• Бизнес & Қоғам
  • 19 Сәуір, 2012

ҚАРАҒАНДЫ: БАЙЫРҒЫ ЗАУЫТТЫҢ ЖАҢА ТЫНЫСЫ

Өндірісті өңір Қарағанды қаласында құю зауыты өз кезінде көптің назарын аударған іргелі кәсіпорындардың бірі болатын. Өндіріс өнімдері кешегі кеңестік одақтағы он бес елге кідіріссіз жіберіліп, кәдімгідей табыстың көзін көлдей тасытып жатқан сол кездері ерен еңбектің айқын белгісіндей болып, зауыт ұжымы «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері атанғаны белгілі. Зауыттың ол кездегі шығаратын өнімдері «Жылыту аспаптары» немесе кәдімгі өзіміз ауыз екі тілде айтып жүрген жылу батареялары сапасы жағынан да, саны жағынан да өз қатарлары арасында алдыңғы лекті ешкімге бермейтін.

Иә, ол кезде солай болғаны да рас. Кейіннен одақ тарап, зауыт жұмысы тоқтап, тоқырап қалған кезде үміт пен күдік тайталасқа түсіп, ертеңгі күніміз не болады деген сауалдың әр жұмысшы мен маманның көңілін күндіз-түні түрткілеп маза бермеген кезі болған. Көптің басына түскен қиыншылық бірден шешіле қойсын ба? Заводтың болашағы туралы жұмысшы-қызметкерлердің ертелі-кеш алаңдаған көңілін бұл кәсіпорынға атағы алысқа кеткен «Қазақмыстың» қамқор қолын созуы орнына түсіргендей болды. Облыс әкімшілігі мен келісімшартқа қол қойған «Қазақмыс» басшылары осы өңірдегі өндірісті қарауына алуға уағда байласқан. Осы келісім-шарт негізінде жұмысы тоқтап қалған құю зауыты «Қазақмыстың» толық қамқорлығына көшті. Бұл 2000 жылдың басы еді. Содан бері зауыт өзінің жаңа бағытын тауып, сол бойынша еселі еңбек көрігін қыздыра түсті. Әдепкі ашылғанда шойын құюға мамандандырылған зауыт енді кен өндірісіне қажетті қосалқы-бөлшектер құюға ынғайланды. Металлургия саласына қажетті деген қосалқы бөлшектерді «Қазақмысқа» қарасты кәсіпорындар бұрын сонау алыс-жақын шетелдерден қыруар қаржыға сатып алып отырса, енді бұл істі осы зауыт арқылы шешуге қол жетті. Соның нәтижесінде бір кездері тоқтап қалған зауыт қайта жанданып, жылына 35 мың тоннаға дейін өнім дайындайтын іргелі кәсіпорынға айналды. Табыс молайды, қаражат көбейді. Кешегі күндері қол үзіп кеткен мамандар қайта айналып, өз зауытына атбасын тіреді. Бұл мыңдаған адамның сөнген үміті қайта оянып, ертеңге деген сенімінің нығайғанының белгісі. Әрине, зауыттың бүгінгідей қайта жаңарып, жаңа бейнеде жарқырай көрінуіне ондағы мамандардың, басшылардың еселі еңбектері, есепсіз төккен терлері мол болды десек қателеспеспіз. Олай деуімізге осында бүгінгі күні қалыптасып отырған әдемі еңбек ырғағының тамаша әуені негіз бола алғандай. Зауытты ұршықша үйіріп басқарып отырған басшы жайында да мұнда жақсы пікірлер, жылы лебіздерді жиі естуге болады.

Зауыт директоры халық қалаулысы атанған білікті маман, тәжірибелі ұйымдастырушы Бақытбек Жағыпарұлы Толықбаев мырза осы кәсіпорында көп жылдан бері абыройлы еңбек етіп келеді. Ол өзінің еңбек жолын «Қазақ химия-технология» институтын бітіргеннен кейін Қарағанды сантехникалық каучук зауытында карсий-карбий құюшы болып бастаған еді. Содан бері ол өзі тандаған мамандығы бойынша талай-талай сатылы жолдардан өтті. Еңбек ете жүріп ғылыми жұмысынан да қол үзбеген. Еңбек пен ғылымды ұштастыра отырып, белгілі бір нәтижеге қол жеткізуге болатындығын да дәлелдеді. Ленинград техникологиялық институтында Бақытбек Жағыпарұлы өзінің ғылым кандидаттығына лайықты еңбегін жоғары деңгейде қорғап шықты. Жас ғалым сонау 1988 жылы ғылым кандидаты атағын қорғағаннан кейін, 2002 жылы іргедегі Теміртау қаласындағы темір-маргенц балқымасын өңдеуге жетекшілік етті. Осындай күрделі ғылыми ортада қанатын қатайтып, тәжірибесі толысқан маман 2009 жылдан бері осы аталған Қарағанды құю зауытын басқаруға келді. Осынау жылдар ішіндегі оның өнімді еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Сөзі мен ісіне мығым жігіт халық қалаулысы атанды, Қарағанды қаласы мәслихатының депутаты. Бұл ретте ол депутаттық қызметін өзінің кәсіби саладағы ісіменен де байланыстыра, ұштастыра түседі. Іргелі зауыттың директоры, қалалық мәслихаттың депутаты ретінде оған қала тұрғындары – сайлаушылар түрлі мәселелер бойынша ойларын ашық айтып, еркін пікірлесе алады. Білікті басшы, іскер маман Бақытбек Жағыпарұлы ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мерейтойлық медаліменен марапатталған. Ел құрметіне еселі еңбекпен жауап беруді басты борышын санайтын Бақытбек Жағыпарұлы өз ұжымын берекелі істерге батыл бастап келеді.

Сонау кеңестік кезеңде бұл зауытта 6 мыңға дейін адам еңбек еткен екен. Кейінде зауыттың тоқтап қалуына байланысты жұмысшы- қызметкерлер жұмыс іздеп жан-жаққа кетті. Зауытқа Бақытбек Жағыпарұлы бастық болып келгенде онда 600-ден астам адам еңбек етіп жүрген еді, қазіргі күні мұнда 2 мыңның үстінде еңбек адамдары өздері сүйген іспен айналысады. Жұмыс ырғағы қалыпты. Еңбек өнімділігі жоғары. Табысы мол жерге жұмыс іздеп келушілер де көп. Содан да болар зауытқа кіре берістегі көрнекі тақтайшаға «жұмысқа қабылдау тоқтатылған», деп ірі әріптермен назар аударатындай етіп жазып қойылыпты. Мұның мәнісін сұрағанымызда зауыт директоры:

– Бізге жұмысқа тұрушылар да, жұмыс іздеп келушілер де көп. Бұл жақсы, әрине. Әйтсе де, қазіргі мүмкіндігімізге қарай еңбек күшін іріктеп отырмыз. Бүгінгі таңда осы қалыптасып қалған 2 мың адамның өзі 2 есе өнімді өндіріп отыр. Бұл аз күшпен мол өнім алу деген қағиданы ойға түсіреді. Алдағы уақытта орталықтандырылған құю зауыты ашылады деген сөз бар. Олай болып жатса, тағы да жұмыс күші қажет болса, бізге келушілер арасынан алтын қолды азаматтарды таңдап алуға мүмкіндігіміз жеткілікті, – дейді. Зауыт директорының бұлайша сенімді айтуы сөз жоқ осындағы қалыптасқан жұмыстың жүйелілігін білдіреді.

Қарағанды құю зауыты жұмысшыларының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары да үнемі басты назарда екен. От-жалынның ішінде қаймықпай тер төгіп, еңбек ететіндерге әлеуметтік-тұрмыстық салада тұрақты қолдау көрсетіледі. Осындағы еңбек адамдары Алматыдағы «Ақбұлақ», Шығыс Қазақстанның Катонқарағай ауданындағы «Рақыман бұлағы» сияқты шипажайлар мен демалыс орындарында 50 пайыздық жеңілдікпен емделіп, сауығып-тынығады, күш-қуат жияды. Өз адамдарына қамқорлық жасауға, көмек көрсетуге зауыт мүмкіндігі жетіп тұр. Демек зауыттың келешегі бүгінгіден де келісті деп айтуға толық негіз бар. Зауыттың бүгінгідей қайта жаңарып жасаруына, екінші тынысының ашылып, қайта жандануына сүбелі үлес қосып жүрген жандар аз емес. Мәселен, осындағы құю цехының бастығы Виталий Дмитривич Пелепенко, цех энергетигі Виктор Иванович Риммер, пішіндеу цехының шебері Қабиболла Ысқақов, металл сынықтарын өңдеу ісінің шебері Зейнолла Балтабаев сияқты мамандар осында отыз жылдан астам берекелі еңбек етіп келеді. Олардың еңбек тәжірибелері жастарға үлгі-өнеге. Шын шеберлерден тәлім алған жастар арасында цех бастығының орынбасары Руслан Садықов, инженер-технолог Дастан Әубәкіров есімдері де осында ерекше құрмет, ілтипатпен аталады. Бұл да болса, жақсы жүйенің жалғасын тапқандығы деп білеміз.

Өндірісті орындарда негізгі көрсеткіш қашан болса да техника қауіпсіздігін сақтау болып табылады. Осы ретте де зауытта жаңа бастама қолға алынған. Мұнда еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты инженер-техникалық қызметкерлерге арналған «Дюпонт» жүйесі қолға алына бастапты. Бұл сонау Еуропа мен Америкада сәтті сынақтан өткен сенімді жүйе. Жаңа жүйенің бұрынғылардан ерекшелігінің өзі де сол, техника қауіпсіздігі ережесін бұзған адамды бұрынғыдай сыйақыдан қағу немесе оған айыппұл салу сияқты таптауырын болған жазалау шараларымен емес, қайта қателік жіберген адамның мүлт кеткен ісіне оның өзінің көзін жеткізіп, санасына сәуле құю арқылы қауіп-қатердің алдын алуға, еңбек адамының өзін-өзі дайындауына қол жеткізу болып табылады екен. Бұл әзірге өз жемісін беріп келе жатыр.

Қазақта «Байман ұста емес, сайман ұста» деген де сөз бар. Бұл, сірә, шебер – шебер емес, оның құрал-сайманы – шебер, дегенге саятын сияқты. Сол айтпақшы өндіріс ошағының бұрынғы болат, шойын сынықтарын қайта өндеуге арналған вограциялық пештері ескіріп, олардың орнына осы заманғы индукциялық электр пештерін орнатуды зауыт әкімшілігі алдына мақсат етіп қойып отыр. Жаңа пешке қол жеткен жағдайда электр қуаты да үнемделіп, сыртқы ауаға тарайтын шаң-тозаңның мөлшері де 10 есеге дейін азаяды екен.

Өндірісті өлкенің ертеңгі даму болашағын өркендетуді көздеген айқын мақсат осындай ауқымды істерді ұйымдастыруға бағытталып отыр. Әрине, «Қазақмыс» сияқты алып кәсіпорынның қамқорлығына кірген құю зауытының мүмкіндігі бүгінгімен шектеліп қалмақ емес. Атап айтқанда, «Қазақмыс» басшылары Жезқазған – Балқаш құю зауыттары мен Қарағанды құю зауыты негізінде іргелі «Құю зауыттары» өндірістік бірлестігін құруды ойластырып отыр. Бұл әрине, алдағы күннің еншісіндегі іс. Ал, қазіргі таңда «Қазақмысқа» қарасты құю зауыттарының ішінде осы Қарағанды құю зауытының бәсі жоғары тұрғаны анық. Ендеше еңсесін қайта тіктеген зауыттың ертеңі бүгінгіден де жарқын екені даусыз.

Батырбек МЫРЗАБЕКОВ,

«Қазақ газеттері» ЖШС-ның Орталық Қазақстандағы өкілі

635 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы