• Өндіріс
  • 17 Мамыр, 2017

Болаттың «неміс» зауыты

Ақ Жайық өңіріндегі отандық өндіріс орындарының қатары жыл санап толыға түсуде. Сондай жаңа өндірістік ошақтардың бірі – ұсақ бетон бұйымдарын шығаратын зауыт.

Индустрияландыру картасы аясында «Спец­стройсервис» ЖШС-ның ұсақ бетондық бұйым­дарды шығаратын зауыт құрылысы жобасы сәтті жүзеге асты. Зауыт құрылысы 2015 жылы аяқталғанмен, оны іске қосу 2016 жылға кейін ысырылған еді. «Hess-Oral» ЖШС-ның директоры Болат Шәкімовтің айтуынша, құны 870 млн. теңге тұратын жобаны «жандандыруға» одан көбірек, яғни «Сбербанк» АҚ-ның еншілес банкінің Оралдағы филиалынан «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының облыстағы филиалының кепілдігімен несиелік және қомақты жеке қаражат жұмсалған. Кәсіпкер қолындағы сағаты мен ұялы телефонынан басқа мүліктерінің барлығының кепіл­дікке салынғанын айтып, әзілдеп қойды. – Орал шаһарының басшысы болған кезімде кәсіпкерлерге өндіріс ашыңыздар, өңірді дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға үлес қосыңыздар деуші едім. Озық өндірістік технологияны таңдауда көп ойланып, толғандым. Құрылыс индустриясы саласына құрал-жабдық шығарудан әлемдік үздіктердің қатарынан табылатын неміс компаниясын қолайлы көрдім. Ауызбен айтуға оңай, іс жүзінде банктерден қолдау табудың, қағазбастылықтың қиындығын көрдім. Бірақ бастаған шаруамды аяғына дейін апарайын деп намысымды жаныдым, – дейді Болат Әдиетұлы. Орал қаласының Желаев өндірістік аумағында орналасқан оның жаңа зауытында ұсақ бетон бұйымдарының сегіз түрі шығарылуда. Өнім түрлерін өндіруге жергілікті және көршілес Ақтөбе облысынан әкелінетін шикізат пайдаланылады. Қазіргі уақытта кәсіпорын күніне 1 мың шаршы метр өрнектас, жол плиталарын, 2 шақырымдық жиектас (бордюр), 8 мың дана қабырғалық блоктарын өндіреді. Зауыттағы технологиялық жабдықтардың барлығы «Hess-GROUP» компаниясынан, өндірісшінің өзінен тікелей сатып алынып, орнатылды. Ол – әлемге танымал, Еуропа, Солтүстік Америка, Азия елдерінде еншілес фирмалары бар бетондық индустрия жабдықтарын шығаратын немістің машина жасау компаниясы. Сондықтан жаңа зауыттың өнімдері еуропалық технологиямен, неміс сапасымен жасалған деу орынды. Әдеттегі бетон өнімдерінің «өмір сүру» жасы үш жыл болса, жаңа кәсіпорынның өнімдеріне 25 жылға кепілдік беріледі. Өндіріс автоматтандырылған, барлық жұ­мыс үдерісі комьютермен басқарылады. Неміс компаниясының мамандары қашық­тық­тан жұмыс барысын, технологиялық жаб­­­дық­­­­тардың қызметін бақылап отырады. Қазіргі уақытта зауыт өнімдері облыс аумағына шығарылуда. Сонымен қатар көр­шілес облыстарға да шығару жайы шешілуде. Өндірісшінің мамандары келіп, зауыт­тағы­ларды жабдықтармен жұмыс істеуге үйретті. Алты жігітті операторлыққа оқытуға 27 миллион теңге қаражат жұмсалды. Қазір кәсіпорында ұзын саны 30 адам нәпақасын тауып жүр. Ал соның ішінде өндірістік цехта 20 адам жұмыс істейді. Конвейерінен дымқыл бетон блоктарын «балапандатып» жатқан машинаға екі оператор басшылық жасаса, өзгесі өнімнің сапасын қарайды және дайын өнімді әрі қарай кептіруге әкетеді. Дымқыл блоктар инфрақызыл сәу­ленің көмегімен арнайы жабдықталған бөлек орында кептіріледі. «Бізде Оралдың және қалаға жалғас Желаев, Құс фабрикасы шағынаудандарының тұрғындар жұмыс жасайды. Жұмысымыз ырғақты. Жұмысшылар жасалған жұмыс ауқымына сай жалақы алады», – деді өндіріс бастығы Сергей Чечиков. «Hess-Oral» ЖШС директоры Болат Шәкімовтің айтуынша, Оралда Зашаған кен­тін­дегі саябақта, облыстық мәслихат ғима­раты алдына зауыттың өрнектасы төселген. Немістің технологиясымен жасал­ған жиектастар өзге технологиялы өнімдерге қара­ғанда сапалы. Сондықтан жаңа кәсіпорынның өнімін пайдалану бюджет қаржысын үнемдеуге жол ашатыны кәміл. Сондай-ақ шаһардың шағын көшелеріне осы зауытта өндірілген жол плиталарын төсеудің артықшылығы айқын. Өйткені олар әдетте төселетін асфальтты қабатпен салыстырғанда, ұзақ мерзімге мұрты бұзылмай, сапалы күйінде сақталады. Немістің сапасына қызыққан кәсіпкер Болат Шәкімов «төл туындысы» немістің зауытын салып алып тоқмейілсіп жүрмеген сыңайлы. Енді ол Тасқала ауданы жағындағы опока кен орнының шикізатынан сапалы құрылыс материалын өндіргісі келеді. Сондықтан инвестор іздейді. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» демекші, бұл шаруаны бірлесіп бастап, аяқтауға бір жақсы табылар деген үмітте.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА

1438 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы