• Өндіріс
  • 07 Маусым, 2017

Судың да сұрауы бар

Жетпісбай Бекболатұлы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кафедра меңгерушісі e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Еділден Ертіске, Алтайдан Атырауға дейін құлашын кеңге жайып, көсіліп жатқан ұлан-байтақ қазақ даласы пұшпақтарының бірінде – көл, бірінде – шөл. Өмір нәрі – су, еліміздегі кепілді су ресурстарының жалпы көлемі табиғатты қорғау мақсатында пайдалануға, шектес мемлекеттерге берілуге міндетті ағынды қамтамасыз етуге қажет көлемді қоспағанда, жылына 23,2 км3 құрайды. Су ресурстарының негізгі көлемін жерүсті сулары орташа жылдық 101 км3 мөлшерінде қамтамасыз етеді. Оның 56 пайызы оқшау, ал қалған 44 пайызы Қытайдан, Өзбекстаннан, Ресей мен Қырғызстаннан келетін трансшекаралық өзендер ағысы есебінен қалыптасады. Тұщы судың пайдалануға бекітілген қоры 15,4 км3 құрайтын жерасты сулары, тұщыландырылған теңіз сулары мен өзге де көздер болып табылады. Қолайсыз климаттық және трансшекаралық гидрологиялық жағдайлар кезінде келешекте 2040 жылға қарай Қазақстан бойынша жерүсті ағыстарының жылына 11,4 км3 азаюы болжануда. Трансшекаралық өзендер бойынша су ағынының 2040 жылға қарай болжамды кемуі екі сценарий бойынша байқалады: біріншісі – көршілес елдер келісімдерге сәйкес немесе су ресурстарын тең бөлу кезінде өз лимиттерін толық алады, екіншісі – көршілес елдердің белгіленген квотаны арттыра отырып, су алуды ұлғайтуы бойынша қазіргі заманғы қарқын сақталады. Қазіргі таңда елдің жалпы су көлемі 22,8 км3 құрайды, жыл сайын мұның 15,5 км3-ы ауыл шаруашылығы мұқтаждары үшін, 12,2 км3-ы 1,35 млн гектар алаңды тұрақты суару мұқтаждығы үшін бұрып алынуда, ал қалған 3,3 км3-ы ауыл шаруашылығын сумен жабдықтау, көлтабандап суару, шабындықтарға су жайылту және жайылымдарды суландыру арасында бөлінеді. Ауыл шаруашылығы тұтынушылары үшін суды тасымалдау кезінде пайда болатын шығындар ирригациялық жүйелердегі пайдалы әсер коэффициенті төмендігімен түсіндіріледі. Салада суармалы жерлердің кемінде 7 пайызында немесе 95,8 мың гектарда су беру мен суарудың үнемдегіш технологиялары қолданылады. Шаруашылық мұқтаждарына су алудың болжамды орташа көлемі жылына 21 км3 болып отыр. Соңғы тұтынушы үшін су беру жөніндегі қызметтер құнының төмендігі ауыл шаруашылық тауар өндірушілердің су ресурстарын тиімсіз тұтынуына әкеліп соғуда және су үнемдеу тұрғысынан қолайсыз технологиялар мен ауыл шаруашылығы дақылдарын пайдалануға итермелеуде, су шаруашылығы және ирригациялық жүйелерге техникалық қызмет көрсетуге, оларды пайдалануға және жөндеуге мүмкіндік бермеуде. Өнеркәсіп қажеттілігіне су тарту көлемі жылына 3,8 км3 болса, оның 3,2 км3 –ы су пайдалануды және 0,6 км3–ы қайтарымсыз су тұтынуды құрайды. 2040 жылға қарай өнеркәсіптің суды қайтарымсыз тұтынуын жылына 2,6 км3-ге дейін, жылына орта есеппен 1,1 пайызға ұлғайту күтілуде, ал мұның өзі өндірісті жылына 4 пайызға және өнеркәсіптің қолда бар қуаттылықтар бойынша су пайдалану тиімділігін жылына 0,5 пайызға арттырумен, сондай-ақ жаңа қуаттылықтардың тиімділігін қолда бармен салыстырғанда 30 пайызға жақсартумен байланысты туындап отыр. Өсім негізінен алғанда газ, мұнай өндіру және қайта өңдеу, тау-кен өнеркәсібі, тамақ өнеркәсібі сияқты салаларда қамтамасыз етіледі. Қазақстанда түрлі ведомстволық қатыстылығы және меншік түрі бар 643 гидротехникалық құрылыс есепке алынған. Ұзақ пайдалану мен жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының аз көлемде жүргізілуіне байланысты су шаруашылығы нысандарындағы құрылыстардың негізгі қалыбы бұзылып, су қоймаларының лайлануына әкеледі, әсіресе көктемгі судың толуы мен тасуы кезінде техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындатады. Төтенше жағдайлар сутежегіш және суреттегіш гидротехникалық құрылыстардың техникалық жағдайының нашарлауы нәтижесінде туындауы мүмкін, 2010 жылғы Қызылағаш су қоймасында болған апат осының айқын айғағы болып табылады. Мұндай жағдайларды болдырмау үшін соңғы жылдары Сырдария өзеніндегі Көксарай суреттегішін салу, Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау сияқты ірі су шаруашылығы жобалары іске асырылды. Ал, су ағысы аса мол болған немесе соған жақын жылдарда тіпті жазда құрғап қалатын су ағыстарының өзі төтенше жағдай туындау қатерін төндіреді. Көктемгі немесе көктемгі-жазғы судың толуына байланысты пайда болған тасқындар іс жүзінде еліміздің барлық өңірлеріндегі өзендерде кездеседі. Мұндай ахуалдардың туындау ықтималдылығы Оңтүстік Қазақстандағы өзендерде ақпан-маусымға, Оңтүстік-шығыс пен Шығыс Қазақстанның таулы өзендерінде наурыз-шілдеге, тегіс жерлердегі өзендерде наурыз-шілдеге тұспа-тұс келеді. Елімізде су саласын нарықтық қатынастар жағдайында басқару мен дамытудың негізі жасалды, су ресурстарын басқарудың бассейндік қағидаты енгізілді. Саланы дамытудың, жер қойнауын, оның ішінде жерасты сулары ресурстарын ұтымды және кешенді зерттеу мен пайдаланудың заңдық базасын құру мақсатында Қазақстан Республикасының Су кодексі, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Заңы, сондай-ақ тиісті заңнамалық актілер қабылданды.

1159 рет

көрсетілді

8

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы