• Қаржы
  • 20 Қазан, 2017

Жұмыспен қамту жаңаша ұйымдастырылады

Жетпісбай Бекболатұлы,әл-Фараби атындағы ҚазҰУ  кафедра меңгерушісі e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Жаңа, ақпараттық технологиялар бүгінде үдеріс­тен – үрдіске, саннан – сапаға көшіп жатыр. Үрдіс деп отырғаным-электрондық коммуникация құрал­дары бас-аяғы бес-он жыл ішінде тұрмыс-тірші­лігімізге дендеп енді, қазір еңбектеген сәби мен еңкейген кәріні айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызатын ақылды құрылғыларсыз көзге елестете алмайсыз. Әдетте қолын мезгілінен кеш сермейтін шабандау жұртымыз ақпараттық қызмет көрсету бойынша соны үдерістер көшінен қалмай, ілгері елдерге ілесіп, технологияларды тізгіндеп келеді. Осы орайда ел Үкі­меті қолға алып жатқан жаңа технологияның бірі – электронды еңбек биржасы екендігін айтуға тиіспіз. Еңбек нарығын жаңғыртуды көздейтін бұл баста­маға тікелей Елбасының өзі мұрындық болып, қазіргі таңда тиісті Заң әзірленіп жатыр. Бұл құқықтық құжатқа сәйкес бірыңғай электрондық алаң жасалып, ол мемлекеттік және жеке жұмыспен қамту орта­лықтарының ақпаратын, азаматтар мен жұмыс беру­шілер ұсынған түйіндемелер мен бос жұмыс орындары туралы мағлұматтарды біріктіретін болады. Жаңа электрондық база азаматтар мен мүдделі ұйым­дардың тегін ақпараттық қызмет пайдалануына жағдай жасайды. Жобаны әзірлеушілердің пікі­рінше ұсынылып отырған өзгерістер жұмыспен қам­ту бойынша қызмет көрсететін еңбек нарығы институт­тарын кеңейтуге, олардың қолжетімділігін қам­та­масыз етуге және бәсекелестік есебінен сапаны арт­тыруға мүмкіндік береді. Заң жобасында төрт Кодекске және бес Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылған, онда жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға қызмет көрсетуге жұмыспен қамту жекеше агенттіктерін тарту көзделген. Осы мақсатта мемлекет жүзеге асыратын және аутсорсингке берілетін жұмыстар реті айқындалған. Сөйтіп, біріншіден, жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды кәсіптік бағдарлауды, олардың оқуын және жұмысқа орналасуын ұйымдастыруды сырт ұйымдарға беру жоспарланып отыр. Екіншіден, жұмыспен қамтудың жекеше агенттіктеріне жеке қызмет түрлерін, атап айтқанда оқытуды немесе жұмысқа орналастыруды, болмаса кәсіптік бағдарлауды қамтитын қызметтер тізбесін көрсету мүмкіндігі беріледі. Үшіншіден, қыз­мет тарифтері үшін тартымды стандарттарды жаңар­ту көзделіп отыр. Төртінші өзгеріс мемлекеттік жұмыспен қамту орталықтарын кезең-кезеңмен қайта құруды мақсат тұтады. Бұл ретте жұмыс­пен қамту орталықтары мемлекеттік мекемелерден шар­уа­шылық жүргізу құқығындағы кәсіпорындар нысанына ауыстырылатын болады. Ұйымдастырушылық-құқықтық қалыбын жергілікті атқарушы органдардың өздері айқындайды. Электронды еңбек биржасы жұмысқа орналаспаған тұрғындарға enbek.kz порталы арқылы жұмыс табуға көмектеседі. Жұмыс берушілер бос орындар мен бо­лашақ жұмыс орындары туралы мәліметті аталған порталда қалдыра алады, сөйтіп, жұмыспен қамту орталықтарына барып, басы артық тірлікпен айналысу қажеттігі туындамайды. Сайтта сұранысқа ие мамандар тізімі жасалған, бұлар негізінен алғанда жұмысшылар – тас қалаушылар, дәнекерлеушілер, арнайы техника жүргізушілері болып табылады, сондай-ақ орта медициналық қызметкерлерге де қажеттілік бар. Бүгінге дейін сайтқа миллионнан астам талапкер кірген. Жалпы, еңбекпен қамтудың Жол картасы-2020 бағдарламасын іске асыруға кіріскен кезеңнен бері шамамен 800 мың адам еңбекке орналастырылып, еңбек нарығындағы жағдай тұрақтандырылған. Қазір жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрайды. Жұмыссыздарға көмектесуді және халықтың әлеу­меттік тұрғыдан әлсіз топтарын қолдауды көздейтін бағдарламаның бір бағыты – кәсіпкерлік негіздеріне оқы­ту. Бұл бағдарлама аясында 20 мыңнан астам азамат қысқа мерзімді оқыту курстарымен қамтылмақ. Бағдарлама бағыттарының бірі кәсіпкерлікті дамыту болып табылады, мұның алдыңғы бағдарлама­дан айырмашылығы ауқымының кеңдігінде, мәселен, бұ­рын шағын несиелер ауылдық жерлерде беріліп келсе, енді олар қалалық жерлерде де таратылатын болады. Сонымен қатар, шағын несиелер көлемі 16 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды. Бастапқыда оның мөлшері 3-5 млн теңге аралығында болатын. Несиелендіру мерзімі де ұзартылды, мәселен, мал шаруашылығы үшін бұл мерзім жеті жыл көлемінде белгіленді. Электронды еңбек биржасының онлайн-платформасы жуырда іске қосылды, бұл жүйе толығымен жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Онлайн-платформада жеке кабинет, жұмыс берушілер мен іздеушілер арасында байланыс орнатуға және сол жерден онлайн-әңгімелесу жүргізуге мүмкіндік беретін сервистер болады. Жоғарыда атап өтілген enbek.kz порталы қазір үлкен танымалдылыққа ие, жұмысқа қатысты іздеудің басым бөлігі осы порталға түсуде. Жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілерді, жұмыспен қамту орталықтары мен агенттіктерінің басы осы порталда бірігуде. Бұл платформаны мобильдік қосымшалар да то­лық­тыра түсуде. «Алматы ақшамы» газетіне жуырда берген сұхбатында Алматы қалалық жұмыспен қамту басқармасының басшысы Айгүл Ахметова «Jumus bar» мобильдік қосымшасының жұмыс іздеп жүрген аза­мат­тарға беретін мүмкіндіктері көп. Болашақта бұл қосымшаның қызмет аялары кеңейтіледі, сөйтіп азаматтар тек Алматы қаласы ғана емес, басқа аймақтар бойынша да қолайлы жұмыс іздестіру мүмкіндігіне ие болады, деп атап өтті. Мұндай жа­ғымды жаңалықты республикамыздың кез келген өңірінен келтіре аламыз.

1594 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы