• Қаржы
  • 20 Қазан, 2016

Теңге – тәуелсіз Қазақстанның валютасы

12 қазанда Астананың Ұлттық мұражайында ҚР Ұлттық банкінің ұйымдастыруымен Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Теңге – тәуелсіз Қазақстанның валютасы» атты конференция өтті. 
Конференцияның негізгі мақсаттары –жұртшылықтың Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің ажырамас атрибуты ретінде теңгенің тарихы, мәні және рөлі туралы хабардар болуын арттыру, сондай-ақ ҚР ұлттық валютасын жастар арасында танымал ету болып табылады.

«Бүгінгі іс-шараның біздің еліміздің Тәуелсіз­дігінің 25 жылдығын мерекелеу шеңберінде өтіп жатқанын атап өту маңызды. Қазақстан егемендік жылдары көптеген сынақты бастан кешірді, ол сыннан біз күш-жігеріміз арқылы тәжірибе жинақтадық. Нәтижесінде қазіргі кезде Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың тең құқылы мүшесі болып табылады, оның пікірін тыңдайды және санасады» – деп атап өтті ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары Дина Ғалиева осы конференцияда сөйлеген сөзінде. – Жақында Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Бұл біздің елге деген құрмет, осы құрметке еліміздің бейбітшіл сындарлы сыртқы және ішкі саясаты ие». 
«Орнықты ұлттық валютаның болуы кез келген елдің нарықтық қатынастарын және экономикалық тәуелсіздігін дамытудың негізгі өлшемшарттарының бірі болып табылады, – деп қосты ол. – Ақшаның жалпыға белгілі экономикалық функциясымен қатар процестің қоғам үшін елеусіз, бірақ аса қажетті басқа да жағы бар. Бұл – ақшаның сала, ірі индустрия ретіндегі функциясы, ақшаның қолма-қол айналысы – бұл үздіксіз жұмыс істейтін жүйе,  қатар жүретін қызықты және күрделі әлем». 
Конференцияға барлығы 280-нен астам адамның қатысқанын атап өтеміз, олардың арасында қоғам қайраткерлері, отандық ЖОО-ның, ақша белгілері өндірісі саласындағы шетелдік компаниялардың, Халықаралық банкноттар қоғамының, қаржы ұйымдарының өкілдері, нумизматтар бар.
Конференция шеңберінде қолма-қол ақшаны шығару саласындағы «DeLaRue», «SICPA SA», «KBA-NotaSys», «Land Qart AG», «Crane Currency», «Giesecke&Devrient», «Oberthur­ Fiduciaire» сияқты шетелдік белгілі компания­лардың өкілдері өз таныстырылымдарын жасады.
Қазақстан өзінің ұлттық валютасын қиын жағ­дайларда әзірлеп, қабылдады. Дина Ғалиева осыны атап өтті. «90-шы жылдардың басында Қазақстанның тағдыры үшін өндірістің ауқымды түрде құлдырауы, экономикалық байланыстардың үзілуі, бұрынғы одақтас республикалармен ақша-кредиттік қарым-қатынастардың коллапсы сияқты жағдайларда қиын-қыстау кезең болды», – деді ол.
Оның айтуы бойынша, Үкімет пен Ұлттық банк алдында маңызды мәселе тұрды – өндірістің жаппай құлдырауы мен жоғары инфляция жағдайларында ұлттық валютаның орнықтылығы мен айырбасталуын қамтамасыз ету қажет болды.   
«Ұлттық валютаны енгізудің рәсімдік мәселе­леріне: жаңа валютаны айырбастау пункттеріне жет­кізуге, ақша айырбастаудың басталу күні мен ұзақтығына, айырбастау коэффициентіне ерекше көңіл бөлінді. Бүкіл жұмыс Қазақстан Республикасы Президентінің жіті бақылауымен және тікелей қатысуымен жүргізілді. Жаңа банкноттардың дизайны туралы шешімді қабылдау кезінде соңғы шешімді Мемлекет басшысы қабылдаған болатын, – деп есіне түсірді ол.  – Ұзақ әрі күрделі жұмыс нәтижесінде жаңа банкноттардың бет жағына Қазақстанның мәдени мұрасына барынша жарқын ізін қалдырған тарихи тұлғалардың:  әл-Фарабидің, Сүйінбай Аронұлының, Құрманғазының, Шоқан Уәлихановтың, Абай Құнанбаевтың, Әбілқайыр хан мен Абылай хан сияқты тұлғалардың бейнелерін орналастыру туралы шешім қабылданды. Одан басқа, банкноттарда дәстүрлі түрде портреттердің пайдаланылатыны таңдау жасауға әсер етті. Зерттеулер халық тұлғаларды ойша танып-білетінін және бейнелері дұрыс болмаған жағдайда өздігінен сезінетінін көрсетті». 
«Банкноттардың сырт жағы қазақ жерінің табиғи және сәулет ансамбльдерін:  Бурабайды, Іле Алатауын, Балқаш көлін, сондай-ақ айтулы мешіттер мен кесенелерді қамтыды.  Банкнот нобайлары бекітілгеннен кейін басып шығару үшін Лондон қаласына жіберілген болатын», – деп сөзін толықтырды Д.Ғалиева.
«Кеңес рубльдерін қазақстандық теңгеге ауыстыру 1993 жылғы 15 қарашада сағат 8.00-де басталды және 20 қарашада сағат 20.00-де аяқталды. Өз валютасын айналысқа қосқаннан кейін Қазақстанда жаңа тарихи кезең басталды», – деп сөзін қорытындылады Д.Ғалиева.
Қазақстанның банкноттары жылдан жылға түрлі конкурстар мен көрмелерде жеңіске жете отырып, халықаралық тұрғыдан танылуда. Бұл жөнінде ұлттық валюта – теңгенің бас дизайнері Меңдібай Әлин хабарлады.
Дизайнердің айтуынша, реттеушінің алғашқы наградасы 2006 жылғы үлгідегі 10 000 теңгелік банкнот болды, ол CurrencyConference 2007 халықаралық валюта конференциясында «Ең үздік жаңа банкнот» номинациясында жүлделі орынға ие болды. Қазылар алқасы банкноттардың жаңа сериясының бірегей дизайнын, күрделі және жоғары қорғалу деңгейін атап өтті.
IACA (International Associationof Currency Affairs) халық­аралық үкіметтік емес ұйымы өткізетін бұл іс-шараның банкноттарды дайындау, қолдан жасаудан қорғау және айналысы мәселелеріне арналғанын атап өткен жөн. Осы банкнот 2006 жылғы үлгідегі номиналы 2 000 және 5 000 теңгелік банкноттармен қатар 2016 жылғы 4 қазаннан бастап айналыстан алынғанын еске саламыз.
 «Қазақстанның теңгелері үш жыл қатарынан награда алды, бұл тәуелсіз Қазақстанның шежіресіндегі аса маңызды тарихи жағдай болып табылады, себебі осы уақытқа дейін ешбір елдің ұлттық валютасы үш наградаға ие болған жоқ», – деді М. Әлин. Оның айтуынша, 2012 жылғы сәуірде Халықаралық банкнот қоғамдастығының (IBNS) конкурсында әлемнің бірнеше ондаған жаңа банкноттарының ішінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған, номиналы 10 000 теңгелік Қазақстан банкноты үздік деп танылды.
2013 жылғы мамырда IBNS 2011 жылғы үлгідегі номиналы 5 000 теңгелік Қазақстан банкнотын бүкіл әлем бойынша шығарылған 100-ге жуық жаңа банкноттың ішінен «2012 жылғы ең үздік банкнот» деп таныды.
 «Бір жылдан кейін Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі «Жылдың үздік банкноты» номинациясында кезекті рет награда алды, – деп жалғастырды М.Әлин. – Бұл награданы 2014 жылғы мамырдың басында Халықаралық банкнот қоғамдастығы «2013 жылдың үздік банкноты» номинациясында «Күлтегін» түркі жазба ескерткішіне арналған, номиналы 1 000 теңгелік ескерткіш банкнотқа берді. Жүлдені алуға 12 елдің банкноттары, оның ішінде 100 АҚШ доллары, 5 еуролық банкнот, Сочи олимпиадасына арналған 100 ресейрублі ескерткіш банкноты үміткер болды».
«2015 жылғы 1 желтоқсанда айналысқа  шыға­рыл­ған, номиналы 20 000 теңгелік банкнот та ха­лық­­аралық сарапшы­лардың алдында танымал болды», – деді Меңдібай Әлин.
«2016 жылғы наурызда HighSecurityPrintingEurope конференциясында (Бухарест қ., Румыния) банкнот 2015 жылғы үздік өңірлік банкнот ретінде таныл­ды. 2016 жылғы мамырда Вашингтон қаласында (АҚШ) өткен Banknote-2016 халықаралық конференциясында бұл банкнот «Валюта индустриясындағы үздік техникалық жетістіктер үшін» (IACA ExcellenceinCurrencyAwards)» номинациясында үш жүлдегер қатарына кірді», – деп хабарлады М. Әлин.
Халықаралық сарапшылардың мойындауынша, тәуелсіз Қазақстанның монеталары ежелгі монета соғушылар мен заманауи технологиялардың дәстүрлерін өздеріне сәтті үйлестіре білген. Бұл туралы Ұлттық банктің бас дизайнері Виктор Ивженко мәлімдеді.
Белгілі болғандай, Қазақстан Ұлттық банкі монета өнімінің үш түрін шығарады – айналыстағы, инвестициялық және коллекциялық (ескерткіш) монеталар. Айналыстағы монеталар айналысқа 1, 2, 5, 10, 20, 50 және 100 теңгелік номиналдармен шығарылды. Инвестициялық монеталар қаржы құралы болып табылады, олардың бағасы негізінен Лондон металл биржасындағы (LME) баға белгіленімдеріне байланысты. Алғаш рет инвестициялық монеталарды Қазақстан теңге сарайы 1996 жылғы ақпанда дайындаған болатын. Бұл «Жібек жолы» сериясының алтын монеталары болатын. ҚР ҰБ коллекциялық монеталарды 1995 жылдан бері шығаруда. 2008 жылы инвестициялық монеталардың екі жаңа түрін – «Алтын барыс» және «Күміс барыс» монеталарын шығара бастады. Бүгінгі күні алтыннан жасалған монеталардың 59 түрі, күмістен жасалған монеталардың 187 түрі, нейзильберден 103 түрі және нейзильбер мен нибрастан жасалған 5 биколорлы түрі шығарылды.
ҚР ҰБ дизайнерінің айтуынша, күнделікті өмірде қолда­нылатын монеталар коллекциялық монеталар сияқты кәсіби мамандар мен коллекционерлердің жоғары бағасын алуда. Қазақстандық монета соғушыларының Дүниежүзілік нумизматикалық конференция сияқты беделді форумдарға – Қазақстан 2001 жылдан бері қатысып жүрген Базельдегі көрмеге, Сан-Францискодағы, Сингапурдағы, Пекиндегі көрмелерге қатысуы, сондай-ақ коллекционерлердің Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің және Қазақстан теңге сарайының атына келіп түсіп жатқан сұратулары мен пікірлері соның дәлелі болып табылады. 
«Монеталар – мемлекеттіліктің маңызды ны­шанда­рының бірі болып табылады. Бұл – мем­лекеттің «келбеті», ұлттық бренді. Ақша белгілерінде бейне­ленген символдардың арқасында мемлекет танылады, оның тарихымен, оны мекен ететін халқының мәдениетімен, ұлттық тұрмыс-тіршілі­гімен, дәстүрімен танысуға болады», – деп атап өтті В.Ивженко.
Соңғы жетістіктердің ішінде Қазақстан Ұлттық банкінің «Ана», «Алма отаны» және «Халықаралық ғарыш станциясы» коллекциялық күміс монеталарын атап өтуге болады. 
Тұтастай алғанда, Қазақстанның коллекциялық монеталары VicenzaNumismatica» (Италия), «Монета жұлдыздары» (Ресей), «KrausePublications» (Германия), Монета сарайлары директорларының конференциясы (Австралия, Мексика) сияқты беделді халықаралық конкурстарда 20 номинация бойынша наградалар алды.

Шерхан МОЛДАХМЕТ

1192 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы