• Бизнес & Қоғам
  • 17 Мамыр, 2012

Ғылымның қия жолында

Осы жылдың қараша айында қазақтың көрнекті ғалымы, Қазақ КСР ғылым академиясының корреспондент мүшесі, КСРО - ның енбек сіңірген жоғары мектеп қызметкері, Қазақ КСР - ның енбек сіңірген ғылым қайреткері, физика - математика ғылымдарының докторы, профессор Базарбай Мамбетұлы Оразбаевтың туылғанына 100 жыл толады.

Базарбай Мамбетұлы Оразбаев 1912 жылы 21 қарашада Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданында бұрын Қараүңгір деп аталатын шалғайдағы шағын ауылда дүниеге келген. Әке - шешесінен ерте айрылып, Ташкенттегі балалар үйінде тәрбиеленіп, он жылдықты үздік бітіргеннен кейін, Ленинградтағы А.А.Жданов атындағы университеттің физика - математика факультетіне оқуға түскен. Базарбай Мамбетұлының ғылым жолына түсуі орыстың аса ірі математигі Н.Г.Чеботаревтың жетекшілігімен аспирантураға түсу кезеңінен басталды. Базарбай Мамбетұлының бүкіл саналы өмірі Абай атындағы ҚазҰПУ - мен тығыз байланысты. 1935 - 1981 жылдар аралығында Абай атындағы ҚазҰПУ - нің «Алгебра және сандар теориясы» кафедрасының меңгерушісі кызметін атқарды. 1964 жылы «Алгебра және сандар теориясы» мамандығы бойынша «Абсолют Абельдік өрістердің таралулары» тақырыбында докторлық диссертация қорғап, физика -математика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін, 1965 жылы «Алгебра және сандар теориясы» кафедрасының профессоры ғылыми атағын алды. 1967 жылдан ҚазКСР ғылым академиясының корреспондент мүшесі.

Базарбай Мамбетұлы Оразбаев оқыған дәрістері ғылыми терең мәселелерді, асқан шеберлікпен көпшілікке түсінікті деңгейде баяндаушы еді. Сол себепті, Базарбай Мамбетұлының оқыған дәрістерін, республиканың әртүрлі жоғары оқу орындарының оқытушылары, соның ішінде КазПИ, КазГУ, КазПТИ, КазЖенПИ - дің оқытушылары, ҚазКСР ғылым академиясының математика институтының ғылыми қызметкерлері тыңдауға жиі келетін. Базарбай Мамбетұлының математика саласындағы ірі ғылыми, педагогикалық шеберлігі кемелденген шағында қолы жеткен жетістіктерімен шектеліп қана қалмай, Қазақстанда «Алгебра» саласын дамытуға үлкен үлес қосты. 1963 жылдан 1981 жылға дейін Абай атындағы ҚазҰПУ - да «Алгебра және сандар теориясы» бойынша жалпы қалалық семинарлар ұйымдастырып, онда осы сала бойынша жаңа ғылыми жетістіктер туралы баяндамалар талқыланып, нәтижесінде «Сборник материалов алгебраического семинара кафедры алгебры и теории чисел» деген ғылыми журналдың көптеген томдары жарық көрді. 1963 жылдары педагогикалық институттардың оқу программаларына группалар теориясы, сақиналар теориясы, өрістер теориясы деп аталатын классикалық алгебраның элементтері әлі де ене қойған жоқ болатын. Базарбай Мамбетұлының ұйымдастырған алгебралық семинар инстиуттың оқу программасына бұл мәселелерді батыл енгізіп, студенттерді ғылыми жолға баулудың жаңа бір жолын ашты. Базарбай Мамбетұлының бұл еңбегі ерекше атап өтуге тұрарлық. Өйткені педагогикалық инстиуттарға арналған мұндай деңгейдегі оқу программалары одақ көлемінде ресми түрде, тек 1970 жылдары ғана енгізілді.

Базарбай Мамбетұлы Оразбаев орыстың аса ірі математиктері Б.Н.Делоне мен Д.К.Фаддеев бастаған Галуа теориясы мен аналитикалық сандар теориясына байланысты, математиканың күрделі есептерін шешу жолында жаңадан дербес Дирихле қатарларын ойлап тауып, оларды Абсолют Абельдік өрістердің таралуларын зерттеуге қолданды. Өзінің ғылыми жетістіктері туралы математика мамандығы бойынша республикалық және халықаралық симпозиумдер мен конференцияларда бірнеше дүркін баяндамалар жасады. Базарбай Мамбетұлының ұйымдастыруымен 1969 жылы Алматыда «Алгебра» және «Сандар теориясы» бойынша бүкілодақтық симпозиум өтті, онда КСРО - ның аса ірі математиктері қатысып, Оразбаевтың және оның оқушыларының ғылыми еңбектернің жоғары деңгейде екендігін атап өтті, нәтижесінде «Всесоюзный симпозиум по теории чисел» деген ғылыми еңбек жарық көрді. Базарбай Мамбетұлының сүбелі еңбегінің бірі ретінде Уразбаев Б.М. «Асимптотические формулы в алгебре» монографиясын айтуға болады. Онда әртүрлі типтегі Абсолют Абельдік өрістердің дискриминанттары сипатталып, берілген дискриминанты бойынша өрістердің саны есептелді және Абсолют Абельдік өрістердің таралу заңдары зерттелді. Базарбай Мамбетұлы Оразбаевтың «Алгебра және сандар теориясының» әртүрлі салалары бойынша 100 - ден астам ғылыми - методикалық мақалалары мен оннан астам оқу - методикалық құралдары жарық көрді. Соның ішінде «Алгебра және сандар теориясы»

пәні бойынша педагогикалық институттар мен университеттерге арналған

Б.М. Оразбаевтың «Анықтауыштар теориясы», «Сандар теориясы» деп аталатын қазақ тілінде жазылған ең алғашқы оқу құралдарын атауға болады.

Базарбай Мамбет ұлы Оразбаевтың оқу - ағарту саласында көптеген жылдардағы еңбектері ескеріліп, бірнеше дүркін университеттің, ғылым және білім министірлігінің грамоталарымен, «Қазақ КСР оқу - ағарту үздігі», «КСРО оқу - ағарту үздігі» медальдерімен марапатталған. «Қазақ КСР - нің енбек сіңірген ғылым қайраткері», «КСРО - ның енбек сіңірген жоғары мектеп қызметкері» атақтарын және «Құрмет белгісі» орденін алған.

Базарбай Мамбетұлы Оразбаев жетекшілік еткен жиырмадан астам аспиранттарының басым көпшілігі өзі қызмет жасаған педагогикалық институттың түлектері, өзінің шәкірттері болатын және олардың көпшілігі кандидаттық диссертация қорғады. Бұл күнде оның шәкірттері республикамыздың әртүрлі жоғары оқу орындарында, көптеген ғылыми мекемелерде абыроймен еңбек етіп жүр және оның ғылыми ізденістерін жалғастыруда, солардың ішінде мысалы, А.Бөлен «Абсолют Абельдік өрістердің конструктивтік сипаттамалары және оның кейбір қолданылулары» монографиясын айтуға болады.

Базарбай Мамбетұлы көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз ғана емес, сонымен қатар үлкен жүректі азамат еді. Оның шәкірттеріне деген қамқорлығы ерекше болатын. Көпшілікке оның кішіпейілдігі, қарапайымдылығы қатты ұнайтын. Ол өзінің үлкен атақтарын алға тартып, ерекше құрмет талап етпейтін еді. Қазір Абай атындағы ҚазҰПУ - нің физика-математика факультетіндегі бір аудитория Базарбай Мамбетұлы Оразбаевтың есімімен аталады. Осы аудиторияға кірген сайын біздер, Базарбай Мамбетұлы шәкірттеріне қадірлі ұстазымыздың адамға жылы қабақпен қарайтын мейірімді, келбеті бейнесі көз алдымызға келіп, асықпай сөйлейтін майда қоңыр үні құлағымызға жеткендей болады.

Қапал Көксалов, физика - математика ғылымдарының докторы, профессор, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің кафедра меңгерушісі, Бөлен Аманкелдi, физика - математика ғылымдарының кандидаты, профессор, Рымкүл Капарова, аға оқытушы.

751 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы