• Өндіріс
  • 25 Мамыр, 2017

Мал баққанға бітеді

Жетпісбай Бекболатұлы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кафедра меңгерушісі e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Бүгінгі таңда қарыштап дамып келе жатқан салалардың бірі – азық-түлік және тамақ индустриясы. Кезінде үлкен жаңалық саналған жартылай дайын өнімдер даярлау технологиясы бертінде химиялық жасанды тағам синтездеу әдістеріне ұласты. Бұл, бір жағынан уақыт талабы. Себебі, жер бетіндегі халық саны дәрігерлік көмектің жақсаруына орай жылдан-жылға артып, оны асырап-сақтау мемлекеттер мен үкіметтер алдына тосын міндеттер қоюда. Бұл орайда халықаралық ұйымдар егіс алаңдары мен мал жайылымдары жөнінен әлемдегі алдыңғы қатарлы орындардың бірін алатын Қазақстан сияқты кең-байтақ елдердің әлеуеті толық көлемінде пайдаланылмай отырғанына назар аударуда. Отандық агроөнеркәсіптік кешен алдынан әлемдік нарық есігі айқара ашыла қоймаса да, көптеген экспорт тармақтары бойынша сұраныс­тың пайда болуы жағымды нәтиже беріп отыр. Болашаққа бағдарланып, сауатты жүргізілген маркетингтік саясат арқасында тек Азияда ғана емес, сондай-ақ Шығыс Еуропада да саудамыз жүруі әбден мүмкін. Бұл орайда астық пен ұн бойынша Қазақстан қысқа мерзімде әлемдегі ірі экспорттаушы елдердің қатарына кіргенін атап өткен орынды. Ал, ет пен май секторлары бойынша қылаң берген мүмкіндіктен айрылып қалмау үшін бүгінде агроөнеркәсіптік кешен қызметкерлері бір кісідей жұмыла еңбек етуде. Дегенмен, «қолдың қысқалығының» салқыны тимей отырған жоқ. Бұл, ең алдымен халықаралық экономикалық ахуалға байланысты. Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа және Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі ел алдынан жаңа мүмкіндіктер ашқанымен, сонымен қатар ішкі нарықта да, сыртқы нарықта да бәсекеге қабілеттілікке қатысты жоғары талаптар қойып отыр. Осыған байланысты агроөнеркәсіптік ке­шен­ді мемлекеттік реттеу қажеттігі туындауда. Тамақ өнімдерінің анағұрлым сұранысқа ие түрлеріне баса назар аудара отырып, ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемін ұлғайту және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын дамыту мақсатында бәсекеге қабілетті өнімді бастапқы қайта өңдеу, сақтау мен өткізу үшін қолайлы жағдай, сондай-ақ инфрақұрылым жасау жолымен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді мемлекеттік қолдау қажеттігі дау туғызбайды. Соңғы екі жылда жүргізілген талдау тамақ өнімдерінің ішкі нарығында, оның ішінде отандық кәсіпорындарда дәстүрлі түрде шығарылатын сары май мен өсімдік майы, ірімшік пен сүзбе, шұжық өнімдері мен қант, жеміс-көкөніс және ет консервілері сияқты азық-түлік тауарларының түрлері бойынша айтарлықтай дәрежеде импорт барын көрсетіп отыр. Бұл ретте елімізде өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу үлесінің төмендігі және қайта өңдеуші кәсіпорындардың өндірістік қуатының жете жүктелмегендігі байқалады. Жалпы мал шаруашылығы өнімінің көлемі бұдан екі жыл бұрын 1,5 трлн. теңгені құрады, бұл нақты мәнде 2011 жылдың деңгейінен 5,1 пайызға жоғары. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы құрылымындағы саланың үлесі 44,4 пайызды құрады. 2016 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ірі қара мал басының саны 2011 жылмен салыстырғанда 8,3 пайызға, жылқы – 28,7 пайызға, қой – 1,5 пайызға, құс – 8,3 пайызға ұлғайған. 2015 жылы мал шаруашылығы өнімдері өндірісінде жеке қосалқы шаруашылықтардың үлесіне жалпы өндіріс көлемінің ет бойынша 62 пайызы, сүт бойынша 80 пайызы, жұмыртқа бойынша 26 пайызы тиесілі болды. 2016 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еттің барлық түрінің өндірісі 931,0 мың тоннаны құрады, бұл көрсеткіш 2011 жылмен салыстырғанда 0,9 пайызға төмендеген. 2015 жылдың қорытындылары бойынша тұтыну құрылымында сиыр етінің импорты 3,7 пайызды, шошқа еті бойынша – 3,9 пайызды, жылқы еті бойынша – 3 пайызды, қой еті бойынша – 0,01 пайызды құрады, бұл аталған өнім түрлерінің жоғары экспорттық әлеуетін білдіреді. Құс еті өндірісінің өсуіне қарамастан аталған өнім бойынша импортқа тәуелділік дәрежесі жоғары (54 пайыз) күйінде қалып отыр. Барлық түрдегі сүт өндірісі 2015 жылы 5182,4 мың тоннаны құрады. Сүтті қайта өңдеу өнімдерін тұтыну құрылымында импорттың үлесі 10 пайыздан 40 пайызға дейін құрайды. Жұмыртқаның ішкі өндірісі ішкі нарықтың қажеттілігін толық жабады. Тауарлы жұмыртқаның экспорты жалпы өндірістің шамамен 2 пайызын құрайды. Мал шаруашылығындағы субсидиялау құралда­ры сатып алынған асыл тұқымды жануарлардың құнын кемітуге, селекциялық-асыл тұқымдық жұ­­мыс жүргізуге, малды қолдан ұрықтандыруға арналған шы­ғындарды арзан­датуға, мал шаруашылығы өні­мін өндіру құнын төмендетуге бағытталған. Мал шаруа­шылығын мемлекеттік қолдау көлемі 2015 жылы 2011 жылмен салыстырғанда 3 есеге ұлғайды. Мемлекеттік қолдау шараларымен мал шаруашылығының барлық бағыттары қамтылды. Жалпы сиыр етін өндіру көлемінің 6 пайызы субсидиялаумен қамтылды. Бұл ретте сиыр етін өндіру көлемінің 70 пайыздан астамы жеке шаруа қожалықтарына тиесілі, ол субсидияланбайды. Жалпы сүт өндіру көлемінің 4,7 пайызы субсидиялаумен қамтылды. Осындай деректерді өзге өнім түрлері бойынша да келтіруге болады. Мұның өзі жеткілікті дәрежеде күтім болған жағдайда мал басы мен оның өнімділігін әжептәуір арттыруға болатындығын көрсетсе керек.

1348 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы