• Бизнес & Қоғам
  • 31 Мамыр, 2012

Құю зауыты және Көпеевтер әулеті

Өндірісті аймақ Жезқазған өңірінде еңбегімен ел құрметіне бөленгендер аз емес. Солардың ішіндегі тұтас бір әулеттің ел игілігін еселеу жолындағы атқарған істері мақтау айтуға да, мақтануға да болатындай. Ол әрине, Көпеевтер әулеті болып табылады. Олардың еңбек ететін ортасы Жезқазған құю механикалық зауыты. Осы зауытта еңбек ететін бір әулеттің жалпы өтілі бір жарым ғасырдан асып түседі екен. Бұл дегеніміз зауыттың құрылғаннан бергі жылдардың екі-үш есе орап алады деген сөз. Шынында да, бір әулеттің азаматтары бір жерде, құю механикалық зауытында еңбек етуі жайдан жай емес. Әулеттің отағасы, балалардың әкесі Тілеген Көпейұлы ұлы отан соғысының отты жалдарын бастан өткізген жеңістен кейін байыту фабрикасында үзіліссіз еңбек еткен. Өндірістің табысты саласында тамаша еңбек үлгісін көрсеткен. «Әке көрген оқ жонар» дегендей Тілеген ақсақалдың балалары да әке жолымен өндіріске ерте араласты. Тілеген ақсақал дүниеден өткенінен бергі 20 жылдың ішінде оның ұрпағы әке атын асқақтатып, оның игілікті ісін өрістете өрлетті. Әкенің балаларына – «жұмыстарыңа адал болыңдар. Адал еңбек абыройға жеткізеді»-деп айтқан сөзін олардың ешқайсысы да жадынан шығармаған. Соның нәтижесі шығар, Тілегеннің балалары еңбек еткен ортасының мақтанышына айналған. Бұл туралы осы зауытты бірнеше жылдан бері басқарып келе жатқан, тәжірибелі басшы Яхия Көпейұлы бізге әдемі әңгімелеп берді.

- Зауытымыз ырғақты жұмыс істеп, табыстың қазаны тұрақты қайнатып келеді. Бұрын алыс-жақын шетелдерде алтынға бағалап сатып алатын қосалқы бөлшек саймандарды қазір осы өзіміздің құю механикалық зауытынан жасап шығарып, пайдалануға ұсынып отырмыз. Тәжірибелі мамандар қандай да бір күрделі қосалқы бөлшектерді осында құйып жасап шығарудың тиімді тәсіл жолдарын меңгеріп алды. Солардың ішінде ұста дәнекерлеу цехындағы Көпеевтер әулетін ерекше айтуға болады-деген Яхия Көпейұлының сөзі озат әулетке берілген тамаша бір анықтама сияқты болды. Зауыт директорының – Көпеевтер әулеті – деген сөзіне елең ете қалып:

- Сіз де сол әулеттенсіз бе? Тегіңіз Көпеев болып тұр ғой, – деген сауалымызға ол да жымия күліп – оқасы жоқ, жалпы көпшіліктің көбі бізді бір атаның балалары деп ойлайды. Ал, шындығына келгенде біз бөлек-бөлек атадан тараймыз. Жалпы қазақта орыстардың Иваны сияқты Көпей есімі де көп тараған. Сондықтан, біз тегімізге қарамай-ақ ісімізбен, елге атқарған ортақ қызметіміз жағынан туыспыз. Демек, зауыттағы Көпеевтердің бәрі Яхияның бауыры демеңіз. Ал, дегіңіз келсе рухани бауыры, егеменді елдің іргесі берік қалануына қатар тер төгіп жүрген бауырлары деңіз. Осылай десеңіз қателеспейсіз деді.

Зауыт директорының алдын-ала ауызша айтқан анықтамасы айтулы азаматтардың өздерімен кездескенде нақпа-нақ, айна қатесіз берілгеніне тағы да көз жетті. Алдымен, осы зауыттағы ең бір мақтаулы цех – ұста дәнекерлеу цехына қадам бастық. Цех бастығы Нұртай Елеусізұлы Орынбаев келген мақсатымызды естігеннен кейін – шынында да Көпеевтер әулеті озаттар әулеті болып саналады. Олардың өздерімен танысып, біліскеніңіз жөн болар-деп үлкен цехтың қызу еңбек қайнаған ортасына қарай жол бастады.

Кезекті қосалқы бөлшектер құйып жасап, өлшеп, жонып жатқан жігіттердің қасына келдік. Қауіпсіздік ережесіне сай дәнекерлеуші ұсталар киетін арнаулы киімді дулығалы жігіттер сәлемемізді жадырай қарсы алды. Рет-ретіменен танысудың мүмкіндігі туды. Сөз ретіне қарай әңгімеге тартқан алғашқы азаматымыз Джанбосын Тілегенұлы Көпеев болды.

- Осы зауытта 40 жылдан бері еңбек етіп келемін. Негізгі мамандығым ұста. Менің қасымда балғашы болып, жұбайым – Анна Мұханбетжанқызы Көпеева бірге еңбек етеді. Оның еңбек өтілі 36 жыл. Осында әкейдің ұсынысымен еңбекке келіп, 4 жылдан кейін Аннаға кездестім. Жүрегіміз танысып үйлендік. Осы жерде інілерім Ербосын мен Мағауия да еңбек етеді. Міне, өздерімен танысыңыз.

Баяғының һас батырларынша дулыға киіп, қасқиып тұрған қос жігіт бірінен соң бірі қолын ұсынды.

- Ербосын

- Мағауия деп аттарын қоса айтып жатыр. Әңгіме арасында Ербосын Тілегенұлы Көпеевтің осы зауыттағы еңбек өтілі 30 жыл болса, оның інісі Мағауия Тілегенұлы Көпеевтің осы жерде еңбек етіп келе жатқанына 17 жыл болыпты. Осы жылдар ішінде бір әулеттің қолынан шыққан сапалы қосалқы бөлшектер арасынан бірде-бір рет ақаул зат табылмаған. Бұл дегеніңіз қолдарына алған істі абыроймен сапалы атқаруға машықтанған жандардың ұсталық пен дәнекерлеушілік мамандықтарын жеріне жеткізе меңгергендіктерін көрсетеді. Күні кеше ғана тұтас корпорация бойынша мамандарды қайта сараптау сынақтарын өткізгенде осы әулеттің мүшелері түгелдей дерлік ең жоғары балл жинапты. Демек, бұлардың алдағы уақытта алатын жалақылары енді бұрынғыдан көрі едәуір жоғары болады деп күтілуде.

Көпеевтер әулетінің тамаша табыстары жайлы осы цехтың шебері Серік Керімбайұлы Көпбаев та әдемі әңгімелеп берді.

- Ең бастысы еңбекке деген құлшыныстары басым. Ұсталық та, дәнекерлеушілік те, қалыпқа құюда да шеберліктері шыңдалған. Еліміз бойынша не әлемдік деңгейде болсын, дәл осы мамандықтары бойынша байқау, сынақ, тәжірибе алмасу сияқты бір жарыс болса осы біздің Көпеевтер әулетінің кез-келген мүшесін жіберсек жүлделі оралатынына еш күмәніміз жоқ. Бұлай батыл айтуыма бұлардың қолынан шыққан әр заттың сапа белгісіне сай жасалатынына көзім жеткендік себеп болар. Шын мәнінде де зауыттың зауыт болып аты дүрілдеп шығып тұруы осындай өз ісіне берілген шын шеберлердің атқарған жұмыстарының арқасы. Озатармен бірге еңбек етіп жүргеніме мақтанамын, әрі оларды мақтаймын-деген Серіктің сөзіне де алып қосарымыз жоқ сияқы.

Жезқазған жеріндегі өндіріс орындарында бүгінде небір алып техникалар, жердің астында да, бетінде де еңбекке тікелей араласып келеді. Алып техникалардың арасында заманауи шетелдіктері де бұрыннан өзімізде пайдаланылып келе жатқандары да бар, осылардың қайсысына болса да қосалқы бөлшектің нендей бір күрделі түрлерінің өзі де осы Жезқазған құю мезаникалық зауытында жасалады десек, олардың денінде Көрпеевтер әулетінің көрікті қолтаңбасы бары даусыз. Жалпы, Көпеевтер әулеті осы құю механикалық зауытында ғана емес, басқа да өндіріс орындарында еңбек етеді. Тілегеннің ұлы Мәулен Көпеев Жезқазған байыту фабрикасында бригадир болып еңбек етіп келе жатқанына биыл 22 жыл, ал Рашит Тілегенұлы іргедегі Жәйрем ен байыту комбинатында бас инженер болып, еңбек етеді екен. Оның да өндірістегі еңбек өтілі де 26 жыл. Өндірісті өркендету жолында ерен еңбек үлгісін көрсетіп жүрген өнегелі әулеттің тамаша істері кім-кімге де үлгі болғандай. «Еңбек ер атандырады» дегендей әулет мүшелерінің алған сый-сияпаттары, мақтау қағаздары, марапаттары да жеткілікті. Ең бастысы өздерімен бірге еңбек ететіндердің қай-қайсы болса да Көпеевтер әулетінің тамаша үлгісінен тәлім алғандай. Ал, мұндай өнегелі әулеттің өркенді істерін қашан да, қай жерде болса да қасқайып тұрып, мақтанып айтуға болатындай. Себеп, оған олар лайық. Осындай өскен, өркен жайған өнегелі әулеттің орталарында болғанына «Қазақмыс» корпорациясының басшылары да дән риза. Ал, алып корпорацияда абыройлы еңбек ету де мамандығына машықтанғандардың ғана қолынан келеді. Ендеше, бір әулеттің үлкен-кішісі бірдей құрметке бөленуі де құдіретті еңбектің күші деп білейік.

Батырбек МЫРЗАБЕКОВ,

Жезқазған қаласы.

908 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы