• Қаржы
  • 19 Қазан, 2017

Қазақстан экспорты үшін оңтүстік бағытта жол ашыла ма?

Үстіміздегі жылдың наурыз айында Пәкістанның астанасы Исламабадта Экономикалық ынтымақтастық ұйымының (ЭЫҰ) 13-ші саммиті болып өтті. Бұл халықаралақ жиынға Иран, Түркия, Әзербайжан, Түркіменстан мен Тәжікстанның мемлекетттерінің басшылары, Пәкістан және Қырғызстан елдерінің премьер-министрлері, Ауғанстанның сыртқы істер министрі, Өзбекстанның вице-премьері қатысты. Осы саммитке Елбасы тапсырмасымен біздің еліміздің атынан барған ҚР премьер-министрінің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов ЭЫҰ-ы елдеріне өзара қарым-қатынастың 4 бағытын талқылауға ұсынды.

Бірінші бағыт – инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру. Қазіргі кезде, Қазақстан трансмагистральді автомобильдік және темір жол құрылысын кең ауқымда жүргізіп жатыр. Бұл ЕЭО-тың ауқымды жобаларын интеграциялауға және Жібек жолы Экономикалық белдеуі жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Осыған байланысты, Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктерін ЭЫҰ-на мүше барлық елдердің ынтымақтастығын кеңейту үшін пайдалану ұсынылды. Екінші – аймақтық сауда-саттықты ынта­лан­дыру және ұлттық өнімдердің әлемдік нарыққа шығуын кеңейту. Бұл бағытта мультимодальдық тасымалдауды бірігіп ұйымдастыру және транспорттық инфрақұрылымның тармақталған желісін құру қажет. Бұл орайда, Қазақстан ЭЫҰ елдерін байланыстыратын және Еуразияның басқа да нарығымен жалғастырушы көпір рөлін атқарады. Үшінші – энергетикалық қауіпсіздік. Энер­гетикалық нарықтағы транспаренттілік мәсе­лелерін қарастыруда және осы салада жаңа технологияларды енгізуде ынты­мақтасу. Төртінші – 2018 жылдан бастап, ағыл­шындық құқық негізінде толықтай іске қосылатын Астана Халықаралық қаржылық орталығы аясындағы қарым-қатынас. Біздің еліміз осы халықаралық ұйым мүшелігіне 1992 жылы өткен. 1993 жыл­дың басында алдында ғана құрамына Қазақ­станды қабылдаған аймақтық Эконо­мика­лық ынтымақтастық ұйымы немесе ағыл­шынша ECO (Economic Cooperation Organisation) деп аталатын мемлекетаралық құрылымның кезектi отырысы тап биылғыдай сол Пәкістанда өттi. Сол елдiң сондағы және осы жолғы 13-ші саммит өткен кездегі премьер-министрi Наваз Шариф аталмыш жиналыс барысында Орталық Азия мұнайы мен газын Ауғанстан арқылы Үндi мұхитының жағасына жеткiзу жолдарын насихаттауға көп көңiл бөлдi. Бiрақ ол тұста бәрi аяқсыз қалды. Бiрiншiден, Ауғанстандағы жағдай көп ұзамай қайтадан шиеленiсiп кеттi. Екiншiден, Пәкiстанда Наваз Шариф үкiметi билiктен кеттi, ал премьер-министрдiң өзi iстi болды. Биыл да сол оқиға қайталанды. 28 маусымда Пәкiстанда Наваз Шариф үкiметi кезекті рет билiктен кеттi. Экономикалық ынтымақтастық ұйымы (ECO) бұрындары, яғни 1964 пен 1979 жылдар аралығында Даму жолындағы ынтымақтастық (Regional Cooperation for Development – RCD) деп аталған. 1979 жылы оның белдi мүшелерiнiң бiрi болып танылған Иранда шах режимi құлап, орнына билiк басына исламшылдар келгенде бұрынғыша бiрлесiп әрекет жасау кiдiрiп қалды. 1985 жылы ол сол Иранның және Түркия мен Пәкiстанның қатысуымен ECO түрiнде қайта құрылды. 1992 жылы Кеңес Одағы ыдырап, оның осы аймақпен қатарлас одақтас республикаларының мемлекеттiк тәуелсiздiкке ие болуына және Ауғанстанда Мәскеу қолдайтын орай режимнiң құлауына орай оның құрамы 7 жаңа мүшемен толықты. Бұлар Ауғанстан Ислам Мемлекетi, Әзербайжан Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжiкстан Республикасы, Түрiкпенстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы едi. Ол кезде ECO туралы бұрынғы Кеңес Одағы Орта Азиясында көп айтылатын едi. Бұндағы қоғамда «шынында да аймақтық интергация жүйесi қалыптаса ма» деген үмiт пайда болған-ды. Әлгi Наваз Шарифтiң бастамасынан соң бар-жоғы 2-ақ жыл өткеннен кейiн Орталық Азиядан оңтүстiкке қарай жол ашу үшiн ең қолайлы ел болып табылатын Түрiкпенстан сол бағытта газ құбырын тарту iсiн қолға алған. Ол алдымен Ауғанстанның үстiмен өтуге тиiс болатын. Бiрақ ол елде моджахедтер Кабулды өз қолдарына өткiзiп алған 1992 жылдан кейiн қайтадан жағдай өзгерген. Оны бiр орталыққа бағындырып ұстап отыру қиын iс болып шықты. Осы жағдай Ауғанстанды салынбақ құбырлар үшiн транзиттiк территория ретiнде пайдалануды қиындатты. Бiрақ Өзбекстан, Қазақстан және, әсiресе, Ресей арқылы газын әлемге жеткiземiн деп көп қиындық көрген ресми Ашғабат оңтүстiк жаққа қарай не де болса жол ашуға бел буды. Ауғанстанның мәселесiн түрiкпен басшылығы сол елдiң өзiне көршi Герат провинциясының губернаторы Исмаил Ханмен жеке-бөлек келiсу арқылы шешпек болды. Бiрақ ендi осы шаруа басталады деп отырғанда сол кездерде пайда болған Талибан қозғалысы бiрнеше аптаның iшiнде Ауғанстанның болашақ газ құбыры өтедi деп отырған батыс аймағын басып алды. Исмаил Хан Иранға қашып барып, жан сауғалауға мәжбүр болды.

Экономикалық ынтымақтастық ұйымы 1985 жылы құрылған, ол аймақтық үкіметаралық бірлестік және 1977 жылы наурызда үш құрылтайшы – Иран, Пәкістан және Түркия мемлекеттері құрған Аймақтық ынтымақтастықты дамыту ұйымының мұрагері. Ұйым жұмысы 1992 жылдан бастап жаңа жеті мемлекеттің – Қазақстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Түркіменстан,  Ауғанстан, Қырғызстан және Өзбекстанның қосылуына байланысты белсенді түрде дамыды. Қазақстан ЭЫҰ-ға ресми түрде 1992 жылы 28 қарашада қабылданды. Қазіргі таңда ұйымның он мүшесі бар. Олар: Түркия, Иран, Пәкістан, Әзірбайжан, Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Ауғанстан. Қазіргі уақытта ЭЫҰ аймағы Еуропа мен Қытай арасындағы шекара ішінде орналасқан. ЭЫҰ-ның қарамағында арнайы жеті құрылымдық бөлімше бар: 1) Сауда және инвестиция; 2) Көлік және телекоммуникация; 3) Энергетика, минералды ресурстар және қоршаған ортаны қорғау; 4) Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және туризм; 5) Адам ресурстары және тұрақты даму; 6) Жобалық және экономикалық зерттеу мен статистика; 7) Халықаралық қатынастар. ЭЫҰ қызметі көлік, энергетика, мәдени-гуманитарлық байланыстар, қоршаған ортаны қорғау, есірткі саудасына қарсы күрес сияқты қауіпсіздікке байланысты мәселелер мен мүшелер арасында экономикалық қарым-қатынастарды қамтиды.

Бұл кезде Орталық Азияның көмiрсутектi шикiзатын тасымалдау үшiн жаңадан салынады деген құбырлардың бiрi де iске қосылмақ түгiлi, тiптi басталмаған да едi. Қазақстандағы Теңiз кенiшiнiң мұнайын Қара теңiз жағасына жеткiзу үшiн салынады деп 1992 жылдың өзiнде-ақ белгiленiп қойған КТК («Тенiз-Новороссийск») жобасы 1994 жылы Түркияның Босфор және Дарданеллдер бұғзаздары арқылы танкерлердiң өтуiне шектеу қоймақ болған талпынысы кесiрiнен iркiлiп қалды. Артынша Солтүстiк Кавказда соғыс басталды. Ресей қарулы күштерi сол уақытқа дейiн өзiн тәуелсiз ел ретiнде көрсетуге тырысқан Чешенстанға басып кiрдi. КТК құбыры алғашқыдағы жоба бойынша осы республиканың үстiмен өтуге тиiс болатын. 1995 жылдың басында Солтүстiк Кавказда соғыс қимылдары жүрiп жатқан кезде Ресей басшылығы болашақ «Теңiз-Новроссийск» құбыры Чешенстанды айналып өтсiн» деген шешiмге Қазақстан жағын көндiрдi. Бiрақ содан кейiн де осы құбырды салу тағы да 4 жылға кiдiрдi. Оны iс жүзiнде салу тек 1999 жылдың маусымының басында басталды. 2001 жылы оны iске қосу басталды. Бұл Кеңес Одағы тарағаннан кейiн Орталық Азиядан сыртқа қарай тартылған алғашқы құбыр Түрiкпенстан емес, Қазақстан болды. Бiрақ жалғыз түрiкпендер үшiн ғана емес, бүкiл аймақ үшiн осы тұрғыдан алғанда оңтүстiк бағыттың ең тиiмдi бағыт екенiн ескерсек, ресми Ашғабаттың осы уақытқа дейiн ол жақта нақты нәтижеге жете алмағаны қынжылтарлық нәрсе болған едi. Енді, міне, сол 1993 жылғы ECO ау­қымында өткен атышулы кездесуден кейін тура 24 жыл өткен соң, Түрікпенстан сонда жария етілген жобаны жүзеге асыруға кірісіп кеткен сияқты. 2015 жылдың желтоқсанында Түрікпенстан – Ауғанстан – Пәкістан – Индия (ТАПИ) газ құбырын салу басталып кетті. Болашақ құбыр Түрікпенстанның Довлетабад/Денмез кеніштерінен басталып Ауғанстанның Герат және Қандағар қалалары арқылы Пәкістанның Кветта және Мултан атты қалаларына жетуі керек. Одан әрі шекара асып Индияның Фазилка қаласына жетуі қажет. Ол 1814 шақырымға созылмақ. Осы құбыр 2019 жылы іске қосылады деп күтілуде. Ол жылына 33 млрд кубометр газды тасымалдамақ. Өндіру мүмкіндіктері шарықтау шегіне жеткен кеңес кезеңінде Түрікпенстанның 80 млрд. кубометр газ өндіргенін, ал 1990 ж.ж. барысында оның өнімінің 13-20 млрд. кубометрге дейін түсіп кеткенін ескерсек, бұл жобалық көрсеткіштің тіпті де аз емес екенін мойындауға тиіс боламыз. Болашақ құбырды Пәкістаннан әрі Үндістан арқылы тартып, Жаңа Дели қаласына дейін жеткізген күнде оның жалпы шығыны 10 млрд. долларға жуықтамақ. Әзірше түрікпен газының бірден-бір алып-сатары Ресейдің «Газпромы». Бұн­дай рет Қазақстан үшін де тиімсіз емес. Өйткені Түрікпенстанның Ресейге және Ресей арқылы кететін бүкіл газы біздің елдің үстімен өтеді. «Орталық Азия-Орталық» газ құбыры Қазақстанның батысында, оның ішінде тура Атырау облысының өзінде талай адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Сондықтан Түрікпенстанның «Газпромнан» теріс айналуға талпынуы Қазақстан үшін аса жағымды оқиға емес сияқты көрінуі мүмкін. Бұл – бір жағынан алып қарағанда. Ал екінші жағынан алғанда, жалғыз Түрікпенстанға ғана емес, Қазақстанға да ерте ме, кеш пе альтернативтік бағыттарда жолдардың табылғаны және ашылғаны қажет. Түрікпенстанның оңтүстікке құбыр салу ісі сәтті аяқталса, соның ізімен Каспий аймағынан солай қарай мұнай құбырын салу ісі де тез жүзеге аспақ. Қазақстанның үлкен мұнайы үшін бұл - ауадай қажет мүмкіндік. Оның үстіне бұндай құбыр салынған күнде оның біраз бөлігі Қазақстанның өз жерінен өтпек. Демек, жергілікті жердің адамдарына жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Әрине, Ресей бұған қарсы. Өйткені Мәскеудің стратегиясы бойынша Орталық Азияның бүкіл мұнай-газының көбінің сол елдің үстімен өткені қажет. Әзірше, солай болып та жатыр. Мәселен, Қазақстан мұнайы экспортқа негізінен «Атырау-Самара» және «Теңіз-Новороссийск» құбырлары арқылы кетіп жатыр. Ресейде де қарсылық жоқ. Бірақ сол Ресейдің өзінен соң да Қазақстан мұнайы бірқатар елдердің үстімен өтіп, сонда тағы да құн төлейтіндей жағдай туғызады. Ал оңтүстік бағытта Қазақстан үшін әлгі үш ел-ақ бар. Олар – Түрікпенстан, Ауғанстан және Пәкістан. Ал Пәкістанның Карачи порты – әлемдік мұхиттың жағасы. Ол жерден шикізатты кез-келген жерге апаруға болады…

Марал САЛЫҚЖАНОВ

893 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы