• Бизнес & Қоғам
  • 19 Сәуір, 2012

Экономика: нарық жетегіндегі халық Агрокешен Жанар-жағармайдың жартысы жетті

Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков БАҚ өкілдері үшін өткізген баспасөз мәслихатында қазірде көктемгі дала жұмыстарына арналған арзандатылған дизель отынының 50 пайызы шаруаларға жеткізілгенін хабарлады.

Министрдің айтуына қарағанда, көктемгі егістік науқанының басталуына орай жанар-жағармай бағасының көтерілуіне қатысты ешқандай қауіп жоқ. Ол нарықтық бағадан 10-15 пайыз төмен деңгейде бекітілген, науқан барысында тұрақты болады. Барлық облыстарға тиісті квоталар бекітілген. Жалпы республика бойынша шаруаларға 360 мың тонна жеңілдетілген бағамен жанар-жағармай жеткізу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта оның жартысынан көбі облыстарға жөнелтіліп, ауылшаруашылық тауар өндірушілері еш кедергісіз алып жатыр, деді ол.

Мұнай

Жаңа жоба жүзеге асырылуда

Атырау облысындағы Теңіз кенішінен мұнай өндіретін үшінші зауыт құрылысына кіріскен «Теңізшевройл» ЖШС компаниясында 15 мың жұмыс орны құрылады.

ТШО-ның бас менеджері Ырзабек Артығалиевтің айтуынша, жобаның бағдарлы құны 20 млрд доллар. Жобалық қуаттылыққа көшкеннен кейін, кеніштен мұнай өндіру жылына қазіргі 24 млн тоннадан 36 миллионға дейін артады. «Құрылысы 2019 жылы аяқталуы тиіс зауыт Атырау облысындағы Теңіз және Корольдік кен орындарда мұнай өндіруді арттыру бағытындағы соңғы ірі жоба болып табылады. Жаңа жоба негізінде жергілікті жобалық институттарды, еңбек қорларын қолдану арқылы қазақстандық құрамның үлесі артады. Мұнда қажетті қызметтер мен материалдарды ұсынуға, сондай-ақ жоба бойынша жұмыс істеп жатқан адамдардың табысын арттыруға жұмылдырылған жергілікті компаниялардағы қосымша жұмыс орындары, бүкіл еліміз бойынша жаңа жұмыс орындарын құруға септігін тигізетін болады», – дейді бас менеджер.

Қуат

70 миллиард бөлінді

2011-2012 – жылу маусымының қорытындысына арналған жиналыста Алматы әкімінің орынбасары Ербол Шорманов қаланың энергетика кешеніне бөлінген қаржы биыл 48-ден 70 миллиард теңгеге дейін ұлғаятындығын айтты.

– 2011 жылы 12,5 шақырым жылу желісі жаңартылса, биыл ол 19,4 шақырымға дейін ұлғаймақ. 2011-2012 жылдардағы күзгі-қысқы жылу маусымында негізгі энергетикалық құрал-жабдықтарды апаттық жағдайда тоқтату 2010-2011 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 19 пайызға төмендеді, – деді Е. Шорманов. Оның айтуынша, өткен маусымда 4,5 млн Гкал жылу өндіріліп, жоспар 108 пайызға орындалған. Ал құбыр желілерінде 370 апат болып, оның бәрі қайта қалпына келтірілген. Бұл апаттардың 69-ы басты жылу желілерінде, 301-і жылу желілерін таратқыштарда орын алған.

Форум

БРИК қатарынан көрінеді

Астанада «MINEX. Орталық Азия – 2012» III халықаралық тау-кен өнеркәсіптік көрме-форумы өтуде. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей, Ұлыбритания, Канада, Австралия, АҚШ, Қытай, Германия және тағы басқа елдерден келген сарапшы-мамандар қатысуда.

Форумда Қазақстанның табиғи байлықтарды игеру саласындағы әлеуетін дамыту, осы орайда мемлекеттік реттеу жүйесін жетілдіру, сондай-ақ инновациялық-инвестициялық саясатты жүргізу мәселелері талқылануда. Көрме-форум техникалық комитетінің төрағасы Джан Льюис атап көрсеткендей, минералдық ресурстар қоры аса ауқымды Қазақстан болашақта әлемнің іргелі экономикаларының қатарынан көріне алады. Бүгінде экономикасы мықты «БРИК» елдері – Бразилия, Ресей, Үндістан және Қытайдың қатарына Қазақстан да қосыла алады. Оған экономикалық күш-жігері жетеді.

Қаржы

Диқаншыға несие берілді

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ көктемгі дала жұмыстарын уақытында жүргізу үшін диқан қауымына жалпы сомасы 24 млрд теңгеден аса несие берді.

Осы қаржының көмегімен Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы шаруа қожалықтары көктемгі науқан кезінде 1 млн 300 мың гектар алқапқа егін салады. Сонымен қатар көктемгі егін егу және күзгі жиын-терім жұмыстарын несиелеу бағдарламасы бойынша биыл республикалық бюджеттен 39 млрд теңге бөлу қарастырылған. Бұдан бөлек, кредиттік серіктестіктер жүйесі арқылы 13 облыстағы 285 ауылшаруашылық тауар өндірушіге 2 млрд 230 млн теңге несие берілді. Қазіргі күні корпорацияға агроөнеркәсіп кешені субьектілеріндегі көктемгі егін салу, күзгі жиын-терім жұмыстарын несиелеу бағдарламасы мен кредиттік серіктестіктер жүйесі арқылы көктемгі егін егу жұмыстарын жүргізуге жалпы сомасы 26 млрд 615 млн теңгеден аса қаржыға өтінімдер түскен.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА

428 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы