• Бизнес & Қоғам
  • 05 Сәуір, 2012

Жарығың сөнбесін! Әлем үнемдеуге белсене кірісті

Халықаралық энергетикалық агенттік бағалауы бойынша әлем бойынша тұтынылатын бүкіл электр қуатының 1/5 жуығы, яғни шамамен 20 пайызы жарықтандыруға жұмсалады екен. Әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде АҚШ және Еуропалық Одақта қуат көзін сақтауға және жарықтандырудың қуат үнемдеуші көздерін пайдалануға мүмкіндік беретін нақты шаралар қабылдануда. Қыздыру шамдарын қолдануды біртіндеп тоқтатуға бағытталған жаңа заңнамалық бастамалар Австралияда, Жаңа Зеландияда, Ресейде, Жапонияда, Оңтүстік Кореяда, Бразилияда, Аргентина және өзге де елдерде іске қосылған немесе жақын уақытта қабылданбақ.

Қазіргі заманғы жарықтандыру технологиялары тұтынылатын электр қуатының 40 пайызға дейінгі мөлшерін үнемдеуге мүмкіндік береді, бұл әлемдік ауқымда жылына 106 млрд. еуроны үнемдеуге тең! Экологиялық қырынан қарайтын болсақ, бұл көрсеткіш ауаға шығарылатын көмірқышқыл газын жылына 555 млн. тоннаға дейін төмендетуге, жыл сайын 2 террават электр қуатын және 1,5 млрд. мұнай баррелін үнемдеуге сәйкес келеді.

Энергия тиімді жарық технологияларын қолданудың бірқатар негізгі салалары бар. Бірінші кезекте, бұл - көшені жарықтандыру. Оған барлық энергия шығындарының 90 пайызға дейінгі мөлшері шығындалады. Осы тұста жұмсалатын қаржының 65 пайызын үнемдеуге мүмкіндік пайда болады. Келесі сала – ол тұрғын үйлерден басқа алаңдарды, мәселен, әкімшілік ғимараттарды, мектептерді, кеңселерді жарықтандыру. Осы салада энергияның 40 пайыздан 75 пайызға дейінгі мөлшері тек қана жарықтандыруға жұмсалады. Ал үнемдеуге болатын қуат мөлшері шамамен 75 пайызды құрайды. Белгілі әлемдік өндірушілердің, мысалы Philips компаниясының қуатты тұтынуды 50 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік беретін энергия сақтаушы жарықтандырушы жүйелері бірқатар экономикалық, экологиялық және әлеуметтік міндеттерді шешуге бағытталған қалалық жобалардың негізіне айнала алады.

Біздің еліміз осы саладағы өзгерістерді жіті бақылап, әлемдік тәжірибені белсенді түрде ендіруде. «Энергоөнеркәсіп» ҚазҒЗИ президенті Геннадий Андреевтің пікірінше, Қазақстандағы энергия үнемдеу әлеуеті энергия тұтынудың жалпы деңгейінің 30 пайызын құрайды. Қазақстанда қолданылатын 75 пайызға дейінгі жарықтандыру жүйелерінің тиімділігі төмен екенін статистика растап отыр. Өйткені олар ескірген технологиялар бойынша жасалған. Сондықтан осы жылдың қаңтар айында еліміздің Президенті энергия үнемдеу туралы Заңға қол қойып, Қазақстанда осы жылы қуаттылығы 100 ватты, 2013 жылға қарай 75 ватты және 2014 жылға қарай 25 ватты құрайтын қыздыру шамдарын әкелуге және сатуға тыйым салынбақ. Олардың орнына жарықтандырудың жарықдиодты шамдар секілді тиімді әрі үнемді көздері келуі тиіс. Қазақстанда жарықдиодты шамдардың өндірісі басталып та кеткен. Мысалы, Жамбыл облысында жарықдиодты шамдардың өндірісі жолға қойылған. Бұл жоба ҮИИДМБ шеңберінде іске асырылып отыр. Қолданылу ауқымы кең жарықдиодты шамдарды өндіретін зауыт құрылысын «Энерджи Тараз» ЖШС-і жүргізіп, ол 2011 жылдың маусым айынан бастап іске қосылды. Зауыттың қуаттылығы жылына 5 мың шамды құрайды, ақшалай түрінде есептейтін болсақ, ол 142,8 млн. теңгені құрайды. Сондай-ақ, «Самұрық-Энерго» АҚ қазақстандық ноу-хау негізінде жарықдиодты шамдар мен шырақтар өндірісін құрудың техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу үстінде.

Осы жаңалықтың арқасында жарықдиодты шамдар мен шырақтардың жұмыс қоры едәуір артып (30 мың сағат және одан да көп), олардың шетелдік өндірушілердің өнімдерімен салыстырғандағы құнын төмендетуге қолжеткізілмек.

LEDкелешек технологиясы

Қазіргі таңда біз әлемдік жарықтандыру индустриясы өтпелі кезеңде тұрғанының куәсі болып отырмыз. Экономикалық және экологиялық мәселелер қыздыру шамдарынан жарықдиодты шамдар секілді энергия тиімді шешімдерге тезірек ауысуға мәжбүрлеп отыр. Жарықдиодты жарықтандыру саласында біздің көзіміздің алдында нағыз төңкеріс жасалуда. Бұрынырақта техникалық себептерге байланысты жүзеге асыру мүмкін болмаған жарық құрылымдары мен шешімдерін жасауға жарықдиодтар мүмкіндік беруде.

Ал, енді жарықдиод дегеніміз не? Жарықдиод немесе жарық шығаратын диод (ағылшынның Light-emitting diode LED сөзінен) – электр тогын өткізген кезде белгілі бір түсті сәулені шығаратын жартылай өткізгіш аспап. Шығарылатын сәуленің спектрлік сипаттамалары жартылай өткізгіште қолданылған химиялық құрамға байланысты болып табылады.

Жарықдиод дәстүрлі жарық көздеріне мүлдем ұқсамайды: оның ішінде газ бен қыздыру жібі болмайды, оның сынғыш шыны сауыты және жылжып кету қаупіне ие бөлшектері жоқ. Жарықдиодтар – жарықтандыру технологияларын дамытудың болашағы үлкен бағыттардың бірі. Олардың бірегей сипаттамаларының арқасында жарықдиодтарды қолдану мүмкіндігі іс жүзіндек шексіз және олар жарықтандыру индустриясының болашағы үшін әлеуеті зор.

Алғашқы қызыл түсті жарықдиодты 1962 жылы американдық Ник Холоньяк жасап шығарды. Олардың сәулесі күңгірт, ал энергия тиімділігі төмен болғанына қарамастан, аталған технологияның болашағы молайып, ол жылдам дами түсті. 70 жылдардың басында жасыл және сары жарықдиодтар пайда болды. Олар қол сағаттарында, калькуляторларда, электронды аспаптарда, бағдаршамдарда және жол белгілерінде қолданылды. 1993 жылы жапон инженері Суджи Накамура жарығы жоғары алғашқы көк түсті жарықдиодты жасап шығарды. Қызыл, көк және жасыл ең басты үш түс болып табылғандықтан, енді жарықдиодтар көмегімен кез келген түсті, соның ішінде ақ түсті алуға мүмкіндік туды. 90 жылдардың аяғында жарықдиодтар боялған жарықты қажет ететін орындарда қыздыру шамдарының орнын біртіндеп баса бастады.

2000-2005 жылдары қыздыру шамдары, люминисцентті шамдар шығаратын түстерге ұқсайтын суық және жылы реңктері бар табиғи жарықтандыруға реңдес ақ түсті жарықдиодтар пайда бола бастады. Жарықдиодтар ақырындап жарықтың дәстүрлі көздерімен бәсекелестікке түсіп, театр және басқа да қойылымдарда қолданыла бастады. Қазіргі таңда жарықдиодтар жалпы жарықтандырудың түрлі жүйелерінде кеңінен пайдаланылады. Мамандардың пікірінше, 2025 жылға қарай жарықдиодтар тұрғын үй және кеңселерде ең кең тараған жарықтандырушы аспаптарға айналмақ.

Жарқырағанның бәрі жарық диод емес

Қазірдің өзінде түрлі өндірістен шыққан жарықдиодты шамдардың саудаланатынын көруге болады. Бірақ жарықдиодты шамдардың сапалысын сапасыз шамнан қалай ажыратуға болады? Бірінші белгісі жарықдиодты бұйымдардың бағасы – жарықдиодты кристалдарды өндіру еңбекті көп қажет ететіндіктен, сапалы жарықдиодтардың бағасы арзан болмайды. Жарықдиодты бұйымдарды жасау жарықдиодты кристалдар өндірісімен тығыз байланысты. Бірдей жарықдиодтар болмайды, әрбір жарықдиодтың өзінің жарықтық деңгейі мен өз түсі болады. Құрамында жарықдиодтың сипаттамасына барынша жақын келетін сапалы жарықдиодты модульді жасау үшін, яғни жарықтығы мен түс температурасы біркелкі сәулені алу үшін жарықдиодты кристалдардың орасан көп саны қолданылады. Іріктеу кезінде жарықдиодтардың 90 пайызға дейіні нақты параметрлерге сәйкес келмеуіне байланысты өндірістен алынып тасталады. Дәл осыған байланысты сапа деңгейі төмен жарықдиодтар негізінде жасалынған шешімдерге қарағанда сапалы жарықдиодты шешімдердің құны жоғары болып келеді.

Шырақ шамның оптикалық жүйесі жарықдиодтың негізгі қырларының бірі болып табылады. Сапалы жарықдиодты шамдарда әрқашан оптикалық жүйе міндетті түрде болуы керек, негізінен ол арнайы шыныдан жасалынуы тиіс. Көптеген шамдарда қолданылатын пластик уақыт өте келе ескіріп, тез кірлейді, осының нәтижесінде шамның жарық ағыны төмендейді. Сондай-ақ, пластиктің оптикалық сипаттамалары шыныға қарағанда нашарлау және оның жарықты өткізуі және таратуы біршама төмен. Маңызды факторлардың бірі - өндірушінің аты. Жарықтехника нарығында жасап шығаратын өнім сапасына сенімді болуға болатын аты белгілі ойыншылар бар.

Жарықдиодтар барлық жарық көздері секілді қызмет көрсету мерзімі кезінде өзінің жарық ағынын жоғалтады, яғни электр қуатының бірдей мөлшерін тұтынғанымен, олардың уақыт өте келе жарық беруі төмендейді. Сапасыз жарықдиодты шешімдер пайдаланудың бірінші жылында өзінің жарық ағынының біршама мөлшерін жоғалтып, ал қызмет көрсету мерзімінің соңына қарай мүлдем жарық түсірмейді. Өнімнің қызмет көрсету мерзімі аралығында жарық ағыны қаншалықты төмендейтінін өндірушінің ескертіп айтқаны маңызды болып табылады.

Сапалы жарық көздерінің көбісінің бағасы әзірше жоғары болғанымен, тұтынушылардың жұмсаған бастапқы қаржысы өтелетіндіктен, жарықдиодты технологияларды қолдану ақталатын шығады деп есептейді Philips сарапшылары. Осы шамдар қызмет көрсету мерзімінің ұзақтығымен, жарық сапасының жоғарылығымен және құрамында қауіп төндіруі мүмкін зиянды заттардың төмен деңгейінің болуымен құнды.

Сондай-ақ, Philips компаниясы 2015 жыл бағаны белгілеу жағынан өтпелі кезең болмақ деп есептейді. Осы уақытқа қарай компания халықтың кең тобы үшін қолжетімді болатын тұрмыстық жарықдиодтардың сериялық өндірісін іске қосу бойынша стратегиялық міндетті өз алдына қойып отыр.

«Жарықдиодтардың көлемі жақын болашақта кәсіби және тұрмыстық жарықтандыру нарығында артып, қыздыру шамдарының орнына біртіндеп келмек. Қазір жарықдиодтардың нарықтағы үлесі жылдам өсуде. Соңғы жылдары олардың үлесі жыл сайын екі есе артуда. Мысалы, Еуропада жарықдиодты шешімдер шамдар сатылымының жалпы үлесінен шамамен 8 пайызды құрайды. Сарапшылардың болжамы бойынша, жарықтехника нарығының жылдық өсу қарқыны 2010-2015 жылдары 7-9 пайызға жетпек. Жарықдиодты жарықтандыруға қарқынды көшу оның үлесінің 2015 жылға қарай 50 пайызға дейін артуына әкелмек», - деп атап өтті Philips-тің Ресей және ТМД аумағындағы «Жарық шешімдері» секторының басшысы Питер ван Беркель.

Аманкелді Шопан

916 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы