• Өндіріс
  • 25 Мамыр, 2017

КӨКТЕМГІ ТІРЛІК КӨҢІЛ ҚУАНТАДЫ

Алматы облысында дала жұмыстары жинақталып  келеді

Облыс әкімі Амандық Баталов көктемнің шуақты сәттерінде кеңседе тағат тауып отыра алмайды. Аймақтағы дала жұмыстарының жай-күйімен танысқанды, шаруа адамдарымен кездесіп, пікір алысқанды жақсы көріп тұрады. Әкімнің бұл жолғы сапары Жамбыл ауданындағы «Green farm» шаруа қожалығының жеміс бағын аралаудан басталды.

Фермер Махмет Мимикенов бас­қаратын шаруа қожалығы биылдан бастап үш жыл ішінде 220 мың дана жаңғақ ағашының «Чандлер», «Франкет» сортты көшеттерін 800 гектар аумаққа отырғызып жатыр екен. Бұл мақсатқа жұмсалған жобаның алғашқы кезеңіндегі инвестиция көлемі 1,8 млрд теңгені құрапты. – Жуырда 200 гектарға 40 мың көшет ектік, – дейді шаруашылық басшысы Махмет Мимикенов. – Бақтың 400 гектарына тамшылатып суару әдісін қолданатын боламыз. Ол үшін қазіргі кезде 2 ұңғыма бұрғыланып, француз технологиясы бойынша су жинау үшін 5 мың текше метрлік екі бассейннің құрылысы аяқталды. Жалпы бір ағаштан алғашқы 4-5 жылда 5 келіден, одан кейінгі 10-11 жылда 180 келіге дейін өнім жинауды жоспарлап отырмыз. Облыс әкімі А.Батталов фермер Мимикеновтер отбасының бұл игі бастамасына «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қолдау шараларын қарастыруды облыс­тық кәсіпкерлік және ИИД басқар­масының басшысы М.Мұратқа тап­сырды. Сапар барысында әкім су және газға арналған полиэтилен құбырларын, фланцтер, фитинг­тер шығаратын «Plast invest» зауы­тының цехтарында болып, жұмыс барысымен танысты. Зауыт өткен жылдың 9 айында 1912,6 млн тең­генің өнімін өндірген. Сүт өндірісі де облыс әкімі Амандық Баталовтың назарынан тыс қалған жоқ. Қарақыстақ ауылын­дағы «Табыс» шаруа қожа­лығының 600 басқа арналған сүт кешені өнімді еңбек етуде. Оның жобалық құны 1 млрд 780 млн теңгені құрайды. Сүт кешеніне Украинадан 300 бас асыл тұқымды сиыр сатып әкелінген. Кешен жылына 6 тонна сүт шығаратын қуатқа ие. Кешен директоры Талғат Естібеков­тің айтуынша, алдағы уақыт­та сүт өңдейтін зауыт салу жос­пар­ланып отыр. Ол үшін арнайы жер бөлініп, құжаттары дайындалған. Аймақ басшысы «Алматы Сұңқар құс фабрикасы» ЖШС-не арнайы барды. Жобалық құны 1,2 млрд теңгені құрайтын зауыт нарықта 2012 жылдан бері еңбек етуде. 2016 жылы мұнда 42,4 млн дана жұмыртқа өндірілді. Биылғы жылы 80 млн дана, 2018 жылы 130 млн дана жұмыртқа өндіру жоспарланған. 750 млн теңгеге фабрикада кеңейту және жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, жаңа құрал-жабдықтар мен құс басы сатып алынды. Мұнда жұмыс істейтін 80 адамның ең төменгі жалақысы 172 мың теңге. Бұл туралы облыс басшысына фабрика директоры Дмитрий Чалых баяндады. Амандық Баталов жұмысшыларына жағдай жасап, барлық заңнама талаптарына сай жұмыс істеп отырған осындай кәсіпорындар басқаларға үлгі бола алатынын айтты. Жамбыл ауданына жасаған жұмыс сапарының соңында облыс басшысы Ұзынағаш ауылы­ның егжей-тегжейлі жоспарымен та­ныс­ты. – Жамбыл ауданы жер бедері жағынан да, климаты жағынан да ауыл шаруашылығы бойынша кластер құруға өте қолайлы аймақ. Бүгінгі көрген «Империя Фуд» ЖШС-ның айналасында ет кластерін құру керек. Шағын шаруашылықтарды кооперативтерге бірік­тірудің базасында осындай іргелі, жаңа технологиямен жұмыс істейтін, сапалы өнім шығаратын, техникалық жағынан қамтамасыз етілген кәсіпорындар болса, өні­мін өткізу, тасымалдау жағынан шаруа­ларға да қо­лайлы болар еді. Жалпы отандық кәсіпорындарды, өз өнімдерімізді қолдау шараларын нығайта түсуіміз керек, – деді сапар соңында Амандық Баталов. Жетісу өңіріндегі бүгінгі тірлік – қызу еңбектің өрісі ертеңгі молшылықтың кепілі болары сөзсіз. Өңірде көктемгі дала жұмыс­тары жинақталып келеді. Қызылша дақылының да шығымы көз қуантады.

Ибраш Тұрымбет

1502 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы