• Бизнес & Қоғам
  • 24 Мамыр, 2012

Арқалық таңы арайлы

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев биылғы жылғы Жолдауында шағын қалалардың әлеуметтік-экономикалық даму бағытын айқындап берді. Қуатты Қазақстан дегеніміз –  ең әуелі өңірлердің қуаттылығы. Елдің болашағы экономика­да­ғы ке­лешегі зор салалардың дамуы­мен байланысты. Бұл үшін алдымен жаңа зауыт­тар көп салынып, жаңа жұ­мыс орын­дары ашылып, әлеумет­тік ин­фрақұрылым қарқынды дамуы қажет. Бүгінде әлемнің көп елдерінде осылай жасалуда. Мемлекет өз азаматтарының сон­­дай қуатты өңірлерге қоныс ауда­руына кө­мек қолын созуы тиіс.

«Үкіметке бір салалы шағын қа­­ла­лар­ды дамыту туралы ар­найы бағ­дарлама жасауды тапсырамын. Онда қаланың экономика­сын­дағы әрбір нақты бағытты әрта­рап­тандыру, әлеуметтік са­ла­ны дамыту ескерілуі қажет. Сонымен қатар, жергілікті ша­ғын және орта бизнеске қолдау көр­сету шараларын қаперде ұс­таған жөн», - деген болатын Елбасы.

1200 шақырымға созылатын Жез­қазған – Бейнеу және Арқалық – Шұбаркөл екі темір жол желілері құрылысына кірісу­дің де маңызы үлкен. Бұл жобалар Жезқазған-Арқа­лық өңірінің дамуына қуатты серпін беретін болады.

Қазіргі таңда Жолдауға сәйкес өңірлерді дамыту бағдарламасы қызу қолға алынып, атқарылар істер ауқымы белгіленді. Қайта түлеген Арқалық қаласы жасампаз істердің айқын айғағына айналды.

Оқырманға керек дерек

Географиялық орналасуы. Қостанай облысының оңтүстік жағында орналасқан Арқалық қаласы 1956 жылы құрылған. Қала облыстың Амангелді ауданымен, Ақмола облысының Жарқайың ауданымен, Қарағанды облысының Ұлытау ауданымен шектеседі.

Жер бедері. Қала аумағы негізінен Қазақ жазық бедерімен сипатталады. Жергілікті жер шығысында Терісаққкан, батысында Ашутасты өзенінің арасындағы жазықта, Торғай үстірті манында орналасқан. Қаланың шығыс бөлігінде (403м) ең биік, Ақжар өзенінің жазығы бойынша негізгі абсолюттік (305м) төменгі белгілері байқалады. Ауданың абсолюттік белгісі 330-380м болып табылады.

Топырағы. Қала құрғақ дала аймағында орналасқан. Қаланың солтүстік (көп) бөлігі сарғылт шағын аймағына жатады, аймақтың оңтүстігі –теңбілденген сортаң ашық сарғылт топырақтан тұрады. Қаланың жалпы жерінің аумағы 1558,7 мың га құрайды. Ауылшаруашылығы жер-суының аумағы 1516,9 мың га, оның ішінде 355,1 мың га, немесе 23,4% - егістік, 1148,8 мың га (75,7%) – жайылым жерін алып жатыр. Арқалық қаласының жері өзінің табиғи ерекшелігіне қарай негізінде ауылшарушылық жерінен (97%) тұрады, орман ауданы мен көгалдандыру алаңдары қаланың жер қоры құрылымында небәрі 0,36%, су асты және саз батпақ 0,53%, әр түрлі қажеттіліктерге 2,11% құрайды.

Өсімдігі. Қаланың солтүстік бөлігінде көбінесе қызыл селеу және әр түрлі шөпті қара топырақ, оңтүстік бөлігінде топырағы ашық қоңыр бетегелі-селеу және жусан шөпті болып келеді.

Табиғи ауа-райы жағдайы. Ауа райы шұғыл континенттік. Қысы салқын, жазы ыстық. Жылдық жауын-шашын мөлшері 270 мм, қаңтарда орташа температура 17 С градус, шілдеде 21-24 С градус. Вегетациялық кезеңі 170-180 тәулікке, жер бедерін қардың жабуы 139 күнге созылады.

Өзен желісі сирек. Неғұрлым ірі су көздері Ашутасты, Қараторғай, Терісаққан  өзендері болып табылады. Ірі көлдері – Жаркөл,  Талдыкөл, Шошқалыкөл. Бұдан  басқа Арқалық, Тасты, Ақжар, Бикен жасанды су қоймалары бар.

Картаға көз салыңызшы...

Облыс оңтүстігінде орналасқан ең ірі елді мекенде 26924 адам тұрады. Арқалықтың әкімшілік-аумақтық қарамағына 18 ауыл, сондай-ақ Северный, Дачный, Но­вый, Западный аталатын қала жанындағы төрт елді мекен кіреді. Арқалық өңірі аумағының жалпы алаңы 1558 мың шақырым құрайды. Халық саны 42469 адам, оның 15545-і ауылдық жерлерде тұрады.

Арқалықтан Қостанай қаласына дейін - 550, Астанаға дейін - 670 шакырым. Қала облыс орталығымен және Қазақстан Елордасымен автомобиль жолдары және темір жол арқылы байланысқан. Арқалық Қостанай облысы оңтүстігінің   мәдениет және білім беру орталығы ретінде маңызды роль атқарады. Ертеден көрші орналаскан   Амангелді және Жангелдин аудандары Арқалыққа арқа сүйейді. Осы аудандардың   жастары   білім іздеп, дәрістері негізінен қазақ тілінде берілетін   бір жоғарғы, төрт арнайы орта оқу орны бар Арқалық қаласына аттанады. Бұл оқу ордалары - Ы. Алтынсарин атындағы мемлекеттік педагогикалық    институт, Н. Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжі, Торғай     аграрлық-техникалық колледжі, медициналық кол­ледж, экономика және құқық колледжі. Сондай-ақ қалада 31 мектеп, оның ішінде екі гимназия және орта техникалық мектеп жұмыс істейді. Олардан басқа "Жас ұлан" балалар-жастар орталығы, мектепке дейінгі білім беретін "Надежда" балалар мекемесі, "Ақбота", "Золотой ключик", "Раушан" балабақшалары жұмыс істейді. Қалада музыка мектебі де бар. Облыстық Дала өлкесі тарихы мұражайының, №2 ғылыми-әмбебап кітапхананың, жасөспірімдер театрының, қалалык, мәдениет Сарайының залдары ешқашан бос болмайды. Кезінде Арқалық өнерпаздарынан тұратын "Шертер" фольклорлық-этнографиялық ансамблінің атағы бүкіл Кеңестер одағында және одан тыс жерлерде гүрілдеп тұрды. Ол күні бүгін де өнер көрсетіп, көрермендер ықыласына ие болып жүр. Биыл ол өзінің 30 жылдығын атап өтті.

Тарих беттерінен

Торғай, Арқалық десе ұлт көсемдері Алаш ардақтылары Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, туған халқының бақытын көксеген Аманкелді Иманов, Әліби Жанкелдин, Ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсарин, әділдікті ту еткен билер мен ел мен жерді қызғаштай қорыған батырлар ойға түседі. Арқалық қаласы орналасқан жердің байырғы аты - Қызылқозы. Кейін Арқалық атауын алған қала бүкіл Торғай жерімен бірге қалыптасу, даму, кемелдену кезеңдерін басынан өткізді.

Арқалық қаласының дүниеге келуі боксит кен орыны және бүгінгі күні есімі қала көшелерінің біріне берілген, кеңестің ірі геолог ғалымы, осы жерде боксит пен алюминий тотығы кенішін тапқан Алексей Николаевич Волковтың есімімен тығыз байланысты. 1948 жылы ол кен орынының мол қоры өнеркәсіптік түрде игеруге жарамды екендігін дәлелдеді. 1956 жылдың 20 шілдесі мен 24 тамызы күндері осы шексіз далаға алғашқы қүрылыс салушы комсомолдардың екі тобы келді.

Арқалықтың ресми туған күні ретінде Қазақ республикасы Жоғарғы Кеңесі президиумының Арқалық жүмысшылар кентін ашу туралы Қаулысы жарық көрген 1956 жылдың 23 қазаны саналады. Алғашқы қала салушылардың қыстың қытымыр суығы мен жаздың аптап ыстығын, ауыз су мен азық-түлік тапшылығын бастан өткізуіне тура келді. Қатаң табиғат қала салу туралы ниетті жоққа шығара жаздады. Мәскеуден келген арнайы комиссия өлкенің табиғат жағдайын зерттей келе, құрылыс салудың қисынсыздығы туралы шешім шығарды. Бүгінгі күні, арада осынша жыл өткенде, ол комиссияның айтқаны дұрыс болғанын, жаңа қаланы өзен жағасына салып, жұмысшыларды кенішке вахталық тәсілмен апарып тұрған әлдеқайда қолайлы болғанын мойындауға тура келеді, бірақ... Бірақ ол кезде "табиғатты бас идіруге" ынталылар шенеуніктерді құрылыс жұмыстарын жалғастыру қажеттігіне сендірді. Сөйтіп,  1957 жылы Кеңестер одағының мемлекеттік экономикалық комиссиясы Торғай кеніші құрылысының жоспарын бекітті. Осы жылы экскаваторшы Михаил Демченко руданың алғашқы шөмішін жер бетіне шығарды. Кейін Социалистік Еңбек Ері М.Демченконың есімі қала көшелерінің біріне берілді, ал сол тарихи шөміш пен боксит кенінің алғашқы шойтасы Дала өлкесі тарихының мұражайы алдындағы алаңда қойылды.

Болашақ қала біртіндеп өсіп, бой көтере бастады. 1963 жылы Арқалық өзі аттас ауданның орталығы атанды. Ал 1970 жылы оған жаңа құрылған Торғай облысының орталығы мәртебесі берілгеннен кейін қала тез дамып, құлашын кеңге жая бастады. Тың эпопеясының екінші кезеңінің басталуы қала тағдырына өз үлесін қосты. Бұл мәселеде басты рөлді Амангелді аудандық партия комитетінің бірінші  хатшысы Оразалы Қозыбаев атқарды. Оның мәскеулік "Правда" газетіне жолдаған ашық хаты Торғай жеріңдегі тың және тыңайған жерлерді игеруге бастау болды. Өзінің "Торғай шақырады" атты хатында ол ежелгі Торғай даласын игерудің қажеттігін негіздей отырып, дәлелдеп берді. Бұрын бұл жерде астық өсіруге болмайды деген пікір қалыптасқан еді. Кейін О. Қозыбаев Арқалық ауданын басқарып, оның қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосты. Осы еңбегі үшін ол Социалистік Еңбек Ері атағымен марапатталып, оның есімі Арқалық қаласының орталық көшелерінің біріне берілді.

Өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдары Арқалық тарихына қаланың гүлдену кезеңі болып енді. Сексенінші жылдардың соңына қарай қазіргі заманғы тоғызыншы шағын ауданы салынды. Қала тұрғындары саны 70 мың адамға жетті. Ол жылдары Кеңестер одағы ғарыш игеруде үлкен табыстарға жетіп жатты. Арқалық елдің ғарыш айлағына айналды. Бұл жерде ең қуатты ғарыш кемелерін қадағалау стансасы жұмыс істеді. Барлық ғарышкерлер дерлік Торғай жеріне келіп қонатын, олардың көпшілігі Арқалық қаласының Құрметті азаматтары атанды.

Тоқсаныншы жылдардың ортасы қала үшін құлдырау кезеңі болды. Облыс орталығы мәртебесінен айрылу, елдегі жалпы әлеуметтік- экономикалық күйзеліс көптеген кәіспорындар мен мекемелердің жабылуына алып келді. Кеңес кезінде қалыптастан "алдымен қиындықтар тудырып, кейін оны өжеттікпен жеңіп шығу" әдеті кері ықпалын тигізбей қоймады. Дағдарыс жұмыссыздықты туғызды. Халықтың үдере көшуі салдарынан жаңа мыңжылдық басында қалада бұрынғы тұрғындардың жартысынан да азы қалды. 2001 жылы қала   оңтайластыру үдерісін басынан өткерді. Қала шетіндегі жартылай босап қалған шағын аудандардың тұрғындары қала басшылығы жариялаған көш барысында орталыққа көшіп, осындағы бос тұрған пәтерлерге қоныстанды. Шет жақтағы алтыншы шағын ауданның бір бөлігі, жетінші және тоғызыншы шағын аудандар толығымен қаңырап бос қалды.

Әрине, мемлекет мүмкіндігінше Арқалыққа көмек көрсетіп отырды. Қаржы бөлді, қаланы дағдарыстан алып шығу үшін тәжірибелі мамандар жолдады. Облыс және қала басшылығы жүргізген ұйымдастыру-шаруашылық және әлеуметтік-экономикалық шаралар 2004 жылы жалпы жағдайды едәуір жақсартуға мүмкіндік берді. Коммуналдық кәсіп-орындарды жандандырып, кала­ны қайта жаңғырту жөніндегі жоспарларды жүзеге асыруға қол жекізілді. Бұл – тұрғындардың үдере көшуін тоқтатып, экономиканы тұрақтандырды. Ең ауыр жылдарды артта қалдырғаннан кейін Арқалық бірте-бірте еңсесін көтеріп, қайта жаңғыра бастады. Дағдарыс жылдары қирап қалған әлеуметтік және тұрмыс нысандары, мәдениет ошақтары қайта жаңарып, кәсіпорындар қайтадан жүмыс істей бастады. Дегенмен ең ауыр жылдары қалада Мәдениет сарайы, дра­ма театры жүмыс істеді. Мәдениет қызметкерлері қала тұрғындарымен кездесіп тұрды. Концерттер ұйымдастырып, жерлестерінің көңілдерін көтерді, олардың жүрегінде үміт отын жақты. Қала үшін 40 пәтерлі түрғын үйдің іске қосылуы жаңа өмірдің жақсы нышаны іспетті болды. Онан соң коммуналдық түрғын үй салу аясында арқалықтықтар 48-пәтерлі үйдегі жаңа пәтерлер кілттеріне ие болды. 2004 жылы 120 орындық жаңа қазіргі заман талабына сай балалар бақшасы іске қосылды, ал 2005 жылдың қыркүйек айында "Торғай LTD" өз қаражатына "Раушан" балалар бақшасын салып берді. "Алюминстрой" ЖШС Ашутасты су таратқышының құрылысын жүргізді. Сонын арқасында каланы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі шешілді. Бұл мақсатқа 600 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген-ді.

Қала экономикасының жақсаруына қала бюджетіне түсімінің үштен бірін беретін "Қазақстан Алюминиі" кәсіпорыны, "Арқалық жылу-­энергетика компаниясы", "Іскер", "Оңтүстік электр желілері" ААҚ секілді коммуналдық кәсіпорындар көп үлес қосуда. "Иволга-Холдинг" ЖШС де осындай игі істерден тыс калғ­ан жоқ. Оның еншілес кәсіпорыны -"Батыр-Г" ЖШС өз өндірісін ауыл шаруашылығы саласында да, өнеркәсіпте де қатар дамытып келеді. Бұл инвестор Целин­ное селосы алқабында астық өндіру ісіне айтарлықтай каражат қосты, ұзақ жылдар тоқтап тұрған "Армаш" зауытын аяғынан тік тұрғызды. 17 ЖШС, 400-ден астам шаруа қожалықтарынан тұратын агроқұрылым негізінен астық өндірумен шұғылданады. Оның егіс алкабының жалпы көлемі 354 мың 993 гектар, астық танабы 157 мың гектар жерді алып жатыр. Әр гектардан 10,4 центнерден өнім алып, астық тапсыру мөлшері 50 мың тоннаға жеткізді. Арқалық өңірі астык, шаруашылығы үшін аса қолайлы аймақтар қатарына жатпаса да, бұл сала табыссыз емес. Оған себепорғай бидайы сапасының жоғарылығы. Оған деген сұраныс ешқашан төмендеп көрген емес. Өзінің сипаттамасы бойынша арқалық бидайының жұмсақ сорттары да қатты сорттарынан кем түспейді.

Ең ірі инвесторлардың бірі - "Әліби" астық фирмасы. "Әліби-Сенім" ЖШС арқылы ол үлкен сұранысқа ие астық өндіреді. Бұл-аймақтағы қолында қазіргі заманғы техникалык парк бар ең озық шаруашылық. Шаруашылықтың орталығы-Восточное селосы аса жайлы, дәулетті елді мекенге айналды. Жыл сайын шаруашылық ауыл инфрақұрылымы мен оның әлеуметтік нысандарына миллион теңге бөліп отырады. Ауыл шаруашылығы саласының көшбасшылары қатарында мемлекеттік тұқым шаруашылығы кәсіпорыны-Арқалық ауыл шаруашылық тәжірибе стансасының орны бөлек. Ол орналасқан Ашутасты    ауылы әлеуметтік және өндірістік инфрақұрылымы дамыған ең ірі ауылдық елді мекен.

"Бірлік-К", "Әділбек", "Үштөбе" ЖШС секілді ауыл шаруашылық құрылымдары табысты еңбек етуде. Жылдан-жылға олар мол өнім алып, әлеуметтік салаға айтарлықтай қаражат бөле алатын табысты шаруашылықтар атын лайықты иемденіп жүр. 2005 жылдың сәуірінде Арқалыққа үкімет мүшелерінің келуі қала тарихында шын мәнінде жаңа бетбұрыс болды. Сол жұмыс сапарының қорытындысы бойынша үкімет Арқалықты қайта жаңғыртудың жобасын даярлады. Ол артта қалған шағын қалаларды жаңа экономикалық дамудың деңгейіне шығарудың беташары болды. Қала үшін болашаққа жол ашылды. Жаңа өндіріс орындары мен жұмыс орындарын ашу көзделіп отыр. Соңғы жылдардағы жағымды өзгерістерді арқалықтықтар Елбасымыз Н.Назарбаевтың шағын қалаларға қамқорлығымен байланыстырады.

Қанатты металл қазынасы

Арқалық қаласы аумағындаа алюминий өнеркәсібінің Арқалық, Төменгі-Ашут, Үштөбе, Северный, Жоғарғы Ашут, Ақтас  деп аталатын 6 боксит шикізаты кен орындары орналасқан. Осы кен орындарына отқа төзімді сазбалшық қорлары да  жатады. Сондай-ақ Жаңа Арқалық қорғасын, иттирий кен орындары зерттелген. Бұл кендердің ілеспе құрамында иттирий мен сирек топырақпен қоса мыс, цинк, кадмий, алтын, күміс, қалайы және басқа металдар бар. Кендердің басты ерекшелігі олардың жұмсақтығы мен жер бетіне жақын орналасуы. Астана қаласында және  ғимараттар мен құрылыстардың  салынуы мен қайта жаңғыртылуына байланысты, Ақжал кен орнына жедел геологиялық бағалау жүргізілді. Мұнымен бірге аймақта инвесторларды тартуға негіз болатын 37 шикізат қоры бар. Бұл құрылыстық, отқа төзімді кірпіш, керамика және керамзит, құрылыс және өңдеу тасы өндірілетін шикізат қоры болып табылады.

Жетекші қала құрушы ірі кәсіпорын – «Қазақстан Алюминиі» АҚ филиалының Торғай боксит кен басқармасы кәсіпорны. Кәсіпорын бокситтерді және отқа төзімді саз балшық өндірумен айналысады. Павлодар алюминий зауытына боксит, Ресейге отқа төзімді саз балшық шикізаттарын жеткізеді.

Құс патшалығы

Арқалық қаласындағы аумағы 56 га жерді алып жатқан «Агроинтерқұс» ЖШС тауық еті, жұмыртқа өндіру саласы бойынша еліміздегі алдыңғы қатарлы кәсіпорындардың қатарына қосылған. 2008 жылы құрылған серіктестіктің 13 құс өсіретін орны мен екі сұрыптау цехында 386 адам жұмыс істеп жатыр. Германиядан инвестиция тарту арқылы іске қосылған құс фабрикасы бүгінгі таңда 460 мыңнан астам тауық өсіріп отырса, олардан 75 мың балапан алынған. Бір секторда 25 мыңнан 45 мыңға дейін тауық ұстайтын орын жылытуды қажет етпейді, құстардың дене температурасымен қан жылы қалыпты ұстап тұрады.

Журналист жазбалары. Шумерлердің отаны Торғай болған ба? «Ежелгі шумерлердің отаны дәл осы Торғай даласы болып жүр­месін», деп сауал тастайды белгілі журналист Төреғали Тәшенов. «Табиғи тарих» ат­ты ғылыми еңбектің авторы Жорж Луи Леклерк (Бюф­фон) XVІІІ ғасырда-ақ мына­дай теория айтып кетіпті: «Бұл атты (шумерлерді айтып отыр) алып жүруге лайықты ха­лық» есте жоқ ескі заманда Кас­пий теңізінен шығысқа та­ман дүниеге келген. Бұл ха­лық «ғылым мен өнерді, басқа да адамзатқа пайдалы нәрсе­лер­ді өркендеткені үшін біздің та­рапымыздан аса үлкен құр­метке лайық. Кейіннен бұл жұмақ өркениетті жабайы­лар келіп қиратқан», - деп жа­за­ды Леклерк. Жүз жылдан кейін бұл пікірді Ежелгі Шы­ғысты зерттеушілер де қол­дап қуаттаған. Орыс офицері Николай Рыч­ков 1768-1774 жылдары Тор­ғай­да экспедицияда болған­да, «Қараторғай өзені бойы­нан ежелгі арық-каналдардың ар­наларын, тас пен кірпіштен қа­ланған алып қорғандардың қал­дығын көргенін» өзінің «Жаз­баларында» суреттеп кет­кен. Осы ка­питан Рычков қатысқан экс­пе­дицияны Екатерина пат­шайым­ның арнайы шақыр­туы­мен келген неміс оқы­мыс­тысы, академик Петр Симон Па­л­лас басқарған. Экспеди­ция аяқталған соң, Паллас Ор­талық Азияны адамзат дауы­ның ошағы деп есеп­тей­ті­нін жария еткен.

Сөз соңы. Прага қаласында Арқалық көшесі

Чехия астанасы Прага қаласында Арқалық көшесі бар. Бұл көшенің атауы Қазақстан солтүстігіндегі Арқалық қаласының құрметіне қойылған. Қазақстанның Арқалық қаласының құрметіне аталған көше 1970 жылдары салынған. Бұл – Арқалықтың дүние жүзіне дүркіреп тұрған кезі еді. Чехия астанасы Прага қаласының оңтүстік тұсында Аркалыцка көшесінің жанында Байконурска және Космицка көшелері де бар. Сырт көзге бұлар қатардағы чех көшелерінен аумайды: қызыл қыш черепицаларымен жабылған үйлердің кейбір терезелерінен үлкен-үлкен гүлдер салбырап тұр. Көше қиылыстарында кезегін күтіп тұрған кілең «Шкода» машиналары. Арқалық және Байқоңыр көшелері қатар тұр. Екі «таза қазақ көшесінің» маңында Космицка деген көше тағы бар.

Ақындар жырға қосқан Арқалықтың ақ таңы арайлап атуда. Болашаққа сеніммен көз тастаған шағын шаһардың шабытты шағы бұл.

Мұрагер Сералы

1931 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы