• Қаржы
  • 20 Шілде, 2017

Қоғамдық көлікпен жүру қымбаттады

Орал қаласында қоғамдық көліктерде жол жүру бағасы 20 теңгеге өсті. Қала әкімінің «Орал қаласында жолаушыларды және багажды қалалық автомобильмен тасымалдаудағы тарифі туралы» қаулысын сейсенбіде өткен қалалық мәслихаттың 13-кезектен тыс сессиясында қалалық мәслихат депутаттары мақұлдады.

Бұдан төрт жыл бұрын 60 теңге болып бекітілген тарифті өсіру бұған дейінгі мәслихат сессиясында қаралып, депутаттардың қарсылығына, тұрғындардың наразылығына тап болған-ды. Сессияда бұл мәселе бойынша баяндама жасаған қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Серік Үбішовтің айтуынша, Оралда алты компания 33 қалалық, 13 саяжай, жеті қала маңы маршруттары бойынша жолаушылар тасымалымен айналысады. Қоғамдық көліктердің жалпы саны 644 болғанымен, олардың 61 пайызы – ескі автобустар. Шамамен 300 мыңдай қалалық қоғамдық көліктердің қызметін пайдаланады. Тек 2016 жылы 54 млн. жолаушы қоғамдық көліктердің қызметіне жүгінген. Қалалық жолаушылар тасымалының төмен рентабельділігіне байланысты тасымалдаушы кәсіпорындар жергілікті атқарушы құрылым-дардан тарифті 130 теңгеге дейін көтеруді бұдан бұрын сұраған. – ҚР Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылдың 15 мамырындағы бұйрығына сәйкес жолаушыларды тасымалдау қызметінің тарифін есептеу әдістемесі бекітілген. Соның негізінде тасымалдаушылар өз тарифтерін есептеді. Олардың ұсынған тарифтік есептерін қалалық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімі тексерді. Сонда бір адамды тасымалдау бағасы 185 теңгені құрады. 2013 жылы тариф бекітілгеннен кейін жанар-жағармай бағасы 35 пайызға, қосалқы бөлшектер бағасы 20 пайызға өсті. Осындай қымбатшылықтың кесірінен жолаушы тасымалдаушы кәсіпорындар көлік жүргізушілердің жалақысын өсіре алмай отыр. Сондықтан автобус жүргізушілер пайда табу үшін жолаушыларға таласып, жылдамдықты арттырады. Мұның соңы қайғылы жағдайларға ұшыратып жатады. Біз тарифті 185 теңгеге емес, бар болғаны 80 теңгеге көтеруді сұраймыз, – деді Серік Үбішов. Қалалық мәслихаттың депутаттары тарифті көтеруге қарсы болмағанмен, қоғамдық көліктерді жаңарту, жүргізушілер мен кондукторлардың жолаушылармен қарым-қатынасы, автобустардағы тазалық мәселелеріне алаңдаушылық білдірді. «Тариф өскеннен кейін жүргізушілер салонда темекі тартуын қояды ма?» – деген халық қалаулысы Валентина Михно аталмыш қалалық бөлімге қоғамдық көлікте тазалық, тәртіп мәселесін қадағалауды тапсырды. Депутат Жантас Сафуллин жолаушы тасымалдаушы кәсіпорындардың кірісі мен шығысы туралы мәліметтерге қатысты депутаттық сауалына тасымалдаушылардың бірауыздан «құпия» деп бас тартқанын айтты. Сөйтіп, кезектен тыс сессия жаңа тарифті мақұлдады. С.Үбішовтің айтуынша, жаңа тариф туралы мәслихат шешімі алдымен әділет құрылымдарында тіркелуден өтіп, тамыз айының орта шамасында күшіне енеді.

Төлеубай САРҚҰЛИЕВ, «Ақжол-авто» ЖШС директорының орынбасары: – Біздің қарамағымызда алты қалалық, үш саяжай бағытында жүретін 90 автобус, 60 «ГАЗель» көлігі бар. Қазір көлік жүргізушілерге 45 мың теңге, кондукторларға 37 мың теңге шамасында жалақы төлейміз. Оны көтеру керек. Біздің басқа компанияларға қарызымыз жоқ, бірақ өткен жылы 10 жаңа автобусты несиеге алдық. Оны өтеуде қиындық бар. Екі жыл бұрын тасымалдау шығындары субсидияланатын. Сондықтан субсидиялау мәселесі шешілсе дейміз. Александр БАКЛАН, «Оралтехсервис» ЖШС-ның директоры: – Жол жүру ақысының 80 теңге болуымен барлық мәселе шешілмейді. Компанияның жанар-жағармай жеткізушілер алдындағы қарызы – 35 млн. теңге. Соңғы жылдары тасымалдаушылардан күй кетті. Өйткені субсидиялау төленбейді. Жергілікті атқарушы құрылым субсидиялау нормасына сәйкес, шығындарды субсидиялау жағын шешулері тиіс. Бір ай бұрын министрлік жанында еліміздің барлық жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпорындарының өкілдері бас қосты. Барлық өңірде тасымалға қатысты мәселе бірдей, есептелген тариф – 170-180 теңге аралығында. Астана, Алматы қалаларында субсидиялау арқылы тарифті бекіту мәселесі қаралуда. Біздерде де солай болса дейміз.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА, Орал қаласы

1595 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы