• Қаржы
  • 15 Қыркүйек, 2011

Болашаққа бастар батыл бағдарлама Мақпал САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ

Жақында Үкімет қарауына ҚР экономикалық даму және сауда министрлігі мен «Самұрық-Қазына» қоры тарапынан «Халықтық IPO» бағдарламасының жобасы ұсынылған-ды. Бұл бағдарламаның жобасы негізінде еліміздің бірнеше компаниялары аталған жобаға қатыспақшы. Халық арасында IPO түсінігі әзірге кең қолданысқа ие бола қойған жоқ. Жалпы алғанда IPO (Initial Public Offering) дегеніміз белді кәсіпорындардағы бағалы қағаздарды халыққа ашық түрде жария ету арқылы көлемді мөлшерде нарыққа шығару деген ұғымға саяды. Бұл бағдарлама егемен еліміздегі үздік компаниялардың бағалы қағаздарын алғаш рет ішкі нарыққа ашық түрде жүзеге асатындықтан, жоба – «халықтық» деген ұғымға ие болды. «Нұр Отан» ХДП-ның 13-ші съезінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осы бастаманы қолдап, Үкіметке бірқатар міндеттер жүктеген болатын.

Солардың негізгісі – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ қарайтын мемлекеттік компаниялардың акцияларын тұрғындарға сату міндеті тапсырылған еді. Шет елдегі озық тәжірибені ұштастыру нәтижесінде ел нарығында бағалы қағаздардың даму көрсеткіші көбейді. Халықтық ІРО-ға үміткер компанияларды аталған шараға дайындау қызметі 3 бөлімнен тұрады. Біріншіден, алдын-ала, екіншіден, акцияларды орналастыруға дайындық жүргізу болса, соңғысы акцияларды орналастыру шараларын белгілеу болмақ. Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетовтің айтуынша, халық арасында жүргізілген сауалнама нәтижесіне сәйкес тұрғындар тарапынан ағымдағы ІРО-ға сұраныс мөлшері 100-200 млн доллар деп бағаланып отыр. Әзірге бұл бағдарламаға қатысушылар ішінде акциясын шығаруға дайын отырған - «ҚазТрансОйл» АҚ мен «Кегок» АҚ. Аталған компаниялар ІРО-ға 2012 жылдың 2-3 тоқсанында шығатын болады. Ал, екінші топтағы «ҚазТрансГаз», «Самұрық-Энерго», «ҚазТеңіз­КөлікФлот» акционерлік қоғамдарының дайындық мерзімі 2013 жыл деп белгіленсе, үшінші кезектегі «Қазақстан темір жолы», «ҚазТемірТранс» компанияларының ІРО-ға шығу мерзімі 2014-2015 жылдарды көрсетуде. Одан кейінгі жылдың еншісіне «ҚазМұнайГаз» бен «ҚазАтом­Өнеркәсіп» акционерлік қоғамы қалды. Өз сөзінде Қайрат Келімбетов: «Осы мақсатта бірқатар маңызды міндеттер қамтылды. Ең алдымен халықтық IPO-ға байланысты тұрғындардың сауатын ашу керек. Жобаның пайдалы жағын халыққа хабардар етіп, қағаздар нарығы мен қаржы құю мәселесі төңірегінде туындайтын тәуекелдік бағытты да оқыту қажет. Сонымен қатар, мемлекеттік компаниялардың акцияларын орналастыру барысында заң жүзінде қамтылу үрдісі де әзірленуі керек»,- деген болатын. Экономикалық даму және сауда министрінің сөзіне қарағанда, елімізде құнды қағаздарын қор нарығына инвестициялайтын 10 мыңға жуық тұлғалар тіркелген екен. Жыл басында жүргізілген талдау нәтижесінде, қарапайым халық тарапынан инвестициялауға деген сұраныс 100-200 млн доллар шамасын құраған. Зейнетақы қорының сұранысы 200-300 долларды құрауда. «Халықтық IPO» акциясына шығатын компанияның кәсіпкерлік бағыты тұрақты және әлемдік баға бәсекелестігінде шикізаттың ешқандай тәуелді болмайтын компаниялар іріктеліп алынады.

Халықтық ІРО бағдарламасы әлемнің дамыған және дамушы елдерінде кеңінен қолданысқа енген тәжірибе. Малайзия үкіметінде өткен ғасырдың 70-80 жылдарында мемлекеттік компанияларға жаппай жекешелендіру жүргізілген болатын. Нәтижесінде қор нарығына инвестор ретінде 8 млн адам тартылған еді. Бүгінгі таңда аталмыш компаниялардың акциялары Малайзия қор нарығындағы ең өтімді акциялар қатарынан көрінуде. Түрлі дерек көздеріне көз жүгіртер болсақ, қазіргі кезде еліміздің қор биржасында 130-дай эмитент бар деген ақпар кездеседі. Десек те, олардың барлығын қор нарығында ұзақ жұмыс атқарған компаниялар қатарына жатқызуға келмес. Сондықтан, акция сатып алардағы таңдаудың өзі осындай талаптарға түседі. Және еліміздегі қор биржаға ақшасын салып отырған 10 мыңнан асар-аспас инвестор ғана тіркелген. Бұл көрсеткіш республика тұрғындарына шаққанда төмен деңгейді көрсетіп отыр.

«Халықтық ІРО» бағдарламасын қолданысқа енгізбей тұрып, халықтың қаржылық жағдайы мен табыс көзі жан-жақты зерттелген болатын. Статагенттіктің халық арасында жүргізген сараптама нәтижесінде, былтырғы жылдың тоғыз айы бойынша үй шаруашылықтарының жан басына шаққандағы орташа табыс көзінің 39 пайызы орташа жинақ ретінде тұрғындардың қолына берілді. Осы жинақтардың 9,3% банктердің депозиттеріне салым, 12,3% зейнетақы қорларына жинақ, 0,17% сақтандыру қорларына жіберілді.

Бағдарлама негізінде «Халықтық IPO» сатылап бірнеше жылда жүзеге аса бастайды. Қайрат Келімбетовтың айтуынша, қазірдің өзінде «Самұрық-Қазына» қорынан еншілес ұйымдарынан акцияға шығарылатын компаниялар тізімі жасалған. Бағдарламаға әзірлік ретінде «ҚазТрансОйл» мен «КЕГОК» компаниялары бірінші топқа түсіп отыр, себебі олардың нарықтағы тәуекелдері аз. Мұнай құбырларының ірі операторы болған «ҚазТрансОйл» елімізде өндірілген мұнайдың 60 пайызын құрайды. Жарық жеткізудің негізгі қызметін ұсынатын «КЕГОК» компаниясы Қазақстан экономикасының ішкі өнімінің тұрақтануына үлес қосып отырған беделді кәсіпорын. Сол себептен де, жоғары аталған екі компания мен «Эйр Астана» алдағы жылдың бастапқы кезеңінде «Халықтық IPO» бағдарламасы аясында жүзеге асатын болады. Әлеуметтік бағдарлама төңірегінде де түрлі әңгімелер таралып жатыр. Көбінесе халықтың бұл жоба төңірегіндегі мағлұматтармен толықтай таныс болмауына байланысты, түсініспеушілікке әкеп соғуда. Қазақстан Республикасының премьер-министрі Кәрім Мәсімов кезекті отырыста халықтық жобаға қатысты пікірінде: «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Халықтық IPO» бағдарламасы әр қазақстандыққа «ұлттық чемпиондар» - мемлекеттік беделді компаниялардың қызметтерінен қосымша табыс алуға берілген үлкен мүмкіндік деп айтуға болады. Ірі мемлекеттік компаниялардың акцияларын сатып алған әр адам оларды пайда көзіне айналдыра отырып, кейін сатып жібере алады. Қор нарығы болжауы күрделі сала болғандықтан, табыс табу оңайға түсе қоймасы анық. Үдемелі индустрияландыру бағдарламасының арқасында акцияларды қазақстандықтарға сату дұрыс жолға қойылып, компаниялардың қоры көбейіп келеді», - деп, IPO жобасына қатысты біраз жайттардың басын қозғаған болатын.

Бүгінгі таңда «Самұрық-Қазына» қоры «Халықтық IPO» бағдарламасына шығатын компаниялардың жай-күйі мен қызметі, көрсеткіштері жайында қалың бұқараны хабардар етіп отыруды мақсат ете отырып, экономикалық сауаттылықтың мейлінше жақсаруына серпін беруде. Үкімет басшысы мен Экономикалық даму және сауда министрі арасында өткізілген кездесуде Кәрім Мәсімов: «Қазақстанның кез-келген аймағындағы әр азаматқа ұсынылатын бұл құрал түсінікті, әрі қарапайым тілде жеткізілуі қажет. Біріншіден, бұл маңызды мәселе болғандықтан, ІРО-ға қол жеткізуші азаматтардың санын көбейтуіміз шарт, ол үшін инвестициялау - әр тұлғаның өз еркінде екендігін жіті түсіндіру қажет. Сол себептен де, халық арасында аталмыш бағдарламаға сәйкес, насихат жұмысын жауапкершілікпен атқаруымыз керек», - деді. Халық арасында ІРО-ны кеңінен насихаттау жұмысы қазірдің өзінде жүзеге асып кетті.

522 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы