• Өндіріс
  • 07 Желтоқсан, 2016

ІРГЕЛІ ЖОБАЛАР, АУҚЫМДЫ ІСТЕР

Еліміздің бәсекеге қабілеттілігін көтеруге қызмет етеді  

Астанада мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен дәстүрлі Жалпыұлттық телекөпір барысында елімізде жүзеге асырылып жатқан индустрияландыру бағдарламасы жаңа жобаларының тұсауы кесілді. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аталып өтілетін биылғы жылғы шара аясында 23 кәсіпорын іске қосылып, отандық кәсіпкерлер мерейлі мерекеге толағай табыстарын тарту етті.

  Мемлекет басшысы іс-шара аясында Тәуелсіздіктің 25 жылындағы индустриялық дамудың негізгі кезеңдеріне арналған фотосурет көрмесін аралап көрді. Еліміздің барлық өңірімен тікелей байланыс жүзеге асырылған телекөпір барысында Президент жаңа нысандар жұмысымен  танысып,  Индустрияландыру картасының іргелі жобаларын іске қосты.
  Жұмыс істеп тұрған нысандар қатарында Мемлекет басшысы еңбек жолын бастаған Қазақстан қара металлургиясының тұңғыш кәсіпорны – Қарағанды металлургия комбинаты, бүгінде «Арселор Миттал Теміртау» АҚ аталатын іргелі өндіріс ошағының жаңғыртудан өткен №4 домна пеші бар. Жаңа кешен биылдың өзінде 4 млн тонна болат өндіруге мүмкіндік бергенін атап өткен комбинаттың жөндеу жөніндегі директоры Вадим Басин: «Бұл өткен жылғы деңгейден 15 пайызға жоғары. Металлургтер Сіздің болат өндіру көлемін жылына 6 млн тоннаға дейін арттыру жөніндегі тапсырмаңызды орындау мақсатында жұмыс істеуде», – деді.телемост-3
Елбасы тікелей байланыс барысында Астана қаласындағы құрылыс материалдарын шығаратын «Selena Insulations» ЖШС зауытын, Ақтөбе облысындағы тұрғын үй құрылысы комбинатын іске қосты. Германиялық «Wekcenmann» компаниясының жабдықтарымен жұмыс істейтін кәсіпорын өнімі бастапқы кезеңде жылына 50 мың шаршы метр баспана тұрғызуға мүмкіндік береді. 

Нысанды таныстыру барысында «Үй құрылысы комбинаты» ЖШС құрылтайшысы Нұркен Тұрбаев атап өткендей, өндіріске 3 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Зауытта шығарылатын өнім құрылыстың өзіндік құнын 15-20 пайыз төмендетуге, сонымен қатар құрылыс мерзімін екі есеге дейін қысқартуға мүмкіндік береді екен. 
Құрылыс комбинатының іске қосылуы өте маңызды екендігін айта келіп, Елбасы: «Ақтөбе Қазақстанның ең дамыған мегаполистерінің бірі болуы қажет. Сондықтан тұрғын үй құрылысына ерекше назар аударылуда. Қазір осы салаға қаржы бөлініп жатыр. Қаланың жанында жаңа шағын аудан салынуда. Дегенмен, бұған дейін бірнеше рет ескерткенімдей, біртектес, тартымсыз үйлерді емес, сәулетті әрі әдемі нысандарды салыңдар», – деп тапсырды.
Шара барысында жеңіл өнеркәсіптің аяғына тұра бастағаны байқалғандығын атап өткен жөн. Мәселен, италиялық технология бойынша аяқ киім шығаратын «Казлегпром Алматы» фабрикасын іске қоса отырып, осы өнеркәсіптің өнімін сатып алғанын айтқан Елбасы қазақстандықтарды отандық тауарларды тұтынуға шақырды: «Мен отандық өнімдерді қолдау қажеттігін үнемі айтамын. Осы саланы әрі қарай дамыта беріңдер, бәсекеге сай болып, өнімдерің Италия, Франция тауарларынан кем түспесін», – деді. 
«Баян сұлу» фабрикасының печенье шығаратын өндірісі де осы кезекте іске қосылды. Озық құрал-жабдықпен жарақтандырылған өндіріс жылына 5 мың тоннадан астам өнім шығаруға мүмкіндік береді. Фабрика өнімі Ресей, Германия, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Әзербайжан елдеріне шығарылады. Жаңа желі іске қосылғаннан кейін экспорттың көлемі 40 пайызға  ұлғаятын болады.парыз-1
Елбасы телекөпірде Батыс Қазақстан облы­сындағы жаңа тәсілмен бекіре уылдырығын өн­діретін кешенге сәттілік тіледі. «Аквамәдениеттер тәжірибелік-өнеркәсіптік оқу-ғылыми кешені» ЖШС акционері Қайрат Мәмиев  кәсіпорын өнімі халықаралық дәрежеде сертификат алғанын, қазір экспортқа жол тартқандығын айтты.
Индустрияландырудың екінші бесжылдығында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында ауқымды жобалар іске асырылуда. Тікелей эфирде бай­ланысқа шыққан «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының Алматы және Маңғыстау об­лыстық бөлімшелері өкілдері атап өткендей, бүгінде «Алматы – Шу» бағытындағы екінші жолдың құрылысы аяқталған. Сондай-ақ биыл тамызда сертификаттаудан өткен жаңа үлгідегі отандық жолаушылар вагондары да пайдалануға дайын. Күні кеше «Тұлпар-Тальго» құрамы «Алматы – Шу» жаңа темір жол желісімен алғашқы жолаушылар тасымалын жүзеге асырды. Тағы бір инфрақұрылымдық маңызды жоба – Құрық паром портының құрылысы аяқталды.
Өз кезегінде Елбасы: «Алматы – Шу» жаңа темір жол желісі пойыз қозғалысын екі есеге ұлғайтады. Біз мұны бұрыннан жоспарлағанбыз. Ал Құрық порты – Кавказ бен Еуропаға шығатын жол. Ол еліміз үшін, оның дамуы және индустрияландыру үшін аса қажетті жоба», – деп атап өтті.
Шара барысында Алматы және Қарағанды облыстарындағы маңызды жолдар пайдалануға берілгендігі айтылды. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ бас-қарма төрағасының орынбасары Берік Желдікбаев баяндағандай, «Орталық – Оңтүстік» дәлізінің басым бөлігі болып табылатын Алматы – Қапшағай тас жолының құрылыс жұмыстары толық аяқталған. Алты жолақты, бірінші техникалық санат талаптарына сай жасалған бұл жолдағы көлік қозғалысының қарқыны қазір тәулігіне 30 мыңға дейін артқан. Ал жол-көлік апаттары 3 есе азайды. Жолдың ұзындығы 30 шақырымды құрайтын соңғы бөлігі пайдалануға дайын.
Телекөпір арқылы Қарағанды облысынан байланысқа шыққан ұлттық компанияның басқарма төрағасы Ермек Қизатов Тәуелсіздік мерейтойы қарсаңында Алматы – Қорғас, Алматы – Талдықорған, Бейнеу – Шетпе, Көкшетау – Петропавл, Шымкент – Ташкент, Шымкент – Жамбыл облыстары шекараларындағы 930 шақырым жаңа жолдар пайдалануға берілгенін, ал Астана – Теміртау жолының 169 шақырымы толықтай аяқталып, көлік қозғалысына рұқсат етілгенін хабарлады.  «Астана – Теміртау жолы бірінші техникалық санат нормативтерімен салынды. Көлік өткізу қабілеттілігі тәулігіне 6-дан 28 мыңға дейін ұлғайды. Астана – Теміртау және Алматы – Қапшағай тас жолдары іске косылуға дайын. Қозғалысты бастауға рұқсат сұраймыз», – деді Е.Қизатов.
«Нұрлы жол» бағдарламасы қазіргі дағдарысты еңсеру мақсатындағы маңызды жоба болып саналатынын еске сала келіп, Нұрсұлтан Назарбаев: «Алдымыздағы 5 жылдың ішінде дәл осындай 7 мың шақырым жол салсақ, сонымен қатар темір жол желісін кеңейтсек, бұл елімізге өте пайдалы және экономиканы әрі қарай өркендетеді. Осының барлығы – мемлекеттің атқарып жатқан шаруасы. Сондықтан сіздер – еліміз үшін негізгі істі жасап жатқан адамдарсыздар. Осы бағытта бөлінген қаражатты тиімді пайдаланып, елімізде ең жақсы жолдарды салуға қызмет етіңіздер», – деді.
Сонымен қатар Екібастұз – Шүлбі су электр стансасы – Өскемен қуат жеткізу желісінің Шығыс Қазақстандағы жаңа бөлігі таныстырылды. Осы орайда KEGOC басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында компания 500 кВ-тық Солтүстік – Шығыс – Оңтүстік электр энергиясын тасымалдау желісі құрылысын жүргізіп жатқанын атап өтті. Жоба Шығыс Қазақстан облысын электр қуатымен жабдықтау сенімділігіне, өңір экономикасының дамуына және жалпы  Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін арттыруға ықпал етеді. Оның бірінші кезегі – 700 шақырымдық Екібастұз – Семей – Өскемен электр  желілері мен 500 кВ-тық Семей қосалқы стансасы және тағы үш қосалқы стансаны кеңейту жұмыстары мерзімінен бір жыл бұрын аяқталған.парыз-3
Мемлекет басшысына таныстырылған іргелі жобалардың тағы бірі – Атырау мұнай өңдеу зауытын жаңғырту.  Мұнай мен газ өңдеуді жолға қою ел экономикасын әртараптандырудағы басым бағыттар болып саналады. Осы тұрғыда «Сіздердің зауыттарыңыз ең ірі әрі өте қымбат жоба болып саналады. Біз оны соңына дейін, яғни екінші кезегін де толығымен аяқтаймыз. Одан әрі  Атырау облысында мұнай химиясымен айналысатын боламыз», – деді Н.Назарбаев.
Елбасы тікелей байланыс арқылы іске қосқан Ақтоғай таукен комбинатын тәуелсіздік алғалы пайдалануға берілген ең ірі кәсіпорын деп бағалады. Жылына 25 млн тонна кен өндіретін комбинат құрылысына 2 млрд доллардан астам инвестиция салынған. Өндірісте 1500 адам жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ телекөпір барысында Алматы облысында шойын өндіретін Текелі кенді қайта өңдеу кешені  іске қосылды. Қуаттылығы инновациялық тәсілмен 400 мың тонна өнім шығаруға жеткілікті өндірісте қазақстандық шикізат қолданылады. Бүгінде зауытта жабдықтарды іске қосу жұмыстары толықтай аяқталған. Аталған өндіріс кешенімен құрылыс жұмыстары жүріп жатқан кезде кеңінен танысқанын еске салып өткен Нұрсұлтан Назарбаев: «Сол кезде Текеліде шағын домна пешінің салынғанына таңданған едім. Қолданбалы шойын шығаратын бұл жоба – өте жақсы әрі қажетті өндіріс, адамдарға жұмыс орындары ашылады. Сондықтан табысты болыңыздар!» –деді.
Іске қосылған іргелі жобалардың қатарында Оңтүстік Қазақстан облысындағы «KARLSKRONA LC AB» ЖШС-ның болат құю өндірісі бар. Елбасымен тікелей байланысқа шыққан кәсіпорын директорының орынбасары Ә.Үсенбаев жоба туралы баяндай келіп, зауытта 58 жас маман жұмыс істейтінін жеткізді. Олардың арасында «Болашақ» бағдарламасының түлектері де бар.
Жалпыұлттық телекөпірде мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев индустриялық даму еліміздің экономикасы үшін маңызды міндет болып саналатынын атап өтті. «Біз экономиканы әртараптандыруға және шикізаттық емес саланы қарқынды дамыту жолына қарай айқын бағыт ұстандық. Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың 2010-2014 жылдары іске асырылған мемлекеттік бағдарламасы өз нәтижесін берді. Жаңа тарихымызда өңдеу өнеркәсібі алғаш рет тау-кен өнеркәсібіне қарағанда жеделірек дами бастады», – деді Президент.
Одан әрі тиісті инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды жұмыс атқарылып жатқанына тоқтала келіп, Елбасы: «Сенімді энергетикалық жүйе құрып, шығыстан батысқа және солтүстіктен оңтүстікке дейінгі көлік дәліздерін қалыптастырдық, бағдарлардың әртүрлі болуына және олардың бір-бірін өзара толықтыруына ден қойдық. Өңдеу өнеркәсібінің металлургия, химия, мұнай өңдеу, машина жасау және азық-түлік өндіру сияқты басымдығы бар салаларына зор мән беріліп отыр», – деді.
Мемлекет басшысы өз сөзінде индустрияландыру жылдары жалпы көлемі 4,6 трлн теңге болатын 1 мыңнан астам жоба жүзеге асқанын атап өтті. «100 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылды, «Глобал 2000» тізіміндегі 30-ға жуық трансұлттық корпорация іске тартылды. Теміржол машиналарын жасау саласы жаңадан қалыптастырылды. Экспорттық жаңа тауарлар, соның ішінде мұнай өнімдері, аккумулятор, трансформатор, металлургиялық жаңа тауарлар, машина жасау өнімдері және басқа да көптеген өнім түрлері шығарыла бастады», – деді Президент.
Елбасы Дүниежүзілік банктің «Бизнес жүргізу жеңілдігі» рейтингінде республикамыз әлемнің 190 елі арасында 35-орынға көтерілгенін айтты.
Сонымен бірге, Мемлекет басшысы жедел өзгеріп жатқан мына заманда сандық технологиялар алдыңғы орынға шыққанын атап өтті. «Жаңа жаһандық технологиялық дәуірдің басталуымен бірге елді белсенді түрде индустрияландыру стратегиялық міндетке айналып отыр. Жалпы, біз жүргізіп отырған саясат әлемдік тәжірибеге сай келеді, оның барысында экономиканың қазіргі жай-күйі де, жаһандық үрдістер де ескерілуде», – деп түйіндеді сөзін Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы мемлекеттің пәрменді қолдауына негізделген кең ауқымды индустрияландыру ісі Қазақстанды дамыған елдер қатарына қосуға, кешенді әлеуметтік мәселелерді шешуге, сондай-ақ халықтың тұрмыс деңгейін арттыруға мүмкіндік беретінін айтты.
Мемлекет басшысы Жалпыұлттық теле­көпірдегі сөзінен кейін «Парыз» және «Алтын сапа» байқауының арнаулы сыйлықтарын тапсырды. Биыл «Парыз» байқауының бас жүлдесіне корпоративтік әлеуметтік және экологиялық жауапкершілік қағидаттарын іске асыруда жоғары нәтижеге қол жеткізген «АқсайГазСервис» АҚ ие болды.
Қазақстан Президентінің «Алтын сапа» сыйлығымен, оның ішінде «Үздік индустриялық жоба» аталымы бойынша – «Атыраумұнаймаш» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы С.Түгелбаев, «Үздік инновациялық жоба»  – «Химфарм» АҚ директоры Р.Байғарин, «Сапа көшбасшысы» –  ERG менеджерлер кеңесінің төрағасы А.Машкевич, сондай-ақ «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ президенті Р.Романов марапатталды. 
Сонымен қатар жиын барысында «Қазақстан­ның үздік тауары» республикалық көрме-байқа­уының жеңімпаздарына үш аталым – «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халыққа арналған үздік тауарлар», «Ең үздік азық-түлік тауарлары» бойынша арнаулы дипломдар табыс етілді.
Соңында Мемлекет басшысы іс-шараға қатысушыларды алда келе жатқан еліміздің ең қасиетті де қастерлі мерекесі – Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА

884 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы