- Қаржы
- 01 Маусым, 2017
ҚАНАТЫН КЕҢГЕ ЖАЙҒАН ҚАЛА

Қызылордада сол жағалаудағы қала құрылысы басталды
Мамыр айының ортасынан ауа Сыр өңірінде жұртшылық көптен күткен қуанышты оқиғаның кәуесі болды. Сырдария өзенінің сол жағалауында жаңа қаланың бірінші шағын ауданының құрылысы басталды. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев алғашқы құрылыс нысандарының іргетасын қаласып, сырбойылықтарды осынау тарихи сәтпен құттықтады.
– Өздеріңіз білесіздер, Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуынан бастап мемлекеттің өркендеуі жолындағы барлық бастамалар Ұлт Көшбасшысы, Елбасының есімімен тікелей байланысты, – деді аймақ басшысы Қ.Көшербаев сол жағалауға жиналған көпшілік алдында. – Бүгінде Елбасының сарабдал саясатының арқасында еліміздің экономикасы кемелденген, дамудың даңғыл жолын ұстанған қуатты мемлекетке айналды. Біздің аймағымызда жасалынып жатқан игілікті істердің барлығы да Елбасының тікелей қолдауының және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың нақты көрінісі. Сол жағалауда бірінші кезекте бөлінген 9,8 га аумақта бүгін 18 көпқабатты тұрғын үйдің және 320 орындық балабақшаның құрылыс жұмыстары басталды. Мұндағы нысандар құрылыс компанияларының өз қаражаттары есебінен және мемлекеттік-жекешелік әдісімен салынуда. Қызылордада сол жағалаудағы қала құрылысы басталды. Сонымен қатар осы шағын ауданда жастар орталығы, неке сарайы, «Болашақ» университетінің, онкологиялық орталықтың және жаңаша салынған Қазақ орталық атқару комитеті ғимаратында қала мұражайы бой көтеретін болады. Олардың жобасы дайын, қаржыландыру мәселелері негізінен шешілген, 600 орындық мектеп пен тағы бір 320 орындық балабақша құрылысы жобалануда. Ең сүйінішті жағдай, Сырдария өзенінің сол жағалауын дамыту мақсатында жалпы көлемі 1 532 гектар аумаққа бүгінгі талаптарға сай заманауи үлгідегі жаңа қала салу жобасы қолға алынып, соған орай былтыр ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында алғашқы нысан – ұзындығы 1,2 км автомобиль көпірі пайдалануға берілді. Сол жағалаудағы қала құрылысының басталуына орай өткен жиында қаланың құрметті ақсақалдары құрылысшыларға баталарын беріп, алғашқы кірпіштерін қалады.
Ибраш Тұрымбет

1551 рет
көрсетілді1
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *
Жамал
17 Тамыз, 2020Жақсы жаңалық. Сыр өңірінің халқы бір марқайып қалған екен.