• Бизнес & Қоғам
  • 10 Мамыр, 2012

Тоқсанға келген сарбаздар (Соғыс және еңбек ардагері Иса Жанәділұлы туралы эссе)

Жарықтық Тұщықұдық-Шебірдің киелі жері-ай! Киесіне көлеңке түсірмеген елі-ай! Ойпаңыңды жерұйық десем, құба жоның нар биік емес пе ?! Арымыңды қыстау десем, адырың хан жайлау емес пе?! Қызым 13-ке жетіп бұлан болған, ұлым 15-ке жетіп ұлан болған жерім-ай! Айрандай ұйыған елім-ай!

Тұщықұдықтың ту сыртындағы нарқасқа құмдарды кесіп өтсең, Қауынды мен Теппенің жәннатқа бергісіз жазирасына жетесің. Бұл Қазан төңкерісіне дейін атақты Жары Тестемір батырдан тарайтын Жылкелді ауылының атакүлдігі. Жылгелдінің Өтеу, Көшен, Бекбай, Жақсылық атты төрт баласынан тараған ұрпақ «Төрт арыс Жылгелді» деген атпен Адайдың аталық шежіресіне енген. Өтеуден тараған төртеудің тұңғышы – Елменбет.

Сыпа, Роман, Ербай, Құлбай, Өмірбай, Айтбай – Елменбеттен тараған емшектес бауырлар, еншілес туыстар. Қауқарлы да қайратты жігіттер Қауынды-Теппенің бұйратты даласынан бұйырғанын алды, бұйырмағаны, әрине қалды.

Бірі Астрахань көпестерінің көңілін тауып, сауда-саттық жағын келістірсе, екіншілері үйірлеп мал айдады. Бесқалаға барып, базаршылап қайтқандары да жоқ емес. Бәрі де «Бірді екі етемін, екіні төрт етемін» деп тынымсыз тірлік етті. Сол жігіттердің арқасында Жылгелді ауылының қатын-баласы аш жатып, қара қазаны қайнамай қалған күн болған емес.

1916 жылы Елменбеттің үшінші ұлы Ербайдың үйінде өзінің құдіретті «іңгәсімен» бүкіл Жылгелді жұртын жалт қаратып, бір торсық шеке ұл дүниеге келіпті. Әлгі ұлдың әкесі – Бәйден, анасы – Алма, атасы – Ербай. Ол сәби еліне елеулі, халқына қалаулы азамат болып қалыптасып, өсіп-өніп, кемелденіп, көретінін көріп, алатынын алып, беретінін беріп, тоқсан деген толағай жасты тоздырып барып, осыдан тура алты жыл бұрын өмірден озыпты.

Біз жоқтап отырған перзенттің аты-жөні – Иса! Иса тәй-тәй баспай жатып тәттісінен, төртке толмай жатып тектісінен айрылыпты. Тәттісі деп отырғанымыз – анасының сүті, Ана сүтінен ақ, ана сүтінен пәк тәтті не бар дейсің, тәйірі, мынау өткінші өмірде. Ай бойы бар мен жоқтың арасында талықсып жатқан анасы Алма ақшам туа үзіліпті. Табынай батыр әулетінің қызы екен.

Тектісі деп отырғанымыз – әкесі Бәйден! Әкесі Бәйденнің ақиреттік сапарға аттанар сәті Исаның еміс-еміс есінде. Кейде оқыстан дене қызуы көтеріліп, күйіп-жанып ауырған сәттерінде әлгі бір елестің нақтылы бейнеге айналып, құшағына қысып қасында отыратыны бар.

Ербайдың тетелес ағасы Романның ұлы Жанәділ Исаны «балам» деп, бауырына басты. «Жарығым, жалғызым» деп жан жылуын төкті. Ағайындарымен ақылдасып, болысқа барып: «Жанәділұлы Иса» деп қағаз толтыртты. Сөйтіп, Иса әкеміз тоқсан жыл бойы Жанәділұлы болып өмір сүрді. Жанәділұлы Иса деген атпен ақиреттік сапарға аттанды. Тіпті бақилық мекенінің маңдайшасына да «Жанәділұлы Иса» деп белгі соқтыруды ұрпағына аманат етіп тапсырды.

«Бәйден ақсақал туралы тіс жарып отырғаным осы. Онда да ауыл ақсақалдарымен ақылдасып, он ойланып, жүз толғанып барып бір ғасыр уақыттың арғы жағында қалған шындықтың бетін ашып отырмын» деп, Исекеңнің үлкен ұлы Қуанттқанның ағынан жарылғаны бар. «Иса – Жанәділдің бауырына басқан баласы еді» деуге біріншіден Құдайдан қорықтық, екіншіден Жәкемнің пейілі мен ниетінен аттап өте алмадық», – дейді Қуекең.

Шынында да солай. Ескіше сауаты мол, обал мен сауапты істен сырт қалып көрмеген, Ержандай хазіреттің өзі қадір тұтқан Жанәділдей дананың наласын арқалауға ешкімнің де батылы бара қоймасы анық. Жәкең өз кіндігінен бір ғана қызалақ бала көріпті. Бірақ қызалағын қызықтай алмай, қара жер қойнына ертерек тапсырса керек. Сондықтан інісінен қалған жәдігерді көргенде, Алласынан алданыш сұрап, алақан жайып тілек тілеп жүрген аруана көңіл бірден иіп сала берді.

Жанәділдің Исасы шыбыртқыға ерте ілінді. Алты жасында ат жалын тартып мінсе, жеті жасында желбегей жүріп қозы-лақ қайырды. Тоғыз-он жасында қотан күзетті, он бір-он екі жасында түн қатып отар түнетті. Исаны желектеп жүгірткен жетімдік емес еді. Бала біткен бесіктен белі шықпай жатып кісілікке ұмтылатын, қажеттілікті өтеуге жұмылатын заман еді ғой.

Маңғыстауда 1929 жылы ірі байларды тәркілеу, 1930-да ұжымдастыру науханының басталғаны белгілі. Қолдағы бар адыра қалып, ел ауа көшіп, айқай мен айтақ көбейіп, жердің құты, елдің сұсы қашқан кез еді ғой ол да бір. Бұлар ауа көшкен елге ермей, ерулі елдің сапында қалды.

Біздің кейіпкеріміз Иса әкесі Жанәділмен бірге Ворошилов Ұжымшарының бес жүз ешкісін бағып, мал басын дін аман сақтап, міндеттемелерін мүлткісіз орындап отырды.

Бөтекесі тоңазыса жаппай лақ тастайтын, шекесі шуаққа қызса көлеңкеге тығылатын жаратылысынан шыдамсыз ешкі малын өсіруге әкелі-балалы екеуі барын салды, содан болар, 1 мамыр мен 7 қарашада болатын мерекелерде ұжымшар төрағасы екеуінің еңбегін ерекше атап өтіп, төрдегі қызыл шұға жабылған столға шақырып, азын-аулық сый-сыяпатын беріп, арқаларынан қағып шығарып салатын.

Иса Жанәділұлы Маңғыстауда жасақталған арнаулы бригаданың құрамында Мақат-Құлсары темір жолын төсеуге ат салысты. Ол – «Таушық көмір» тресінде стахановшы атанған алғашқы забойшылардың бірі. Қаршадайынан қанына сіңген төзім мен азаматтық парыз оны қай майданда да ұятқа қалдырып көрген емес. Ал нағыз қан майданда ажырамас қасиетіне айналды. Ол қасиеттер орда бұзар сәтінде қолдады, омақаса құлар сәтінде қорғады. Исекең 90 жыл бойы төзімін тірек, парызын серік ете білді.

Иса Жанәділұлы – Ұлы Отан соғысының даңқты жауынгері. Оның даңқ жолы Еділ-Дон даласынан басталыпты. 1942 жылы майданға аттанған жерлесіміз Таушық – Форт-Щевенко – Красноворск (Қызылсу) арқылы Сталинград үшін кескілескен ұрыс жүргізіп жатқан Украина майданынан бір-ақ шығады. Он күндей әскери-тактикалық жттығудан өтісімен алдыңғы шептегі шешуші шайқас алаңына жіберіледі.

Исаның тал бойы жауынгер үшін таптырмас қасиеттерге толы еді. Ең бастысы – төзім, ақыл, қайрат, амал-айла, шалт қимыл, мәрт мінез. Ұрыстың ұлы даласында осы қасиеттер оның қалқаны да, семсері де, сенімді серігі де болды десек, артық айтқандық бола қоймас. Қорғаныс шебін құруда алдына жан салмады. Жолдастарын шабуылға көтерген сәттері де аз болған жоқ.

Үш рет оққа ұшты. Үш рет ажал аузында жатып, өмір үшін арпалысты. Әскери дәрігерлердің жанкешті еңбегінің арқасында ғана ол майдан даласына қайта оралып отырды. Иса – туа біткен барлаушы болатын. Ол тірілей «тіл» әкелудің нағыз төселген шебері ретінде танылды. Әсіресе, Ленинград майданында жүргенде полк командирінің арнаулы тапсырмасымен барлауға шығып, немістің төрт жауынгерін тұтқындап штабқа тапсырғаны айтулы ерлік болды.

Майдан газеттері бәкене бойлы барлаушы туралы жарыса жазып жатты. Исекең түтін сасыған майдан газеттерінің қиындыларын әкесіне жіберіп тұратын. «Берегірек келгенше сандық түбіне тығып, сары майдай сақтап жүруші едім»,- дейді бәйбішесі Алдабергенқызы Үзілхан шешеміз.

Исекең соңғы рет Германияның Штейтин қаласының түбінде жараланып, майданның санитарлық батальонында емделіп, соғыстың соңғы нүктесін қою операциясына қатыса алмай елге оралды. Елге оралғанда, маңғыстаулық баһадүрдің кеудесінде «Қызыл жұлдыз», «1-ші дәрежелі Отан соғысы» ордендері және бес медаль бар болатын. Ол соғыстан кейін ірілендірілген Сталин атындағы ұжымшардың бір отар түйесін бағып, отыз жыл табан аудармай Түрлен деген жерде отырды. Ол кезде түйе ұжымшарының негізгі күш көлігі ретінде бағаланатын.

1963 жылға дейін шөп түйе шалғымен шабылды. Малшылар Үстірт шыңырауларына араға 15-20 күн салып, түйемен көшкенін өзіміз де көре қалдық. Көктемде әр малшының отбасына бір-бір сауын түйе берілетіні де есімізде. Малшылардың мініс көлігі де, соғымы да, жарықтық, ойсылқара тұқымы болды. Исекең 30 жыл бойы осынау қыруар шаруаны қапысыз атқара білді. Біреудің өкпесін арқалап, өктемдігін естіп көрген емес. Алғаны алғыс, арқалағаны абырой болды.

1951 жылы Маңғыстау аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушісі Өтежан Алшынбаевтың бас түйешіні Москва қаласындағы халық шаруашылығы жетістігінің көрмесіне апарып, тәжірибесін бүкіл Кеңес елінің аумағына насихаттап қайтуы, «Еңбек қызыл ту» орденімен марапатталуы, мүмкін сол қыруар еңбектің қайтарымы шығыр.

Қыс айларында Түрленнің төңірегінде тарыдай шашырап шопандар қыстайды. Арғынбайдың Сегізбайы, Мәстектің Төкені, Тұрақтың Алпамысы, Өмірбайдың Жоламаны, Өтесіннің Мұханы, Жанұзақтың Дәуіті, Есбосынның Нұрмұханбеті, Сегізбайдың Жақайы, Сәркеннің Жыңғылбайы, Айтуардың Жауынбайы, Атоғызының Есболайы, Мәмбеттің Амантұрлысы, ағайынды Бектілеуовтар, Шалабаевтар, Мұсабаевтар, Түметовтар, Сарғожаевтар Исекеңнің талай жылдар арқа-жарқа отырып, ағайыннан бетер араласқан, сырласып-сыйласқан, ауырса бір-бірінің басын сүйеп, қуанса қасынан табылған сыйластары еді.

Сол бір дала батырларының талайының «Тарлан» сыйлығына татитын еңбегі бар еді-ау!.. Қазір олардың жер басып, тірі жүргендері бар ма екен?! Болса, санаулы-ақ шығар. Тірілерінің өзі не көзден, не сөзден айырылып, көңілдері күпті күй кешіп жатқанын жаным сезеді. Бала кезімде көзбен көрген келбетті күнге тотыққан сол бір асқар таудай әкелеріміздің көбі көзден кетсе де, көңілден кетер ме?!.

Исекең Үзілхандай жайсаң жар сүйді. Ол да өзі сияқты жоқшылықтың тауқыметін көріп өсті. Бір үйде інісі Сейсенбай, сіңілісі Таңсұлу болып жетім қалды.Үзілхан тек жан-жары ғана емес, үзеңгілес серігі де бола білді. Үй мен түздің тірлігіне қатар араласты. Ғасырдан да ұзақ айлар мен жылдарды бірге өткізіп, 90-ның төріне бірге шықты. Исекең отбасының панасы болса, Үзілхан шешеміз данасы болды.

Үлкен ұлы – Қуантқан. Ол тек ұлы ғана емес, зор үміті, көңілінің қуанышы, арқа сүйер тірегі де еді. Атырау ПИ-ның математика, БҚ АШИ-ның экономика факультеттерін бітіріп, қос дипломды маман атанған Қуекең кезінде партия, кеңес, мәдениет, кәсіподақ комитеттерінің аудандық штабында жұмыс жасап, елге абыройлы азамат ретінде танылды.

Атақты Дәулеталы әулетінің қызы Асылтастай арумен бас қосып, бақытқа кенелді. Қалекең Маңғыстаудың соңғы биі атанған көркем тілмен кестелеп сөйлей білетін көшелі кісі еді. Ұзақ жылдар Ұжымшар басқарып, ұлағатты ісімен есте қалды.

Исекеңнің ғұмыр бойы көңілін жылытып, көкірегін жібітіп жүрген бір нұрлы сәуле болатұғын. Сол бір сәулені іздеумен, аңсаумен ғұмыр кешті. Ол туралы баз біреуге айтуға батылы бармады. Егер екі елі ернінен шыға қалса, әлгі бір нұрлы шуақты ізім-қайым жоғалтып алатындай сезімде жүрді. Исекеңнің жан дүниесін әлдилеген ғажайып сезімнің сырына үңіліп көрелікші.

Жиырмасыншы ғасырдың 20-30 жылдары халқымыз ашаршылық, жұт, індет, қуғын-сүргін, асыра сілтеу сияқты нәубетті басынан өткерді. Зұлмат заманның ауыр зардабы алдымен балалардың басына түсті. Ел ішіндегі панасыз жетім балалардың саны күрт өсті. 1924 жылы Форт-Александровск қаласының өзінде 97 панасыз жетім бала тіркелген екен. 1921жылы Адай ревкомының шешімімен панасыз жетім балалардың есебі алынды. Қалада балалар үйі ашылды. Форттағы балалар үйі 1944-те Бақсайға көшірілгенше жұмыс жасады. Біздің кейіпкеріміз Исаның да астына шалан төсеп, бетін кенеп матамен жапқан балалар үйінің төсегіне 3-4 күн түнеп қайтқаны бар. Артынан іздеп келген әкесі ревком төрағасына мән-жайды түсіндіріп, ауылға алып қайтып еді. Қайтар жолда Қаратауды паналап отырған қараша үйге қонғаны, 9-10 жасар қаршадай қыздың қасынан шықпай, анасындай қамқор болғаны есінде. Бұл туған нағашы атасы Табынай Қалдыбайдың үйі екенін, әлгі 9-10-дар шамасындағы қыздың нағашы апасы Мұңсыз екенін, Қалдыбай атасының «Алмажанымның артындағы жалғыз тұяқ қой, иіскеп мауқымды басайын, қолғанат қып қолымды ұзартайын, Исаны маған тастап кет» деп, қиыла өтінгенін кейін естіп білді.

Балапан басына, тұрымтай тұсына ұшқан заманда қысқа ойы күрмеуге келмей отырған Қалдыбай қалай хабарлассын? Мұңсыз мұңын кімге шақсын! Бәрі де ұмытылды. Бірақ Мұңсыз апасының бейнесі Исаның жүрегінде тайға таңба басқандай сақталып қалды. Ғұмыр бойы көңілін жылытып, көкірегін жібітіп жүрген сәуле – сол Мұңсыздың нұрлы бейнесі еді.

Ақыры Қуантқан мен жақын інісі Закария Исағұлов («Маңғыстау» газетінің Жаңаөзендегі меншікті тілшісі) Мұңсыздың дерегін шығарып, Исекеңді шексіз қуанышқа бөледі. Араға апта салмай Исекең бүкіл әулетімен Жаңаөзен қалалық партия комитетінің 1-ші хатшысы Нұрлыхан Бекбосыновтың үйіне келіп түсті. Іштен шыққан сыры кетсе де, сыны кетпеген сымбатты бәйбіше баласы Нұрлыханның сүйемелдеуімен Исаға қарай қадам басты. Иса 55 жыл көрмеген өлі-тірісінен бейхабар нағашы апасы Мұңсызбен осылай көрісті. Мұңсыз да жетімдік пен жесірліктің қиындығын аз көрмепті.

Қосын арқалап, қой сауып Үстіртте жүргенде баласы Нұрлыханның іздеп тапқанын, Имағанбеттегі мұнайшылар қонысына тікұшақпен алдырғанын, Қайып Азанбайұлы бастаған мұнайшы жігіттердің жертөле қазып бергенін, төркін жұртынан жер қалмағанын, Нұрлыханның Бақсайдағы балалар үйінде өскенін, мұнайшы болғанын, қазір осы қаланың коммунистеріне жетекшілік жасап отырғанын, жетімнің өскенін, жарлының байығанын түнімен жырдай қып баяндап шықты.

Бірінші хатшының төрт бөлмесінің есіктері бұл түні жабылған жоқ. Самбырлап сөйлеп, сыр бөліскен қос қарияның ғұмырнамасына құлақ түрмеген, кірпігіне жас іркілмеген, ішкі дүниесі бір сілкінбеген пенде, бәлкім, бұл түні бұл үйде болмаған шығар? Есіктерін ашып тастап, тарландар тарихына құлақ түрген екі әулеттің жас-кәрісі ұзақ түн көз ілген жоқ. Апырай, осыншалық сыр мен мұң, уайым-қайғы, күдік пен үміт, сағыныш-арман қос қарияның кеудесіне сонша уақыт қалай сыйып жүрді десеңізші!?

Кейін екі әулет үзбей араласып, риясыз бауыр басты. Исекең нағашы апасын ақиретті сапарға өз қолымен аттандырып, артын күтісіп, бар құрметін жасап бақты. Кейін өзі де дүниеден баян тапты.

Сөз соңында айтарымыз, Тұщықұдық кентінде «Иса Жанәділұлының көшесі» деген жаңа көше пайда болды. Үйінің маңдайшасында «Бұл үйде соғыс және еңбек ардагері Иса Жанәділұлы тұрды» деген мәрмәр тақта ілінді. «Иса Жанәділұлы – Тұщықұдық ауылының құрметті азаматы» деген мәртебелі атақ алқызыл лентаға жазылып кереге басына керілді. Сонымен бірге Исекең Маңғыстау өлкесіндегі атақты 100 озат малшының тізіміне енгізілді.

Иә, ерге жасалған елдің құрметі – осы! Ал ұлағатты әке мен шешеге жасаған ұрпақтың құрметі қандай? Ол өз алдына бөлек хикая. Үлкен ұлы Қуантқан туралы тым қысқа қайырсақ та, хабардар еттік. Исекеңнің екінші ұлы Абзал құттықол мұнайшы. Сұлухан, Оңайхан, Ардақ, Ендіғой, Күләш атты бес қызы – бес ауылдың анасы, бес жігіттің сүйген жары. Қызы Ендіғой жол апатынан бақилыққа аттанса, орнында қалған жиендері: Гүлшара, Асанәлі, Гүлжазира, бүгінде өсіп-өнген отау иелері.

Исекеңе жасаған елдің құрметін көрсеттік, ұрпақтың құрметін айттық. Ал, Құдайдың сыйы, Алланың рахымы ше? Әрине, ол шексіз және мәңгілік. Мәңгіліктің бесігінде тербеліп дамылдай бер, тоқсанды тоздырған тарланым, киелі қара шалым!

Мұсабай СЕГІЗБАЕВ,

Жетібай кенті

1023 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы