• Өндіріс
  • 20 Шілде, 2017

ШИПАЛЫ ШЫРҒАНАҚТЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА ПАЙДАСЫ ЗОР

Кез келген елдің экономикасының алға басуына ғылым мен техниканы дамыту негіз болады. Ол үшін отандық өнертапқыштарды, ғалымдарды, жас зертетушілерді қолдау қажет. Біздің түсінігімізде өнертабыс деген ұғым күрделі дүние ретінде қалыптасқан. Дегенмен, қарапайым өнертабыстардың көмегімен-ақ күнделікті өмірімізді, одан әрі бүкіл ел экономикасын жақсартуға болады. Мысалы, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ғалымдары отандық ауыл шаруашылығын өркендетуге, шаруалардың қызметін жеңілдетуге бағытталған бірнеше жобаларды жүзеге асыруда. Солардың бірі – ауыл шаруашылығы жануарларының өнімділігін арттыру мақсатында шырғанақтан жасалған қоспа болып табылады. Жоба айналасында атқарылып жатқан жұмыстар, шырғанақ қоспасының пайдасы, маңызы жайында ҚазҰАУ-дың бизнес жобаларды коммерцияландыру бөлімінің жетекші маманы Уәлихан БАСЫҒАРАЕВПЕН сұхбаттасқан болатынбыз.

– Уәлихан Есмаханұлы, әңгімемізді алдымен жобаңызбен танысудан бастасақ... – Өзіңіз жақсы білесіз, қазақ көшпенді, жазда жайлауын, қыста қыстауын дайындап, ежелден төрт түлік малды кәсіп еткен халық. Бүгінгі күнге дейін шаруашылықтың бұл түрі біздің негізгі күнкөріс көзіміз болып табылады. Мал шаруашылығын дамыту, ет, сүт өнімдерін экспорттау арқылы экономикамыздың әлеуетін де едәуір жақсарта аламыз. Дегенмен, мал өсіру қиыншылығы мен машақаты мол жұмыс екендігін де жоққа шығаруға болмайды. Күнделікті мал күтімінен бөлек, оған берілетін жемшөптің дұрыс болмауынан да мал басының азаю факторлары жиі кездесіп тұрады. Ғалымдарымыздың көп жылғы зерттеуілері бойынша, жануарлардың дұрыс тамақтанбауы мал тұқымының үлкен шығынына әкеп соқтырады. Жануар қоректенген кезде өз организміне қажетті заттардың 45 пайызын ғана сіңіреді екен.

Бұл көктем уақытында жайылымға шыққан малдың әлсіреуіне, төл санының ғана емес, ірі мал басының азаюына да әсер етеді. Аталған мәселенің алдын алу үшін көптеген шаруа қожалықтары мен ауыл шаруашылығы құрылымдары, соның ішінде асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатын шаруалар алыс-жақын шетелден қымбат жемшөп және минералды қоспалар, витаминдер сатып алуға мәжбүр. ҚазҰАУ ғалымдары осы бір өзекті мәселені шешу үшін жануарлардың тәбетін ашатын, құрамында өсімдіктекті амин қышқылдары бар шырғанақтан жасалған қоспа әзірледі. Айта кету керек, бұл – шырғанақ негізінде дайындалған алғашқы, әрі бірегей биологиялық белсенді қоспа. Жалпы ежелгі Грецияда шырғанақ қанатты аттың ұнатып жейтін азығы болған деседі. Көнедегі гректер шырғанақпен мал ауруларын, соның ішінде жылқы ауруларын емдеген. Сондай-ақ жылқының терісі жылтырап тұру үшін шырғанақ жапырақтары мен бұтағынан қайнатылған тұнбаны ішкізген. Осыдан Hippophae («hippos» – ат, «faos» – жылтыр, құлпырған) атауы алынған. Кейіннен ғалымдар шырғанақтың өзге жануарларға, тіпті адам денсаулығына да әсері мол екенін анықтаған. Емдік қасиеті бар, өз еліміздің аумағында көп кездесетін осындай керемет өсімдіктен жануар-ларға қоспа әзірлеу жобасын қолға алғандағы себебіміз осы. – Бұл қоспа тек төрт-түлік малды қоректендіруде пайдаланылады ма? – Қоспаның қолданылу аясы өте кең десе де болады. Өнім ауыл шаруашылығы жануарларын, балық, құстарды қоректендіруге арналған. Сонымен қатар сүт, ет өнімдерінің өнімділігін арттыруға, қоян, аң шаруашылықтарында да пайдалануға болады. – Биологиялық белсенді қоспаны пайдаланғаннан кейін күтілетін нәтиже қандай? – Қазақ бірінші байлық денсаулық дейді, яғни, адам баласы, ол кім болмасын, не істесе де ең бірінші өзінің, отбасының, жақындарының денсаулығының мықты болғанын тілейді. Ал адамның денсаулығы жақсы болу үшін оның жеген тамағы адал, сапалы, дені сау мал өнімі болу шарт, мейлі ол сүт болсын, ет болсын, болмаса жұмыртқа. Шырғанақтан алынған биологиялық белсенді қоспаны жеген малдың дені сау, барлық аурулардан айыққан жануар болғандықтан оның өнімін пайдалынған адамның да дені сау болады. Медициналық тәжірибе барысында шырғанақ құрамында адам ағзасына пайдалы 206 түрлі әр түрлі заттар мен дәрумендер бары анықталды. Сондықтан шырғанақ жеген жануарлардың дені сау болатыны дәлелденген. Жалпы дені сау малдың жүні жалтырап тұрса ондай мал арық болса да оның дені саулығы жақсы екендігін білдіретін белгі. Сондықтан: •Шырғанақ жеп бордақыланған малдың етін, болмаса сүт өнімін ішкен адамның да денсаулығы мықты болады. •Биологиялық белсенді қоспамен буаз мал жемделсе, одан алған төлі де жарамды, дені сау болып дүниеге келеді. •Шырғанақ жеген сауын сиырдың сүті де сапалы, әр түрлі дәруменге бай болады, яғни адамға пайдалы болады. •Шырғанақпен азықтандырсақ, төлдің өмір сүруге бейімділігі айтарлықтай артады. •Бұл қоспа қосылған жемшөппен қоректенген малдан 25%-ға көп өнім алуға болады. •Мал азығына кететін шығын 17%-ға дейін азаяды. •Сондай-ақ түрлі ауруларға қарсы тұратын иммуниетті нығайтады. Осы орайда айта кеткім келеді, жалпы ғалымдарға белгілі өнімдердің ішінде тек шырғанақтың құрамында ғана макрофагальды жасушылардың белсендігін арттыратын қасиеті бар. Макрофаг (грек μακρός — үлкен, φάγος – обыр) – жат текті және токсинді бактерияларды, өлген клеткалардың қалдықтарын және басқа да бөлшектерді белсенді түрде жеп, қорытатын адам және жануар ағзасындағы жасуша. Ол ең алғашқы иммундық қабат болып табылады. Сондықтан шырғанақ ағзаға ең қажетті заттарға бай және оны өндірісте, шаруашылықта пайдалану тек табысқа алып келеді. – Жоба нақты тәжірибе жүзінде қолданысқа енді ме? – Әрине. 2015 жылы университет ректоры, ҚР ҰҒА вице-президенті, академик Тілектес Исабайұлы Есполовтың тікелей ұйытқы болуымен университеттің бір топ ғалымдары Алматы облысы ауыл шаруашылығы басқармасына шаруашылыққа инновация енгізу туралы бірнеше жоба ұсынған. Солардың ішінен осы жоба – жергілікті малды жергілікті жем-шөппен қысқа мерзімде бордақылап, одан сапалы өнім алуға болатынына көздері жеткендіктен Алматы облысыың басшылары қолдап 25 000 000 теңге бөліп ҚазҰАУ тәжірибесін Алматы облысының шаруаларының арасында ендіруге келісім шартына отырды. Бүгінгі таңда Алматы облысында бірнеше шаруашылықтар шырғанақтан жасалған биологиялық белсенді қоспаны пайдаланып, малдарын қоректендіріп жатқанын біз білеміз. Инновациялық негіздегі ғылыми жоба сол уақыттан бастап облыс шаруаларына шырғанақты дайындап, өңдеп, пайдалануды және шырғанақты көбейту тәсілін үйретуді бастап кеткен. Ал, 2015 жылы Мемлекет басшысы бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам – Ұлт жоспарын іске асыру аясында және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерциялық пайдалануға жағдай жасау, жеке кәсіпкерлік субьектілерді ғылыми зерттеу жұмыстарына тарту жолымен ғылыми саланың тиімділігін, инновацияларды енгізу деңгейін жоғарылатуға және экономиканың басым секторларында жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға бағытталған «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» Қазақстан Республикасының заңы күшіне енді. Бұл заңнан кейін біздің ғалымдарымыздың мүмкіндіктері, қызмет көрсету аясы кеңейді. «Жергілікті өсімдік шырғанақтың (облепиханың) жапырағы, бұталары, жидектері шикізаттарынан мал бордақылауға арналған азықтық биобелсенді қоспалар алу және оны қолдану технологиясы» жобасы бойынша біз Алматы, сонымен қатар Қызылорда облыстарындағы бірнеше шаруашылықтармен бірлесіп жұмыс атқарудамыз. Болашақта еліміздің өзге аймақтарымен де келісімге отыру ойымызда бар. – Жоба аясы кеңейген сайын шырғанақ алқаптарын да кеңейту қажеттілігі туатын шығар? Жалпы биологиялық қоспаға қанша тонна шырғанақ жемісі кетеді? – Жемге қосатын биологиялық белсенді қоспаға шырғанақ жемісін қосу керек емес. Шырғанақ жемісін қосатын болса ББҚ өте қымбат болып кетеді, ББҚ шырғанақтың бұтағынан, жапрағынан, жиналмай қалған болмаса піспеген жемісінен дайындалады. Өзіміздің Алматы облысының табиғаты тұнған байлық десе де болады. Мұнда бір ғана Райымбек ауданының өзінде шырғанақ 7000 гектардан астам жерді алып жатыр екен. Бұл жерден жоғарыда айтқандай жем қоспасына ұшан-теңіз өнім алуға болады. Нақтырақ айтсақ, 1 гектардан орта есеппен 10 тоннадай (бұталар, жапырақтар, жидектер) қалдықтары түседі екен. Сонда осы қалдықтарды өңдеп, кептіріп, салмағын 50 пайызға жеткізген күндеде әр гектардан 5000 келіден құнарлы биологиялық қоспа өнімін алуға болады. Егер бір бас малға бір күнде 250 грамм биологиялық белсенді қоспа беретін болсақ, бір малды 90 күн бордақылап, бар болғаны 22,5 кг биологиялық белсенді қоспа керек болады, яғни, бір гектардан дайындаған шырғанақтан алынған биологиялық белсенді қоспа 220 бас жылқыны бордақылауға жетеді екен, ал 7000 гектардан 1 500 000 бас жылқыны қамтамасыз етуге жетеді. 2016 жылы осы жобаны Қызылорда облысына ұсындық. Шаруа қожалықтары дәл осы ұсынысты ауадай қажет етіп тұр екен. Сондықтан жоба қолдау тауып, біз бірнеше шаруа қожалықтарымен жұмыс істеп кеттік атап айтқанда, Жаңақорған ауданында орналасқан Бүркітті және Қарақожа ата. Биыл 2017 жылы да әрі қарай үгіт насиқат жұмыстарымызды дамытып, кеңійтіп, Қызылорда облыстық ауыл шаруашылық басқармасымен келісе отырып Жаңақорған ауданында құрылған коперативтерлеріне семинарлар өткізіп үгіт насихат құралдарын таратып жатырмыз. Соның нәтижесінде шаруа қожалықтары өздері шырғанақ өсіру тәсілін үйретуімізді сұрап, шырғанақ тұқымын тауып беріңіздер, деп өтініш айтып, әркім өз жерінде шырғанақ тұқымын сеуіп жатыр. Қызылорда облыстық орман және биоресурстар жөніндегі аумақтық басқармасы басшыларының өтінішімен арнайы зерттеу жұмыстарын жасап, Шиелі орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінің жеріне шырғанақ өсіретін тұқым бақ жасауға ҚазҰАУ жоба жасап берді. Алла жазса келесі жылы Шиелі орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі Қызылорда облысында алғашқы болып жылына 32 000 астам шырғанақ көшетін дайындайтын тұқым бағы бар бірінші арнайы мемлекеттік мекемесі болады. Әрине, шырғанақтың негізгі міндеті мал жеміне қосатын қоспа шығару емес. шырғанақ дәруменге өте бай өсімдік, жер бетінде адам ағзасына соншалықты пайда келтіретін шырғанаққа тең келетін өсімдік жоқтың қасы, мысалы, мен бұл өсімдікке пайдалылық жағынан жететін өсімдікті білмеймін. Шырғанақ жиде тұқымдас ыстыққа төзімді, 50-70 градусты көтере береді, қыста 35-45 градус суыққа шыдайды, көктемгі, күзгі уақыттары су астында қалып қойса өлмейді, жер таңдамайды, сорға шыдамды, керісінше тамырында ауадан азот жинайтын түйіршіктері арқылы жерді құнарландырады. Бұны айтып жатқаным, шырғанақ Қызылорда облысына бұдан көп жыл бұрын тарау керек еді, мүмкін олай болған кезде жүрек-қан тамыр аурулары, анемея, онкологиялық аурулар едәуір азаяр еді деп ойлаймын. – Шырғанақтан қоспа жем өндіреміз деп экологиялық зардапқа ұшырамаймыз ба? – Бұл сұрақ көпті мазалайды және дұрыс сұрақ, сондықтан мен мүмкіндігінше қысқа бірақ түсінікті жауап берейін. •Шырғанақ күнді сүйетін дақыл, сондықтан бұның жемісі сары. Яғни күннің күшін бойына жинап алғандай. Көлеңкені көтермейді, басқа ағаш аясында өспейді. •Шырғанақ тұқыммен көбейеді. Аналық, аталық болып бөлінеді. Алла шырғанақ жойылып кетпесін деп тағы тамырдан өрбіп көбею мүмкіндігін берген. •Шырғанақтың бір түбі жылына тамырынан 15-18 балашық таратады, яғни негізгі егілген шырғанақ айналасы 3-4 жылда ит тұмсығы өтпейтін жынысқа айналады, сонымен егер оның айналасындағы өрбіген балашықтарды алмаса бұл дақыл 4-5 жылда өзін өзі өлтіреді (күн-су жетпейді) сондықтан табиғатта шырғанақ әр жерде шоқ-шоқ болып өсетіні содан. •Біздің ұсынымыз, осы балашықтарды алып негізгі егілген шырғанаққа өсіп-көктеуіне мүмкіндік беру, ал оған өмір сүруге кедергі келтіретін балашықтарды, сынған бұтақтарды, қураған бұтақтарды жинап өңдеп, пайдалану. Мұндай жұмыстарды әркім өз бауында жылда істейді. Мысалы, шиесі бар адам жылда шиенің айналасына шыққан балашықтарды отап тұрады егер оны істемесе онда шие айналасы жыныс болып кетеді, шие бермейді, керісінше түрлі аурулар пайда болып шие солады. Сондықтан, атап айтқанда, шырғанақты өңдегендіктен, оған күтім жасағандықтан экологияға ешқандай зардап келмейді. Бүгінгі күні Қытайда 200-ден астам шырғанақ өңдейтін зауыт бар. Ресей де шырғанақтың қадір-қасиетін жоғары бағалайды. Өйткені, шырғанақтың тек малға ғана емес, адам денсаулығына да ауадай қажеттілігінен халық та көптен бері хабардар. Сондықтан осы жағын ғана кеңінен ойластырып, оны дұрыс жолға қою ғана қалды. Мал азығына қорек болар қоспаны қажетті техника арқылы дайындап шығарудың да ауылы алыс емес. Қазір шаруашылық тұтқасын ұстап отырған жауапты мамандар осы жағын ойластыру үстінде. Оның оңтайлы жолын табатындары да анық. Көптің көзін жеткізіп, көңілін сендірген бұл инновациялық жоба әлі-ақ қарқынды түрде дамып кететін болады. – Қазіргі таңда биологиялық қоспа дайындаудан өзге қандай жобамен айналысып жатырсыздар? – Елбасы биылғы «Үшінші жаңғыру: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында АӨК өнімдерін экспорттаушы көшбасшылар қатарына ену жоспарын алға қойды. Әсіресе, бұл органикалық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге қатысты. Еліміздің оңтүстік аймағының табиғаты, топырағы, суы, барлығы жеміс-көкөніс өсіруге өте қолайлы. Бірақ, өкінішке орай онда өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдері сауда талаптарына сай емес, жиналған дақыл көбіне тасымал, сақтау кезінде бұзылып кетеді. Сол себепті жалпы Қазақстан нарығында шетелдік тауарлардың үлесі басым. Отандық тауар өндірушілер қолдауға мұқтаж, олардың шаруашылықтарына инновация енгізу қажет. Негізі, жеміс-жидек пен көкөніс тез бұзылатын өнімге жатады, яғни шаруа өз өнімін ұзақ уақыт қоймада сақтай алмайды. Нәтижесінде өндірген тауарды төмен бағада сатуға мәжбүр болады немесе өнімнің көп мөлшері алқаптарда бұзылып кетеді. Аталған мәселені шешу үшін, ҚазҰАУ ғалымдары АТОМ-125 құрылғысын ұсынып отыр. Оның көлемі бар жоғы 2х2х2 метрді құрайды. Яғни оны көлікке салып алып, керек аймаққа, бақтар мен бақшаларға апарып, ешқандай делдалсыз сол жерде өнім өндіре аласыз. Сәйкесінше, зауыт, жанармай, күзет, өзге де құрылғылар қажеттілігі болмай, яғни шығын 10-15 есе азаяды. Өндірілген өнім соншалықты өзіндік құны азаяды, мысалы, 1 литр сәбіз шырыны өзіндік құны 1000 теңге болса, біздің инновация құрылғымыздан шыққан өнім 100 теңге болады. Сонымен қатар бұл құрылғыдан шыққан өнімге консерванттар керегі жоқ, өндіретін өнімді (алма бола ма, сәбіз, асқабақ, қайсысы болса да) қайнатып, энергия жұмсап, болмаса гоманеизатор пайдаланып шығынды көбейтудің қажеті тіпті жоқ. Оның көмегімен химикаттар мен консерванттарсыз органикалық өнімдерді: жеміс пасталары, езбе, тосап, шырын, балаларға арналған азықтар-түліктер өндіруге болады. Бұл қондырғы әзір әлемде жоқ қондырғы егер біздің мемлекетімізге еніп кетсе онда Қазақстан бір-ақ жылда көптеген ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеп импорттау мемлекетінен экспорттау мемлекетіне айналатыны хақ.

– Әңгімеңізге рахмет, қолға алып жатқан жобаларыңыз нәтижелі болып, ел экономикасының өркендеуіне үлестеріңізді қоса беріңіздер!

Сұхбаттасқан: Маржан ҒАБДЫСАТТАР

2978 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы