220 млрд теңге қарастырылған. Сонымен бірге жиын-терім жұмыстары үшін жанармай жеңілдік бағамен бөлінді. Біз «Дипломмен ауылға» ұранымен ауылдық жерлерге жас мамандарды тартуды ынталандырып отырмыз. Бүгінде 13 мыңға жуық маман жұмысқа орналастырылды. Бұл жақындап қалған мерекелік күн - біздің Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына тамаша тарту. Біз оны табысты ісімізбен және жоғары нәтижелерімізбен атап өтетініміз өте маңызды», - деп атап көрсетті.

Еліміздің солтүстік өңірінен бастау алған Елбасы сапары Қостанай облысында жалғасын тапты. Президент Қостанай ауданындағы «Заречное» тәжірибелік шаруашылық» ЖШС-нің алаңында болып, жұмыс тәртібімен танысты. 1992 жылы іргетасы қаланған шаруашылық жұмысының негізгі бағыты – дәнді дақылдың таңдаулы тұқымдарын өсірумен айналысу. Ауыл шаруашылығына пайдалануға берілген жер көлемі – 34 751 га, оның ішінде егістік жер – 15 687 га. 2010 жылы астықтың өнімділігі 12,1 ц/га құрады, жалпы алғанда 12 160 тонна астық жиналған. Биылғы жылы Қостанай облысында ауыл шаруашылығы саласында 63 млрд теңгеден астам өнім өндірілді. Егістіктің жалпы көлемі, оның ішінде майлы дақыл – 22,5 пайызға ұлғайды. Мал басы мен құс санының көбею көрсеткіші артуда.

Мемлекет басшысы Қостанай облысындағы инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы барысымен танысты. Қостанай облысы әкімінің орынбасары Нұралы Сәдуақасовтың баяндауынша, 2004-2010 жылдары мемлекет қазынасынан Қостанай облысының ауыл шаруашылығына 185 млрд теңге салынған, ал ағымдағы жылы мұнда агроөнеркәсіптік салада құны 13,3 млрд теңгенің 20 инвестициялық жобасы жүзеге асырылмақ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде Қостанай облысында таңдаулы диқандардың жұмыс жасайтынын баса айтып: «Бүгінде 2020 жылға қарай ауылда еңбек өнімділігін 4 есеге арттыру міндеті қойылып отыр. Оған қалай қол жеткізуге болады? Біріншіден, астық өндірісінде «нөлдік» технологияға көшуді қамтамасыз ету қажет. Бұл егін шығымдылығын кемінде екі есе арттырады. Екіншіден, шаруаларды жаңа заманауи техникамен жарақтандыру қажет. Үшіншіден, осы техниканы Қазақстанда құрастыру қажет. Төртіншіден, мал шаруашылығына бетбұрыс маңызды. Өйткені бір тонна ет төрт тонна астықтың құнына тұрады. Мал шаруашылығын дамытып, біз Ресей Федерациясының нарығына шыға аламыз. Олар қазір бір ғана Бразилияның өзінен 800 мың тонна ет сатып алып отыр. Бесіншіден, егін шаруашылығын әртараптандыруды жеделдету қажет, яғни басқа агродақылдардың, атап айтқанда, рапстың егіс көлемін ұлғайту қажет», - деді.

Қыркүйектің алғашқы күнінде Елбасы Қызылорда облысының «Мәди қажы» шаруашылығының астықты алқабында болды. Елімізде өндірілетін күріштің 90 пайызы Қызылорда облысында өсірілетінін ескерсек, ел экономикасының дамуына ерекше серпін беріп отырған шаруашылық саласына облыстан 20 млн теңге қаржы бөлінген. Жыл сайын 2,5 мың га аумаққа күріш себіледі. Үстіміздегі жылы ауыл шаруашылық дақылдары 3465 га аумаққа егілді. Алдағы уақытта 15 мың тонна ақтамаған күріш, 90 тонна сафлор және 1700 тонна жоңышқа жинау жоспарланған. Биылғы жылы себілетін тұқымның сапасын арттыру үшін шаруашылықтан 285 тонна таңдаулы күріш тұқымы сатып алынып, егілді. Сонымен қатар, күріш сортын жаңарту үшін ресейлік жаңа «Фишт» сорты себіліп, өндірістік сынақтан өткізілуде. 2010 жылы өсімдік шаруашылығы саласын қолдау үшін шаруашылыққа 50569 мың теңге субсидия, ағымдағы жылы 86032,3 мың теңге төленген.

Ауыл шаруашылығындағы өтімді өнімдер ел экономикасының ілгері дамуына тың серпін беріп келеді. Астықты аймақтардың алдағы науқанында дақыл жинау көрсеткіші жылдағыдан едәуір жоғары болады деп күтілуде.

732 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы