• Өндіріс
  • 26 Қазан, 2017

Жеке кәсіпті жолға қою қиын ба?

«Атамекен» ҰКП-ның кәсіпкерлікке баулу жобалары

Жеке кәсіппен айналысқысы келетін жандардың көбінде немен айналысамын, қалай бастаймын, кеңесті қайдан аламын, кімнен үйренемін деген сауал туындайтыны белгілі. Кітаптар, семинарлар, тренингтерді таңдау керек пе әлде бизнесі бар танысыңның дәріс-тәлімінен өту қажет пе? Таңдау оңай емес.

Аталған тәсілдердің әрқайсысы да маңызды. Тәжірибелі кәсіпкерлердің дәрісін тыңдау арқылы көп нәрсені үйренуге болады, дегенмен егжей-тегжейлі берілмеуі мүмкін. Осы ретте бизнес-тренингтер мен жобалардың орны бөлек. Биыл елімізде жүзеге асырылып отырған «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасында» отбасылық бизнес, жеке кәсіп, қаржылық сауаттылықты арттыру мәселесіне ерекше назар аударылған. Кәсіпкерлерге қаржылай емес қолдау көрсетіп отырған «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қаржылық сауаттылықты арттыру мен кәсіпкерлікке баулуда бірнеше жобаларды қолға алып, түрлі семинарларды өткізіп келеді. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарла­ма­сының «Кәсіпкерлікке қаржылай емес қолдау көрсету» атты төртінші бағытында «Бизнес-Насихат» жобасымен мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру және «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде кәсіпкерлік қызметті жүргізудің шарттары туралы түсіндіру» құралдары бар. «Бизнес-Насихат» жобасы арқылы «Бизнес­тің жол картасы – 2020» бағдарламасын тиімді жүзеге асыру мақсатында қалың көпшілікке мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру, кәсіп­керлік идеясын тарату көзделген. Бағдар­лама аясында жүзеге асырылған табысты жобалар мен кәсіпкерлерді таныстыру, кәсіпкерлікке қа­тысты заңнамалар мен реттеуді түсіндіруді де қарастырады. Сонымен қатар Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Бизнес–мектеп» құрауышы аясында «Бизнес–Кеңесші», «Бизнес–Өсу» оқыту бағдар­ла­маларын жүзеге асырып келеді. «Бизнес–Кеңесші» кәсібін жаңадан бастаған­дарға арналған екі күндік оқу курсы болса, «Бизнес–Өсу» – кәсіпкерлікпен айналысып жүрген іскерлерге арналған 5 күндік оқыту жобасы. Сонымен қатар тәлімгерлік қағидасымен оқу жобасы 2 айға созылады. «Бизнес–Мектеп» құрауышы аясында аталған оқыту жобалары шағын қалаларда, аудан орталықтарында, сонымен қатар Астана, Алматы, Семей, Түркістан қалалары мен облыс орталықтарында жүзеге асырылады. Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының бизнес-жаттықтырушысы Мәлік Мұсабеков – бірнеше жоба бойынша дәріс оқып, бизнеске баулып жүрген маман. Оның айтуынша бүгінде кәсіппен айналысушылар алдымен бастайды, одан кейін ғана ізденеді. «Кәсіпкерлік палатасында бизнеске баулитын бірнеше жоба жүзеге асырылып келеді. «Бизнес–Кеңесші» жобасы 2 күнге арналған. Бірінші күні – экономикалық блок, онда бизнес-ойды қалыптастыру, қаржыны, залалсыздық нүктені, ең төменгі көрсеткішті есептеуді қарастырамыз. Сонымен қатар маркетинг тұрғысынан да білім беріледі. Заңнамалық реттеу, жеке кәсіпкерлік пен жауапкершілігі шектеулі серіктестікті тіркеу, олардың айырмашылықтары, салық төлеу, оның тәртіптері секілді бағыттар жан-жақты түсіндіріледі. Кәсіппен айналысушылардың көбі алдымен істі бастап алады. Осы курстардан өткеннен соң, туындаған сауалдарына жауап алады», – дейді Мәлік Мұсабеков. Сонымен қатар өңірлердегі Кәсіпкерлер палатасы «Жас кәсіпкер мектебі» құрауышын да жүзеге асырып келеді. Жастардың инновациялық және кәсіпкерлік әлеуетін ашу, жастарды кәсіпкерлікке тарту, олардың біліктілігін арттыруға негізделген. 2017 жылдың бірінші жартысында «Бизнес-мектеп» құрауышы бойынша 14541 адам оқытылған. Бұл көрсеткіш бойынша жылдық жоспар 97%-ға орындалған. Ал 2017 жылдың қыркүйек айына дейін «Бизнес–Кеңесші» жобасымен 16 128 қатысушы оқытылса, «Бизнес–Өсу» бойынша 1066 адам білім алған. Әрбір жобаның оқыту бағдарламасына қарай арнайы материалдар да дайындалады. Ауыл-аймақтарда қаржылық сауатты артырып қана қоймай, жеке кәсіп бастауға мұрындық болып отырған жобалардың бірі – «Бастау Бизнес». Кәсіпкерлік негіздері, маркетинг, нарықты зерттеу, бизнес-идеяны жетілдіріп, жобаға айналдырып, бизнес-жоспар құрып, комиссия алдында қорғап, қаржыландыруға жіберілуге дейінгі ауқымды процесті қамтитын жоба кәсіпкерлер қатарын аpттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында қолға алынған жоба биылғы жылы еліміздің 80 ауданында жүзеге асырылып отыр. Қазіргі таңда 5 лек оқытылып, онда 12 668 адам бір айлық тегін оқуды тәмамдады. 6120 қатысушы жобаларын қорғады, 2034 қатысушы қаржыландыруға қол жеткізіп, жеке кәсібін бастады. Еске салсақ, бұл жоба бойынша жылдың соңына дейін 15 мың адам оқытылып, 3000 жобаны қаржыландыру жоспарланған еді.

Бекет Көкенайұлы

1075 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы