• Өндіріс
  • 26 Қазан, 2017

Иран бағыты Қазақстан экспорты үшін неге жабық?

Иран Қазақстан үшiн тiптi де бөтен ел емес. Бiздегі компаниялар Ақтау қаласы және содан әрi Каспий теңiзi арқылы сыртқа жыл сайын миллиондаған тонна мұнай шығарып сатып жатыр. Бұл мұнайдың көбi Әзербайжан және Грузия арқылы, азы Иран мен Ресей (Махачкала) арқылы кетiп жатыр. Соңғы кезде Дағыстан жақта террористік әрекеттер жиілеп кеттi. Ал Иран жақ тыныш. Оның үстiне ол ел арқылы мұнай тасымалдау Әзербайжан мен Грузия бағытымен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Мәселен, Ақтау-Баку-Тбилиси-Батуми (Поти) марш­ру­тының транспорттық тарифі (1 тонна үшiн) Иран бағытындағы тарифтен 6-7 доллар жоғары. Бiрақ мұнайдың көбi Әзербайжан мен Грузия арқылы кетiп жатыр. Онын үстiне Қазақстан үшiн Баку-Тбилиси-Джейханнан гөрi Иран арқылы тартылуға тиiс мұнай құбыры әлдеқайда тиiмдi болған болар едi.

Бiрақ бүгiндегi Иран билiк жүйесi АҚШ-қа қатты ұнамайды. Ал Қазақстанның мұнай-газ саласына жұмылдырылған ондаған миллиард доллар инвестицияның басым көпшiлiгi американдық компаниялардікi. Олардың артында Вашингтонның сыртқы саясаты доктриналары тұр. Сондықтан Қа­зақстан үшiн «АҚШ пен Иран арасындағы қарым-қатынас бұдан әрi қалай болады?» деген сұрақ өте маңызды болып табылады. Бiрақ, өкiнiшке орай, ол қарым-қатынастың Дональд Трамп тұсында әрi қарай нашарламаса, жақсаратын түрi көрiнбейдi. Ол президент болған соң көп ұзамай мынадай мәлiмдеме жасады: «Иран мүлдем біздің мемлекетімізді сыйламайды. Ол – нөмірі бірінші террористік мемлекет. Иран өз қаржысын қарулануға жұмсайды». Осы орайда Дональд Трамп Тегеранға қарсы санкциялар ендіруге уәде берді. Ал бұл оңтүстiк бағыт Қазақстан экспорты үшiн бұдан былай да негiзiнен жабық болып қала бередi деген сөз. Ал сол Америкада мұсылмандар көп болмағанымен, баршылық. Бұл туралы өзiмнiң көрiп-бiлгенiме сүйене отырып айта аламын. Демографтардың айтуынша, олардын саны 2 миллионға жететiн көрiнедi. Ал сол ислам дiнiне тiкелей қатысы бар авторлардың пiкiрiнше, американдық мұсылман қауымының жалпы саны 7 миллионға дейiн баратын көрiнедi. Құрамында Ресей, Украина, Қазақстан және Грузия өкiлдерi болған бiздiң журналистiк делегация барған Иллинойс пен Оңтүстiк Каролина штаттары мен астаналық жеке территория болып табылатын Колумбия округында да ислам дiнiн ұстанатындар жеткiлiктi болып шықты. Иллинойс штатының ең iрi қаласы болып табылатын Чикагода бiз жергiлiктi дiни қауымдастықтардың өкiлдерiмен кездесiп, ұзақ әңгiмелестiк. Сондағы мұсылмандардың атынан тегiн Иран елiнен тарататын профессор Есмаил Кушанпур деген кiсi алдымызда отырып сөйледi. Өзiнiң айтуына қарағанда, ол уақытында шетелде амалсыздан қалған екен. Өткен ғасырдың 50-iншi жылдарының басында Ұлыбританияға жоғары бiлiм алуға барған шағында артында қалған Иран елiнде Мосаддық бастаған үкiмет билiктен кетiрiлiптi. Сосын отанына қайта алмайтын болған Е.Кушанпур мұхиттан әрi асып, Америкадан бiр-ақ шығыпты. Нью-Йорк қала­сындағы әйгiлi Колумбия университетiне түсiп, оны тамаша нәтижемен бiтiрген. Оны бiтiрген соң ол 1963 жылдан 1999 жылға дейiн Чикаго қаласында орналасқан Солтүстiк-Батыс универститетiнiң медициналық мек­тебiнде (бiздiңше, бұл «факультетiнде» дегенге келер) дәрiс бередi. Жай ғана дәрiс берiп қана қоймайды, соның ең беделдi про­фессорларының бiрiне айналады. Университеттiң өзi мен оның медициналық мектебiндегi (факультетiндегi) оқыту және басқару мәселелерiмен шұғылданатын бiр­қатар комитеттердiң төрағалығына тағайын­далады. Ғылми жетiстiктерiнiң арқасында ха­лықаралық деңгейде де аты шығады. Америкаға сырттан келiп, осындай сый-құрметке ие болған адамның Иранда бұ­рын болған батысшыл шах режимi туралы жақсы ештеңе айтпауы мен ондағы бүгiнгi исламшыл билiктiң жетiстiктерi туралы жылы-жылы сөздер айта алатыны менiң өзiм үшiн күтпеген нәрсе болды. Дегенмен, Е.Кушанпур 1978 жылға дейiн оның тарихи отанында билiк құрған шах режимi мен содан осы күнге дейiн ирандықтарды басқарып отырған исламшылдардың өзi көзiмен көрген жетiстiктерiн салыстыра отырып, тап осылайша бағалады. Өзiнiң айтуына қарағанда, 1974 жылы Пехлеви шах оны Тегерандағы университеттiң ректоры қызметiне шақырыпты. Доктор Е.Кушанпур елiне барып, ондағы жағдайға, әсiресе халықтың күйi мен жалпы тәртiпке риза болмай, ұсынылған жұмыстан бас тартуды жөн көрiптi. 1990 жылдың басында оған ендi шахты кетiрген исламшылдар басқарып отырған елге тағы да бiр барып қайтудың ретi келiптi. Бұл жолы доктор Е.Кушанпур көптеген игi өзгерiстердiң куәсi болған көрiнедi… Оның сөздерiне танданудың ретi мынау. 1952 жылы премьер-министр Мосаддықтың кетуiне себепшi болған да, одан кейiн билiкке келген шахты бас болып колдаған да АҚШ әкiмшiлiгi мен Американы билеушi күштер болатын. Ал Е.Кушанпур оң бағалайтын Ирандағы исламшыл басшылыққа осы күштердiң көзқарасы негiзiнен терiс. 1979 жылы исламшылдар билiк басына келгенде, оларды қолдаушы бiрқатар топтар Тегерандағы АҚШ елшiлiгiн басып алған да (бұлардың iшiнде кейін президент болып сайланған Махмуд Ахмадинежад та болған деген сөз бар), бiраз уақыт бойы американдық дипломаттарды аманатқа алып, ұстап отырған. Соларды құтқару мақсатында Иранға астыртын түрде жiберiлген отряд өздерi мiнген тiкұшақтарымен бiрге апатқа килiгiп, сәтсiздiкке ұшыраған… Осының бәрi американдықтардың басым көпшiлiгiнiң Ирандағы бүгiнгi билiктi жақтырмауына себепшi болып табылады. Бiрақ осыған алаңдап жатқан Е.Кушанпур жоқ. Оның тәжiрибесi адамның өзi Американың азаматы болса да, сонда барынша сый-сияпат көрсе де, өзiнiң тарихи отаны мен ондағы американдықтар сүймейтiн режимдi мақтаудан тартынбауына болатынын көрсетедi.

Марал САЛЫҚБАЕВ

558 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы