• Қаржы
  • 06 Қыркүйек, 2017

Қаржы тиімділігі қамтамасыз етіледі

Жетпісбай Бекболатұлы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кафедра меңгерушісі e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Аграрлық-өнеркәсіптік кешен қызметінің тиімділігін арттыру алғышарттарының бірі бәсекеге қабілетті өнімдер өндірісін әртараптандыру болып табылады. Қоңсы қонған елдермен қоян-қолтық араласқан қазіргі интеграциялық үдерістер жағдайында бұл үшін халықаралық озық тәжірибені батыл қолдану қажет. Сонымен қатар тікелей шетелдік инвестициялар тарту мен ауыл шаруашылығы саласында өзара тиімді негізде бірлескен өндірістер құрудың да маңызы артып отыр. Республикамыз мемлекеттік реттеу мен инвесторларды қолдау бағытында барлық салаларда ауыз толтырып айтарлық жетістіктерге қол жеткізді. Еліміз тартылған инвестицияларға қолайлы жағдай жасау бойынша ТМД елдері арасында көшбасшылардың бірі саналады. Сөйтіп, Қазақстанға инвестиция құйған Қытай, Ресей және Еуразиялық экономикалық ынтымақтастық елдері нарығына шығуға мүмкіндік туындап отыр. Агроөнеркәсіптік кешенге соңғы жылдары 375 млрд. теңгеден астам шетелдік инвестиция тартылды. Қаржылық шаралардың тиімділігін арттыру үшін бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, «ҚазАгро» акционерлік қоғамы арқылы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына несие беру кезінде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін соңғы мөлшерлеме алғаш рет жылдық 6 пайыздан аспайды, өткен жылдары соңғы мөлшерлеме 9-10 пайызды құраған болатын. Биылғы жылы несие беру бір айға ерте басталды. Бұдан бөлек, жалпы «ҚазАгроның» несие өнімдері бойынша қажетті құжаттар қоржыны 24 пайызға қысқартылды. Мәселен, Аграрлық несие корпорациясы бойынша заңды тұлғалар үшін бұрын 27 құжат қажет болған, қазір 19 құжат талап етіледі, жеке тұлғалар 16 құжаттың орнына 12 құжат өткізеді. Инвестициялық субсидиялау қағидаларына өзгеріс енгізіліп, өтінімдерді тек бөлінген бюджет шегінде қарау тәртібі белгіленді. Бұл ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынатын инвестициялардың ұлғаюына ықпал етті. Сөйтіп, үстіміздегі жылдың алғашқы бөлігінде 26,3 пайыздық өсім байқалуда. Бүгінгі таңда экспорт саясаты мақсатты түрде жүзеге асырылуда. Осыған орай жаңа экспорттық арналарды құрайтын, ал жұмыс істеп тұрғандарды кеңейтетін агроөнеркәсіптік кешеннің экспорт орталығы құрылды. Қазіргі таңда Қытай компанияларымен астықты, майлы дақылдарды, өсімдік майын экспорттау жөнінде келісім-шартқа қол қойылса, Араб Әмірлігі мен Иранға жасымық тасу бойынша келісімге отыру көзделуде, ал Ресей, Израиль, Гонконг компанияларымен күнбағыс тұқымын, қатты бидай, ұн, ноқат, бұршақ, қой етін тасымалдау жөнінде келіссөздер жүргізілуде. Қытай нарығына сиыр, шошқа еттерін, сүт, құс өнімдерін, тірі жануарлар, соның ішінде жылқы шығару жоспарлануда. Еліміздің ауыл шаруашылығы министрлігі Сыртқы істер министрлігімен бірлесе отырып, Израил, Кувейт мемлекеттеріне қой етін жеткізу жолдарын қарастыруда, Малайзия, Жапония, Оңтүстік Корея, Еуроодақ мемлекеттеріне құрғақ бие сүтін экспорттау мәселесі бойынша келіссөз жүргізуде. Ал, Парсы шығанағы елдерімен келіссөздер аяқталуға таяу. Қытай нарығы Қазақстанның балық пен балық өнімдері, асыл тұқымды жануарлар, сондай-ақ бал және бал-ара шаруашылығы өнімі үшін ашық. Мұздатылған қой еті бойынша хаттамаға қол қою жоспарлануда. Иранға тоңазытылған қой еті мен тірі қойларды әкелуге қатысты ветеринариялық сертификаттар жобалары келісілді және мұздатылған қой етін жеткізу бойынша жұмыс жүргізілуде. Біріккен Араб Әмірліктеріне ірі және ұсақ қара малды, тауық жұмыртқасын әкелуге қатысты ветеринариялық сертификаттарға қол қойылды. Бұдан бөлек Израиль және Сауд Арабиясының ветеринариялық қызметтерімен арада қазақстандық өнім экспортын ашу бойынша жұмыс жүргізілуде. Фитосанитария саласында ағымдағы жылы аса қауіпті зиянды организмдер бойынша өңдеулердің болжамды көлемі 4,8 млн. гектарды, оның ішінде үйірлі шегіртке бойынша 1,6 млн. гектарды құрап отыр. Бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында 500 мың га марокколық шегірткеге қарсы дәрімен өңделді, бұл ағымдық жоспардан 180 мың гектарға немесе 55 пайызға артық. Басқа өңірлерде жұмыс белгіленген жоспарларға сәйкес жүргізілуде. Су шаруашылығы саласына келетін болсақ, суармалы жерлерді қалпына келтіру үшін Ислам даму банкімен, Еуропа Қайта құру және Даму банкімен арада 205 мың га жерді қалпына келтіру және айналымға тарту үшін сомасы 103,4 млрд. теңге болатын келісімдерге қол қойылды. Ұлттық экономика министрлігінің қарауына Ақтөбе, Қызылорда, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстарында 22 жаңа су қоймаларын салу бойынша мемлекеттік инвестициялық жобалар енгізіліп, еріген қар суы мен тасқын суларды жинау бойынша ұсыныстар әзірленуде.

1516 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы