• Өндіріс
  • 14 Маусым, 2017

ЭКСПО-2017 – жаңа дәуір жаршысы

Жетпісбай Бекболатұлы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кафедра меңгерушісі e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Ең алғашқы өнертабыс – арбаның дөңгелегі өмірге келген сонау есте жоқ ықылым заманнан бері өгіз аяңынан танбаған технологиялық өркениет 19-ғасырдың орта тұсынан бастап су төгілмес жорға жүріске көшті. Дуалы ауыздар бұған ағылшын ақсүйектер әулетінің өкілі принц Альберт пен кәсіпкер Генри Коулдың елді елең еткізген бастама көтеріп, тұңғыш Дүниежүзілік Көрме ұйымдастыруы себепкер болғанын тиек етеді. Лондонның Гайд-Паркіндегі Хрусталь сарайында тұңғыш рет пісірілген резеңке, қалбырдағы қойылтылған сүт, «Зингер» тігін машинасы, факс-машинаның беташары таныстырылған болатын. Ал, араға төрт жыл салып Франция императоры Наполеон ІІІ-нің пәрменімен Парижде өткізілген екінші Көрмеде жұрт назарына көгал шапқыш, кір жуатын машина, алтыатар револьвер және автокөлік ұсынылған-тын. Ал, биыл Астана төрінде жұмысын бастап кеткен «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі қуаттың жаңа көзі – жасыл энергетикаға арналып отыр. Әлемдегі мұнай мен газ қоры шегірен былғарыдай жыл сайын азайған үстіне азайып, ал таскөмірді пайдалану әсерінен ауаға шығарылатын зиянды қалдықтардың артуы жер бетіндегі климатты өзгертіп отырған қазіргі заманда энергетиканың бұл бағытына балама жоқтығы аян. Білім экономикасы мен ақпараттық технологияларға ұштаса келіп, «жасыл қуат» жаңа дәуірдің, адам қолымен атқарылатын тірліктер толықтай құлтемірлер мойнына түсетін «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» жаңа заманның есігін ашып отыр. Бүгінгі шолуымызға «ЭКСПО-2017» – жаңа дәуір жаршысы» деп ат қойып, айдар тағып отырғанымыздың бір себебі, міне, осы. Осы орайда біздің еліміз айтулы ЭКСПО көрмесін Тәуелсіз мемлекеттер достастығы және Шығыс Еуропа елдері арасында тұңғыш рет өткізіп, Астанамыз осындай мәртебеге ие болған әлемдегі 35 қаланың қатарынан табылды. Жайдары жаз бойы Елорда төрінде Көрме көрігін қыздыру үшін мынау тұрған Еуропа мен Оңтүстік-Шығыс Азиядан, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінен, алып қоңсымыз – Қытайдан, бауырлас түркі елдерінен келетін миллиондаған әсемпаз жұртшылық қазақ елінің бүгінгі жетістіктерін өз көздерімен көріп, естіп-біледі. Әлбетте, мұндай алқалы жиынды аса мәртебелі меймандар – мемлекет және үкімет басылары бастап беретіні түсінікті. Айтқандай-ақ, Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин, Ресей президенті Владимир Путин, Ауғанстан президенті Ашраф Ғани Ахмадзай, Өзбекстан мемлекет басшысы Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Чехия президенті Милош Земан, Армения президенті Серж Саргсян, Сербия президенті Александр Вучич, Моңғолия президенті Цахиагийн Элбэгдорж осынау алқалы жиынның дәреже-даңқы мен атақ-абыройын асқақтата түсті. Ал, алыстан ат арытып келген Үндістан мен Люксембург премьер-министрлері Нарендра Моди мен Ксавье Беттель, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, Испания королі Филипп VI, Пәкістанның үкімет басшысы Мухамад Наваз Шариф, Сингапур парламентінің төрағасы Халима Якоб және Біріккен Араб Әмірліктерінің президент істері жөніндегі министрі Мансур ибн Зайд аль-Нахайян сынды бекзадалардың той салтанатына қатысуы оған жаһандық мән берді. Әлемнің танымал саясаткерлері мәресін қиған осынау дүбірлі шара жөнінде халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері жедел ақпарат таратуға кірісті. Осы орайда Көрмеде жұмыс істейтін газет-журнал, радио-теледидар сайыпқырандары үшін арнайы медиаорталық жабдықталғанын айта кетуіміз керек. Осы жерден 1200 журналист, оның ішінде 800 шетелдік және 400 отандық қаламгерлер ЭКСПО-2017 туралы өз оқырман-тыңдармандарын құлақтандырып отырмақ. Дүбірлі шараға тағдырлас Польша елінің өкілдері қызу атсалысып, оның ұйымдастырылу мәнері мен қыр-сырына көңіл аударып отыр. Алдағы Халықаралық ЭКСПО көрмесін өткізуден үміткер Лодзь қаласының шаһарбасы Ханна Здановска мен Мәдениет және ұлттық мұра министрінің орынбасары Павел Левандовскидің ынта-ықыласының бір сыры осында жатыр, дейді бізбен тілдескен Поляк-Қазақстан Сауда-Өнеркәсіп Палатасының Президенті, республикалық «Экономика» газеті Ақылдастар алқасының мүшесі Петр Гузовски. Даму вице-министрі Ядвига Эмилевич болса поляк локомотивтері мен трамвайлары қазіргі заманғы талаптар үдесінен шығып отырғанын тілге тиек етіп, олардың Қазақстанда да сұранысқа ие екендігін атап өтуде. Екі ел арасындағы іскерлік байланыстарды дамытуға Варшава мен Астана арасындағы тікелей әуе көпірінің ашылуы себепкер болмақ. Ұлттық LOT компаниясы бұл бағыт бойынша аптасына 4 рет ұшуды жоспарлап отыр. Поляк жағы жолаушылар ғана емес, сондай-ақ жүк тасымалы үшін де ұтымды ұсыныстар беруде. Каспий теңізіндегі Құрық портының ашылуы даму көкжиегін кеңейте түспек. «ЭКСПО-2017» поляк секциясының Бас комиссары Анджей Стефаньски мырза «біз Польша туралы сұхбатымызды ауданы 700 м2 павильонда паш етеміз. Бірінші қабатта бөліктерге бөлінген екі қабатты экспозиция құрылады. Екінші қабатта алдағы 2022 жылы өтетін ЭКСПО Халықаралық Көрмесін ұйымдастыруға Лодзь қаласын алға тартатын поляк рестораны болады. ЭКСПО кезінде біз қазіргі заманғы технологиялар көмегімен әзірленген дәстүрлі энергетикалық шешімдерді айналадағы ортаға қамқорлықпен қалай ұтымды ұштастыруға болатынын көрсетеміз. Поляк экспозициясындағы басым болатын негізгі үш тақырып – қызметті жандандыру, ормандарды қалпына келтіру және таза көмір технологиялары болып табылады. Астанадағы ЭКСПО-2017-ға поляк қатысуы аясындағы қызмет «Польша: шығармашыл адамдар, ақылды энергия» ұранын басшылыққа алады» деп атап көрсетті.

1396 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы