• Қаржы
  • 07 Маусым, 2017

МӘМС жүйесіндегі мәртебеңді анықта!

Азаматтар сақтандыру жүйесіне қосылу үшін не істеуі керек?

Ең алдымен әр азамат тұрғылықты жері бойынша емханаға тіркелуі керек. Одан кейін сол емханада тиісті медициналық көмек түрлерін ала алады. Бұл учаскелік дәрігерді үйге шақыру үшін де өте ыңғайлы. Емханаға тіркелу үшін азамат жеке куәлігін көрсетуі және еркін формада өтініш жазуы керек. Сонымен қатар, емханаға электронды үкімет порталы egov.kz. арқылы да онлайн режимінде тіркелуге болады. Порталдағы жеке кабинетке кіріп, өзіңіздің емхана тіркеуінде бар-жоғыңызды тексере аласыз. Басқа емханаға тіркелу үшін де осы портал қызметін пайдалануға болады. Порталға тіркелу үшін электронды цифрлық қолтаңба қажет. ЭЦҚ-ны Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан алуға болады, бұл тегін. Порталға тіркелгеннен кейін жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) енгізіп, жүйеге кіре аласыз. Оған қоса, емхана немесе egov.kz порталы арқылы өзіңіздің қай санатқа жататыныңызды анықтап алғаныңыз жөн. Себебі, сіз үшін төленетін сақтандыру көлемі осыған байланысты болмақ. Сақтандыру жүйесінде: жеңілдігі бар санаттағы азаматтар, жұмыскер, жұмыс беруші, жеке кәсіпкер немесе халықтың экономикалық белсенділігі төмен бөлігі сынды категориялар бар. Алдымен сіз үшін жарнаны – мемлекет пе, жұмыс беруші ме, әлде, өзіңіз бе, кім төлейтінін анықтаңыз.

Сақтандырылған азаматтар медициналық қызметтерді Қазақстанның барлық аумағында ала ала ма? Мысалы, іссапарға жіберілгендер немесе еңбек демалысындағылар медқызметті барған жерінде пайдалануына бола ма? Әлде көмек тек қана тіркелген жері бойынша көрсетіле ме?

Емханаға тіркелгеннен кейін азамат Қазақстан Республикасы аумағында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетін пайдалана алады. Еңбек демалысына немесе іссапарға байланысты Қазақстан аумағында жүрген азамат кез-келген мемлекеттік емханадан немесе ауруханадан тегін көрсетілетін шұғыл медициналық көмек ала алады. Ал жоспарлы емді тіркелген жері бойынша өз емханасынан ала алады немесе сол емхана арқылы Қормен келісімшарт бекіткен кез-келген медициналық мекемеге жолдама алуына болады. Егер азамат іссапармен немесе демалысқа байланысты шетелде жүрсе, қазіргі сияқты сол мемлекетте қолданылатын ерікті медициналық сақтандыру полисін сатып алады. Себебі, Қазақстанның міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті өзге елдер аумағында жарамсыз.

Зиянды өндіріс орындарында жұмыс істейтіндер үшін жарна төлеуде қандай да бір жеңілдіктер қарастырылған ба?

Зиянды өндіріс орындарында жұмыс істейтін азаматтар үшін мұндай жеңілдік қарастырылмаған. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заң бойынша, жұмыс істейтін тұрғындардың бәрі бірдей көлемде жарна төлейді. Атап айтар болсақ, жұмыс істейтін азаматтар жарнаны 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап тапқан табысының 1 %-і, 2020 жылдан бастап 2 %-і мөлшерінде төлейді.

Жұмыссыздар мен халықтың экономикалық белсенділігі төмен бөлігіне жататын өзге де азаматтарды медициналық көмекпен қамту жағы қалай шешіледі?

Статистикаға сүйенсек, қазір Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген экономикалық белсенділігі төмен тұрғындардың саны шамамен 1,5 миллионды құрайды. Бұл санаттағы азаматтар 2020 жылға дейін медициналық көмектің жоспарлы стационарлық емнен басқа түрлерінің бәрін ала алады. Сонымен қатар, оларға бірқатар мүмкіндіктер берілмек. Мысалы, олар тұрғылықты жері бойынша Еңбекпен қамту орталығына хабарласып, өз біліктілігіне қарай жұмысқа орналаса алады. Егер оның реті келмесе, жұмыссыз мәртебесін алады. Содан кейін жарнаны мемлекет төлейді. Бұдан бөлек, салық органдарына барып, жеке кәсіпкер ретінде тіркеледі және жарнаны өзі төлейді. Жарна 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап 2 төменгі айлықтың 5 проценті мөлшерінде төленеді. Болмаса, олар жарнаны халықтың экономикалық белсенділігі төмен бөлігінің өкілі ретінде төлейді. Бұл топтағы азаматтар жарнаны екінші деңгейлі банктер немесе Қазпошта арқылы төлейді. Ай сайынғы жарна көлемі – төменгі айлық жалақының 5 процентін құрайды.

890 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы