• Қаржы
  • 10 Тамыз, 2017

БАРШАҒА ОРТАҚ ЭНЕРГИЯ

Астанада өтіп жатқан ЭКСПО-2017 халықаралық мамандырылған көрме барысында экономиканың барлық саласында айтарлықтай оң өзгерістер байқалды. Баспаналардың  жалға берілуі 33 пайызға, тауар айналымы  20 пайыз, сауда-ойын-сауық орталықтарына бару көлемі екі есеге өскен. Туризм саласы да едәуір жанданып, туристік операторларға жүгіну көрсеткіші 78 пайызға артқан. 

Рейстер саны 1,3 есеге ұлғайды. Мәселен, Хельсинки, Будапешт, Варшава сынды бірнеше қалаларға жаңа рейстер ашылды. Бір ғана әуе рейстерімен күнделікті 7 мың адам келсе, 16 мың адам жолаушылар көлігімен жететін көрінеді. Шағын және орта бизнес субъектілерінің жағдайы жақсарып, жалақы көбейді. Елордадағы айтулы шараның 56-шы күні екі миллионыншы келуші анықталды. Сәтті билеттің иесі 34 жастағы оралдық кәсіпкер Ғайса Жұмалиев. Ғайса ЭКСПО аясында өтіп жатқан Батыс Қазақстан облысының мәдени күндеріне іссапармен келген және бүгін ЭКСПО аумағында өтетін оралдық өнерпаздардың концертіне кешкі билет сатып алған. Екі миллионыншы қонақты құттықтау үшін ЭКСПО-2017 медиа орталығына «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов келді. Ұлттық компания басшысы екі миллионыншы келушіні құттықтап, планшет, құлаққап, ЭКСПО-ға лимитсіз билет және ЭКСПО-ның басты тұмарлары – Сәуле, Қуат, Мөлдір сынды естелік сыйлықтар табыстады. Бұған дейін көрмеге шамамен 2 миллион келуші мен 5 миллион рет кіру болжанған еді. Ал ЭКСПО павильондарына келер болсақ, аралау көрсеткіші 15 миллионнан асып кетті, бұл біз күткен нәтижеден үш есеге көп. Еске сала кетсек, бұдан бір ай бұрын кешкі сағат 18:06-да «Астана ЭКСПО-2017» көрмесіне келген миллионыншы келуші тіркелді. Ол 27 жастағы астаналық мұғалім Гүлжиһан Жаңабергенова еді. Бұл күндері Елордада «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне арналған Қостанай облысының күндері өтуде. Облыс басшысы Архимед Мұхамбетов бастаған қостанайлық делегация көрмеге келіп, бірқатар павильонды тамашалады. А.Бегежанұлы бастаған делегация «Нұр әлем» павильонын тамашалап, көрмеге қойылған экспозияларға жоғары баға берді. Облыс басшысы көрме тақырыбының өзектілігіне тоқталып, жаңартылатын энергия көздері бүгінде барша әлем жұртшылығы үшін өзекті екендігін баса айтты. Көрмені аралау барысында Қостанай облысының әкімі электр энергиясымен жүретін скутерге де отырып, оған қызығушылық танытты және облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысына өңір орталығының «ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы саябағындағы» қоғамдық тәртіпті қорғаушыларға осындай 10 скутер сатып алып беруге тапсырма берді. Сонымен қатар А.Мұхамбетов бастаған қостанайлық делегация Австрия, Польша, Нидерланды, Германия сынды елдердің павильондарын тамашалады. Ал Қостанайдың өнер ұжымдары болса ЭКСПО-2017 қонақтарын тәнті етті. Ауқымды көрме аумағындағы амфитеатрда Қостанай облысы мәдени күндерінің ашылу салтанаты өтіп, өңірдің үздік шығармашылық ұжымдарының гала-концерті өтті. Кеш шымылдығы қазақ және орыс аспаптары оркестрінің сүйемелдеуімен «Қостанай таңы» би ансамблінің орындауындағы «Мереке» хореографиялық композициясымен ашылды. Осыдан кейін Шахаризат Сейдахмет «Жайна Астана», «Мәдениет қайраткері» құрмет белгісінің иегері, Президент оркестрінің солисі Нұрболат Арзамасұлы «Қостанай», «Астана опера» театрының солисі Сүндет Байғожин «Город мой» әнін шырқады. Мәдени шараның шымылдығы Жәнібек Жұмахан, Нұрсұлу Құснетова, Виктор Проценко, Анна Уварованың орындауындағы «Мәңгілік ел» әнмен жабылды. Айта кетейік, осы күндері Елордада «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне арналған Қостанай облысының күндері өтуде. Бүгін аталған облыстың басшысы Архимед Мұхамбетов бастаған қостанайлық делегация көрмеге келіп, бірқатар павильонды тамашалаған болатын. Көрмеге қатысушы мемлекеттер өз павильондарының контенттерімен, мәдени бағдарламаларымен бірге бойтұмар мазмұнды элементтерді де ала келді. Халықаралық көрменің ресми келбеті, бойтұмары Сәуле, Мөлдір және Қуат екені белгілі. Олар Күн, Су мен Жердің энергиясын, сонымен бірге Болашақ энергиясын да бейнелейді. Аталған кейіпкерлер көрмеде жалғыз емес екенін айта кету керек. Мәселен, Америка Құрама Штаттарының павильонында Стив есімді бүркіт бар. Корея павильонының құрметті елшісі әлемге әйгілі кейіпкер Пороро. Ол да Қазақстанда танымал болғандықтан таңдалып алынған. Ауқымды фигура мультфильмдердің өзге де кейіпкерлерімен бірге балаларды қуантады. Бірер сағаттың ішінде олар балалар үшін толыққанды қойылым қояды. Пингвин, аю, шөл түлкісі мен динозавр, құрып кеткен немесе жаһандық жылынудың салдарынан жойылып кетудің алдындағы фаунаның өкілдері балаларға Кореяның павильоны «Болашақ энергиясы. Ақылды өмір» туралы қызықты әңгіме айтып береді. Тайландтың бойтұмары болашақ энергиясының қуатын паш ететін – Пха-Ланг есімді жүгері. Тайландта қазақстандықтар көбінесе жүгеріні тұтынады деп ойласа керек. Мұндай бойтұмарды таңдай отырып, тайландтық өкілдер көрмеге келушілерді көптеп тартуды көздеген екен. Сондықтан, Тайланд Пха-Лангты өз павильонының бойтұмары ретінде таңдап алған. Кейіпкер сондай-ақ 3D форматында павильондағы мультфильмде көрсетіледі. Ол мультфильмде Сәуле, Мөлдір мен Қуат та бар. Ресей павильонының символы амур жолбарысы. Авторлардың ойы бойынша, ол Шығыс Ресей табиғаты энергиясының бойтұмары болып табылады. Қытайлықтар феникс құсын таңдап алған. Оның қытайдың дәстүрлі ою-өрнектерімен қашалған қанаттары бар. Логотип 3000 мың жыл бұрынғы тарихпен байланыстырыла жасалған. Алтындай жарқыраған қанаттарындағы ою-өрнектер сағат тілімен айналатын көрінеді. ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандырылған көрменің аяқталуына бір ай қалса да әлі де болса оның қызығы алда болғалы тұр.

Нұрлан ҚҰМАР

1502 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы