• Өндіріс
  • 21 Маусым, 2017

Әлем ғалымдары мен инженерлері Астанада бас қосты

Астанада 19-20 маусымда «Болашақ энергиясы: Инновациялық сценарийлер және оларды іске асыру әдістері» тақырыбымен Бүкіләлемдік инженерлер мен ғалымдар конгресі (WSEC-2017) өтті. Бұл әлемдік деңгейдегі келелі кеңес ғылымды қажетсінетін энергиялық технологиялар саласында, қазіргі заманғы энергетикадағы маңызды жетістіктер мен үрдістер бойынша тәжірибе алмасуды қамтамасыз ететін пікірталас алаңына айналып, энергиялық тиімділік деңгейін жоғарылату және энергияны өндіру мен сақтаудың озық технологияларын дамытудағы күш салудың нығаюын қамтамасыз ететін Орталық Азия, таяу және қиыр шетел ғалымдарының ғылыми-инженерлік зерттемелерін тереңдетуге кеңінен жол ашты. Конгресс ЭКСПО-2017 көрмесінiң iскерлiк бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.

Әлемнің 51 елінен келген 1000-нан астам қатысушылар, оның ішінде 300 шетелдік ғалымдар мен инженерлер бас қосқан Конгресс жұмысын WSEC-2017 Халықаралық бағдарламалық комитетінің төрағасы, Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының президенті Нұртай Әбіқаев ашып, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың құттықтауын жеткізді. «Бiздiң ел қазiргi заманғы экологиялық үрдiстердiң маңызын түсiне отырып, «жасыл экономика» қағидаларына сәйкес ауқымды технологиялық жаңғыруды бiртiндеп жүзеге асыруда. Бүгiнде қоршаған ортаны қорғау, энергия үнемдейтiн экономикаға көшу және табиғи ресурстарды үнемдi пайдалану болашақтың ақылға қонымды бiрден-бiр парадигмасы болып саналады», деп атап көрсетті Елбасы өз құттықтауында. Конгресте Біріккен Араб Әмірлігі Климаттың өзгеруі және қоршаған ортаны қорғау министрі Тани Ахмед аль-Зейоуди, Қазақстан Республикасының білім және ғылым вице-министрі Асланбек Әмірин, академиктер Олег Кузнецов пен Анатолий Гусев, т.б. құттықтау сөз сөйледі. Ал, Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Қанат Бозымбаев «Форсайт – 2050: Энергияның жаңа әлемі және ондағы Қазақстанның орны» тақырыбында, климаттың өзгеруі бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Раэ Чунг Кво «Жасыл экономиканың драйвері ретінде төмен көміртекті технологияларды дамыту» тақырыбымен, әлемнің Нобель сыйлығының лауреаты Раджендра Кумар Печаури «Климаттың ғаламдық өзгеруі, оның болашақ энергияға тигізер әсері» тақырыбымен, әлемнің Нобель сыйлығының лауреаты Мохан Мунасингхе «Энергетиканың тұрақты дамуы және теңдестірілген экологиялық өсу, инженерлер мен ғалымдардың негізгі рөлі» тақырыбында баяндама жасады. Алқалы жиын барысында энергетика саласындағы ең үздік жетістіктер мен заманауи бағыттар талқыға салынды. Ғалымдар электр қуатын өндіруде қоршаған ортаға кері әсерін тигізбейтін тың технологияларға басымдық бергенін атап айтқан абзал. Жасыл экономиканы жетілдірудің жайын кеңінен әңгімелеп, инновациялық идеяларды икемге келтіретін техниканы қолданысқа көптеп енгізудің жолдары да талқыға түсті. Конгресс жұмысы төрт блокта өтті. Атап айтқанда, «2050 жылға дейінгі әлемдік энергетика саласының даму сценарийлері перспективалары»; «Энергетикалық трилемманың балансы: қауіпсіздік, қолжетімділік және экологиялық тұрақтылық»; «Әлемдік энергетиканы және энергетикалық нарықты дамыту үдерісі, ғылыми кадрлармен қамтамасыз ету» тақырыптарына бөлініп, ғалымдар өз саласының бағыттары бойынша баяндамалар жасады. Тағы бір маңызды мәселе: халықаралық көрмеде көрсетілетін инновациялық туындылар мен заманауи ғылым өкілдерінің бір жерде тоғысуы синергетикалық нәтиже береді, дейді ғалымдар. «Форум көптеген мүдделі сарапшыларды айналасына жинап отыр. Бізді 20-дан астам халықаралық ұйымдар мен академиялар қолдады. Бұл өз кезегінде тақырыптың тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде өзектілігін білдірсе керек», деді WSEC-2017 Инженерлер мен ғалымдардың дүниежүзілік конгресі Халықаралық бағдарламалық комитетінің тең төрағасы, Инженерлер академиясының президенті Бақытжан Жұмағұлов. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында ХХІ ғасырдың жаһандық мәселелері, оның ішінде табиғи ресурстардың таусылуы, жаһандық энергетикалық қауіпсіздік пен үшінші энергетикалық индустриялық революция мәселелерін көтерген болатын. Конгресс жұмысы барысында, міне, осы мәселелер де жан-жақты талқыланды.

Исатай ҚАМБАРОВ, Астана

987 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы