• Қаржы
  • 25 Мамыр, 2017

Теректіліктер жаңа емхана салынса дейді

Мемлекеттің дамуы халықтың денсаулығымен тығыз байланысты екендігі әлімсақтан белгілі. Сондықтан да Елбасымыздың «Қазақстан-2050»  стратегиясында халық денсаулығын сақтау мәселесі басты назарға алынды. Соңғы жылдары Батыс Қазақстан облысында, соның ішінде Теректі ауданында да медицина саласында оңды өзгерістер мол. Аудан тұрғындары биыл аудандық орталықтандырылған  ауруханаға күрделі жөндеу жасалады деп қуануда. Сонымен катар, тозығы жеткен  аудандық емхана ғимаратының орнына жаңасы салынғанын калайды.

Жалпы, ауданның медицина саласында оңды өзгерістері мол. Аудан тұрғындарына екі аурухана дәрігерлік қызмет көрсетеді. Оның бірі – аудан орталығындағы орталықтанды­рыл­ған аурухана, екіншісі – Еңбек ауылында­ғы аудандық аурухана. Жалпы, аудандағы 40 мың халықтың 28 мыңы орталықтандырылған ауруханаға қарайды. Негізі бұл аудан өзге аудандармен салыстырғанда, дәрігер мамандармен барынша толықтай қамтылған деуге болады. Өткен жылы облыстық ден­саулық сактау басқармасының жолдамасымен орталықтандырылған ауруханаға жо­ғары білімді бес жас маман жұмысқа келді. Олардың ішінде үш жалпы тәжірибелік дәрігер, хирург, эпидемиолог мамандары бар. Одан басқа, орта медициналық білімді алты маман жұмысқа қабылданды. «Адам жанының арашашысы» атанған мамандар өз білім-біліктерін үнемі жетілдіріп отыруы тиіс. 2016 жылы 23 дәрігер, 46 орта арнаулы білімді медқызметкер біліктілігін жетілдірген және бір маман «Болашақ» мем­ле­кеттік бағдарламасы бойынша Корея Республикасында екі айлық тағылымдамадан өтті. – Алдағы уақытта зейнеткерлікке шығатын дәрігер­лердің орнына жас мамандарды тарту жұмыстары бүгіннен бастап жүргізілуде. Тұрғындар саны 400-500-ден аспайтын, газы, суы жоқ, шалғайдағы Төңкеріс, Шөптікөл елді мекендеріне жас мамандарды жұмысқа жолдау қиындау соғады. Соған қарамастан Төңкеріс ауылындағы фельдшерлік-акушер­лік пунктке дәрігерлер отбасы жұмысқа келді. Оларға аудандық әкімдік тұрғын үй бөліп, тиісті қамқорлық көрсетті, – дейді Теректі аудандық орталықтандырылған ауруха­насы­ның директоры Мадияр Өтешев. Аудандық орталықтандырылған аурухана­ның екі қабатты ғимараты 1984 жылы салынған. Содан бергі 33 жыл ішінде жөнді жөндеу көрмеген. Өткен жылы ауруханаға күрделі жөндеу жасау үшін жобалық-сметалық құжаттамасын жасақтауға облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Тиісті құжаттама жасалып, мемлекеттік сараптамадан өткізілген. Енді мердігер компания анықталуда. Аурухананы күрделі жөндеуден өткізуге облыстық бюджеттен 490 млн. теңге бөлінді. Жөндеу жұмыстары көктемде басталады деп күтілуде. Ал аудандық емхананың ғимараты меднысанға ыңғайластырылған, 1972 жылы салынған. Бұрын онда қонақүй болған. Емхана ауысымына 250 адам қабылдауға есептелгенмен, іс жүзінде 100-120 адам қабылдайды. «Орынның тарлығынан бір кабинетте түрлі аурулармен келген науқастарды үш дәрігер бір мезетте қарайды. 2014 жылы жаңа үлгідегі емхана құрылысына жобалық-сметалық құжаттама дайындалды. – Қазіргі уақытта емхананың жобалық құны 1 млрд. 800 млн. теңге шамасында деп бағаланып отыр. Тиісті қаржы көздерінен қаржы бөлініп жатса, аудан тұрғындарын алаңдатқан көкей­кесті мәселе шешіледі деген үмітіміз бар, – деді Мадияр Амангелдіұлы. Аталмыш аурухана басшысының айтуынша, аурухана жанында «Жедел жәрдем» көмегі бөлімшесі жұмыс істейді. Өткен жылы Подстепныйдагы дәрігерлік амбулатория жанынан тәуліктік шұғыл медкөмек пункті ашылып, жұмыс істеуде. Аталмыш ауруханада 12 «Жедел жәрдем» көлігі болса, соның біреуі – реанимобиль. Барлық дәрігерлік амбулаториялар көлікпен қамтылған. Биылдың өзінде аталмыш мекемеге төрт жаңа медкөлік берілді. Жалпы, өлім-жітімге себеп болатын жіті миокард инфаркты, ми қан айналымының жіті бұзылысы (инсульт), қатерлі ісіктер, жарақаттар, жүкті әйелдер мен перинаталдық кезеңнің патологиялары аурулары бойынша «Жол картасы» бағдарламасы шеңберінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастамасымен 12 арналы ЭКГ-аппараты, СМАД, Холтер жабдығы және шала туған нәрестелерге арналған кувез бесігі алынды. Аталмыш аурухана бойынша тегін медициналық көмек көрсетудің кепілді көлемі шеңберінде биыл 10500 науқасты тегін дәрі-дәрмекпен қамтуға 80 млн. теңге қаражат бөлінді. Биыл аудан бойынша 14 нысанды, яғни медпункттер мен дәрігерлік амбулатория ғи­ма­раттарын күрделі жөндеуге жобалық-сме­талық құжаттама дайындауға қаржы бөлін­ген. Бір сөзбен айтканда, аудандық ден­сау­лық сақтау саласының табысты дамуына барлық жағдай жасалуда. Тек аудан тұрғындары әбден ескірген аудандық емхананың орнына заманауи жаңа ғимарат салынса екен дейді.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА, Теректі ауданы, Батыс Қазақстан облысы

841 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Нұртөре

17 Тамыз, 2020

Емхана тапшылығын көріп отырған өңірлер аз емес. Дәрігерлер, медицина саласы білікті мамандарының жетіспеушілігі де бар. Осы мәселелердің шешімін табуға тырысып жатқанмен, толық шешілмей келеді.

Жасай

17 Тамыз, 2020

Көп жерлерде дәрігерлік амбулаториялардың жағдайы мүшкіл.

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы