• Өндіріс
  • 01 Маусым, 2017

Металлургтер сертке берік

Жетпісбай Бекболатұлы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кафедра меңгерушісі e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Қазақ ұғымында дүниедегі ең төзімді, берік затттардың бірі құрыш саналады. Ал, сол құрышты сүтше сапырған, қамырдай илеп, сағызша созған металлургтер еңбегі қандай мақтауға да татырлық. Жер қойнауындағы қазынаны халық кәдесіне жаратып жүрген осынау мәртебелі мамандық иелері еліміздің ертеңіне еңбек етуде. Қазақстанның дәстүрлі металлургиялық және кен өндіруші өнеркәсібі пайдалы қазбалардың бай қорымен үйлесе отырып, ел экономикасын өрге сүйреп келеді. Заманауи металлургиялық өнеркәсіп макро­экономикалық индикаторлар құрамына айтарлық­тай әсер етеді. Металлургиялық кәсіп­орын­дардың көпшілігі негіз құраушы кәсіпорындар болып табылады, олардың жағдайының жақсы болуы жұмыссыздықтың азаюы, әлеуметтік инфрақұрылымның дамуы сияқты көптеген әлеуметтік мәселелердің шешілуіне игі ықпал етеді. Қазақстан кен өнеркәсібі мен металлургия кешені металл өңдеу бойынша 30 шақты жаңа кәсіпорынды дамытуға есептелген, мұнда жоғары технологиялық тауарларды өндіру қарқынын арттыруға және экспортты кеңейтуге басымдылық берілген. Металлургиялық сала өндіріс дәстүрін жалғастырушы білікті жұмысшылар мен инженер-технологтарды сақтап қалды, салада жұмыс күшін тартуға оңтайлы жағдайлар жасалуда, ма­мандардың кәсіби шеберлігін шыңдау ынталандырылуда. Республика Статистика агенттігінің мәлімет­тері бойынша таукен-металлургиялық кешен үлесі ішкі жалпы өнім құрамында 7 пайызды және еліміздегі өнеркәсіптік өндірістің жалпы көлемінің 22 пайызын құрайды. Таукен өндірісінің үлесі жалпы экспорттың 30 пайызын береді, мұнда өндірілген кеннің 80 пайызы сыртқы нарыққа жөнелтіледі. Өңдеуші өнеркәсіпте металлургиялық сала үлесіне таукен-металлургиялық кешеннің жалпы өнімінің 35 пайызынан астамы тиесілі. Таукен-металлургиялық кешен құрамына 70-тен астам кәсіпорындар мен ұйымдар кіреді, Қазақстанның индустрияландыру картасы аясында жаңа 16 металлургиялық комбинат құрылуда. Агенттік мәліметтері бойынша «Металлургия» қызметі түрлері бойынша 199 ірі және 600 орта кәсіпорын тіркелген, олардың ішінде темір кенін өндіруші 10 кәсіпорын, түсті металлургия өндіруші70 кәсіпорын, қара металлдарды қайта өңдеуші 71 кәсіпорын, түсті және асыл металлдарды қайта өңдеуші 48 кәсіпорын бар, 600 орта және шағын кәсіпорын дайын өнімдерді өндіруші болып табылады. Кен өндіру өнеркәсібі мен металлургия еліміздегі ең бәсекеге қабілетті және қарқынды дамушы салалардың бірі болып табылады. Қазақстанның жер қойнауында Менделеевтің периодтық жүйесіндегі 100 шақты химиялық элемент табылған, олардың 60-астамы коммерциялық қолданыста. Бүгінгі таңда титан өндірісі бойынша әлемдегі 3-ші орынды, мырыш бойынша 7-ші орынды, қорғасын бойынша 8-ші орынды, темір кені бойынша 13-ші орынды, мыс бойынша 15-ші орынды және болат өндірісі бойынша 35-ші орынды иеленіп отырмыз, жалпы көмір қоры 150 миллиард тоннаны құрайды. Елімізде түсті металмен салыстырғанда қара металдың артықшылығы осы қорлардың 73 пайызының жеңіл өндірілетін кен ретінде жіктелуінде, оның қиын өндірілетіні 20 пайызды құрайды және 6,9 пайызы байытуды қажет етпейтін кен болып табылады. Қазақстан уран өндірісі бойынша әлемдегі көшбасшылардың бірі, 2009 жылдан бері сирек кездесетін металдардың 15 түрінің концентратын өндіру мүмкіндігін иеленуде, өндіріс көлемі жыл сайын 1,500 тоннаға дейін артуда. Қазіргі таңда Қазақстанның қара металлургиясы шойын, болат, тапталған және ферроқорытпа бұйымдарын шығаратын, толық өндірістік цикл қуаттылығы бар кәсіпорындар арқылы танылады. Темір кенінің барланған қоры 8,7 млрд. тоннаны құрайды. Қара металлургия өнімдерінің 70 пайызынан астамы сыртқы нарыққа жөнелтіледі. Қара металлургия кәсіпорындары аумақтық тұрғыдан республиканың төрт облысында-Қостанай, Қарағанды, Ақтөбе және Павлодар облыстарында орналасқан, бұл жерлерде темір кенінің көздері мен су энергетикалық ресурстары бар. Сыртқы саудадағы ел экспортының мұнай мен газдан кейінгі екінші тауарлық тобы металдар мен олардан жасалған бұйымдар болып табылады. Салалық экспорттың сұрыптамасына Менделеев кестесінің барлық элементтері кіреді. Металлургия экспортының басым бөлігін – 52 пайыздан астамын қара металдар құрайды, мыс 28 пайыз, мырыш 7 пайыз және алюминий 4,8 пайыз. Қазақстанның металлургиялық өнімдерді өткізетін негізгі нарықтары Қытай, Ресей, Түркия, Жапония, Иран, Германия және Пәкістан болып табылады. Бағаның құрылуының басты факторлары – жалақының төмендігі, энергетикалық ресурстардың арзандығы мен амортизациялық шығындардың аздығы қазақстандық металлургтер өнімдерінің экспорттық әлеуетін көтеріп, бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Ұлы Жібек Жолы жобасының жүзеге асырылуы металлургия өнімдерін тұтынушы басты нарықтардың – Қытай мен Еуропаның ортасында орналасқан Қазақстан логистикасының инфрақұрылымын дамытуда. Сөйтіп, жаһандық металлургиялық өндіріс орталығы Азияға қарай орын ауыстыруда, мұнда Қазақстан өндіру шамасы жағынан Қытай мен Ресейден кейінгі үшінші орынды иеленіп отырғанын ауыз толтырып айтуға тиіспіз.

1576 рет

көрсетілді

8

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы