• Білім & Ғылым
  • 17 Қараша, 2016

ҒАЛЫМ, ОҚЫТУШЫ, қамқор аға

Бозтал мен балқарағайы жарыса өскен ақ қайыңды Ақбет, Торыайғыр, Жасыбай, Жақсыаула, Жаманаула сияқты таулары, Торыайғыр, Сабындыкөл, Жасыбай секілді мөлдір көлдері табиғатқа әсем көрік беріп тұратын Баянауылдай сұлу өлке көркем табиғатымен ғана емес сонымен қатар  табиғи дарынды тұлғаларымен де ерекше. Тек Қазақстан ғана емес бүкіл әлемге атақ­-даңқы жайылған талай адамдарды өмірге әкелген, бір сөзбен айтқанда ғылымға 13 бірдей академик сыйлаған Баянауыл өңірі бүгінде ол сол адамдарымен  мақтана алады. Біз бүгін ғылым аспанындағы санаулы  жарық   жұлдыздардың бірі де бірегейі Ғахип Уәлиұлы Уәлиев туралы сөз қозғамақпыз.

Ел басына қаралы күн туып, соғыс атты зұлмат қорқаумен алысып жатқан сұрқай бір шақ болатын. 1941 жылы қараша айында қараша ауыл Еңбекшіде үлкен қуаныш болып, жұлдызы самсаған қара суықтың құшағындағы іңірде  Уәли мен Сара Сәттібаевтардың отбасында жас нәресте дүниеге келеді. Бірақ сол сәтте қараша жұрт сол баланың жұлдызды болып туғанын білмеп еді. Арада жылдар өткенде ғылым аспанында өзінің дара жолын салған сол бала бүгінгі күні белгілі ғалым, академик, механика саласының ірі маманы атанып отырған Ғахип Уәлиұлы Уәлиев болатын. 
Балдәурен балалық күндері Отан соғысының от­жалынды жылдарына дөп келіп, жастық шағы соғыстан кейінгі қиын­-қыстау жылдармен жалғас­қан Ғахип Уәлиұлы 1958 жылы Талапкердегі қазақ мектеп­-интернатын бітірген соң аудан орталығындағы мектепте екі жыл математика және физика пәндерінен сабақ береді. Бірақ оқуға деген ынтызарлық оны алысқа жетелеп ҚазМУ­дің механика­-математика факультетіне алып келеді. Студенттік өмірдің қайталанбас қызығы мол әсем шағы Алматыдай әсем қалада  өтеді. Ғылымға деген ынтызарлық Ғахип Уәлиұлын терең тұңғиыққа тарта береді. Академик Ө.А.Жолдасбековтың тұңғыш аспиранты болып жүрген кезінде-­ақ талай тәжірибе-сынақтардан өтіп, көптеген ғылыми­практикалық сабақтар жүргізеді. Сөйтіп, 1972 жылы 31 жасар Ғахип Уәлиұлы Уәлиев механика сала­сында «Машиналар механизмдері және автоматты линиялардың теориясы» мамандығы бойынша кандидаттық диссертация қорғап шықты. Осыдан кейін-ақ ол кісінің ғылымдағы баспалдақтары біртіндеп өрлей бастады. Ғылымның механика саласына түрен салған Ғахип Уәлиұлының кішкентай Еңбекші ауылынан басталған сүрлеу жолы енді үлкен даңғылға айналды. Ғылым мен білім көкжиегіне ұмтылған жас ғалым бүгінде өз мақсатына жеткен ірі қайраткер, үлкен ғалым, алып тұлға. Ғахип Уәлиұлы Уәлиев үшін туған ауылы Еңбекші, Железинка ауданы, бүкіл Павлодар облысы қалай мақтанса, механиктер қауымы да ол кісіні тура солай мақтан тұтады, өздерінің пірі санайды.     КСРО FA стажер-зерттеуші болған Ғахип Уәлиев еңбек жолында өзі оқып бітірген ҚазМУ-дің  механика-математика факультетінде аспирант, математик-программист, аға оқытушы, қолданбалы механика кафедрасы меңгерушісі, факультет деканы, университеттің ғылым жұмысы бойынша проректоры болып қызмет істеді. Кейіннен ҚР Жоғарғы аттестациялық Комитет төрағасының орынбасары, ҚазМУ-нің механика кафедрасы меңгерушісі, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті физика-математика факультетінің деканы, Ө.А.Жолдасбеков атындағы механика және машинатану ғылыми-зерттеу Институтының директоры, Абай атындағы ҚазҰПУ-нің механика және қолданбалы физика кафедрасының меңгерушісі, Құрметті кафедра меңгерушісі болып істейді. Ғахип Уәлиев оқу ісі мен ғылыми жұмыстарды біліктілікпен ұйымдастырушы бола білді. Педагог және тәрбиеші ретінде ҚазМУ-нің механика-математика факультетінде 30 жылдай теориялық механика, тербелістер теориясы және машиналар динамикасы пәндерінен дәріс берді. Ол 1999 жылдан бері Абай атындағы ҚазҰПУ-де оқу, ғылым және тәрбиелік жұмыстарды атқарды. 2004 жылы Варшава университетінде және 2006 жылы Жапонияның Киуши университетінде лекциялар оқыды. Оның басқаруымен Абай атындағы ұлттық педагогикалық унверситетінің физика-математика факультетінде «Математика», «Физика» және «Информатика» мамандықтары бойынша Мемлекеттік стандарттар жасалды.
Ғахип Уәлиев механикалық жүйелерді матема­тикалық модельдеу, сараптамалық механика, меха­низмдер мен машиналар теориясы саласында Тәуелсіз мемлекеттер бойынша көрнекті ғалымдардың бірі. Ол механикалық жүйелер және құрылымы айнымалы механимздер динамикасы мен олардың математикалық модельдерін жасау әдістерінің Қазақстан Республикасында негізін салушы, бұл бағыттағы ғылыми мәселелерді әрі қарай дамытушы. Машина механикасының өте күрделі саласы – машина динамикасын зерттеуде үлкен ғылыми нәтижелер алды.
Соңғы жылдары Ғ.Уәлиев Германия, Қытай, Польша, Румыния, Шотландия, Жапония, Туркия, Франция, Австралия, Ресей, Италия, Грекия, Тайвань, Сингапур  және т.б. елдерде өткен бірталай Халықаралық ғылыми форумдарға қатысып, баяндамалар жасады
Ол 230 ғылыми жұмыстар, оның ішінде 5 монография, 4 оқу кітабы, 5 оқу құралы және 4 оқу-әдістемеліктер жазып шығарды. 18 авторлық куәліктер мен патенттердің (ССРО, Германия, Италия, Швейцария, Франция, Қазақстан) авторы. Ғ.Уәлиевтің ғылыми жетекшілігімен 9 докторлық және 18 кандидаттық диссертациялар қорғалды.
Ғахип Уәлиұлы ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1982), ҚР ҰИА Ө.Жолдасбеков атындағы сыйлықтың лауреаты және Бірінші Алтын медаль иегері, (2004) Халықаралық «Европалық грант» сыйлығының лауреаты мен қоса «Мінсіз қызметі үшін» Алтын медаль иегері (2010 ж., Франция – Швейцария). КСРО Жоғарғы мектебі үздігі (1985), ҚР білімінің үздігі (2000) белгілерімен марапатталған және КСРО, ҚазССР Жоғарғы және орта білім министрлігі, Халықаралық инженерлік академия (М., 2006), Ресей ғылым академиясы (М., 2008) грамоталарымен және медальдарымен марапатталды.
Ғ.Уәлиев механизмдер мен машиналар теориясы саласындағы Халықаралық федерация мүшесі (ІҒТоММ, 1998ж, штаб-квартирасы – Италия), Халықаралық механика комитеті (IUTAM, 2002ж. штаб-квартирасы Кембридж университеті) мүшесі, РФ Ұлттық механика Комитеті мүшесі (2004), диссертациялық кеңестің төрағасы (2003-2010), ҚР Ұлттық механика комитетінің төрағасы (2004 жылдан бері).
 Жетпіс­тің бел ортасына келген аға өткенге ой көзімен қарап, кемелді келешекке ұқыппен барлау жасаса осынау жылдардың белесінде өзі қалдырған із айқын көрініп жатыр десек, қателесе қоймаспыз. Ауыл баласының азамат болып қалыптасып, арман­болашағына қадам жасауы қаншалықты үлкен еңбекпен келетіні белгілі. Ғылымға деген туа бітті ықылас, пейіл, ынтықтық Ғахип Уәлиұлын ұдайы желеп-­жебеп келе жатыр десек, бұл арманды көштің алға тартқаны емес пе?! Бүгінде 75-­ке жетіп, артына көз салған ғалым аға көп шәкіртінің риза пейілін, рахмет көңілін сезінеді. Шын ғалым – шыншыл, шын азамат – арманшыл келеді десек, бүгінгі күні Ғахип Уәлиұлын жаңа армандардың мазалайтынын да білеміз. Бала кезгі арман мен дана кезгі арманның арасы жер мен көктей екені даусыз. Бұрын көрсем, білсем деп армандаса, енді сол бойға жиған асыл қазынасын арттағы ұрпаққа жеткізе алдым ба деп алаңдайды. Бұл – шынайы ұстаздың арманы.
50 жылдан астам ғылым, білім саласында талмай еңбек еткен Ғахип Уәлиұлы көптеген механик­-оқытушылар мен сапалы ғалымдардың қалыптасуына ұйытқы болды. 10 ғылым докторын, 22 ғылым кандидатын дайындаған механика саласының ірі маманы. Италия, Германия, Швейцарияның 20 патентінің авторы. Ол кісі тек ғылымның қыр­-сырын өзі ғана оқып білумен қатар оны кейінгі жас ұрпаққа үйрете білді. Оған өзі жазған көптеген ғылыми­-әдістемелік еңбектері мен кітаптары куә. Ғахип Уәлиұлы Уәлиев көптеген жандар үшін ғалым, оқытушы, қамқор аға. Ол кісінің өмірі кейінгі ұрпаққа үлгі­өнеге. Білім айдынына талай­талай механик­ғалымдарды шығарған ағаның ғылым мен білімге қосқан үлкен­үлкен сүбелі еңбегі үшін бүкіл механиктер қауымы шексіз риза көңілде екенін айтсақ та жеткілікті. Ғахип Уәлиев ғылым атты айдында желкенін түзеп жүзіп келе жатқан алып кеме іспетті. Соңынан көптеген ірілі­ұсақты кемелер жүзіп келеді. Ал ғылым көкжиегі шетсіз де шексіз. Ендеше біз көгілдір айдында жүзген сол алып кеменің жалауы ұзаққа желбірейтініне кәміл сенімдіміз.
Сағынышқа айналған сары жылдардың дөң­гелегін кері айналдырсақ, мынадай жәйттерге қанық боламыз. Ұлы Отан соғысының ардагері, Республикаға еңбегі сіңген мұғалім Уәли мен Сара сынды ауыл интеллигенциясы отбасында дүниеге келген 6 бала да жоғары білімді мамандар болып шықты. Күлжиян – тарихшы-мұғалім, Ғахип – механик-ғалым, Таир – инженер-механик, Мұтаир – тарихшы-ғалым, Гүлмайра – математик-мұғалім, Қайыр – заңгер. Қазір осы бауырларының басы­қасында әке-­шеше орнында Ғахип ағамыздың қамқор болып жүруінің өзі үлкен адамгершіліктің белгісі емес пе?! Өмірдің өкініші де көп болады ғой. Бауыры Мұтайырдың ғылымға енді дендеп кіргенде өмірден озуы, кейінірек бауырлары Тайыр мен Қайырдан да айырылып қалуы ол кісіге қатты соққы болып тиеді. Дегенмен, болған іске болаттай қайсарлық танытады. «Артында бар оңалар» деген. Бүгінгі күні сол Мұтайыры мен Тайырының және Қайырының соңында қалған бала­-шағасына бас­көз болып жүруді өзіне үлкен борыш санап оларға қамқорлық жасап келеді. 
Ғахип ағамыз тек ғылымда ғана емес, отбасында да биік орны бар тұлға, үлкен махаббат иесі. Әспет Жағыпарқызымен бір мектепте оқып, балалық шақтың бал дәурен күндерін, бозбала, бойжеткен шақтың бал татыған шақтарын бірге өткізген екен. Көрші Жаңабет ауылына алып баратын даланың қара жолы екеуінің ғұмырын байланыстырып үлкен өмірге аттануларына куә болған ақ жолға айналады. Баянауыл басынан бұлт кетпес, Қиядағы түлкіге құсым жетпес. Ақ боз үйдің сыртында қолымды ұстап, «Қош, Қалқатай» дегенің естен кетпес, – деп қимай қоштасатын күндер жалғасын желікті қала Алматыда тауыпты. Студенттік отбасылық өмірдің қиындығы мен қызығын қатар көрген жандар бүгінде өз еңбектерінің нәтижесін көріп отыр. Қыздар педагогикалық институтын тамамдаған Әспет апайымыз ұзақ жылдар политехникалық институтта кітапхана қызметінде болған. Баянауыл табиғаты Әспет апайымызға әсер етпей қалмапты. Сезімшіл көңіл өлең жазумен айналысады. Қазір өлеңдер жинағынан тұратын бірнеше кітаптың авторы. Осыдан екі жыл бұрын апайымыз өзінің «Көңіл толқып толғанған, Өмір жайлы ой-талғам…» атты кітабында әр жылдарда жазған ой-толғаныстары, адал көңілден туған алуан тақырыптағы өлеңдері арқылы көңілінің күйініш-сүйінішін нәзік сезіммен жырға қосыпты. Өмірден көргендері мен түйгендерін, ақиқат пен шындық, жақсылық пен жамандық туралы өзіндік көзқарастарын жаза отырып, ағайын-туыс туралы көңілде жүрген көп ойларын, бары мен бақытына балаған асыл жарының жарқын өмірін, қызығы мен қуанышына санаған ұлы-қыздарының бақытын, балдай тәтті немерелерінің қызықтары мен қылықтарын, сырлы да сазды жастық шақтарын, махаббат пен қызыққа толы студенттік жылдарын бірге өткізген дос-жарандарын, өмірге келген сұлу да көркем Баянауылдай жер төресін қарапайым тілмен жырлау арқылы оқырманының ойына ұялата білген. Бүгінде Ғахип ағайымыз бен Әспет апайымыз қыздары Айманды, Айжан мен Гүлжанды қиясына ұшырып, қос Мұраттай келісті күйеу бала тапса, ұлдары Зайырды ұясына қондырып, Ирина есімді қазақтың өжет қызын келін етіп түсірген. Бір айта кететін жайт, Ирина да ғылымнан алыс емес. Физика­-математика ғылымдарының кандидаты, доцент, ҚБТУ-да ұстаз болып қызмет атқарады. Зайыр болса әке жолын қуған ғалым-механик-оқытушы. Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетінің физика, математика және информатика институтында директордың ғылым жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарады. «Жеміс ағашынан алысқа түспейді» деген. Немерелері Дәуір де ата жолын қуған. Мәскеу Мемлекеттік университетінің студенті. Оның да болашақта ғалым болып шығатынына шүбәміз жоқ. Жұлдыз, Гаухар, Дәрия, Алуа, Әмина сынды бал­шекер немерелері де өсіп келеді. 
Осыдан 60 жылдай бұрын Баянауылдан түлеп ұшқан мұзбалақ қыран әуелеп келіп Алатаудан мекен тапты. Ғылым көкжиегінде қыран болып қалықтап қанатын қаққан аға бойында дархан көңіл, дала мінез, өмірге деген даналық көзқарас, мейірімділік сияқты асыл қасиеттер тұнып тұр. Ұлылықты тану бар да, оны бағалау бар. Ендеше ұлылықтың белгісіндей болған аға болмысын бағалау парызымыз екенін терең сезіне отырып, ол кісіге мықты денсаулық, биік рух, отбасына амандық тілейміз. Әлі де болса биіктерден көргіміз келеді.

Сәуле РЫСБАЕВА,
Алматы қаласы

812 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы