• Өндіріс
  • 26 Қазан, 2017

АӨК-ті дамыту карталары – саланың жаңа сапалық деңгейі

Мәжілісте дүйсенбі күні вице-спикер Владимир Божконың төрағалық етуімен «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту карталары – ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдауды жетілдірудің одан арғы шаралары» тақырыбына арналған үкімет сағаты өтті. Онда премьер-министрдің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов баяндама жасады.

Мемлекет басшысы үкіметтің алдына қойған негізгі міндеттің бірі – Қазақстанды аграрлық жетекші державалардың біріне айналдыру. Осы орайда В.Божко Парламент депутаттарының бастамашылығымен бірқатар заң жобалары әзірленіп, қабылданғанын атап өтті. Елбасының тапсырмасына сәйкес, биыл ақпан айынан бастап агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021 жылға дейінгі бағдарламасы толық ауқымда іске асырыла бастады. А.Мырзахметов аталған бағдарламаны жүзеге асыру және ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдауды одан әрі жетілдіру мақсатында аграрлық саланың басты бағыттары бойынша АӨК-ті дамыту карталары жасалғандығы туралы баяндады. «Агроөнеркәсіптік кешенді әрі қарай дамыту үшін маңызды мәселелер анықталып, жүйеленген нақты индикаторлар Карта түрінде әзірленді», – деп атап өтті ол. Онда ауыл шаруашылығы кооперациясы, аграрлық қайта өңдеу, агроөнеркәсіптік кешенді қарқынды техникалық қайта жарақтандыру, тұқым шаруашылығы, фитосанитариялық іс-шаралардың тиімділігін арттыру, агрохимия, азық-түлік өндірісі (азық теңгерімі), көтерме-тарату орталықтары, егістік жерлерді айналымға тарту, шалғайдағы қой шаруашылығы, аграрлық ғылымды түбегейлі жаңғырту, сиыр еті өндірісі, мемлекеттік қолдауды жетілдіру шаралары қарастырылған. Баяндамашы атап өткендей, осыған дейін қабылданған ауыл шаруашылығы кооперациясы картасын іске асырудың арқасында ағымдағы жылы мал шаруашылығында алғашқы нәтижелерге қол жеткізілді. Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру 3,3 %-ға артып, оның ішінде ет өндіру 5,7%-ға, сүт өндіру 2,8%-ға ұлғайды. Биылғы жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша 56 мыңнан аса жеке қосалқы шаруашылық пен ұсақ шаруа қожалықты қамтыған 745 кооператив құрылды. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар жеке кәсіпкер болып қайта тіркеліп, 5 968 бордақылау алаңын құрды. Оларда 102,5 мың бас мал күтіліп, бордақыланады. Аграрлық салада қайта өңдеу өндірісін дамыту үшін осынау өзекті мәселе егжей-тегжейлі талқыланып, талданып, тұңғыш рет еліміздегі қайта өңдеу кәсіпорындарының деректер базасы қалыптастырылды. Бүгінгі күндегі импорт үлесінің жоғарылығын, жүктелмеген қуаттылықты және шикізаттық әлеуетті ескере отырып, қайта өңдеудің 9 басым түрі айқындалды. Картаға сәйкес 79 жаңа зауыт салу және 80 зауытты жаңғырту керектігі айқындалды. Картаны іске асыру барысында қайта өңдеу өнімдері өндірісінің жалпы көлемін 1,9-дан 3 трлн теңгеге дейін ұлғайтуға және 7 мың жұмыс орнын ашуға қол жеткізіледі. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудағы өзекті мәселелердің бірі тауар өндірушілердің техникалық жарақтануы болып табылады. Ауыл шаруашылығының машина-трактор паркіне жүргізілген талдау техникаларды қолдану мерзімі 17 жылдан асып кеткенін көрсетіп отыр. Мұндай тракторларды жөндеу мен жанар-жағармайға кететін шығын 20%-ға өсіп, астық жинау барысында зиянын тигізетінін көрсетті. Бұл тұрғыда Картаны жүзеге асыру машина-трактор парктерін жаңалау қарқынын арттырып, отандық ауыл шаруашылығы техникалары өндірісінің көлімін ұлғайтуға және сырттан келетін техника көлемін азайтуға мүмкіндік береді. Саладағы тағы бір өзекті мәселе – соңғы жылдары астық сапасының жыл сайын төмендеп отырғандығы. Бұған 2015 жылы элиталық тұқымдарды субсидиялау тоқтатылып, оларды субсидиялау кезіндегі ең төменгі нормалардың белгіленуі басты себеп болғаны айтылды. Осының нәтижесінде себілген элиталық тұқым үлесі 2014 жылғы 6,3%-дан 2016 жылы 3,5%-ға дейін төмендеген. «Тұқым шаруашылығын қолдау және минералды тыңайтқыштар қолдану бойынша қабылданған шаралардың арқасында ағымдағы жылы жағдайды дұрыстай алдық. Биылғы астық түсімінің сапасы өткен жылдың өнімінен бірнеше есеге өсті», – деп атап өтті осы ретте Асқар Мырзахметов. Осы орайда Тұқым шаруашылығы картасында субсидиялау тетіктерін жетілдіру, тауарлы егістерге 1-репродукциядан төмен емес тұқымдарды пайдалануға біртіндеп көшу ұсынылды. Тұқым шаруашылығы картасын жетілдіре отырып, сұрып алмастыру мен сұрып жаңартуды жылдамдатуға, өнімнің түсімділігі мен сапасын арттыруға және жалпы өнім көлеміне 8,3 млн тонна қосылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдауды одан әрі жетілдіру мақсатындағы агроөнеркәсіптік кешенді дамыту карталарында өсімдіктерді қорғау, агрохимия, жем-шөп өндірісі, егістік алқабын ұлғайту, шалғайдағы қой шаруашылығы, көтерме-тарату орталықтары, аграрлық ғылымды жаңғырту мен мемлекеттік қолдау секілді маңыздылығы жағынан бір-бірінен бөліп қарауға болмайтын сан-салалы бағыттарды дамытып, өркендетудің нақты шаралары қарастырылған. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту карталары салалық ведомствоның, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында, сондай-ақ өңірлерде салалық қауымдастықтар мен одақтар, қоғамдық кеңестер, агробизнес және ғылыми ұйымдар өкілдерінің қатысуымен талқыланып, барлық мүдделі тараптардың ұтымды ой-пікірлері мен ұсыныстары ескеріле отырып, пысықталған. Даму картасы агроөнеркәсіптік кешенді жаңа сапалы деңгейге көтеріп, бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, ішкі азық-түлік нарығы тұрақтылығын нығайтуға және саланың экспорттық әлеуетін көтеруге мүмкіндік береді. Үкімет сағатында қаралған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту караталары Мәжіліс депутаттары тарапынан қолдау тапты, АӨК-тің негізгі мәселелеріне алғаш рет жан-жақты талдау жүргізіліп, оны нақты шешу жолдары қарастырылғаны атап өтілді.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА

931 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы