• Қаржы
  • 08 Қараша, 2017

Үздік буын қалай қалыптасады?

«Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Өмірзақ Шөкеев трансформациялау бойынша атқарушы комитеттің отырысында компанияларды трансформациялауға қатысты қандай жұмыстар атқарылып жатқаны туралы айтып берді.

Басқарма төрағасының айтуынша, бұл шынында да құрылымы берік, жүйеленген әрі нақты бөліктерге бөлінген бағдарлама. Мысалы, «Самұрық Қазынаның» бас кеңсесінде трансформациялау нақты 22 жобаға бөлінген. Әр жобаның өзінің орындаушысы мен қоры бар. Аталған жобаның жүзеге асырылуын қамтамасыз ету үшін арнайы команда құрылған. – Жалпы трансформациялау компанияны бәсекеге қабілетті ете түсетін жүйе екенін атап өткім келеді. Егер сіз 20-30 жыл бұрынғы компаниялардың тізімі мен оны бүгінгі күнгі жағдаймен салыстырсаңыз, өте үлкен өзгерісті аңғарып, ірі компаниялардың өз өміршеңдігін дәлелдеп шыққанын көресіз. Неліктен олар өміршеңдігін сақтап қалды? Өйткені, олар уақытында трансформациялаудан өткенін атап өтуге болады, – деді Ө.Шөкеев. Сонымен бірге, трансформациялау деген адамдарды жұмыстан босату дегенді білдірмейтінін атап көрсеткен ол, кейбір желілік менеджерлер мұны жаппай жұмыстан босату дей отырып, бағдарламаның сәтті жүзеге асырылуына кедергі келтіретінін алға тартты. Шын мәнінде, трансформациялау – тек қана оңтайландыру ғана емес, тиімділігі жоқ шығындарды қысқарту. Ө.Шөкеев өз сөзінде «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы басқармасына қарасты компанияларға енгізілгелі жатқан трансформациялау бағдарламасы бизнесті 100 пайыз алға сүйрейтінін айтты. – Бағдарламаның әр жобасының өзіндік пайдасы бар. Бұл жобалар айналысып жатқан адамдардың зерттеулерімен дәлелденген. Бүгін айтылып отырған жобалар – процестің бір бөлігі ғана. Біз трансформациялау арқылы 100 пайыздық пайдаға жететінімізге сенеміз, – деді холдинг басшысы. Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, трансформациялау қызметтік міндеттемелерді реттей отырып, ортақ экономикалық өсімді қамтамасыз етеді. Басқарма төрағасы трансформациялау бағдарламасына байланысты компаниялардың барлық жетекші менеджерлері арнайы Job matching процесінен өтетінін мәлімдеді. Барлық ұйымдар мен коммерциялық компаниялар үш бағытта: менеджерлердің сапасы, процестердің сапасы және технологиялар арқылы дами алады. Барлық бизнес тәуелді болып отырған осы үш бағыт бойынша жол картасы бар. Ө.Шөкеев атап өткендей, менеджерлерге қатысты жол картасы незігінде «Самұрық-Қазына» компаниялардың басшылығындағы 1600 қызметкерді халықаралық дәрежеде бәсекеге қабілетті болуын қалап отыр. Нақты айтқанда, ірі компанияларда еңбек еткен мамандарды шақырып, жергілікті кадрларды тәрбиелеу қажет. Сонымен қатар лауазымдар бойынша жұмыс жүргізіліп, олардың дәрежесіне тиісті талаптар қойылады. Бүгінгі таңда барлық компаниялар мен лауазымдар үшін тәуелсіз комиссия құрылып, оның құрамына тәуелсіз директорлар, шетелдік мамандар мен компанияның үздік мамандары енген. Бұл комиссия бүгінгі менеджерлердің лауазымына сәйкес келе ме, жоқ па – соны анықтап беруі тиіс. Ө.Шөкеевтің айтуына қарағанда, көптеген лауазымды тұлғалар бұл талаптарға сай болмай жатады. Мәселен, бас кеңсенің өзінде менеджерлердің жартысы, басқа кәсіпорындардың менеджерлерінің 30-40 пайызы Jobmatching процесінен өте алмаған. Сондай-ақ өзінің ізбасарларын тартқысы келетін жетекшілер де баршылық екен. Ө.Шөкеев мұндай жайттар байқалса, нақты сол компанияда Jobmatching процесін қайта өткізу талап етілетінін, әр менеджер арнайы әдістеме арқылы ашық түрде сыналатынын айтты. Трансформациялауды көп адамдар түсініксіз идея деп ұғып жүруі мүмкін. Іс жүзінде трансформациялау – шағын жобаларға бөлінген өте пайдалы жоба. Бұл тұрғыда қызметкерлердің әрқайсысы өз ісімен ғана айналысып, түпкі мақсатын білетін болады. Сондай-ақ холдинг басшысы трансформациялау процесі сарапшылардың үздік буынын қалыптастыратынына сенім білдірді.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

890 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы