• Қаржы
  • 23 Тамыз, 2017

Асқындықтың қаржылық астары

Әлеуметтік бағытты экономикалық жүйе жөнінде дерек іздейін деп әдеттегідей кітап, газет-журнал парақтап, ғаламтор кезіп отырғанмын. Бұл тақырыппен шұғылданатын кісі көп емес, сондықтан қасқалдақтың қанындай мәліметті тірнектеп жиюға тура келді. Көзіміз үйренген орыс тілді желілердегі жарияланым саны саусақпен санарлық. Сөйтсе де «көршілес» бір сайтта көзім түскен мына бір оқырман пікірі сабырлы, салмақты көрінуге тырысатын менің өзімді бей-жай қалдырмады. Онымен сіздің танысып шығуыңызды қалар едім, құрметті оқырман.

«...Менің анам «Альянс банк» және «Еуроазиялық банк»-терден несие алған кезінде келісім шартты толық оқып ондағы пайыздық мөлшерлерге аса назар аудармай қол қоя салған болатын, сөйтсе ол банктердің келісім шарттары өз пайдаларына асыра пайдаланушылық болған екен. Оны анам кейін несие төлемі төленбей кешіккен соң банк қызметкерлері шақырған кезде білген. Ол кезде олар кем дегенде төрт түрлі жасырын төлемді атайды. Біріншісі – несие беруді ұйымдастыру үшін алынатын комиссия, бір рет төленетін бұл төлемнің мөлшері кейде жалпы несие сомасының тоғыз пайызын құрайды. Екіншісі – несиелік есеп-шотты жүргізгені үшін ай сайын төленетін комиссия. Үшіншісі – банктің терминдерді шатастырып пайдаланудың арқасында көретін пайдасы. Яғни банктер жылдық пайыздық мөлшерлемені несиенің қалған сомасына есептеудің орнына, несиенің бүкіл сомасына есептейді де, жылына төленетін пайызды көрсетеді. Төртінші – банктер пайыздық мөлшерлемені несиелік желі бойынша алынған нақты сомаға емес, несиелік желіде белгіленген ең жоғарғы сомаға есептейді екен.

Коммерциялық банктер өздерінің несие өнімдері туралы жарнамасында несие алушы қайтаратын қарызға қосылатын жасырын пайыздарды көрсетпейді. Анамның «Альянс банк»-тен алған несиесі 400 мың болатын, оны пайыздық мөлшерімен қоса есептегенде 1млн 800 мың болып тұр. Біз әлеуметтік жағдайы нашар отбасының қатарына кіреміз. Анам жалғыз, әкем жоқ – қайтыс болған, ауылда бір анамның табысымен күн кешеміз. Анам қәзір несие төлеймін деп жүріп өз денсаулығын да жоғалтып алған. Онымен қоса ішіп-жейтін тамағымыз жақсы болмағандықтан мен және 2006 жылы туылған інім екеуміз түберкүлезбен ауырдық. Үйге жаққанға отын көмір ала алмағандықтан 1993 жылы туылған інім де екі бүйрегінен ауырып денсаулығынан айрылды. Басымызда баспанамыз жоқ, пәтер жалдап тұрамыз. Сіздерден өтінерім көмек бере алсаңыздар көмектесіңіздерші. Мен Тәжібаева Қарлығаш. Сіздерден жауап күтем». Хатта осылай делінген. Мұнда әңгіме банктер, соның ішінде пайызға негізделетін банктер туралы болып отыр. Өз клиенттерін пайыз арқылы құрсаулап ұстайтын мұндай банктер экономикалық белсенді халықтың нарызылығын туғызып, тіпті асқындық, яғни экстремистік көңіл-күйдің тууына да себепер болуда. Бұған қатысты деректерді баспасөзден көптеп келтіруге болар еді. Ал, осындай әділетсіз банк жүйесін «адамиландыруға» бола ма деген орынды сұрақ қылаң береді. Ғалымдардың пікірінше, мұны пайызсыз банк жүйесіне, яғни ислам банкингіне көшу арқылы жүзеге асыруға болады екен. Ислам банкингі салымшы мен қарыз алушының мүддлерін тоқайластырып, жүктелетін тәуекелді тең бөліседі. Сөзіміз уәжді болу үшін мысалға жүгінейік. Малайзиялық ірі коммерсант жуырда болған экономикалық дағдарыс пен валютаның күйреуі салдарынан үлкен шығынға ұшыраған, алайда оның сыртқы сауда мәмілелелерін қаржыландырған банк бұл жерде клиенттің кінәсі жоқ екендігін ескеріп, оның шығындарын өз мойнына алған. Ал, банк салымшылары осындай қиын, дағдарысты ахуалда салған қаражаттан пайда көрмейтіндіктеріне көніп, келісімдерін берген. Дамыған Батыс елдерінде мұндай ахуал үш ойласаң да түсіңе кірмес еді. Жоғарыда хатта келтірілгендей, жолы болмаған коммерсантқа несие берген банк оны жермен-жексен етер еді немесе бұрынғы несие пайыздарын жабу үшін жаңадан үмітсіз несие ұсынар еді. Аманат мүлігі жоқ жарлы-жақыбай қарыз ақшаның жанынан да жүре алмас еді. Мәселен, Италия сияқты дамыған елдің өзінде банк несиесіне қол жетпейтіндігіне байланысты ондаған мың шағын кәсіпкерлер қарақшылық пайызбен қарыз ақша алу үшін мафиямен сыбайлас өсімқорларға жүгінуге мәжбүр болуда. Осы орайда Ислам экономикалық ойы мен тәжірибесі заман талабына сай дамып келе жатқанын айта кетуіміз керек. Жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысында қазіргі ислам экономикалық жүйесі қалыптасты деуге болады. Бұл жүйеде өсімқорлыққа тиым салынып, мұрагерлік шариат бойынша айқындалады және зекет тұрақты төленіп отырады. Осы кезеңде мұсылман әлемінде қазіргі заманғы ислам экономикасы институттары пайда бола бастады: 1963 жылы Мысырдағы ан-Нагар елді мекенінде пайызсыз несие негізінде жұмыс істейтін «Мит Гамр Бэнк» атты тұңғыш ислам банкі құрылды; сол жылы Малайзияда шариат талаптарына сәйкес қажылық парызды орындауға қаражат жинауға көмектесетін «Мұсылман зияратшыларының жинақ корпорациясы» дүниеге келді, 1965 жылы Карачиде (Пәкстан) «Кооперативтік инвестициялық және қаржылық корпорацияның» негізі қаланды. Жетпісінші жылдардың орта тұсында ислам экономикалық моделін қалыптастыру жөніндегі іс-әрекеттер жаңа серпін алып, күні бүгінге дейін жалғасып келеді. 1975 жылы Біріккен Араб эмираттарында «Дубай исламик бэнк» өз жұмысын бастап, сол жылы Ислам конференциясы ұйымы ауқымында әлемдегі мұсылман қауымдастықтарының экономикалық және әлеуметтік дамуын үйлестіріп отыратын халықаралық қаржы ұйымы – Ислам даму банкі құрылды, 1979 жылы Суданда әлемдегі тұңғыш ислам сақтандыру компаниясы пайда болды. Пакистанда зекет және үшір сияқты салықтарды жинау және бөліске салу тәртібін реттейтін заң қабылданды. Осы кезеңде ислам көзқарасы тұрғысынан алғандағы экономикалық қатынастардың жалпы қағидаттарына ғана емес, сондай-ақ ислам экономикасының жекелеген институттарына, экономиканы исламдандыру жөніндегі мемлекеттік саясатқа қатысты зерттеулер жүргізіліп, еңбектер жарық көрді. Кейіннен зерттеу аясы мұсылман елдері шеңберінен шығып, қомақты мұсылман жамиғаты тұратын беймұсылман елдерге де ауыса бастады. Кейінгі ғылыми талпыныстар ислам экономикасы институттарына мұсылман еместерді қатысушылар ретінде тартудың теориялық негізін қалауға бағытталуда. Осы орайда ислам экономикасы қандай экономика деген орынды сауал туындайды. Бұған жауапты жоғарыда келтірілген мысалдарды өзара салыстыра отырып беруге болар еді. Яғни, батыстық қаржы жүйесі экономиканы қиратуға жұмыс істесе, ислам экономикасы өндірісті өркендетуге бағытталады. Бүгінде отандық, сондай-ақ шетелдік ғылыми қауымдастық ислам қоғамы мен экономикасы адамгершілікке негізделетіні жөніндегі тұжырымға ден қоя бастады. Өткені, бұл жүйенің басты мақсаты пайда табу емес, қоғамның және жеке адамның қажетін өтеу, соған қызмет ету. Яғни, қазіргі таңда бел алып отырған діни асқындықтың, экстремизмнің алдын алудың байыпты жолдарының бірі осы ислам қаржысы жүйесіне көшу болып табылады. Оған әзірге балама жоқ.

Жетпісбай БЕКБОЛАТҰЛЫ, экономика ғылымдарының кандидаты

1606 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы