- Қаржы
- 12 Қазан, 2017
ЖАМБЫЛ ИНВЕСТ – 2017 ФОРУМЫ

Бәрі де Қазақстанда жасалған
Алматы облысына қарасты Жамбыл ауданында «Жамбыл Инвест-2017» атты халықаралық инвестициялық форумы өтті. Шараға 21 мемлекеттің дипломатиялық корпус өкілдіктері мен кәсіпкерлер қатысты. Шараның мақсаты – Алматы облысының инвестициялық тартымдылығына бизнес-қауымдастық пен халықаралық қаржы ұйымдарының назарын аудару.
Форумның ашылу рәсімінде Жамбыл ауданының әкімі Жандарбек Далабаев форумға қатысушы делегаттарға табыс тілеп, өңірде атқарылып жатқан игі істерге тоқталды. «Киелі Жамбыл жерінде, ақындар мен батырлар елінде, Қазақстанның қаржы орталығы Алматы қаласының маңында орналасқан, келешекке деген мүмкіндігі зор Жамбыл өңірінің төрінде, бүгін тағы бір жарқын бастаманы қолға алып отырмыз! «Жамбыл – Инвест 2017» инвестициялық форумы – бұл халықаралық деңгейде алғаш рет өткізіліп отырған игі іс-шара. Аталған форумның болашағы зор екендігіне күмән жоқ. Себебі бұл әлем елдерінің маңдай алды мамандары, кәсіпкерлер мен бизнес өкілдері, банк басшылары мен қаржы институты жетекшілері бас қосқан әмбебап жиын. Форум жұмысына табыстар мен сәтті іскерлік келісімдер тілеймін» – деді Ж.Ермекұлы. Алматы қаласы «Дипломатиялық корпусқа қызмет көрсету басқармасы» АҚ филиалының басшысы Бақыт Оспанов, Венгрия Республикасы Бас консулдығының өкілі Дёрдь Тар, Австрия Республикасы Бас елшілігінің сауда жөніндегі кеңесшісі Михаэлю Мюллер және т.б. дипломатиялық корпус өкілдіктері мен кәсіпкерлер сөз сөйлеп, экономикалық инвестицияны дамыту жайлы өз ойларымен бөлісті. Форум барысында қонақтар Жамбыл ауданындағы Сүйінбай Аронұлы атындағы музейді, «Табыс» сүт фермасын, «Тексан Казахстан Инвест» ЖШС-нің лампа зауытын, «Сұңқар» ЖШС «Алматы құс фабрикасы» ЖШС-ын аралап, аталмыш өңірдің өнеркәсіп жұмыстарымен етене танысты. Әсіресе, шетелдік қонақтар зауыт жұмысына жоғары бағасын берді. Ұйымдастырушылардың басты мақсаты – шағын және орта бизнес субъектілері мен бизнесмендер үшін аймақтың инвестициялық тартымдылығын көрсету болды. Форумға келген лауазымды тұлғалар да өз өңірлері мен салаларына инвестиция тартудағы серіктестік мәселесі жайлы баяндады. Алматы облысының географиялық жағынан қолайлы орналасуы заманауи технологияны қолдана отырып, азық-түлік өнімдерімен 100 миллионнан астам адамды қамтамасыз ете алады. Сонымен қатар облыс басшысы облыстың инвестициялық мүмкіндіктері туралы кеңінен әңгімелей келе, облыстың аграрлық-индустриалдық бағытын ескере отырып, ауыл шаруашылығы өндірісін интенсивтендіру мен ауыл шаруашылығы өнімдерін тереңнен өңдеуге мамандану негізгі бағыттар ретінде белгіленіп отырғанын тілге тиек етті. Облыста жүгері өндірісіне, сүт-тауарлы фермалар мен өңдеу кәсіпорындарын құруға, туризм саласына, әлеуметтік нысандарды салуға, оның ішінде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде балабақшалар салуға, оған қоса жел және күн электр станцияларын салуға инвестиция тартуға резервтер бар.
Нұрлан ҚҰМАР

1531 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *