• Бизнес & Қоғам
  • 12 Сәуір, 2012

УАҚЫТ ТАЛАБЫНА САЙ ЖАЗЫЛҒАН

Cоңғы ширек ғасырдан астам уақыт ішінде тұтас ғаламдық деңгейде және сонымен қатар, әр елдің ішкі өмірінде де саяси шынайылықтың терең өзгерістерге ұшырауы, жаңа саяси құбылыстар мен үрдістердің орын алуы байқалуда.

Жаhандану жағдайындағы жалпыәлемдік үрдістер біздің қоғамымыздың дамуына да айтарлықтай ықпал етуде. Қысқа мерзім ішінде біздің қоғамымыздың да бет-бейнесі түгелдей дерлік өзгеріске ұшырады десек артық болмас. Қазақстан Республикасында демократиялық саяси жүйе мен нарықтық экономиканың негізі қаланып, соның нәтижесінде қоғам өмірінің бар салаларында жаңа саяси-әлеуметтік процестер мен құбылыстар көрініс табуда. Елімізде жүріп жатқан осы аталған саяси процестерді ғылыми тұрғыдан түсіндіруде және теориялық қорытындылар жасай отырып, еліміздің алдағы даму бағытын айқындауда саясаттану ғылымының алатын орны ерекше. Саясаттанудың жоғары білім беру жүйесіндегі маңызын ескере отырып, оны барлық мамандықтар үшін міндетті пән ретінде білім беру стандарттарына енгізу орынды іс болғанын айта кеткеніміз жөн.

Саясаттану пәні жоғары оқу орындарында білім алып жүрген жастардың кәсіби даярлықпен қатар саясаттың мәні мен мағынасын, табиғатын терең де жан-жақты меңгерулеріне, саяси өзгерістердің даму заңдылықтарын жете түсінулеріне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл ғылым тұтас қоғамның және оның әрбір мүшесінің қараңғыда қармаламай, өмірдегі өз мақсаттары мен мүдделерін айқын түсініп, саясаттану ғылымының болжам нәтижелеріне сүйенудің арқасында саналы түрде алға басуларына барынша ықпал етеді.

Университеттік білім жүйесінде студенттерге сапалы білім берудің басты шарттарының бірі – жекеленген пәндердің оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдармен жеткілікті түрде қамтамасыз етілуі болып табылады. Қазіргі таңда ЖОО-да мемлекеттік тілде білім алып жүрген студенттер үшін «Саясаттану» пәні бойынша бірқатар оқулықтар мен оқу құралдары жарық көріп, қолданысқа ие болып жүргенімен, бұл пән бойынша оқулықтар мен оқу құралдарының тапшылығы мына себептерге байланысты әлі де сезілуде.

Біріншіден, еліміздің ЖОО-да білім беру кредиттік оқыту жүйесі бойынша жүзеге асырылуда. Ал, бұл оқыту жүйесі бойынша студенттердің өз бетімен жұмыс істеулеріне баса назар аударлатындығы белгілі. Міне, осыған байланысты мемлекеттік тілде білім алып жүрген студенттердің саясаттану пәні бойынша білім сапасын арттыруда типтік бағдарламаға сай әзірленген оқу құралдарына сұраныс арта түсуде.

Екіншіден, Республикамызда жыл сайын мемлекеттік тілде жоғары білім алушылардың саны артуда. Мәселен, Т. Рысұлов атындағы ҚазЭУ-де білім алып жүрген студенттердің 65 пайызын қазақ бөлімінің студенттері құрайды.

Үшіншіден, оқу құралдарының саны неғұрлым көбейген сайын, студенттердің оларды өз беттерінше таңдап оқуларына соғұрлым мүмкіндік туады. Студент бір оқу құралынан таба алмаған қажетті ақпаратын екінші біреуінен іздеп, осылайша саралап, салыстырып, білім жинақтаса, алған білімнің сапасы да жоғары болары сөзсіз.

Әрине, бұл жерде біз қазақ бөлімінің студенттері тек қазақ тіліндегі әдебиетті меңгерулері керек деген пікірде емеспіз.

Төртіншіден, саясаттану ғылымының пәні сыртқы және ішкі факторлардың, яғни, әлемдік және ұлттық көлемдегі саяси ахуалдар мен процестердің өзгеруіне барынша тәуелді екендігі белгілі. Осы орайда, бірқатар оқу құралдарында берілген статистикалық мәліметтер мен фактілердің ескіргенін айта кетуіміз керек. Осы аталған жәйіттерге байланысты уақыт талабына сай әзірленген оқу-әдістемелік құралдарына деген сұраныс әсіресе, соңғы жылдары өткір сезіліп жүргені баршамызға белгілі.

Көрнекті ғалым, есімі ел көлемінде ғана емес, шет елдерге де белгілі, философия ғылымының докторы, профессор Әбсаттаров Раушанбек Борамбайұлы қалыптасқан жағдайды ескере отырып, 2011 жылдың соңында «Қарасай» баспасынан «Саясаттану негіздері» атты екі томнан тұратын оқу құралын басып шығарды.

Раушанбек Борамбайұлы ғылым саласында табысты қызмет етумен қатар жоғары білім беру саласында да қажырлы еңбек етіп жүрген майталман ұстаз екенін айта кеткеніміз жөн. Автордың «Саясаттану және оның проблемалары», «Саясаттану тестерi: сұрақтар мен жауаптар», «Әлеуметтану негіздері» атты оқу құралдары және оқытушылар мен білім алушыларға арнап жазылған бірқатар әдістемелік мақалалары да жарық көргені белгілі.

Автордың оқырман қауымға ұсынып отырған оқу құралының бұған дейін жарық көрген, қолданыста бар басылымдардан бірқатар артықшылықтары бар. Атап айтқанда, оқу құралында саясаттану пәнінің типтік бағдарламасында берілген тақырыптар түгелімен қамтылып, әр тақырып жан-жақты, терең қарастырылған. Мәселен, «Салыстырмалы саясаттану». «Саяси болжамдау», «Саяси технологиялар», «Саяси басқару», «Саяси маркетинг», «Саяси оппозиция», «Саяси жанжалдар және оларды шешу жолдары», «Саяси тұрақтылық және ұлттық қауіпсіздік» сияқты тақырыптар басқа оқу құралдарында мүлдем қарастырылмаған еді. Автор аталған тақырыптардың мәні мен мазмұнын саясаттану ғылымының ұғымдары мен категорияларын кеңінен қолдана отырып, жоғары ғылыми деңгейде, логикалық дәйектілікпен шебер аша білген. Нақтырақ айтқанда, автор тақырыптың мазмұнын ашуда танымдық, ақпарттық мәліметтерді бере отырып, оқырманға логикалық тұрғыдан ойлауға және белгілі бір қорытынды жасауға бағдар береді. Мәселен, нақ қазіргі кезде тоталитарлық саяси жүйеден демократиялық саяси жүйеге аяқ басып отырған посткеңестік қоғамдар үшін саяси оппозицияның мәртебесі мен рөлі, оппозицияны мойындау және онымен санасу - өзекті проблема болып отырғанын ескере отырып, автор бұл мәселеге арнайы тоқталған. Оппозицияның саяси өмірдің заңды құбылысы екендігін дәлелдеуде автор А. Лейпхарт, С. Хантингтон, В. Гельман және т.б. шет ел ғалымдарының пікірлеріне сүйене отырып, орныққан демократиялық жүйесі бар елдердің тәжірибелеріне кеңінен тоқталады. Сонымен қатар, автор оппозицияның түрлерін, олардың әрқайсысының қоданатын әдіс-тәсілдерін, қоғамдағы алатын орны мен рөлін, функцияларын дәлелді түрде аша білген. Оқырман тақырыптың мазмұнын меңгеру нәтижесінде оппозицияның институционалдануы және оның ұйымдасқан, белсенді күш ретінде өзін саяси аренада көрсете алуы, билік органдары мен билеуші элита тарапынан оппозицияны мойындау және онымен санасу - шынайы демократияның, өркениеттіліктің белгісі деген қорытындыға келері сөзсіз. Бұл – автордың әдістемелік тұрғыдан шеберлігін көрсетеді.

Саясаттану ғылымының қалыптасып, дамуы ұзақ уақытты қамтиды. Қандай да бір ғылым белгілі бір объективтік қажетті­лікке, өмір сұра­нысына байланысты пайда болатындығы белгілі. Өмір, тәжірибе қа­жеттілігі, сұранысы болмаса, ғылым пайда бол­маған бо­лар еді. Сондық­тан әрбір ғылымның шығу, пайда болу тарихын білу маңызды, өйткені бұларды білмейінше біздің саясат туралы білі­міміз шектеулі, біржақты, үстірт болады. Оқу құралының осы мәселеге арналған 86 беттен тұратын «Саяси ғылымның тарихы» атты тарауы антикалық заманның саяси ой-пікірлерінен басталып, XX-ғасырдың аяғына дейінгі кезеңді қамтиды. Бұл тараудың ерекшелігі тек көлемінде ғана емес, оның мазмұндық жағын да қамтиды. Саясаттану ғылымының түп тамыры, бастауы ең алғаш Батыс Европа жерінде, көне заманда Грецияда пайда болған деген тұжырым осы уақытқа дейін үстем болып отырғаны белгілі. Автордың саясаттану ғылымының тарихын Шығыстан, яғни көне Парсы, Қытай және Үнді жерлерінен бастауы және оған ерекше мән беріп, егжей-тегжейлі қарастыруы кездейсоқ емес. Бұл жерде Раушанбек Борамбайұлы саясат жайындағы ой-пікірлердің ең алғаш Шығыста пайда болғанын дәлелдей отырып, саясаттану ғылымы өз бастауын көне Грециядан алады деп, бір жақты қараудан гөрі, бұл мәселені Шығыстық және Батыстық ой-пікірлердің синтезі тұрғысынан қарастыруды жөн көреді. Орта ғасырлардағы саяси ой-пікірлерді қарастыруда да осы идеяны бсшылыққа ала отырып, Шығыс (Әбунасыр әл-Фараби, Ганджеви Низами, Әлішер Науаи) және Батыс (А. Августин, Ф. Аквинский, М. Лютер) ойшылдарының көзқарастарын біртұтас етіп қарастырады.

Сонымен қатар, оқу құралының «Әлеуметтік-этникалық қауымдастықтар және ұлт саясаты», «Әлеуметтік мемлекет», «Конституция және ұлт саясаты» атты тақырыптарында қоғамымыздың түрлі әлеуметтік топтары арасында жүргізілген қоғамдық пікірді зерттеудің мәліметтері келтіріліп, солардың негізінде тиісті қорытындылар жасалған.

Бұл басылымның тағы бір құндылығы - студенттердің өзіндік жұмыс істеулеріне көмек ретінде он алты тақырып бойынша 105 беттен тұратын материалдардың берілуі. Берілген тақырыптардың барлығы дерлік заманымыздың көкейкесті проблемаларына арналған және бұл материалдардың білім алушы жастардың ой-өрістерін кеңейтіп, дүниетанымдарына ықпал етері сөзсіз.

Оқу құралының мақсаты студент жастарға дайын білім мен ақпаратты беру ғана емес, студенттерді оқулық материалдарын творчестволықпен меңгеруге, өз беттерінше ой қорытуға және алған білімдерінің сапасын тексеруге де мүмкіндік беру болып табылады. Осы мақсатта автор оқырманға ой салып, пікірталасын туғызатын бірқатар сұрақтар тізімін және сонымен қатар, студенттер үшін арнайы құрастырған тестерін берген.

Сөз соңында айтарымыз - Саясаттану пәнінен көлемді де, іргелі оқу құралын жазу – оңай іс емес. Бұл – теориялық білімді терең де, жан-жақты меңгерумен қатар әдістемелік тұрғыдан асқан шеберлікті, қыруар еңбек пен үлкен жауапкершілікті талап ететін маңызды іс. Ал, профессор Раушанбек Борамбайұлы осындай істі өз жауапкершілігіне алып, оны абыроймен орындап шықты деуімізге әбден болады. Р.Б.Әбсаттаровтың «Саясаттану негіздері» атты екі томдық оқу құралы өте құнды, іргелі, кешенді жазылған еңбек. Сондықтан менің пікірімше, осы оқу құралын Ш.Уәлиханов атындағы сыйлыққа ұсынса дұрыс болар еді деп ойлаймын.

Алма ЖҮСІПОВА,

саяси ғылымдардың кандидаты,

Т. Рысқұлов атындағы ҚазЭУ-нің доценті

529 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы