• Қаржы
  • 14 Маусым, 2017

МӘМС: Жарна төлеудің жай-жапсары қандай?

Медициналық сақтандыру пакетін пайдалану үшін жұмысы жоқ азаматтар алдымен ресми түрде жұмыссыз мәртебесін алуы тиістігі мәлімделді. Алайда, лайықты жұмысы жоқ, тапқан табысы жеке кәсіпкер ретінде бизнесін ашуға жетпейтін ауыл тұрғындары не істемек?

Жұмыссыз азаматтар көмектен қағылмайды. Өйткені, барлық азаматтарға арналған кепілдендірілген тегін медициналық көмек бар. Оған – жедел жәрдем және санитариялық авиация; әлеуметтік маңызы бар ауруларға шалдыққан сырқаттарға және шұғыл көмек қажет болғанда көрсетілетін медициналық жәрдем; профилактикалық екпе; дәрінің кейбір түрлерімен қамтамасыз ететін емханалық-амбулаторлық көмек (2020 жылға дейін) кіреді. Оған қоса, тұрақты жұмысы жоқ азаматтың еңбекпен қамту орталықтарына барып, ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелуге мүмкіндігі бар. Содан кейін ол азамат үшін жарнаны мемлекет төлейді. Сонымен қатар, тұрғындар өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамат ретінде «Қазпоштаның» кез-келген бөлімшесі арқылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлей алады. Жарна көлемі ең төменгі айлық жалақының 5%-ін құрамақ.

Жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтарының жұмыскерлері, базардағы сатушылар жарналарды қалай төлейді? Жалпы орнатылған салық салу тәртібі бойынша жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлерге жарналарды есептеу және төлеу Қазақстан Республикасы салық заңнамасы орнатқан шегерімдерді ескере отырып, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру нәтижесінде алған табыстан жүргізіледі. Шаруа қожалығының басшыларына, арнайы салық режимі бойынша жеке кәсіпкерлерге (оның ішінде патент бойынша) бір ең төменгі еңбекақы төлемінің 2-7%-іне дейінгі көлемде жүргізіледі. Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорына шаруа қожалығының жұмыскерлері үшін жарналарды жұмыс беруші, атап айтқанда, шаруа қожалығының басшылары төлейді. Базардағы сатушылар, егер олар кәсіпкер ретінде тіркелсе, онда сол сияқты салық салу режиміне байланысты, жалпы орнатылған тәртіп немесе арнайы салық режимі бойынша жарналар төлейді. Егер сатушы жалдамалы жұмысшы, мәселен, базардағы сатушылар болса, онда аударымдар мен жарналар жұмыс беруші есептеген табыстан саналады және төленеді.

Жұмыс берушінің жұмыскер үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлегенін не төлемегенін қалай білуге болады? Жұмыскер өз жарнасы туралы мәліметті онлайн сервистер арқылы немесе тіркелген емханасы арқылы біле алады. Сонымен қатар, міндетті медициналық сақтандыру заңына сәйкес, жұмыс беруші жұмыскердің атына аударылған медициналық сақтандыру жарнасы туралы мәліметті әр айдың 15-сінен кешіктірмей беріп отыруға міндетті.

Азаматтығы жоқ тұлғаларға медицина­лық көмек қалай көрсетіледі?

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР заңының 2-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар, егер осы заңмен өзгеше көзделмесе, Қазақстан азаматтарымен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі құқықтарды тең дәрежеде пайдаланады және міндеттерді атқарады. МӘМС туралы заңның 26-бабының 1-тармағына сәйкес мемлекеттің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналары Қазақстан Республикасы аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға 12 әлеуметтік тұрғыдан қауқарсыз санат тобының адамдарына төленбейді. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғаларға қатысты Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін (ТМККК) ұсынуға қатысты, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР кодексінің 88-бабының 5-тармағына сәйкес, егер Қазақстан Республикасы рати­фикациялаған халықаралық шарттарда өзге­ше көзделмесе, Қазақстан Республикасының аума­ғында жүрген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың айналасындағыларға қауіп төн­діретін аурулары болған кезде өкілетті орган айқын­дайтын тізбеге сәйкес тегін медициналық көмек­тің кепілдік берілген көлемін алуға құқығы бар. «Шетелдіктердің құқықтық жағ­дайы туралы» ҚР заңының 8-бабына сәйкес Қазақстан Республикасында тұрып жатқан шетелдіктер әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру мәселесінде Қазақстан азаматтарының құқықтарын пайдаланады және солар сияқты міндеттілікте болады. Осыған байланысты, Қазақстан Республикасы аумағында тұрақты тұрып жатқан шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан азаматтарымен әлеуметтiк және зейнетақымен қамсыздандыру мәселесiндегі теңдігін ескере отырып, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау және әлеуметтік-еңбек саласындағы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заң жобасының тұжырымдамасында оларға Қазақстан азаматтарымен қатар ТМККК алуда тең құқық беру ұсынылады.

1493 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы