- Қаржы
- 06 Сәуір, 2017
СИЫР САУУДЫҢ РОБОТТЫҚ ТӘСІЛІ тәулігіне 8 тонна сүт өндіруді қамтамасыз етуде

Оңтүстік Қазақстан облысының Ордабасы ауданындағы «Бөрте Милка» сүт-тауарлық фермасы өндірісті жаңғырту шеңберінде швед технологиясы бойынша сауу цехын іске қосып, тәулігіне 8 тонна сүт өндіруге қол жеткізді.
ОҚО әкімнің баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған ферма Швецияның «DeLaval» компаниясының озық технологиясын пайдалана отырып салынған, Өңірде баламасы жоқ бұл кәсіпорын республика бойынша ең заманауи сүт-тауарлық фермаларының алғашқы үштігіне кіреді. Компания кешені толығымен роботтандырылған. Кешенде бүгінде 408 бас сауын сиыр бар. Үш мезгіл сауылатын бір ірі қараның тәуліктік орташа өнімділігі 30-32 литрге пара-пар. Аймақта сиырды робот сауатын жаңа кәсіпорын тәулігіне 8 тонна сүт өндіреді. Сүт-тауарлық фермасында 6 робот-сауыншы, автоматтандырылған көң алғыш құрал-жабдық, жемдеу үстелі, салқындату, метеостанциялы желдеткіш, сиырлардың күйлілігін анықтау камералары, сүт сауу аппараттары бар сүт құбыры орналасқан. Негізгі 400 басқа есептелген кешеннің инвестициялық көлемі 9,4 млрд. теңгені құрайды. Бұл кешен облыста сүт өндірісін жаңа деңгейге көтеруге және импорттық өнімге тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді. Жаңа фермада 6 мал дәрігері, 2 тұяқшы, 2 ұрықтандырушы жұмыс істейді. Сиырлардың құлағында сырға орнатылған. Сауын орнына сол арқылы кіріп шығады. Айта кетейік, облысқа жылына 738,4 мың тонна сүт және сүт өнiмдерi қажет деп есептелінеді. Қазіргі күні нақты өндiрiлетiнi – 740,6 мың тонна. Облыс бойынша iрi, орта және шағын сүт өндiрушi 61 агроқұрылым жұмыс iстеп жатыр. Озық технологиямен жабдықталған жалғыз сүт-тауарлық фермасының жұмысымен ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру бойынша өткен көшпелі семинарға қатысушылар танысты. Семинар кеңесте өңірдегі сүт пен құс шаруашылығында бірлескен кооперативтер құрып, өнім көлемін арттыру жайы талқыланды. Онда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары кооперативтерді құрудың талаптары мен артықшылықтары жайында пайдалы мағлұматтар ұсынды. Ал қаржы ұйымдарының өкілдері ауыл шаруашылығын қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар жайлы айтып, субсидия мен несие алудың тәртібін түсіндірді. Семинар-кеңеске қатысушылар сонымен қатар, бүгінде өнімін алыс-жақын шетелге экспорттап жатқан «Ордабасы құс» кәсіпорнының жұмысымен де танысты. Кәспорын жылына 8110 тонна тірі салмақта күркетауық етін өндіруге қауқарлы.
Ибраш Тұрымбет

2028 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *